Болашағы

        «Тіл тарихы және түркітану» бөлімінде алдағы уақытта қолға алынатын зерттеулер:

1. Қазақ тілі лексикасын тарихи тұрғыдан зерттеу негіздері (тарихи-лексикологиялық, тарихи-фразеологиялық, тарихи-стилистикалық зерттеме). Қазақ тілінің тарихи сөздік құрамына енетін қомақты тілдік материал іс жүзінде жазба ескерткіштерде қамтылған деуге болады. Ғылымға белгілі мұрағаттар ішінен ерте және орта ортағасырларда жарық көрген  филологиялық трактаттар мен әдеби мұраларда кездесетін лексикалық бірліктерді түгендеп, жинастырып, олардың әрбіріне қатысты мағыналық ерекшеліктерін, қазіргі тіл тұрғысынан этимологиясы күңгірт саналатын көнерген сөздердің семантикасын анықтау бойынша  т.б.) жұмыстар жүргізілуге тиіс.

2. Қазақ тілінің тарихи сөздік қоры (тарихи лексикологиялық зерттеу). Зерттеу барысында қазақ тілі тарихи сөздік қорының негізгі құрамын құрайтын байырғы түркілік лексикалық құрам, ежелгі тіларалық қатынастардың  нәтижесінде ескі қытай, моңғол, иран тілдерінен, ортағасырлық парсы, араб тілдерінен енген кірме лексикалық қабат айқындалады. Зерттеме барысында республикадан тысқары орналасқан қазақ диаспорасының тілі де қамтылып, тарихи диалектологиялық талдау жасалады.

       3. Лингвистикалық білім мазмұнын жаңалауға бағытталған қазақ тіл білімінің ғылыми-теориялық және қолданбалы базасын жаңғырту. Жоғары оқу орындарында «Қазақ филологиясы» мамандарын даярлауда міндетті пәндердің қатарына қазақ тілінің тарихына қатысты пәндер жатады. Осыған орай қазақ тілінің тарихына қатысты бүгінге дейін қол жеткізген ғылыми зерттеулерді  ескере отырып, қазіргі оқытылып жатқан оқулықтар мазмұнына енгізу қажеттілігі туындап отыр. Аталған міндеттерді орындау нәтижесінде «Қазақ тілінің тарихы» пәнін оқытуда пайдаланылатын оқулықтардың мазмұны ғылыми-әдістемелік тұрғыдан қарастырылып, қолданбалы базасы жаңарады. Оқулық авторларына жаңа білімдер жүйесінің нұсқаулығы ұсынылады. Қазақ тілінің тарихын насихаттауда «Ескі қазақ сөздерінің электронды сөздігі» (eskisoz.kz). әзірленеді.

0 Shares