ТІЛ ТАРИХЫ БӨЛІМІ

  • Сүйерқұл Ботагөз Мырзабайқызы – ф.ғ.д., бас ғылыми қызметкер.

    • Тақырыбы: тіл тарихы, орта ғасырлардағы түркі (қыпшақ) жазба ескерткіштерінің тілі, теолингвистика, лингвосемиотика, тарихи лексикология, фразеологиялық семантика, когнитивтік семантика.

 

ТІЛ ТАРИХЫ БӨЛІМІНЫҢ ТАРИХЫ

Тіл тарихы бөлімі осы уақытқа дейін қазақ тілінің тарихына, ауызекі және жазба әдеби тілдің тарихына, тарихи лексикологияға, тарихи лексикографияға, қазақ тілінің тарихи сөздігін жасаудың ғылыми-практикалық мәселелеріне, түркі тілдері және қазақ тілі бойынша ескі жазба тіл ескерткіштерінің  алуан түрлі тілдік аспектілеріне байланысты зерттеулермен айналысып келеді.

Тіл тарихы, оның ішінде қазіргі қоғамға қызмет етіп отырған әдеби тілдің түп төркінін, әр кезеңдегі даму барысын зерделеп тану мен таныту қарекеті 1960-шы жылдардан бастап қолға алынып, қазақ әдеби тілінің тарихының жеке кезеңдері мен тақырыптары диссертациялық, монографиялық жұмыстардың нысандарына айнала бастады. Қазақ әдеби тілінің өмір сүрген кезеңдерін, қолданыс түрлері (ауызша және жазбаша), даму бағыттарын зерттеу – қазақ тіл білімінің өзекті тармағына айналды. Ол Институт құрылымында алғашқы кезде «Қазақ тілі тарихы мен диалектологиясы» кейін «Тіл тарихы», ал соңғы онжылдықтарда «Түркология және тіл тарихы» деген жеке бөлім (сектор, құрылымдық бірлік) болып саналды. Біраз ғалымдар Институттың қабырғасында осы салада 50 жылдан бері  жұмыс істеп, диссертациялар қорғап, ғылыми еңбектер жазып, шәкірттер тәрбиелеп келеді. Олардың қатарында: Б.Әбілқасымов, Р.Сыздықова бар. Тіл тарихын зерттеушілердің келесі тобы бірқатар уақыт Тіл білімі институтында істеп, құнды-құнды еңбектер жазып кетті. Олар: М.Балақаев, Ғ.Айдаров, А.Махмұдов, Б.Бафин, С.Исаев, Т.Арынов, А.Есенғұлов, Қ.Өмірәлиев, Ә.Ибатов, Ә.Құрышжанов, Т.Қордабаев, Е.Жұбанов. Аталған ғалымдардың бірқатары (С.Исаев, Ә.Құрышжанов, Ә.Ибатов, Т.Қордабаев, Е.Жұбанов) өмірінің кейінгі жылдарында жоғары оқу орындарына ауысып кеткенмен, қазақ тілінің тарихын зерттеудегі сүбелі еңбектері Тіл білімі институтының қабырғасында орындалып, көбі Академияның «Ғылым» баспасынан жарық көрген болатын. Бұл жерде қазақ тілінің ерте кезеңдердегі қалыптасуын, қазақ тілі тарихына қатысы бар түркі жазба ескерткіштері тілін арнайы зерттеген, көлемді бірнеше монографиялық еңбек жазған мамандар аталып отыр. Ал институт қабырғасында аз-көп уақыт жұмыс істеп жүргенде қазақ әдеби тілі тарихын зерттеудің жеке мәселелеріне арнап мақалалар жазған, пікірлерін білдірген аға буын ғалымдар да болды. ОларІ.Кеңесбаев, С.Аманжолов, А.Ысқақов, Ғ.Мұсабаев. Бұлардың тіл тарихына, қазақ әдеби тілінің сыр-сипатына, даму бағытына қатысты айтылған пікірлері мен ұстанымдары кейінгі зерттеушілерге ой салып, пікір сайысына қатыстырып, ғылыми ізденіс жолдарын сілтеген, мұрындық болғанын айту керек.

Дегенмен, қазақ тілінің, оның әдеби түрінің тарихын жүйелі түрде кеңінен зерттеу, негізінен, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында және соңғы 40-50 жылдың барысында берік орын алғанын баса айтуға болады. Мұнда арнайы Тіл тарихы бөлімінің болуы, осы сала мамандарының бір орында шоғырлануы, жиі-жиі пікір алмасып отыратын мүмкіндіктеріне жол ашты, тіл тарихшысы мамандары тәрбиеленді.

Тіл тарихы проблемаларын зерттеу жауапты әрі қ и ы н   ж ұ м ы с түрлерін қажет ететіні белгілі. Жауапты болатыны тілдің даму жолын зерттеу сол тілді иемденген халықтың тарихын дұрыс баяндауды міндеттейді. Өйткені тіл – сол халықтың әлеуметтік, мәдени, рухани дамуымен тікелей ұштасып жататын тарихи құбылыс. Демек, тіл тарихшысының білім-таным шеңбері өте кең болуы керек. Ал тіл тарихын зерттеудің қ и ы н д ы ғ ы – қазақ тіліне қатысы бар көне, ескі, күні кешегі ауызша, жазбаша тараған жәдігерліктерді де танып-талдау керектігінде. Ол үшін көне, ескі түркі жазба ескерткіштерін, араб жазулы, ұйғыр жазулы, латын жазулы дүниелерді, тасқа қашалған жазбаларды, қолжазбаларды, түрлі басылымдарды оқи алатын, түсіне алатын, тани алатын, салыстыра алатын маман болуы және өзге түркі тілдерінен де хабары бар болуы керек. Мұндай мамандыққа арнайы дайындайтын жеке оқу орындары жоқ. Сондықтан әрбір тіл тарихшысына өз бетімен көп ізденуге, көп оқуға, дағдылануға тура келеді. Мысалы, көне түркі ескерткіштерінің таңбаларын жақсы біліп, оларды еркін оқитын Ғұбайдолла Айдаров және араб жазулы ескерткіштерді біршама еркін оқуды үйренген қазақ зерттеушілері осы талаптан шыққандарын көрсетті.

Тіл тарихын зерттеу проблеманың бірнеше қырынан келуді қажет етеді. Қазақ тіл білімінде зерттеушілер, ең алдымен,  қазақ әдеби тілінің бастауы мен әрі қарайғы барысына үңілуді жөн көріп, осы тарихтың тұңғыш корпусын жобалап жасап шығу қолға алынды.

Бұл көрсетілген монографиялық зерттеулерде қазақ әдеби тілінің қалыптасу кезеңдері мен даму арналары жүйелі түрде баяндалған. Олар университеттер мен жоғары педагогикалық оқу орындарында оқытылатын «Қазақ әдеби тілі тарихы» атты пән бағдарламаларына сәйкес жазылған жұмыстар. Сондықтан  бұл монография, оқулықтар күні бүгінге дейін жоғары оқу орындарындағы  оқу процесінде қолданылып келеді, олардың бірсыпырасының бірнеше басылыммен жарық көріп келе жатқаны осыны дәлелдейді. Бұл көрсетілген едәуір көлемді еңбектерде құнды талдаулар мен пікірлер ұсынылды. Алдымен, «ә д е б и  т і л» деген категорияның статусын анықтап алуға тура келді. Ауызша тіл «әдеби» деген атрибутты толығынан көрсетіп, өмір сүріп келді деген тұжырым Тіл білімі институты қызметкерлерінің жұмыс жоспары бойынша жүргізілген ізденіс-талдауларының нәтижесінде пайда болды. Осы тұжырымды ұсынып, нақты фактілермен дәлелдеген монографиялар, ғылыми мақалалар, оқулықтар мен өзге де құралдар жарық көрді.

Қазақ тілтанымының т а р и х и  л е к с и к о г р а ф и я саласы едәуір кеңірек сөз бола бастады. Бұл орайда әсіресе Кеңес дәуіріне дейінгі (1920-жылдарға дейінгі) екі тілдік (негізінен, орысша-қазақша және қазақша-орысша) сөздіктердің ең алғашқы (XVIII ғ.) үлгілерінен бастап, XX ғасырдың басына дейінгі қазақ тіліне қатысты сөздіктерді көрсету, оларды түзушілер мен жарық көрген кездері, жасалу (түзілу) мақсаты, адресанттарын кеңірек зерттеу қолға алынды. Бұл ретте, қазақ әдеби тілінің тарихын баяндаған монографиялары мен жеке мақалаларында қазақ лексикографиясы  Б.Әбілқасымов, Р.Сыздықова, С.Исаев сияқты тіл тарихшыларының назарынан тыс қалмағаны белгілі. Дегенмен, М.Малбақовтың кандидаттық диссертациясы «Қазақ лексикографиясының тарихы» (1992), «Қозы Көрпеш – Баян сұлу эпосының текстологиясы» (Е.Жұбановпен бірге, 1994), «Қазақ сөздіктері» (1995), «Бір тілді түсіндірме сөздіктің құрылымдық негіздері» (2002), «Қазақ тілі түсіндірме сөздігінің құрылымдық негіздері» (докт. дисс., 2003), «Сөздік және сөзтаным мәселелері» (2015) атты монографиясы, Г.Мамырбекова, А.Сейітбековалардың «Әбілғазы баhадүр ханның «Түркі шежіресінің» тезаурус сөздігі» (2011); «Қадырғали Жалайырдың «Жами ат-тауарих» жылнамасының тезаурус сөздігі» қазақ лексикографиясының тарихын барынша толық және талдау мен салыстыру әдістерін қолдана жүргізілген және теориялық-әдістанымдық негізін айқындаған арнайы зерттеу жұмысы деу керек.

Институт 2001 жылдан бермен қарай шығарып келе жатқан «Тілтаным» атты журналдың беттерінде қазақ тілі тарихына тікелей не ішінара қатысы бар зерттеу үзіктері (мақалалар) жарияланып отырады. Соңғы 4-5 жылдың барысында журнал беттерінде тіл тарихшыларының жас буыны (Г.Мамырбекова, Г.Сейтекова, Б.Сүйерқұл, Г.Көбденова, А.Сейітбекова, Д.Пашан т.б.) жақсы көрініп келеді.

1960-1980 жылдардағыдай бірыңғай қазақ тілі тарихына арналған жинақтар шығару да, республикалық, тіпті бүкілодақтық конференциялар өткізу де жалғаспай қалды. Оның объективтік уәждері болды (экономикалық жағдайлар, Одақ ыдырап, үлкен түркологиядан ажырап қалу, тарихшы мамандардың азаюы). Дегенмен, тіл тарихын зерттеу мәселесі қазақ тіл білімінің қара шаңырағы – бүгінгі А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында тоқтап қалған жоқ: зерттеушілер қосыны жас ғалымдармен толығып, зерттеу бағытына, амал-тәсілдеріне өзгерістер енді. Шет тілдерді, әсіресе қазақ тілінің тарихын зерделеуге аса қажет араб, парсы тілдерін меңгерген қазақ лингвистері диссертациялық зерттеулер жүргізді. Олардың қатарында: Б.Сүйерқұлдың еңбектері «Ат-тухфат» ескерткіші тіліндегі етістік категориялары (канд.дисс.); Хорезмидің «Мухаббат-намесіндегі» лингвомәдени кеңістік (докт.дисс.); Әбілғазы баhадүр ханның «Түркі шежіресіндегі» араб және парсы сөздерінің қолданылу ерекшелігі (А.Сейітбекова), XVIII-XIX ғасырларда араб жазулы қазақ жазбаларының графикалық-орфографиялық ерекшеліктері  (Г.Мамырбекова), Қазақ тілінің тарихи лексикографиясы: құрылымы мен ұстанымдары (Г.Көбденова. канд.дисс. 2008); «Орта ғасыр ескерткіштері тіліндегі бір буынды көпмағыналы сөздер» (А.Йүгнекидің «Ақиқат сыйы» мен Ж.Баласағұнның «Құтты білік» шығармалары негізінде)» (Д.Пашан, канд.дисс., 2010) еңбектерін атауға болады.

Тарихи бағыттағы зерттеулердің орындалуы тіл тарихы бөлімінің төмендегі ғылыми жобаларында көрініс тапқан:

  1. 2006-2008 жылдарғы «Тәуелсіз Қазақстан жағдайында қазақ тілінің ұлттық және мемлекеттік тіл ретіндегі негізгі даму үрдістері мен бағыттары» атты тақырыпта іргелі ғылыми-зерттеу бағдарламасының «Ортағасырлық қыпшақ және қазіргі қазақ тілдерінің тарихи сабақтастығы» тақырыбы бойынша жүргізген зерттеулерде;
  2. 2009-2011 жылдарғы «Қазақ ұлттық әдеби тілі және оның Уақыт пен Кеңістіктегі даму жолдары: ұлттық, жалпыадамзаттық мәдени құндылықтарды жинақтау, сақтау, жаңғырту» атты іргелі ғылыми-зерттеу бағдарламасының «Қазақ тілінің тарихи сөздігін түзудің ғылыми-теориялық негіздері»;
  3. 2012-2014 жылдарға «Экономикалық, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар салаларындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер» атты тақырыптағы іргелі және қолданбалы зерттеу бағдарламасы бойынша «Ескі қазақ жазба тілін рухани-мәдени құндылықтар ретінде танудың лингвистикалық негіздері» (2012-2014 жж.);
  4. 2013-2015 жылдарға «Қазақ жазуын жаңа ұлттық әліпбиге көшірудің ғылыми негіздерін кешенді зерттеу»;
  5. 2015-2017 жылдарға «Орта ғасыр түркі-қыпшақ жазба ескерткіштері тілін рухани-мәдени құндылықтар жүйесі ретінде зерделеудің лингвотеологиялық негіздері» (Рабғұзидың «Адам ата – Хауа ана» қиссасы мен А.Йүгнекидің «Ақиқат сыйы» ескерткіштері материалында зерттеу) атты іргелі ғылыми-зерттеу бағдарламасының тақырыбы бойынша іргелі ғылыми-зерттеулерде жаңа, терең ғылыми нәтижелерге қол жеткізіп келеді.

Таяу болашақта қазақ жазуының латын қаріпті графикаға өтуіне байланысты қазақ тілінің тарихына қатысты жәдігерліктердің 10 тобы бойынша жұмыс жүргізу жобаланып отыр:

1) көне түркі жазба мұралары (көне түркі графикасында, соғды және манихей жазуында сақталған жазба мәтіндер);

2) ортағасырлық классикалық араб графикасында жазылған мұралар (ортағасырлық қыпшақ тілі материалдары);

3) ортағасырлық ескі латын графикасында жазылған мұралар («Кодекс Куманикус» нұсқалары);

4) ортағасырлық армян жазуында жазылған мұралар (армян-қыпшақ жазбалары);

5) арабы-парсы қаріптері аралас «шағатай» түркісінде жазылған араб графикалы мәтіндер (XVIII-XIX ғғ. ескі қазақ тіліндегі жәдігерліктер);

6) араб графикалы «төте жазуда» жазылған мұралар (XX ғғ.);

7) ескі-шіркеулік кирил жазуымен  жазылған мұралар (XVIII-XIX ғғ.);

8) миссионерлер қазақ тіліне бейімдеген кирил жазуымен  жазылған мұралар (XIX ғ. екінші жартысы – XX ғ. басы);

9) 1929-40 жылдары қолданылған латын графикалы жазумен жазылған мұралар;

10) қазіргі кирил қарпіндегі қазақ жазуымен жазылған тіл тарихына қатысты мұралар.

Әрбір ескерткіш бойынша қарастырылатын транскрипциялық, транслитерациялық, орфографиялық (фонетикалық көпварианттылық, т.б.) мәселелер өте көп.

Болашақта «тіл тарихы» бөлімі қазақ тілінің тарихына, қазақ тіліндегі ірі лексикалық топтарға кіретін нақты атаулар тарихына байланысты дәстүрлі бағдарлы зерттеулерімен де айналыса бермекші. Атап айтар болсақ, «қазақ лексикографиясы», «қазақ лексикографиясы бойынша практикум», «тарихи лексикография», «қазақ лексикографиясының тарихы», «қазақ тілінің тарихи лексикасы», «қазақ тіліндегі байырғы кірме лексика», «қазақ тіліндегі ырымдар мен  тыйымдардың теолингвистикалық аспектісі» т.т.