Бүгіні

        Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде 1992-2000 жж. «Тіл тарихы және диалектология» бөлімінің меңгерушісі Б. Әбілқасымов  болды. Бұл жылдары қазақ тілінің тарихына арналған жоғарыда аталған  ғылыми еңбектер Институттағы игі істердің ғылыми қорын қалыптастырады. Институттың аға ғылыми қызметкерлерінің (ғылым докторлары, академиктері) жетекшілігімен қазақ тілі тарихын зерттеуге қатысты ондаған ғылым кандидаттары мен докторлары дайындалды. Олар жоғары оқу орындарында қызмет етіп, тіл тарихы саласын зерттеуді әрі қарай жалғастыруда (ғылым докторлары: М. Сабыр, Ш. Мәжітаева  және т.б.).

Институтта зерттеушілер қосыны жас ғалымдармен толығып, зерттеу бағытына, амал-тәсілдеріне өзгерістер енді. Шет тілдерді, әсіресе қазақ тілінің тарихын зерделеуге аса қажет араб, парсы тілдерін меңгерген қазақ лингвистері диссертациялық зерттеулер жүргізді: «Әбілғазы баһадүр ханның «Түркі шежіресіндегі» араб және парсы сөздерінің қолданылу ерекшелігі» (А. Сейітбекова), «Қазақ тілінің тарихи лексикографиясы: құрылымы мен ұстанымдары» (Г. Көбденова); «Ат-тухфат» ескерткіші тіліндегі етістік категориялары» (Б. Сүйерқұл – канд. дисс.); «Хорезмидің «Мухаббат-намесіндегі» лингвомәдени кеңістік» (Б. Сүйерқұл – докт. дисс.); «ХVІII-ХІХ ғасырларда араб жазулы қазақ жазбаларының графикалық-орфографиялық ерекшеліктері» (Г. Мамырбекова) еңбектерін атауға болады.

Кейінгі 10-15 жылдың ішінде өзге мемлекеттерде қоныстанған қандастарымыздың жай-күйін зерттейтін диаспоратанутармағы қалыптасты. Диаспоратануда шетелдегі қазақтарды қоныстану ерекшелігіне байланысты қазақ диаспорасымен ирридентіқарастырылады. Моңғолия қазақтарының тілін арнайы зерттеу нысаны етіп, жан-жақты зерттеген ғалым Б. Базылхан еңбегін («Моңғол қазақтарының тілі және оның кейбір Алтай тілдеріне қатысы». докт.дисс (1993)) және ондағы фонетикалық-ареал құбылыстарды, қазақтар қоныстанған аймақтағы тілдік жағдаятты зерттеген А. Үдербаевтың («Моңғолиядағы қазақ диаспорасы тіліндегі фонетика-ареалдық құбылыстарды салыстырмалы зерттеу»; канд. дисс. (2002)) және т.б. диссертациялық жұмыстарын атауға болады. Қазақстаннан тыс елдерде жасайтын және жалпы қазақ халқының үштен бір бөлігін құрайтын қазақ диаспорасының тілін зерттеуді қазақ диалектологиясының маңызды бір тармағы деп қарасақ, соның ішінде Қытайдың Шыңжан өлкесіндегі бір жарым миллионға жуык қазақтардың тілі, Ауған мен Иран, Түркия қазақтарының тілі толықтай зерттеу нысанына айнала бастады.

Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы қолға алынған тұста бұрынғы диалектологиялық сөздіктердің негізінде және соңғы 10-15 жылдарда жүргізілген диалектологиялық зерттемелерді толықтырудың нәтижесінде 2005 ж. «Қазақ тілінің аймақтық сөздігі» жарық көрді.

2001-2011 жж. бөлімді филология ғылымдарының докторы, профессор М. Малбақов басқарды. М. Малбақовтың  жетекшілігімен тіл тарихын зерттеуде әр бағдардағы сөздіктер құрастыру өзекті мәселеге айналды. Бұл орайда әсіресе Кеңес дәуіріне дейінгі (1920-жылдарға дейінгі) екі тілдік (негізінен, орысша-қазақша және қазақша-орысша) сөздіктердің ең алғашқы (XVIII ғ.) үлгілерінен бастап, XX ғасырдың басына дейінгі қазақ тіліне қатысты сөздіктерді кеңірек зерттеу қолға алынды. М. Малбақовтың 1995 жылы жарық көрген «Қазақ сөздіктері» атты шағын еңбегі мен «Қазақ тілі түсіндірме сөздігінің құрылымдық негіздері» (Алматы, 2003), «Сөздік және сөзтаным мәселелері» (Алматы, 2015) атты монографиялары қазақ лексикографиясының тарихын барынша толық және талдау мен салыстыру әдістерін қолдана жүргізілген және теориялық-әдістанымдық негізін айқындаған арнайы зерттеу жұмысы деу керек. Тарихи лексикография саласы дамуының жалғасы қазақ тілінің тарихи бағдарлы сөздіктерін жасаудың қажеттігі мен бұл сөздікті түзудің ұстанымдық негіздері, жіктелімі, оның тіл тарихына қатысы жайындағы ізденістері мен ғылыми пікірі көрініс тапқан жас ғалым Г. Көбденованың «Қазақ тілінің тарихи лексикографиясы»деген тақырыпта қорғалған кандидаттық диссертациясында.

Әсіресе көне, ескі (орта ғасырлардағы) түркі ескерткіштерінің сөздіктерін жасау – өте қажет және өте қиын күрделі жұмыс. Бұл ретте де Тіл білімі институтының бұрынғы (яғни институтта істеп кеткен) және қазіргі қызметкерлері соңғы 50-60 жыл барысында едәуір еңбектер берді. А. Ибатов «Хұсрау уа Шірін» поэмасының сөздігі» (Алматы: Ғылым, 1974); А. Құрышжанов «Исследования по лексике старокипчакского письменного памятника XIII в.» («Тюрско-арабского словаря». (Алма-Ата, 1970) еңбектерінің жалғасы ретінде Г. Мамырбекова, А. Сейітбекованың  «Әбілғазы баһадүр ханның «Түркі шежіресінің» тезаурус сөздігі» (2011); «Қадырғали Жалайырдың «Жами ат-тауарих» жылнамасының тезаурус сөздігі» (2014) әзірленген сөздіктері қазақ тіл білімінің тарихи лексикография саласының дамуына үлес қосқан еңбектерінің қатарына жатады.

          2011-2018 жж. меңгерушілік қызметті филология ғылымдарының кандидатыГ. Мамырбекова атқарды. Бөлімде  Г. Мамырбекованың жетекшілігімен 2012-2017 жж. гранттық жобалар аясында екі сөздік және үш монография әзірленді. Атап айтқанда,  ортағасыр түркі халықтарының жазба дүниелерін сараптап, оларды мекен және мезгіл кеңістігіне қарай топтап,  А. Сейітбекова  XII-XVII ғғ. жазба ескерткіштер негізінде «Араб, парсы сөздерінің түсіндірме сөздігін»  (2014)», XVIII-XX ғғ. жазба мұралары негізінде Г. Мамырбекова «Қазақ тіліндегі араб, парсы сөздерінің түсіндірме сөздігін» (2014) құрастырды. Ескі жазба мұраларын талдау жұмыстары Г. Мамырбекованың «Ескі қазақ тілінің жазба нұсқалары» (2011 ж.).  атты монографиясында өз жалғасын тапты. Ортағасырлық ғұламалар тіл біліміндегі жаңа сала – тарихи теолингвистика шеңберінде зерделенбеген еді. Қазіргі қазақ қоғамында қолданылып жүрген діни тілдік бірліктердің прагматикалық ерекшеліктері ұлттық сарасана тұрғысынан қарастырыла бастады.  Осыған қатысты  «Тарихи теолингвистика: қалыптасуы, дамуы, негізгі бағыттары Н. Рабғұзидің «Адам ата-Хауа ана» қиссасы мен А.Йүгінекидің «Ақиқат сыйы» дастаны материалдары негізінде»  (Б. Сүйерқұл, А.Сейітбекова – 2017)  монографиясы жарық көрді.

      Антропоөзекті парадигмада қарыштап келе жатқан бүгінгі тіл ғылымы үшін жазба ескерткіштерді лингвокогнитвтік бағытта зерттеген еңбектердің қатарына Б. Сүйерқұлдың «Хорезмидің «Мұхаббатнамесіндегі» (ХІV ғ.) лингвосемиотикалық кеңістік» атты жеке монографиясын (2011) атауға болады.

2018 ж. «Түркология және алтайтану» бөлімі құрылды. Алайда қазіргі таңдағы «Тіл тарихы және диалектология»  және «Түркітану және алтайтану» бөлімдерінің ғылыми-зерттеу жұмыстарының бағыттары бірдей болуымен байланысты 2021 ж. қазан айынан бастап аталмыш екі бөлім қосылып, «Тіл тарихы және түркітану» бөлімі деп аталды. 2020 ж. бастап бөлімнің меңгерушілік қызметін А. Сейітбекова атқарып келеді.

         Еліміз тәуелсіздік алғалы бері жазуымызды латын графикасына көшіру мәселесі бірнеше рет көтерілді. Бұл мәселені алғаш рет көтерген белгілі түркітанушы, академик Ә. Қайдар «латын әліпбиіне көшу – өмір талабы, болашағы жар­қын өркениетті ел болудың алғышарттарының бірі», – деген болатын. Міне, бүгінде ғалымның 25 жыл бұрын айтқан әліпби турасындағы келелі пікірлері мен ұсыныстары дәлелденіп, бүгінгі қазақ қоғамының да бұл реформаға дайын екендігі аңғарылады. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бас­тау алатын рухани коды» туралы айтады. Демек, Орхон-Енисей түркі руникалық ескерткіштеріміз, араб жазуымен жазылған ортағасырлық мұраларымыз, яғни тамыры тереңде жатқан түркі дүниесіне ортақ жазба мұраларымызды қадірлей отырып, кемелдендірудің бағдарын жасауымыз керек. Осыған орай «Тіл тарихы және диалектология» бөлімі қызметкерлері жаңа әліпби негізінде  бірнеше сөздік әзірледі. Атап айтқанда, қазіргі қазақ әдеби тілінің баюына, жаңаруына, жаңғыруына, екшеленуіне, түрленуіне  ықпал етіп отырған араб және парсы сөздерінің лексикографиялық базалық тізбесі жасалып, семантикалық өрісін түгендеу мақсатында «Араб-парсы сөздерінің түсіндірме сөздігі» (М. Малбақов, А. Сейітбекова, Д. Пашан – Алматы:  2020 ж.) әзірленді. Соңғы жылдары ғылымда салааралық зерттеу бағыттары қайта жандана бастады. Сондай екі саланы ұштастыра зерттеуді қажет ететін бағыттардың бірі – теолингвистика. Бұл бағыт біздің елде жүйеленіп, ғылыми талаптарға сай жолға түсе қойған жоқ. Дегенмен бүгінгі жазуымыздың латын қарпіне көшуіне байланысты діни дискурстағы  лексиканы жинақтап,  көпшілікке  қос әліпбиде сөздік ретінде ұсынудың қажеттілігі туындады. Осыған байланысты «Теолингвистикалық сөздер (ұғымдар) сөздігі» (Р. Мұхитдинов, Қ. Жұмабек, Ә. Сейдамат – Алматы:  2020 ж.) құрастырылды. Сондай-ақ бастауын көне түркі дәуірінен алып, ХХ ғасырдың басына дейін сақталып келген ескі қазақ жазба тілінің лексикалық бірліктері жинақталып берілген «Қазақ ескі жазу лексикасының сөздігі» (Г. Мамырбек. Ж. Абитжанова, Б. Ешметова – Алматы:  2020 ж.) әзірленді.

Бөлім қызметкерлері Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында тіл тарихы және түркология саласына елеулі үлес қосқан ғалымдардың мұраларын қайта жаңғырту масқатында дәстүрлі түрде өткізіліп отыратын «Тілтанымдық мектептер алаңына» белсенді қатысып келеді.

0 Shares