ТІЛТАНЫМ ЖУРНАЛЫ

Қазіргі таңда А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтынан шығатын «Тілтаным» журналы Қазақстандағы лингвистикалық ойды дамытуды көздейтін, қазақ тіл білімінің әртүрлі бағыттарындағы мәселелерге ғылыми деңгейде сараптама беріп, оған талдау жасап отыратын Республикалық ғана емес, АҚШ, Канада, Кипр, Новосибирск, Венгрия, Швейцария, Ресей, Голландия, Чуваш, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, ҚХР, Түркия, Германия, Монғолия, Қарақалпақстан, Хакасия сияқты жақын және алыс шетелдерді қамтитын халықаралық кеңістікте де орны айқындалған мерзімді ғылыми басылымдардың біріне айналып отыр. «Тілтаным» журналы 2001 жылы филология ғылымдарының докторы, профессор Н.Уәлидің ұйымдастыруы бойынша құрылған.

«Тілтаным» журналының сол күннен бастап мерзімімен шығып тұруына, оның сапасының жоғары болуына, ғылыми сұрыптау, түзетулердің жасалуына жауапты редакторлар ф.ғ.д., профессор З.М.Базарбаева мен ф.ғ.д., профессор Ж.Манкеева зор еңбек сіңіріп келеді, сонымен бірге әр кезде жауапты шығарушылар болып жұмыс атқарған филология ғылымдарының кандидаттары А.Фазылжанова, А.Аманбаева, Ж.Жұмабаева, Г.Көбденова, журналдың редакторы – Ш.Жамықаева да бұл іске өз үлесін қосты. 2012 жылғы «Тілтаным» журналы редакция кеңесі құрамы мынадай: М.Малбақов, филология ғылымдарының докторы, проф. (бас редактор); Ә.Қайдар, ҚР ҰҒА-ның академигі; Р.Ғ.Сыздық, ҚР ҰҒА-ның академигі; Ө.Айтбайұлы, ҚР ҰҒА-ның академигі; К.Ш.Хұсайын, филология ғылымдарынң докторы, проф.; Ә.Жүнісбек, филология ғылымдарынң докторы, проф.; Ж.Манкеева, филология ғылымдарынң докторы, проф.; З.Базарбаева, филология ғылымдарынң докторы, проф.; Н.Уәли, филология ғылымдарынң докторы, проф.; А.Фазылжанова, филология ғылымдарының кандидаты, А.Хабиева, филология ғылымдарының кандидаты.

Бұл журналға таңдалып алынған материал:

1.              Ғылыми мақалалар (2001 жылдан 2012 жылға дейін шыққан мақала саны 564)

2.              Жас ғалымдар зерттеуі (661)

3.              Тілтанымдық мұралар – (18)

4.              Зерттеушінің жұмыс дәптерінен (10)

5.              Ойтастар, пікірталас (17)

6.              Лекциялық курстар (5)

7.              Ғылыми өмір деректері (18)

8.              Жаңа зерттеулер (1)

9.              Мерейтой  (53)

10.            Рецензия (4)

11.            Құрылымдық жүйедегі тілді зерттеудің өзекті мәселелері (8)

12.            Қазіргі тіл біліміндегі тілді зерттеудің ғылыми-инновациялық деңгейі (17)

13.            Тіл оқыту әдістемесі, мемлекеттік тіл, терминология (7)

14.            Жаңа кітап (1) – атты бірнеше айдарларға сараланады. Журналға 2012 жылдан бастап «Жаңа басылым, жаңа кітап» айдары қосылып отыр. Бұнда ізденушілерге қазіргі шығып жатқан ғылыми лингвистикалық кітаптар туралы мәлімет беріледі, яғни журналдағы мәлімет арқылы жұртшылыққа авторы мен зерттеудің танылуына, сол еңбекті тауып алуына жол ашылады.

«Тілтаным» журналына бастапқы жылдары тек Қазақстан шеңберіндегі зерттеушілер мен ізденушілер мақалалары, кейіннен АҚШ, Канада, Кипр, Германия, Новосибирск, Венгрия, Швейцария, Ресей, Голландия, Чуваш,  Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, ҚХР, Түркия, Монғолия, Қарақалпақстан, Хакасия т.б. елдердің ізденушілері мен ғалымдарының мақалалары жарияланып келеді.

Бұл журналдың тағы бір ерекшелігі – жалпы тіл білімі, тіл оқыту әдістемесі, қазақ тіл білімі, әдебиеттанудың тілтанымға қатысты кейбір мәселелері т.б. ғылыми проблемалар бойынша жас ғалымдардың диссертациялық жұмыстары жарияланымдарының базасына, олардың апробациядан өткізілу «алаңына» айналғандығында болып отыр. Журналда қазақ лингвистикасының, тілтанымдық ғылыми ойдың дамуын көрсететін тіл білімінің өзекті мәселелері жарияланып отырады.  Атап айтқанда, журналдың «Ойтастар, пікірталас» айдарында қазақ тіл біліміндегі ортақ шешімін таппаған мәселелер жарияланса, «Тілтанымдық мұралар» айдарында бұрын жарыққа шықпаған тілтанушылардың жазба мұралары ұсынылады, сондай-ақ «Зерттеушінің жұмыс дәптерінен» айдарында зерттеушінің тың тақырып аясында өзінің ізденісі арқылы ғылымға қосқан үлесі ретіндегі материалдары беріледі, «Лекциялық курстар» айдарында жоғарғы оқу орындарындағы филология пәндері бойынша дәрістер мен арнайы курстарға негіз болатын ғылыми материалдар беру мақсаты көзделген.

2003 – 2011 жылдар аралығында тіл білімінің өзекті проблемаларын қамтитын, әсіресе қазіргі тіл ғылымында жаңа бағыттарға қатысты көптеген тың ізденістер бойынша мақалалар оқырманның (ізденуші, зерттеуші, тәлімгер) білім көкжиегін кеңейтуіне жол ашады. Қазіргі таңда жылына төрт рет басылып шығатын журналдың статистикасы 1384 мақаланы құрап отыр.

Соңғы жылдары бұл журнал тек қана Қазақстан аумағында ғана емес, көршілес елдерде де танылып, журналдың таралу географиясы кеңейіп отыр. Әсіресе Ресей, Чуваш, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, ҚХР, Түркия, Монғолия, Қарақалпақстан елдерінің ізденушілері мен ғалымдары өз мақалаларын журналда жиі жариялап тұрады. Мәселен, бүгінгі күнге дейін (2001-2011 жж.) шетелден 50-ден аса мақала жарияланып отыр. Болашақта бұл журналдың республикадағы импакт-факторы жоғары журналдар қатарына қосылуына әлеуеті зор деп санаймыз.

 

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты,

«Тілтаным» журналының жауапты шығарушысы                                                                 

 А.Аманбаева