Сайт находится в стадии разработки

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институты

Хабарландыру

2018-04-12

Терминологиялық жұмыс тобының кезекті отырысы туралы

Ағымдағы жылдың 10 сәуірі күні Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Е.К. Сағадиевтің төрағалығымен Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия жанындағы Терминологиялық жұмыс тобының кезекті отырысы өтті.


 

Отырыста Терминологиялық жұмыс тобының 2018 жылғы 1 наурыздағы отырысы хаттамасының орындалуы және терминжасам принциптері туралы мәселелер қарастырылды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселеге қатысты А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, Терминологиялық жұмыс тобы төрағасының орынбасары Е.З. Қажыбек өз сөзінде Терминологиялық жұмыс тобы Елбасының Жолдауларында берілген тапсырмаларға, сөйлеген сөздерінде көтерген мәселелерге, Ұлттық комиссияның және Терминологиялық жұмыс тобының хаттамалық шешімдеріне және Министрдің тікелей тапсырмаларына сәйкес жұмыс жүргізіп келе жатқанын баяндады.

Баяндамашы Е. Қажыбек Терминологиялық жұмыс тобының 2017 жылғы 14 желтоқсандағы отырысының хаттамасында қосымша берілген тапсырмалар бойынша мынадай жұмыстардың атқарылғанын тілге тиек етті:

а) терминологиялық секциялардың тақырыптық атаулары анықталды;

ә) терминологиялық секциялардың құрамы (Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы базасындағы ғылыми-зерттеу институттары негізінде) ұсынылды;

б) үйлестіру және ұйымдастыру, сараптау мен талқылау жұмыстармен шұғылданатын ғылыми-зерттеу мекеме ретінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы ұсынылды.

в) терминологиялық секциялардың жетекшілігі ұсынылды;

г) әр секцияның 2018 жылғы Жұмыс жоспарын ойластырылды;

ғ) терминологиялық секциялар бойынша семинар-кеңес ұйымдастыру ойластырылуда.

Сондай-ақ Терминологиялық жұмыс тобының 2018 жылғы 1 наурыздағы отырысы хаттамасында берілген тапсырмалар да өз деңгейінде орындалғаны сөз болды.

Осы отырыста қарастырылған екінші мәселе бойынша филология ғылымдарының докторы, профессор Ш. Құрманбайұлы, филология ғылымдарының докторы Қ. Айдарбек терминжасам қағидаттары туралы мазмұнды баяндама жасады.

Отырыста қазіргі тіл білімінде, жалпы қоғамда қызығушылық тудырып отырған термин мәселесі қызу талқыға салынды. Терминологиялық жұмыс тобының мүшелері – тілші-ғалымдар, сала мамандары, Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық терминология комиссиясы мүшелері қатысқан отырыста:

  • - «А. Байтұрсынұлы әзірлеген терминжасам қағидаттары базалық қағидаттар ретінде негізге алынсын»;
  • - «басқа тілдерден терминдер алғанда ең алдымен терминжасамның негізгі көзі – Қазақстан Республикасының мемлекеттің тілінің лексикалық байлығы мен сөзжасам тәсілдері сарқа пайдаланылсын»;
  • - «қазақ тілінің лингвистикалық мүмкіндіктері болмаған жағдайда терминдерді туыстас басқа түркі тілдерінен алу қажет»;
  • - «әлемдік тілдердің көпшілігінде жалпықолданылатын және кең тараған терминдерді қазақ тілінің фономорфологиялық ерекшеліктеріне бейімдеу керек»;
  • - «жоғарыда аталған терминжасам қағидаттарын толықтыратын нақты критерийлер әзірленсін» деген тұжырымдар жасалды.

Терминологиялық жұмыс тобы төрағасы – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Е.К. Сағадиев аталған мәселелерге қатысты және келесі отырысқа дайындалуға тиіс нақты тапсырмалар берді.

 


 

Басқа тараулары