Бүгіні

2019 жылдың желтоқсан айында Тіл мәдениеті бөлімі академик  Рәбиға Сәтіғалиқызы Сыздық атындағы Тіл мәдениеті бөлімі болып өзгертілді.

Солдан оңға қарай: Ж.Тұрғынбаева, А.Алдаш,  Н.Әміржанова. 2021 ж.

Қазіргі кезде Тіл мәдениеті бөлімі Елбасы Н.Назарбаев пен ҚР-ның Президенті Қ.Тоқаевтың  тікелей қадағалауымен жүргізіліп келе жатқан «Рухани жаңғыру» аясында қолға алынған әліпби реформасының сапалы  іске асырылуына  көп еңбек етіп келе жатқан бөлімдердің бірі. Жаңа  жазудың теориялық-практикалық мәселелеріне нақты зерттеулер жүргізіп, латын графикасына негізделген қазақ жазуының грамматологиялық ерекшелігіне, теориялық-практикалық мәселелеріне байланысты бірнеше монографиялар мен мақалалар және латын әліпбиінің жаңа мүмкіндіктері туралы циклді видеодәрістерді әзірледі.

Қазіргі кезде бөлімде 2 ғылым докторы (Н. Уәли, А. Алдаш),  1 кандидат (Н.Әміржанова) және кіші ғылыми қызметкер  (Ж. Тұрғынбаева) жұмыс істейді.

Н.Уәли, Р.Шойбеков  2019 ж.
 

Бөлім қызметкерлері қазақ және жалпы тіл білімі үшін аса маңызды   болып табылатын  ауызша және жазбаша сөз мәдениетіне байланысты іргелі және қолданбалы бағытта зерттеулер жүргізіп жүрген беделді ғалымдар. Бөлім қызметкерлері соңғы бес жылда 1 авторлық патент алды, халықаралық рейтингісі жоғары Scopus (Скопус) базасындағы журналдарда 7 мақала, БҒСБК ұсынған журналдарда 25 мақала,  конференция, форум, съезд, симпозиум материалдарында 50-ден аса мақалаларды жариялады. Халықаралық және республикалық әртүрлі отырыстарда 100-ден аса баяндама жасады. Теледидар мен радиода сөз сөйлеп, мерзімді және электрондық басылымдарға 100-ден аса мақалаларын жариялап келеді.  Сондай-ақ бөлім қызметкерлері  бірнеше  монографияның және оқулықтардың авторлары.

 Тіл мәдениеті бөлімі  алыс және  жақын шетел ғалымдармен тығыз байланыс орнатып келеді. Қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты Түркия, Қазан, Ресей ғалымдарымен бірлестікте онлайн-семинарлар ұйымдастырып, ғылыми-теориялық зерттеу нәтижелерімен, тәжірибелерімен алмасып келеді.

Тіл мәдениеті бөлімінің қызметкерлері Өзбекстан, Қытай Халық Республикасы, Түркия және т.б.  мемлекеттердің ғылыми-зерттеу орталықтарымен және ғалым-мамандармен төмендегідей бағыттарда біріге жұмыс жүргізіп келеді: латын графикасы және жазу мәдениеті: ортақ таңбалық кодификация, емле жүйесі; ахметтану және оның тың мәселелері; тұлғатану: Ахмет Яссауи, А. Құнанбаев, А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов, Х. Досмұхамедов және т.б.

Бөлім қызметкерлерінің қазіргі таңда айналысып отырған және алдағы уақытта қолға алатын жұмыстары өзара сабақтас, өзектес болып келеді.  Уақыт сұранысына сәйкес жаңа зерттеулер арнасы антропоөзектік парадигма бойынша тілдік тұлға, тілдік орта және тілтұтынушы, дискурс прагматикасы, лингвоэтномәдениеттаным, лингвоэкология, сөзсаптам, сөз мәдениеті т.б. түсініктерімен байланысты қарастырылып келеді.

Жаңа уақыттағы мәдениеттер тоғысында, бұқаралық сипатқа ие түрлі ақпарат көздері арқылы толассыз келіп жатқан ақпараттар ағынында, әлемдік тілдер қатарындағы ағылшын, орыс тілдерінің қолданыстық пәрменінің ықпалында қазақ тілінің этномәдени сипаттары мен  ұлттық қасиеттерін сақтау, қолданыстық ауқымы мен пәрменділігін арттыру мақсатында тілдік орта тазалығы және күрес жолдарын анықтау  сынды мәселелер Тіл мәдениеті бөлімінің ең негізгі жұмыстарының бірі болып қала береді. Сонымен қатар лингвостилистикасаласының теориялық ұстанымдарын, зерттеу әдістері мен бағыттарын жаңаша қарастыру, функционалды стильдер парадигмасының өрісін айқындау, тілдік бірліктердің парадигмалық және синтагматикалық арақатынасын бағамдау, көркем мәтіннің тілдік қуатын айқындау  сияқты мәселелер  де бөлімнің  негізгі міндеттерінің бірі. Соңғы жылдары қолға алынған латын графикасы мәселесінің ғылыми-теориялық проблемаларын шешу, емлелер жүйесін әзірлеу, оқу-әдістемелік құралдар даярлау ісі де алдағы уақыт еншісінде.

Қорыта айтқанда, жаһандану үрдісі белең алған жаңа уақыт қоғам алдына, оның ғылымы мен мәдениетіне жаңаша талаптары мен міндеттерін  жүктеп отыр. Ақпараттар ағыны тасқынында ана тілінің мәртебесін арттыру, оның  тілдік қуаты мен қолданыстық әлеуетін көтеру, мемлекеттік деңгейдегі бірегейлік, ұлттық деңгейдегі ұйымдастырушылық қызметінің өрісін кеңейту жолындағы істер Тіл мәдениеті бөлімі зерттеу жұмысының арқауын құрайды.

Өнер алды – қызыл тіл деп ұққан қазақ үшін жүйелі-қисынды, ойлы-орамды, әдепті, әсерлі сөйлеу кісі мәдениетінің басы саналған. Сөз қадірін, қасиетін тобықтай түйінге түйіп, сан ғасырлар қойнауынан аманат еткен бабалар сөзін сақтау, орнымен жұмсау тәртібін түсіндіру, болашақ ұрпаққа жақұттай қалпында жеткізуге мұрындық болу – Тіл мәдениеті бөлімі қызметкерлерінің негізгі міндеті.

0 Shares