Тұлғалар

Мәулен Балақайұлы Балақаев  (07.10.1907 – 15.11.1995 жж.). 1933 ж. Қазақ педагогикалық институтын бітірген. 1934-1937 жж. Ленинград мемлекеттік университетінің аспиранты атанады. 1937-1941 жж.  Алматы журналистика институтының кафедра меңгерушісі болады. 1941-1942 жж. Шет тілдері институтының директоры болады. 1941 ж. «Қазақ тіліндегі көмекші сөздер» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. 1943-1945 жж. Қазақ ССР Министрлер Советінде кеңесші-референті қызметін атқарады. 1949 ж. 24 қарашада доценттік атағын алып, 1951 ж. 29 маусымда «Қазіргі қазақ тіліндегі жай сөйлем синтаксисінің негізгі мәселелері» атты тақырыпта докторлық диссертациясын қорғайды. 1952 ж. шілде айында профессорлық атағын алады.  М.Балақаевтың көп жылдар бойы ғылымға сіңірген еңбегі мен оқулық жазудағы біліктілігі, 24 жыл бойы тапжылмай ғылым мен ұстаздықты қатар алып жүргендігі үшін ғылым академиясының корреспондент мүшелігіне лайық деп саналып, 1958 ж. «Қазақ ССР ғылым академиясының корреспондент мүшесі» атағы беріледі. 1968 ж. «Қаз ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері» құрметті атағы, 1986 ж. «Қазақ әдеби тілі және оның нормалары» атты монографиясы үшін Қаз ССР-ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты атағы беріледі.

М.Балақаев университетте ұстаздық ете жүріп, Қазақ ССР ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтында  1945-1959 жж., 1975-1987 жж.  Қызмет етті. Ғалым 150-ден аса ғылыми еңбектің, оның ішінде 20-ға жуық оқулық пен монографиялардың авторы.  

Ғалымның жетекшілігімен 33 кандидаттық, 11 докторлық диссертация қорғалды.


Рәбиға Сәтіғалиқызы Сыздық (17.08.1924 – 04.07.2020 жж.) – филология ғылымдарының докторы, профессор, Түрік Тіл қоғамының корреспондент-мүшесі, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР ҒА-ның Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығының иегері. 1938-1940 жж. Темір қаласындағы педучилищеде білім алып, 1940-1945 жж. Алға поселкесі мен Темір қаласында мектеп мұғалімі, педучилище оқытушысы болып қызмет еткен. 1944 ж. жедел түрде екі жылдық Ақтөбе Оқытушылар институтын, 1945 ж. Абай атындағы Алматы педагогикалық институтына түсіп, 1947 ж. үздік бағамен (қызыл дипломмен) бітірген, 1947-1951 жж. осы институттың аспирантурасында оқыған. 1951-1957 жж. Қазақ мемлекеттік оқу-педагогика баспасында (қазіргі «Рауан») редактор, кейін редакция меңгерушісі, 1957 ж. бастап Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл білімі институтында (қазірде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы) ғылыми қызметкер, Тіл тарихы және диалектология бөлімінің меңгерушісі, ал 1980-1994 жж. Тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі, 1994 жылдан бас ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді.

30-ға жуық кітап, 400-ден астам мақала жариялаған академик Рәбиға Сыздық шәкірттері (9 ғылым докторы, 20 ғылым кандидаты) бүгінде республикамыздың түпкір-түкпірінде ғалымның ұстаздық әрі ғалымдық жолын абыроймен сабақтастырды.  

Р. Сыздық бірнеше мәрте (1961, 1973, 1982) Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. 1971 ж. «Құрмет Белгісі» орденінің иегері атанды. 1984 ж. Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері құрметті атағы берілді, есімі Қазақ ССР-інің «Құрметті Алтын кітабына» жазылды (1981), Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың (1995), ҚР Мемлекеттік сыйлықтың (1996) лауреаты атағына ие болды. 1945 ж. «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезіндегі еңбектегі ерлігі үшін» медалімен наградталды. «Парасат» орденінің (2004) және Иштван Қоңыр Мандоки атындағы медальдің (2019ж),  І дәрежелі Барыс орденінің иегері. 


Сәйділ Омарұлы Талжанов(6.12.1906 – 10.12.1972 жж.).  Сәйділ Омарұлы Талжанов 1906 жылы Нұра бойындағы Қаракемер деген жердегі (қазіргі Ақмешіт шаруашылық қожалығы) Тоқтамыс аралында дүниеге келген. 1921 ж. Петропавл қаласындағы тоғыз жылдық орыс мектебіне оқуға түсіп, оны 1928 жылы бітіріп шығады.  1928 ж. Ташкенттегі Орта Азия университетінің шығыс факультетіне оқуға түседі. 1931 жылы осы факультетті бітіреді. 1934 ж. Алматы қаласындағы  Қазақ педагогикалық институтын бітіреді. 1934-1937 жж.  Ауыл шаруашылығы институтында оқиды. 1938 ж. Ауыл шаруашылық институтында доцент болып жүргенде Сәкен Сейфуллиннің «Қызыл ат» поэмасын, Бейімбеттің «Майдан» пьесасын қазақшадан орысшаға аударғаны үшін «Халық жауы» атанып, 10 жылға сотталады. Сәйділ Омарұлы 19 жылдай айдауда болады. Елге аман-есен оралғаннан кейін 1956-1958 жж.  Қазақ мемлекеттік әдебиет баспасында, 1956-1972 жж.  Қаз ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтында қызмет істеген.


Қанапия Неталиева (24.04.1925ж.). 1949 ж. ҚазМУ-дың филология факультетін бітірген. 1949 бастап құрметті еңбек демалысқа шыққанша ҚазКСР ғылым академиясының Тіл білімі институтында ғылыми, аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді. Профессор М.Балақаевтың жетекшілігімен «Қазіргі қазақ тіліндегі қимыл есімдері» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. 1963, 1978, 1988 жж. шыққан  «Орфографиялық сөздіктің»  құрастырушылардың бірі, 1977 ж. «Орфоэпиялық сөздіктің атворы.    Сөз мәдениеті бойынша  отызға жуық мақаланың авторы.


Иманбек Қабышұлы Ұйықбаев  (07.02.1922 – 24.06.2016 жж.).  Павлодар облысы Қашыр ауданында туған. 1952 ж. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын үздік бітіріп,  1954 ж. дейін оқытушы болады.  1954– 1970 жж. Ы. Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылыми-зерттеу институтында аға қызметкер бола жүріп,  1954 ж. кандидаттық диссертациясын қорғайды.  1970-1985 жж. А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында  аға ғылыми қызметкер болып еңбек етті. Лексикография, грамматика, әдістеме, тіл мәдениеті мәселелеріне байланысты зерттеу жүргізген.


Нұргелді Уәли Мақажанұлы (01.07.1945 ж.). 1968 ж. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша үздік дипломмен бітіріп, ҚазССР ҒА Тіл білімі институтының күндізгі аспирантура бөлімінде оқыды (1968-1972). 1973 ж. бері осы Институтта ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі (1995-2008), Институт директорының орынбасары (1995-2009) қызметін атқарды. 2009 ж. қазіргі кезге дейін  Тіл мәдениеті бөлімінің бас ғылыми қызметкері.

Ғалымның жетекшілігімен 13 кандидаттық, 2 докторлық диссертация қорғалды.

Н. Уәли ҚР Министрлер кабинетінің жанындағы Мемтерминком (1995-1998); «Мемлекеттік ономастика комиссиясының (2005-тен қазірге дейін) мүшесі; «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналының (1991 жылдан қазірге дейін), ҚР ҰҒА-ның Хабаршысы журналының (1996-2009) алқа мүшесі болды.

Қазақ тіл білімін дамытуға, жоғары білікті тілші-мамандар даярлау, білім беру ісіне сіңірген еңбегі үшін Н. Уәли «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» (1996); «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгілерімен марапатталды (2006), сондай-ақ Халықаралық ИNТАS қоры стипендиясының (1998-1999), «Ғылым мен техниканың дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдар мен мамандарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендияның» (2008-2010) иегері. 2013 ж. ҚР Президентінің Жарлығымен «Құрметә орденімен марапатталды.


Алдаш Аймангүл Мырзалықызы (04.06.1951). 1968-1973 жж. аралығында  қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (бұрынғы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті) филология факультетін бітірген және 1973-1976 жж. осы университеттің аспирантурасында оқыды.   1976-1990 жж. –   Тіл білімі институтының Тіл мәдениеті бөлімінің кіші ғылыми қызметкері, ғылыми қызметкері болды. 1991 жылдан 2017 ж. дейін – Қазақстан Республикасы ҰҚК Академиясының профессоры, қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі. 2018 жылдан – Тіл мәдениеті бөлімінің бас ғылыми қызметкері.   

1992 ж. «Лексические новообразования в современном казахском литературном языке» (на материале периодической печати 1976-1991 гг.). тақырыбында кандидаттық диссертация және 1999 ж. «Аударматану: лингвистикалық және лингвомәдени мәселелер» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Жетекшісі – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, академик Рәбиға Сыздық.

Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Орфографиялық жұмыс тобының мүшесі ретінде ортологиялық құралдарды жетілдіру, жаңарту, ортологиялық қалыптандыру, ортологиялық кодтау,  ортологиялық құралдарды жетілдіру, тілді жаңғырту мен реформалаудың өзекті тұстары, әліпби мен жазудағы өзгерістер қоғамдық сананы жаңғыртудың іргетасы екендігі жөнінде салмақты пікір айтып келеді.

Профессор А. Алдаш халықаралық және республикалық ғылыми жобаларға жоба жетекшісі, тең жетекші және орындаушы ретінде  қатысуы арқылы да қазақ тілтанымының ағымдағы мәселелері бойынша тұжырымдар қалыптастыруға атсалысады.

8 монографияның, 7 лексикографиялық еңбектің, 12 оқулық пен оқу құралының, 200-ге жуық ғылыми мақалалардың авторы және бірлескен авторлардың бірі. 7 ғылым кандидатын,  1 PhD доктор дайындаған. 

«Гуманитарлық білімдерді жаңарту» бағдарламасы бойынша «Сорос қоры» грантының иегері (1997).

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі «Жоғарғы оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері (2008).

Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды (2020).


Тіл мәдениеті бөлімінде жұмыс істеген қызметкерлер

Зәмзәмия Бейсенбайқызы  (12.03.1944). Бұрынғы Семей облысы, Шұбартау ауданы, Малкелді ауылында  шаруа отбасында дүниеге келген.  Ауылдық жердегі мектептің 7-сыныбын бітірген соң, Семей қаласындағы №1 мектеп-интернатына оқуға қабылданады.1964 жылы мектепті ойдағыдай бітіріп, сол жылы  Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түседі. 1968 жылы институтты бітіріп, ҚР Ұлттық ғылым академиясының Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының  Тіл мәдениеті бөліміне жұмысқа орналасады. 1982 жылы ғалым М.Балақаевтың жетекшілігімен «Қазіргі қазақ тіліндегі зат есім тудыратын жұрнақтардың нормалануы» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясын 10.02.02 – қазақ тілі мамандығы бойынша қорғап шығады. 1984 жылдан бастап Қазақтың ұлттық мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде ұстаздық етеді. 2005 жылы «Сөзжасамды оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері» тақырыбында докторлық диссертация қорғап, педагогика ғылымдарының докторы, профессор  атағына ие болады. Зәмзәмия Бейсенбайқызы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасының  ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерінің иегері, Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен», «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған.


Қанабекова Меңгүл Қошпанқызы (12.11.1956). 1971 ж. Андреев ауданы Фурманов атындағы орта мектебінің сегізінші сыныбын үздік бітіріп, Панфилов педагогикалық училищесіне оқуға қабылданады. 1975 ж. аталған училищені үздік дипломмен аяқтайды да, сол жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (бұрынғы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің) филология факультетіне «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша оқуға түседі. 1980 ж. аталған оқу орнын үздік дипломмен бітірген соң, сол жылғы қыркүйек айынан 1990 ж. қарашасына дейін ҚР Ұлттық ғылым академиясының Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Тіл мәдениеті бөлімінде ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді. 1990 ж. бастап Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Қазақ тіл білімі теориясы мен әдістемесі кафедрасында оқытушылық қызметте жемісті еңбек етті.

Университеттің «Үздік оқытушы» атағымен (2001 ж.), ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен (2009 ж.), ҚР Мәдениет министрлігінің Алғыс хатымен» (2011 ж.), университеттің мерейтойлық «Құрмет белгісі» медалімен (2015 ж.)  марапатталып, Білім беру саласындағы ерен еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің Құрметті қызметкері» (2009 ж.) төсбелгісінің иегері атанды.


Қалбике Есенова Өмірбайқызы (31.01.1965). 1980 ж. Қызылорда қаласы Сырдария ауданының №11 орта мектептің сегізінші сыныбын аяқтап, 1984 ж. Қызылорда қаласы М. Мәметова атындағы педагогикалық училищені үздік дипломмен аяқтап шықты. 1984-1985 жж. Қызылорда қаласы Сырдария ауданындағы «Сәуле» балабақшасында тәрбиеші болып қызмет атқарды. 1985 жылы  Қызылорда қаласындағы  Н.В. Гоголь атындағы педагогикалық университетінің Филология факультетіне Қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1990 ж. оқу орнын үздік дипломмен аяқтап шықты. 1990-1992 жж. Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық  университетінде  жас маман ретінде Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасында оқытушы болып қызмет атқарды. 1992 ж. қарашасында ҚР Ұлттық ғылым академиясының Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жанындағы аспирантураның күндізгі бөліміне оқуға түсті. 1995 ж. желтоқсанда аспирантураны бітіріп, 2001 ж. ақпанында академик Р.Сыздықтың ғылыми жетекшілігімен «М. Әуезов публицистикасының тілі» атты тақырыпта кандидаттық, 2007 ж. қарашасында «Қазіргі қазақ медиа мәтінінің прагматикасы» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғап шықты. Қ.Ө. Есеноваға ҚР Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттану комитетінің  Тіл білімі мамандығы бойынша 2006 ж.  доцент,  2018 ж. профессор ғылыми атағы берілді. Әр жылдары А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Қазақ тілі мен әдістемесі теориясы кафедрасының доценті (2003-2009),  Абылайхан атындағы ҚазХҚжӘТУ Қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі (2009-2012),  Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Магистратура және докторантура PhD институтының Филология мамандықтары  кафедрасының доценті (2012-2014),  Абай атындағы ҚазҰПУ Жалпы тіл білімі кафедрасының меңгерушісі,  Академик С. Қирабаев атындағы  Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының  меңгерушісі (2014-2020) қызметін атқарды. Қ.Ө. Есенованың ғылыми жетекшілігімен 5 PhD  докторант филология, лингвистика мамандықтары бойынша докторлық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Қазіргі таңда Академик С. Қирабаев атындағы «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының профессоры.  

Қ.Ө. Есенова Жоғары оқу орнының уздік оқытушысы атағының иегері атанып (2016), Білім беру саласының үздігі төсбелгісімен  (2018), ҚазҰПУ дың 90 жылдық мерейтой төсбелгісімен (2018) марапатталды.


Жанат Аманжолқызы Исаева (23.02.1973) 1990-1994 жж. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеттің филология факультетінде білім алды. 1995-1996 жж. Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Тұрмағанбет аулындағы (бұрынғы Ленин атындағы совхоз) №29 Т. Ізтілеуов атындағы қазақ орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. 1996-1999 жж. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы аспирантураның күндізгі бөлімінде 10.02.02 – Қазақ тілі мамандығы бойынша білім алып, 2000 ж. филология ғылымдарының докторы, профессор Н.М. Уәлидің ғылыми жетекшілігімен «Қазіргі қазақ тіліндегі сегментті бірліктердің фоностилистикасы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады.  2000-2002 жж. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде Оқу-әдістемелік бөлімде бас әдіскер қызметімен қатар «Бастауыш білім беру педагогикасы мен әдістемесі» кафедрасында аға оқытушы қызметін атқарды. 2002-2007 жж. Қазақ қыздар мемлекеттік педагогикалық институты Филология факультеті «Қазақ тілі филологиясы» кафедрасында аға оқытушы,  2007-2011 жж. Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті Қазақ филологиясы факультеті «Қазіргі қазақ тілі теориясы мен әдістемесі» кафедрасында доцент міндетін атқарушы қызметімен қатар әр жылдары аталған факультет деканының оқу ісі жөніндегі орынбасары, ректорат жанындағы Жастар саясаты және тәрбие ісі басқармасының басшысы қызметтерін де қоса атқарды. 2007-2011 жж. 050117 – «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша ҚР БҒМ Ұлттық нострафикация бойынша аккредитациялық орталығы Сарапшылар комиссиясының мүшесі болды. 2011-2014 жж. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. 2015 жылдан қазірге дейін Нұр-Сұлтан қаласында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ «Білім беру бағдарламалары орталығы» филиалында аға менеджер қызметін атқарып келеді.


Жапақов Серік Игілікұлы  (08.06.1972). 1989 ж. Қызылорда  қаласындағы Қорқыт ата атындағы педагогикалық институтына Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1994 ж. осы  оқу орнын Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің  мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шықты. 1994-2000 жж. аралығында осы институттағы Редакциялық-баспа бөлімінің  редакторы, Жастар ісі жөніндегі комитеттің  төрағасы, Қазақ әдебиеті кафедрасының оқытушысы болып қызмет атқарды. 2001 жылдың ақпанында ҚР Ұлттық ғылым академиясының Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі  институтының Тіл мәдениеті  бөліміне кіші ғылыми қызметкер болып қабылданып, 2003 ж. профессор С.К. Сәтенованың жетекшілігімен «Эпикалық фразеологизмдердің когнитивтік  негіздері»  атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғап шықты. 2004-2009 жж. аралығында Қазақ ұлттық аграрлық университетінде Қазақ тілі кафедрасының  оқытушысы, Жастар саясаты  бөлімінің  басшысы қызметтерін атқарды. 2009-2013 жж. ҚазҰАУ О.Сүлейменов атындағы Әлеуметтік-гуманитарлық білім беру  және  тәрбие  институты директорының орынбасары қызметін атқарды. 2013-2019 жж. ҚазҰАУ Қазақ және  орыс тілдері кафедрасының меңгерушісі болып қызмет жасады, қауымдастырылған профессор. Қазіргі  уақытта Алматы  қаласы Білім басқармасының №109 Жалпы білім беретін мектебінің директоры.

0 Shares