ТЕРМИНОЛОГИЯ БӨЛІМІ

ТЕРМИНОЛОГИЯ БӨЛІМІНІҢ ТАРИХЫ

Қазақ ССР-і Ғылым академиясының Тіл білімі институтының Терминология және аударма бөлімі алғаш рет 1981 жылы құрылған. Құрамында филология ғылымдарының кандидаттары А.Есенғұлов, Р.Өрекенова, ғылыми қызметкерлер А.Құсайынов, Б.Бекмұхамедов, Т.Аппақова, М.Шәріпова, С.Жетпісов, Р.Сарқұлова, Н.Әшімбаева, Ж.Нәлібаев сынды ғалымдар мен жас мамандар болды. Сол құрылған кезден бастап 1989 жылға дейін бөлімді ҚР ҰҒА-сының академигі, филология ғылымдарының докторы  Ө.Айтбайұлы басқарып келді.

Осы жылдар аралығында бөлім қызметкерлері ең алдымен, картотекалық қор жасауға кірісті. Осындай ауқымды жұмыстың нәтижесінде 80-жылдарға дейін жарық көрген екітілді терминологиялық сөздіктер бір ортаға жинақталып, әліпбилік тәртіпке келтірілді. Бірнеше жылға созылған бұл күрделі жұмыс бөлімнің 500 мыңға жуық тілдік бірлікті қамтыған картотекалық қорының негізі болды.

1981-1993 жылдары Терминология және аударма бөлімі сол кездегі ҚазССР  Министрлер Советі (қазіргі Министрлер Кабинеті) жанындағы Мемлекеттік терминологиялық комиссиямен тікелей тығыз байланыста жұмыс істеп,  бөлім меңгерушісі Ө.Айтбайұлының аталмыш комиссияның ғалым-хатшысы ретінде Мемтерминком ережесінің қайта жазылуына, түрлі салалар бойынша сөздіктердің талқыдан өтіп, жарық көруіне зор үлес қосқандығын және бөлім қызметкерлерінің ғылымның әртүрлі саласында пайда болып, ала-құла қолданылып жүрген терминдердің бір ізге түсуіне, ғылыми тұрғыдан реттелуіне атсалысқанын атап өту керек.

Осы кезеңдегі бөлімнің ең басты нәтижелерінің бірі – бөлім меңгерушісі Ө.Айтбайұлының жетекшілік етуімен осы жылдары қазақ терминологиясы қалыптасуы мен дамуы туралы мәселесінің бөлімнің ғылыми – өндірістік жоспардағы жұмыстарына тақырыптық нысан ретінде алынып, зерттеу арқауына айналуы. Атап айтқанда: «Қазақ терминологиясының жасалу көздері» (1981-1984); «Қазақ әдеби терминологиялық лексикасының дамуы» (1985-1987); «Қазақ тілі терминологиясын қалыптастырудың және дамытудың принциптері» (1988-1990). Нәтижесінде мынадай ұжымдық жинақтар мен кітаптар жарық көрді: «Қазақ терминологиясының мәселелері» (Алматы, 1986); «Аударманың лексика-стилистикалық мәселелері» (Алматы, 1987); «Термин және олардың аудармалары» (Алматы, 1990).

Осы мәселеге қатысты құнды еңбек ретінде бағаланған Ө.Айтбаевтың «Қазақ терминологиясының дамуы мен қалыптасуы» (1988), «Қазақ сөзі» (1997) монографияларының маңызы ерекше болды.

Бұл бөлім атқарған ең күрделі жұмыстардың бірі – қазіргі таңда жарық көріп отырған «Қоғамдық ғылымдар терминдерінің орысша-қазақша және қазақша-орысша сөздігінің» екі томдық нұсқасының негізі сол кезде қаланған еді.

Қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болған – 1989 жылы құрылған Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті болып Ө.Айтбайұлының сайлануына байланысты бөлімнің меңгерушілігіне филология ғылымдарының докторы, профессор Б.Қалиұлы тағайындалды.

Профессор Б.Қалиұлының жетекшілігімен қазақ терминологиясы мен аудармасына қатысты зерттеулер және практикалық  жұмыстар, жарық көріп жатқан жаңа сөздіктер арқылы картотека толықтыру істері өз жалғасын тапты (Б.Қалиев, «Қазақ тіліндегі өсімдік атаулары» (1988), Ш.Құрманбайұлы, «Өсімдік мүшелері мен құрылым-құрылысына қатысты терминдер»: канд.дисс.(1994); «Өсімдіктердің құрылымдық атауларының орысша-қазақша сөздігі» (1997)). Бөлім қызметкерлерінің қатары сол жылдары жас ғалымдармен және мамандармен толықтырылды (А.Мұқатаева, Ш.Құрманбайұлы, Н.Шүленбаев).

1995 жылы бөлім меңгерушісі филология ғылымдарының докторы Б.Қалиұлы басқа қызметке ауысуына байланысты бөлім меңгерушілігі қызметін Ө.Айтбайұлы қайтадан өз қолына алады. Сол кезден бастап 2005 жылға дейін академик Ө.Айтбайұлы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті міндетін қоса атқара жүріп, кезінде өзі негізін қалаған ауқымды жұмыстарды жалғастырады.

Осы кезеңде орындалған мемлекеттік маңызы зор, ірі ғылымдар секцияларын қамтыған «Мемлекеттік тілде ғылыми терминологияны қалыптастырудың теориялық, ғылыми-әдістемелік және практикалық мәселелері» атты бағдарламаның бөлімнің зерттеу нәтижелеріне қосқан үлесі айрықша (1997-1999).

Одан кейінгі жылдары қазақ терминологиясының өзекті мәселелерін зерттеуге бағытталған «Қазақстан Республикасындағы қызмет атауларын мемлекеттік тілде жүйелеудің ғылыми негіздерін зерттеу» (2000-2002); «Мемлекеттік тілде терминдік лексиканы қалыптастырудың ғылыми-практикалық негіздері» (2003-2005) атты іргелі ғылыми жобалар да бөлімде ойдағыдай жүзеге асырылды. Бұл мәселелер диссертациялық зерттеулердің де арнайы нысаны болды (Қ.Айдарбекова, «Адамға қатысты атауларды ономасиологиялық тұрғыдан талдау»: канд.дисс.(1999); Ш.Құрманбайұлы «Қазақ лексикасының терминдену үрдісі»: докт.дисс.(1999); Н.Әшімбаева, «Қазақ тіліндегі атақ-лауазым атауларының этнолингвистикалық сипаты»: канд.дисс.2010).

2005 жылы бөлім меңгерушілігі міндетіне жас ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, Лексикология бөлімінің аға ғылыми қызметкері Қ.Айдарбек тағайындалды.  Қазіргі кезге дейін бөлімнің іргелі ғылыми зерттеулеріне, қосымша атқарылатын аударма істеріне, әртүрлі мекемелер мен ұйымдардан түсетін құжаттарға, стандарттар жобаларына лингвистикалық сараптамалар жасауға, сөздіктер түзуге және т.б. жаңа серпінмен жетекшілік жасап келеді.

Қазақ терминологиялық жүйесін тың бағытта қарастыратын іргелі зерттеу – «Қазақ терминологиялық жүйесін қалыптастырудың ономасиологиялық аспектісі» (2006-2008). Бөлім жүргізген бұл іргелі ғылыми зерттеуде және бөлім меңгеушісі Қ.Айдарбектің зерттеуінде («Қазақ терминологиялық аталымының ономасиологиялық аспектісі»: докт.дисс. (2009)) қазақ терминологиялық аталымының ономасиологиялық негіздері алғаш рет кешенді түрде қарастырылып, олардың аталымдық табиғаты ашылып, белгілері көрсетіліп, жасалу жолдары анықталып, түрлері мен үлгілері айқындалып, даму, қалыптасу заңдылықтары дәлелденді.

Жоғарыда аталған зерттеуден кейін қазіргі қазақ терминологиялық қорын қалыптастыруда өзіндік қиындық туғызып отырған біріздендіру, нормалау, стандарттау, реттеу мәселелеріне арналған «Қазақ терминологиялық қорын қалыптастырудың теориялық негіздері мен лингвистикалық принциптері (стандарттау, жүйелеу, реттеу, біріздендіру, нормалау)» (2009-2011) атты ғылыми жобалар жаңа бағытта, жаңаша қөзқараста жан-жақты зерделенуімен ерекшеленеді.

Осы жоба негізінде әрбір бөлім қызметкері өзіне тиісті «Қазақ терминологиясының жүйелілік негіздері» (Қ.Айдарбек); «Қазіргі таңдағы терминологиялық жұмыстардың практикалық аспектіде зерттелу жайы» (Ө.Айтбайұлы); «Өсімдік атауларының түсіндірме сөздігі (терминдерді лексикографиялық тіркеудің ғылыми-практикалық әдістемесі)»  (Б.Қалиев); «Қазақ терминдарінің нормативтік параметрлері» (Р.Шойбеков); «Қазақ терминологиясын стандарттаудың ғылыми-теориялық негіздері»    (Б.Жонкешов); «Қазақ терминологиясын реттеудің лингвистикалық принциптері» (Н.Әшімбаева); «Терминологиялық бірліктерді тілішілік біріздендіру түрлерінің тілдік ерекшеліктері» (Л.Қисамединова); «Қазақ ғылыми мәтіндеріндегі аударма терминдерді стандарттаудың теориялық негіздерін анықтау» (Ш.Нұрмышева) тақырыптар  бойынша күнтізбелік жоспарда белгіленгендей мынандай жұмыстарды атқарды.

Сонымен қатар кейінгі жылдары бөлім қызметкерлерінің ғылыми жағынан өсуіне де жете мән беріліп отыр. Бөлім меңгерушісі Қ.Айдарбек 2009 жылы докторлық диссертациясын, ғылыми қызметкерлер Н.Әшімбаева, Ш.Нұрмышевалар кандидаттық диссертацияларын ойдағыдай қорғады.

Терминология бөлімінің қызметкерлері іргелі ғылыми зерттеулермен ғана айналысып қоймай, жалпы Институттың тыныс-тіршілігіне де белсене атсалысуда. Әртүрлі деңгейлерде өтетін конференцияларға, дөңгелек үстелдерге, семинарларға, радио-телехабарларға, сұхбаттарға үнемі қатысып, ғылыми, ғылыми-көпшілік басылымдарда жалпы тіл, терминология, тіл мәдениеті, лексикология, этнолингвистика, лингвомәдениеттаным және т.б. мәселелерін қарастыратын еңбектерін жариялап отырады.

Терминология бөлімі қызметкерлері жыл сайын мемлекеттік тапсырыс негізінде ғылыми зерттеу жобаларымен сәтті жұмыс істеп келеді:

  • 2012-2015 жж. «Когнитивтік терминтану концепциясындағы кәсіби тілдік тұлғаның ғылыми дискурсы», «Ұлы дала тұлғалары. Қ.Жұбанов»;
  • 2013 ж. «Ғылыми қазына. Ұлы дала тұлғалары: М.Б.Балақаев»;
  • 2016-2017 жж. «Қазақ тілінің ұлттық корпусын әзірлеу және жасау»;
  • 2018 ж. «Бекітілген қоғамдық ғылымдар терминдерін аналитикалық зерттеу және мемлекеттік тілдің стандартталған терминқорын құру».

Қазіргі кезде терминология бөлімінде келесі мамандар қызмет етеді:

  •  Айтбайұлы Өмірзақ – ф.ғ.д., академик; бас ғылыми қызметкер.
    • Тақырыбы: Терминология, терминография, лексикология.
  • Қордабай Бақыт – магистр, кіші ғылыми қызметкер.
    • Тақырыбы: Терминология, терминография, лексикология.
  • Азбергенова Арайлым – гуманитарлық ғылым бакалавры, аға лаборант.
    • Тақырыбы: Терминология, терминография, лексикология.