Тұлғалар

Досқараев Жұмат Досқараұлы  (1887-06.07.1972). 1925 ж. Семей педагогикалық техникумын, 1937 ж. Самарқан Мемлекеттік университетін бітірді. Павлодар облысының оқу бөлімінде, Қарақалпақ АКСР-де педагогикалық институтта, Қазақстан Мемлекеттік университетінде кызмет етті. 1945-1954 жж. Қазақ КСР Ғылым Академиясының Тіл білімі институтында «Қазақ тілінің тарихы мен диалектологиясы» бөлімінің меңгерушісі болды. 1954-1965 жж. аға ғылыми қызметкер болды. Ғалым 40-тан астам ғылыми еңбектер жариялады. Ғылымға сіңірген еңбегі үшін КСРО медалдарымен және ҚазССР Жоғары Кеңесінің грамотасымен марапатталған.


Ғайнетдин Ғалиұлы Мұсабаев (17.09.1907-26.11.1981). 1936 ж.ҚазПИ-ді (қазіргі ҚазҰПУ) бітірген. 1967 ж. Қазақстан ғылым академиясының корреспондент мүшесі.  1971 ж. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері. 1937-1939 жж. КСРО ғылым академиясының Қазақстандағы бөлімшесінде ғылыми қызметкер болды. Қазақ КСР Ғылым Академиясы Тіл және әдебиет институтында бөлім меңгерушісі, 1948-1952 жж. директордың орынбасары, 1952-1981 жж. Тіл білімі институтында бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. Негізгі ғылыми-зерттеу еңбектері қазақ тілінің лексикасы мен лексикографиясына, тіл тарихының мәселелеріне арналды.


Ісмет Кеңесбаев (15.02.1907-16.01.1995). 1931 ж. Санкт-Петербургтегі Шығыстану институтын бітірген. 1931-1934 жж. Қазақ АКСР-і Халық ағарту комиссариаты жанындағыоқу-әдістемелік кеңесінің (УМС) әдіскері. 1932-1946 жж. ҚазПИ-де оқытушы (қазіргі ҚазҰПУ). 1932-1935 жж. Қазақ мемлекеттік баспасының редакторы. 1933-1936 жж. Алматы мемлекеттік медицина институтында Тілдер кафедрасының меңгерушісі (қазіргі Қазақ ұлттық медицина университеті). 1936-1939 жж. КСРО Ғылым академиясының Қазақстан филиалы Тіл және әдебиет секторының аға ғылыми қызметкері. 1946-1951 жж. Қазақ КСР Ғылым академиясының вице-президенті. 1946-1951 жж. Қазақ КСР Ғылым академиясы президиумының мүшесі.1947-1951 жж. Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтының директоры. 1954-1956 жж. Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтыныңдиректоры.1958 жылдан Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институты Түркология мен қазақ тілі тарихы бөлімінің меңгерушісі.Тіл мен әдебиет 1961 жылы ғана жеке дара институттарға бөлініп кетеді. Тіл білімі институтының директоры болып тағайындалады. 1973-1995 жж. КСРО Совет түркологтары комитетінің мүшесі. 1974-1989 жж.КСРОҒылым академиясы жанындағы Әдебиет және тіл бөлімінің «Социалистік ұлттардың дамуына байланысты ұлттық тілдердің даму заңдылықтары» атты комплекстік проблема бойынша құрылған ғылыми кеңестің мүшесі.1976-1993 жж.Шетелдердегі отандастармен мәдени байланыс жасайтын Кеңес қоғамының («Отан» қоғамы) қазақ бөлімшесі президиумының төрағасы.1979-1990 жж. «Қазақ КСР Ғылым академиясының хабарлары. Тіл, әдебиет сериясы» журналының редколлегия мүшесі. 1978 ж. «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» деген еңбегі үшін Ғылым мен техника саласындағы Қазақ КСР-інің Мемлекеттік сыйлығы берілді.


Нығмет Тінәліұлы Сауранбаев (05.05.1910-17.11.1958). 1932 ж. Жоғарғы ағарту институтын бітірген. 1935 ж. Мәскеудегі  Герцен атындағы Мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген, бұдан кейін РСФСР Оқу-ағарту комиссариаты жанындағы Ғылыми-зерттеу институтының Ленинградтағы бөлімшесінің аспиранты болып қабылданған. Аспирантураны аяқтаған соң, 1938 жылы Оқу ағарту Комиссариатының мектептер жөніндегі Ғылыми-зерттеу институтының ғылыми жұмыстар жөніндегі директорының орынбасары болып тағайындалады. 1939 жылы Н.Сауранбаев Халық Комиссарлар Советінің жанындағы Терминологиялық комитеттің ғылыми хатшысы қызметін атқарды.

1945 ж. Н.Т.Сауранбаев КСРО ҒА Қазақ филиалының алғаш ұйымдасқан Тіл, әдебиет және тарих институтының директоры болды. 1946 ж. жаңадан құрылған  Қазақ КСР ҒА-ның толық мүшесі болды. Алғаш сайланған құрылтайшы академиктің бірі болды. 1951 ж. Н. Т. Сауранбаев Қазақ КСР ҒА-ның вице-президенті болып сайланды. Америкада (Кембридж университеті), Индияда өткен дүниежүзілік конференцияларға қатысты  (1947). Шығыс зерттеушілерінің бүкіл дүниежүзілік XXIII Конгресінде баяндама жасады (Лондон, 1954). «Қазақ КСР Ғылым академиясының Хабарлары» ғылыми журналы кезінде Н.Т.Сауранбаевтың басшылық етуімен бірінші жарық көрді.

Қазақ тіл білімінде Нығмет Тінәліұлы 3 монография, 2 брошюра,  60 ғылыми мақала, 7 баяндама, 1 программа, 7 оқулық жазып, 2 сөздік түзіп шықты. Нығмет Сауранбаевтың ғылыми жұмыстарын, ұйымдастырушылық қабілетін және қоғамдық еңбектерін жоғары бағаланып, екі мәрте «Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен бірнеше рет марапатталған.


Төлеубай Рақымжанұлы Қордабаев (12.12.1915-27.04.2000). 1940 ж. ҚазПИ-ді бітіріп, МХР-дің Баян-Өлгей аймағында қызмет істеді. 1946-1993 жж, ҚазПИ-де, Қыздар педагогикалық институтында, Жоғарғы партия мектебінде, Қарағанды мемлекеттік университетінде қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, Қазақ КСР Ғылым Академиясы Тіл білімі институтында бөлім меңгерушісі болды. Т. Қордабаев 10-нан астам оқулық, ғылым-зерттеу еңбектер, монография жазған. Тіл тарихы мен оның құрылымдық мәселелерін зерттеген көрнекті ғалым Қордабаев «Еңбек Қызыл ту», МХР-дің «Алтын ғадас» орденімен, медальдармен марапатталған.


Ғұбайдолла Айдаров (18.06.1921-01.03.2001). 1934-1935 жж. Түркімен КСР-інің Ташауыз қаласы педагогикалық училищесінің дайындық бөлімінде білім алған. 1935-1937 жж, Красноводск қаласындағы Бауман атындағы техникумында, 1937-1938 жж. Мары қаласындағы педагогикалық училищеде оқыған. Еңбек жолын ауылдағы жетіжылдық мектепте мұғалім ретінде бастайды. 1940 ж. әскер қатарына алынып, 1944 ж. дейін Ұлы отан соғысына қатысқан. 1948 ж. Шымкент оқытушылар институтын, 1952 жылы ҚазПИ-ді (қазіргі ҚазҰПУ) бітірген. 1959 ж. Қазақ КСР Ғылым Академиясының Тіл білімі институтында кіші, аға ғылыми қызметкері болады. Ғылыми-зертхана еңбектері негізінен түркі жазба ескерткіштерін зерттеуге арналған. Ғалымның 250-ден астам ғылыми-зертхана еңбек, оның ішінде 10 монография мен жоғары оқу орындарына арналған оқулықтардың авторы. 1981 ж. ғалымның педагогикалық еңбектері бағаланып, Қазақстан және Түркменстанның «Ағарту ісінің озаты» деген атақ берілсе, ал 1992 ж. «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері» құрметті атағы берілді. 


Әрсен Медетұлы Ибатов (17.04.1926-1998). 1955 ж. Абай атындағы Қазақ педагогика институтын бітірген. 1958-1960 жж. аталмыш оқу орнының аспирантурасында оқыған. 1971-1980 жж. екі томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін жасауға қатысты. 1987 ж. «Қазақ тілінің қалыптасуы мен дамуындағы тарихи процестер», «Түркі ата тілін қалпына келтіру проблемалары» деген тақырыптар бойынша жұмыс істеді. 7 монография және 100-ден аса ғылыми-көпшілік мақалалардың авторы.


Сапарғали Омарбекұлы (15.01.1927-10.01.2003). 1956 ж. ҚазМУ-ды (қазіргі ҚазҰУ) және 1959 ж. Қазақстан Ғылым Академиясының аспирантурасын бітірген.  1959-1961 жж. Қазақстан Ғылым Академиясы «Хабаршысы», 1961-1967 жж. «Хабарларының» жауапты хатшысы, 1961-1963 жж. Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тіл білімі институтында ғылыми қызметкері, 1963-1967 жж. ғалым-хатшы, 1967-1993 жж. кіші, жетекші, бас ғылыми қызметкер болған. 1999-2003 жж. «Қайнар» университетінің профессор  қызметтерін атқарған. Сапарғали Омарбекұлының230-дан астам ғылыми жарияланымның, оның ішінде 4 монографияның авторы.


Шора Шамғалиұлы Сарыбаев  (02.03.25-02.05.2018). 1950 ж. ҚазМУ-ды (қазіргі ҚазҰУ) және 1953 ж. аспирантурасын бітіреді. 1954-1960 жж. Тіл және әдебиет институтының жанындағы Тіл тарихы және диалектология   бөлімінің меңгерушісі, 1960-1967 жж. аға ғылыми қызметкері. 1967-1995 жж. Қазақ ССР ҒА Тіл білімі институтының Тіл тарихы және диалектология бөлімінің меңгерушісі. Қазақ ССР 1979-1987 жж. институт директорының орынбасары. 1983 ж. Қазақ ССР ҒА-ның корреспондент мүшесі. 1985 ж. Қазақ ССР ҒА-ның «Құрмет» грамотасымен, 1985 ж. «Еңбек ардагері» медалімен, 2000 ж. «Құрмет орденімен», «Қазақстан Республикасы ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. 1995 ж. осы институттың бас ғылыми қызметкері.Ғалымныңдиалектология, морфология, лексикология, лексикографиябиблиография, тіл тарихы, аударма, есімнама, алтаистика мәселелеріне арналған 250-ден астам ғылыми мақалалар мен оқулықтары, монографиялары жарық көрген.


Әбілбек Нұрмағамбетұлы (29.12.1927-1998).  1960 ж. Абай атындағы педагогикалық институтты бітірген. 1961-1964 жж. А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында аспирант, кіші ғылыми қызметкер, ал 1968 ж. аға ғылыми қызметкер. Ғылыми-зерттеу еңбектері қазақ диалектологиясы мен этимологиясы мәселелеріне арналған.


Оқас Нақысбеков (06.12.1928-08.05.2014). 1947-1951ж. Абай атындағы Алматы педагогикалық институтында оқыды. 1951 ж. бастап ҚазақКСР Ғылым академиясының Тіл білімі институтында кіші ғылыми қызметкері, 1954-1957 жж. осы институттың аспиранты болады. 1941-1945 жж.  Ұлы Отан соғысындағы қажырлы еңбегі үшін «Пятьдесят лет Победы в Великой Отечественной войне» медальдарымен, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің және ҚазКСР ҒА грамоталарымен марапатталған.


Есет Құдайбергенұлы Жұбанов (22.11.1929-04.04.2007).  1951 ж. ҚазПИ-ді (қазіргі ҚазҰПУ) бітірген. 1951-1957 жж. Петропавл педагог училищесінің оқытушысы, Солтүстік Қазақстан облысының мұғалімдер білімін жетілдіру институтының бөлім меңгерушісі, оқу бөлімінің нұсқаушысы, «Қазақстан мұғалімі» газетінің қызметкері, 1957-1959 жж. Тіл және әдебиет институтында ғылыми қызметкер, 1959-1961 жж. осы институттың аспиранты, 1962-1991 жылдары кіші, аға ғылым қызметкер болған. 1991 ж. бері Ақтөбе мемлекеттік университетінде доцент, жұбановтану лабораториясының меңгерушісі қызметін атқарады. Негізгі ғылыми-зерттеу жұмыстары қазақ эпостарының тілін, әдеби тіл тарихын талдауға арналған.


Надежда Бұрханқызы Қарашева (08.09.1930-30.01.2019). 1953 ж. Мәкеудегі М.В. Ломоносов атындағы университетті бітірген. 1953-1961 жж. ҚазақКСР Ғылым Академиясының Тіл білімі институтында ғылыми қызметкер. 1961-1962 жж. осы институтта ғалым-хатшы. 1962 ж. КСРО Педагогика Ғылымдары жанындағы орыс тілін ұлт мектептерінде оқытатын ғылыми-зерттеу институтында ғалым-хатшы.


Құлмат Өміралиев (10.11.1930-25.05.1985). 1952 ж. Шымкенттегі мұғалімдер институтының Қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітірген соң орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен мұғалім, оқу бөлімінің меңгерушісі болып істеді. 1953-1957 жж. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педогогикалық институтының филология факультетінде, 1957-1960 жж. осы институттың қазақ тілі кафедрасының аспирантурасында оқыды. 1960-1962 жылдары «Қазақстан мектебі» журналының редакциясында бөлім меңгерушісі. 1972 ж. бастап өмірінің соңғы күндеріне дейін Қазақ КСР Ғылым Академиясының Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Түркітану және тіл тарихы бөлімінде аға ғылыми қызметкер болып істеді.


Әбжан Құрышжанұлы (05.09.1930-22.05.2007). 1953 ж. ҚазМУ-ді, 1956 ж. Қазақстан ұлттық Академисының Тіл және әдебиет институтының аспирантурасын  бітірген. Зерттеген еңбектері негізінен тіл тарихы, көне түркі тілдері мен ежелгі қыпшақ жазба ескерткіштері мәселелеріне арналған.


Бабаш Әбілқасымов (02.11.1931). 1953 ж. Орал педагогикалық институтын бітірген. 1953-1958 жж. Новобогат ауданың Амангелді атындағы орта мектептің директоры, Гурьев облыстық партия комитетінде нұсқаушы, сектор меңгерушісі қызметін атқарады. 1958-1961 ж. Атырау педагогикалық институтының проректоры болады. 1961-1987 жж. Қазақ КСР Ғылым Академиясының Тіл білімі институтының аспиранты, ғылыми қызметкері, ғылыми хатшысы, аға, жетекші ғылыми қызметкері болады. 1987-1991 жж. Тіл білімі институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары. 1991-1996 ж. «Түркология және қазақ тілі тарихы» бөлімінің меңгерушісі. 1998 ж. бас ғылыми қызметкер. Негізгі ғылыми еңбектері қазақ әдеби тілінің тарихын зерттеуге арналған. Ғалымның жетекшілігімен 16 кандидаттық, 1 докторлық диссертация қорғалды.


Мархабат Томанов (05.02.1932-1988). 1954 ж. ҚазМУ-ды (қазіргі ҚазҰУ) бітірген. 1957-1961 жж. Қазақстан Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтында ғылыми қызметкер. 1961–1964 ж. Гурьев педогогика институтында (қазіргі Атырау мемлекеттік университеті) ғылыми қызметкер. 1964 ж. ҚазҰУ-да доцент, кафедра меңгерушісі қызметін атқарды. 200-ден аса қазақ тілінде және ежелгі түрік ескерткіштерінің тілінде жазылған қазақша және орысша ғылыми және ғылыми-әдістемелік еңбектердің авторы.


Сейілбек Мұқамеджарұлы Исаев (13.03.1935-1999). 1962 ж. Омбы педагогикалық училищесін, Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1962-1968 жж.  ҚазКСР Ғылым Академиясының Тіл білімі институтының кіші ғылыми қызметкері, 1968-1979 жж. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының аға оқытушысы, доценті. 1979 ж. профессор, 1975-1987 жж. осы институттың филология факультетінің  деканы. 1988-1989 жж. Абай атындағы педагогикалық институтта қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі. 1989 ж. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының ректоры болған.


Тоқтар Арынов  (11.05.1942-03.10.1988). 1968 ж. әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-ды бітірген. 1968-1971 жж. ҚР Ұлттық ғылым академиясының Ш. Уәлиханов атындағы тарих, этнография және археология институтында аға лаборант. 1971 ж. өмірінің соңына дейін А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында алғаш кіші, одан соң аға ғылым қызметкер болып еңбек етті.


Александр Николаевич Гаркавец (19.10.1947). 1987 ж. Харьков университетін бітірген. 1988 ж. бастап Алматы қаласында тұрады. 1989-2000 жж. Алматы украин мәдени орталығының төрағасы.  1992 ж. ҚР Президенті жанында(ғы Мемлекеттік саясат жөніндегі кеңес мүшесі, содан кейін ұлттық кеңестің мүшесі, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның мүшесі. 1995-2000 жж. Қазақстан халықтары Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі. 1994-1995 жж. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің соңғы, 13-ші шақырылымының депутаты, Мәдениет, бұқаралық ақпарат құралдары және қоғамдық ұйымдар комитеті төрағасының орынбасары. «Қазақ CСР тілдері туралы» Қазақ CСР заңының жобасын жасады. Ғылыми еңбектер ежелгі және қазіргі қыпшақ тілдеріне (куман-половец, армян-қыпшақ, урум), қыпшақ жазба ескерткіштеріне, түркі тілдерінің басқа тілдермен қарым-қатынасы тұрғысынан дамуына арналған.  Оның 20 кітабы мен 140-тан астам ғылыми мақаласы бар.  


Малбақов Мырзаберген Малбақұлы (05.05.1955).  1981 ж. С.М. Киров атындағы (қазіргі әл-Фараби атындағы) мемлекеттік университеттің филология факультетін бітірген. 1981-1982 жж. Қазақ мемлекеттік Кітап палатасында техникалық редактор, 1982-1986 жж. республикалық Кітап музейінде ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі, 1987-1993 жж. ҚР Ғылым академиясының Тіл білімі институтында  аға лаборант, кіші ғылыми қызметкер, ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер ретінде жұмыс жасады. 1993-1994 жж. ҚР Министрлер Кабинеті жанынан жаңадан ашылған Тіл комитетіне Тіл мәдениеті және Терминология бөлімінің меңгерушісі қызметіне ауысып, мемлекеттік терминологиялық,  ономастикалық комиссиялардың жұмыстарына қатысады. 1994-1995 жж. Түркия республикасының астанасы Анкара қаласында Түрік Тіл Қоғамының шақыруымен түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы мен сөздігін жасау жұмыстарымен айналысады. 1995-1998 жж. Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтында аға ғылыми қызметкер ретінде жұмыс жасайды. 1999 ж. ҚР ҰҒА А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты лексикология бөліміне аға ғылыми қызметкер ретінде алынады. 2001 ж. бастап осы институттағы қазақ тілі тарихы және диалектология бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады. 2009 ж. осы институт директорының орынбасары қызметіне тағайындалды. Ғалым 2011 ж. қыркүйек айынан бастап 2016 ж. қазан айына дейін А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры болып жұмыс жасады. 2004 ж. ғалымға тіл білімі мамандығы бойынша доцент ғылыми атағы берілсе, 2009 ж. осы мамандық бойынша профессор атанды.Ғалымның түркітану мен қазақ тілінің тарихына, қазақ лексикографиясының теориялық мәселелеріне арналған 100-ден астам ғылыми мақалалары бар.


Қажыбек Ерден Задаұлы (09.02.1955).  1972-1977 жж. академик Е.А. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген. 1977-1980 жж. Ғылым академиясы Тіл білімі институтының «Түркология» мамандығы бойынша аспирантурасында, 1986-1988 жж. докторантурасында білім алған. 1980-1982 жж. Тіл білімі институтының кіші ғылыми қызметкері,  1982-89 жж. ғылыми хатшысы, 1989-1992 жж. Түркология және қазақ тілінің тарихы бөлімінің меңгерушісі, 2017-2020 жж. Тіл білімі институтының директоры қызметін атқарады. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі» және Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы «Қазақ тілін латын графикасына көшіру жөніндегі» ұлттық комиссияларының мүшесі, Еуропа Одағы, Америка Құрама Штаттары, Түркия, Қытай, Ресей ғылыми орталықтары мен қауымдастықтарының мүшесі, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі. Ғалымның 3 монография, 11 сөздік, 400-ден астам оқу-әдістемелік құралдары, мақалалар мен баяндамалары, 7 ірі ғылыми жоба, алыс-жақын шет елдердегі басылымдарда 90 астам ғылыми еңбегі жарияланған.


Құдасов Сейсенбай Жолайұлы. (20.09.1956).  1979 ж. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін филология мамандығы бойынша бітірген.  Қазақ КСР Ғылым Академиясының Тіл білімі институтына кіші ғылыми қызметкері болады.  Елімізде мемлекеттік деңгейде қолға алынған «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 2007-2009 жж. Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты ғалымдарымен, 2008 ж. Абай атындағы Қазақ ҰПУ мен 2011-2014 жж. Халықаралық «Түрік Академиясы» ғалымдарымен ортағасырлық жазба ескерткіштерді кешенді түрде зерттеу, оның ішінде тіл тарихын ел тарихымен сабақтастыра зерттеудің мәселелерін ғылыми көтере отырып, тарих ғылымының деректану саласының қазақ тіліндегі қорын молайтуда мол үлесін қосты.


Сүйерқұл Ботагөз Мырзабайқызы (18.10.1973). 1990-1995  жж. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін бітірген. 1995-2020 жж. ҚР ҰҒА А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында аспирант, кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, жетекші ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген. Бірнеше монографияның, Қазақстанда, Ресейде, Қырғызстанда, Өзбекстанда, Қытайда, Түркияда т.б. жарияланған 80-нен астам ғылыми мақаланың авторы. Қазақ әдеби тілінің 15 томдық сөздігін құрастырушылардың бірі.

0 Shares