ИНСТИТУТ ҚҰРЫЛЫМЫ

ИНСТИТУТ ТАРИХЫ
Қазақ тілінің ғылыми тұрғыдан жүйелі зерттелуі ең алдымен ғұлама ғалым, аса көрнекті мемлекет жəне қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының есімімен тығыз байланысты. Ахмет Байтұрсынұлы Халық ағарту комиссариатында құрылған Академиялық орталықтың (Академцентр) тұңғыш төрағасы ретінде (1921–1922 жж.) Қазақстандағы ғылымды академиялық жолмен басқаруды ұйымдастырудың негізін қалады. 1932 ж. Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы (КСРО) Ғылым академиясының Қазақстан базасы жасақталып, 1936 ж. оның алғашқы құрамына 1934 ж. құрылған Ұлт мəдениеті институты берілді. Осы аталған Институттың тіл, əдебиет, халық шығармашылығы жəне тарих секторлары жоғарыдағы аталмыш базаның негізінде 1938 ж. құрылған КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының Тіл, əдебиет жəне тарих институтының құрылуына (1941 ж.) негіз болды. 1945 ж. Тіл, əдебиет жəне тарих институтының негізінде екі жеке институт – Тарих, археология, этнография институты мен Тіл жəне əдебиет институты құрылды.

1961 ж. Қаныш Сəтбаев пен Мұхтар Əуезовтің, Ісмет Кеңесбаевтың мəселе көтеруімен Тіл жəне əдебиет институты негізінде Əдебиет жəне өнер институты мен Тіл білімі институты бөлініп шықты. 1990 ж. 26 ақпанда Тіл білімі институтына көрнекті мемлекет қайраткері, ағартушы жəне лингвист ғалым Ахмет Байтұрсынұлының аты берілді.
Қазақ тіл білімінің, түркітанудың қалыптасу тарихы республикадағы лингвистикалық ойдың жетілуі мен дамуына елеулі үлес қосқан А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, ҚР ҒА академиктері Н.Сауранбаев, І.Кеңесбаев, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының корреспондент-мүшелері С.Аманжолов, А.Ысқақов, М.Балақаев, Ғ.Мұсабаев т.б. ғалымдардың атымен тығыз байланысты.
ИНСТИТУТ ДИРЕКТОРЛАРЫ

Нығмет Тінәліұлы Сауранбаев
Нығмет Тінәліұлы Сауранбаев – КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалы жанынан ашылған Тіл, әдебиет және тарих институтының тұңғыш директоры (1941-1946 жж.). Қазақ филологиясының тұңғыш докторы (1943), профессор (1944), ҚазКСР ҒА-ның академигі (1946) түркітанушы, қазақ лингвистикасының дамуына қомақты үлес қосқан ғалым. Жамбыл облысы Қордай ауданы «Брик» ауылында дүниеге келген. 1928-1932 жж. КазПИ-ді (қазіргі ҚазҰПУ), 1935-1938 жж РКФСР Оқу-ағарту Комиссариатының жанындағы Ғылыми-зерттеу институтының Ленинградтағы бөлімшесінің аспирантурасын бітірген.

Ғалым «Қазақ тіліндегі көсемшелердің семантикасы мен функциясы» тақырыбында кандидаттық (1940), «Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесі» тақырыбында докторлық диссертация қорғады (1943). 1946-1951 жж. «Қазақ КСР ҒА-ның Хабарлары» журналының алғашқы редакторы, 1946-1956 жж. Қазақ КСР ҒА Қоғамдық ғылымдар бөлімінің төрағасы, 1951-1956 жж. Қазақ КСР ҒА-ның вице-президенті, 1956-1958 жж. Қазақ КСР ҒА Тіл білімі және әдебиет институты «Қазақ тілі тарихы және диалектология» бөлімнің меңгерушісі қызметтерін атқарады. Н. Сауранбаев «Орысша-қазақша» сөздіктің жалпы редакциясын басқарды (1946). Ғалымның «Қазақ тілі: лексика, фонетика, морфология, синтаксис» оқулығы білім беру саласында үлкен сұранысқа ие болды. 1954 ж. Шығысты зерттеушілердің бүкіл дүниежүзілік XXIII конгресіне Кеңес делегациясының құрамында қатысып баяндама жасады. Сондай-ақ Иран, Ирак, Англия, Үндістан елдерінде өткен халықаралық конференциялар мен кездесулерге қатысқан.

Н. Сауранбаев 1950 ж. бастап қазақ тілінің тарихы мен диалектологиясы, лексикологиясы мен грамматикасы, қазақ жазуы мен әліпбиі мәселелермен шұғылданады. 3 монография, 2 кітапша (брошюра), 60 ғылыми мақала, 7 баяндама, 1 программа, 7 оқулық жазып, 2 сөздік құрастырды. Н. Сауранбаевтың ғылыми қызметі, ұйымдастырушылық қабілеті және қоғамдық еңбектері жоғары бағаланып, екі мәрте «Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен бірнеше рет марапатталады.

Н. Сауранбаев – сол кезеңдегі қазақ тіл білімінің кенжелеп тұрған саласының барлығымен айналысқан ғалым. Солардың ішінде, әсіресе, қазақ тілінің тарихына, халық тілінің диалектілеріне қатысты зерттеулерінің орны ерекше. Ғалым қазақтың халықтық тілінің қалыптасуының негізі қыпшақ тіліне барып ұласатынын, содан бастау алатынын айтқан.


Ісмет Кеңесбайұлы Кеңесбаев
Ісмет Кеңесбайұлы Кеңесбаев – 1946-1951 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының вице-президенті, Тіл және әдебиет институтының директоры. Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданы Жанысата аулында дүниеге келген. Филология ғылымдарының докторы (1945), профессор (1945), ҚазКСР ҒА-ның академигі (1946), Қаз КСР-ның еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1946). ҚазКСР мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (1978), «Орал-Алтай қоғамының» құрметті мүшесі.

1953-1956 жж. Тіл және әдебиет институтында аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі, 1957-1961 жж. жылдары екінші рет Тіл және әдебиет институтының директоры болды. Тіл білімі институтының директоры (1961-1978 жж.), осы Институтта бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарады (1978-1987 жж.).

«Қазақ тілі грамматикасы» (орыс мектептерінің 8-9-10 кластарына арналған) оқулығы (1939) үшін кандидат ғылыми дәрежесі берілді. «Қазақ тілінің тұрақты сөз тіркестері» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады (1945). Лексикология, лексикография, тіл тарихы, тілдің өзара қатынасы, фразеология мәселелері бойынша жоғары оқу орындары мен орта мектептерге арналған оқулықтардың авторы.

І. Кеңесбаев директор болған жылдары әдебиет пен тарих өз алдына дербес институт болып құрылып, қара шаңырақ Тіл білімі институтының қоғам алдында сыналатын жауапты кезеңі туды. Осы жауапты кезеңде І. Кеңесбаевтың беделі мен Ахмет Байтұрсынұлы кезеңінен бері мықты тағандалған тілтанымдық зерттеулердің арқасында Институттың мәртебесі одан сайын арта түсті.

І. Кеңесбаев басшылық еткен жылдарда 2 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (1959, 1961) және «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі» (1961), 2 томдық «Орысша-қазақша сөздік» (1978, 1981) жарық көрді. Қазақ тілінің 10 томдық түсіндірме сөздігін құрастыру жұмыстары басталды. Одақ көлеміндегі түркологияда Фразеологиялық сөздік өте жоғары бағаланды. Адамзаттың ғарышты игеруімен байланысты эксперименталды (лаборатория) фонетикалық зерттеулер мықтап қолға алынып, акустикалық-артикуляциялық фонетиканың дамытуына серпін берді. АҚШ пен Ресейдегі Карл Менгес, Л.Р. Зиндер, Эмир Наджип, Гафур Бобожан, Халифа Алтай сияқты танымал ғалымдарды елге шақырып, дәріс оқытты. Институттың сыртқы ғылыми байланысын нығайтып, отандық жас мамандарды шетелдік тағылымдамаға жіберді. Олар елге оралғаннан кейін сол саланың жетекші мамандарына айналды. 1926 ж.Бакуде өткен Бүкілодақтық түркологиялық құрылтай І. Кеңесбаевтың зор беделі мен тікелей араласуының арқасында екінші рет Алматы қаласында өтті. Бұл Тіл білімі институты мен қазақ түркологиясы үшін құрмет еді.

Осы жылдарда Тіл білімі институтының зерттеу бағыттары мен құрылымы кеңейіп, жаңадан «Тіл мәдениеті», «Ұйғыртану» бөлімдері ашылды. Алтаистика мен түркология саласына ерекше көңіл аударылды. Кейіннен отандық лингвистика мен түркологияның жетекші ғалымдарына айналған Ғ. Айдаров, Б. Әбілқасымов, Қ. Өмірәлиев, Ә. Құрышжанов сияқты ғалымдар Институт қабырғасында осы кезеңде жемісті зерттеулер жасады.
І. Кеңесбаев директор болған жылдарда тіл, әдебиет, музыка, өнер, тарих сияқты гуманитарлық ғылымдардың басы тоғысқан бірлескен диссертациялық кеңес жұмыс істеді. Ол кеңестің төрағасы Ісмет Кеңесбаев болса, мүшелері Мәлік Ғабдуллин, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ахмет Жұбанов, Рәбиға Сыздық (ғалым хатшы) сияқты аса танымал тұлғалар болды. Бұл кеңеске республикамыздан тыс аумақтардан да келген диссертациялар қорғалды.

Осындай қадамдардың арқасында Тіл білімі институты Одақ көлемінде өз саласында алдыңғы қатардағы 3 институттың бірі болды.Маралбек Ермұхамет Маралбекұлы (02.09.1988) директордың орынбасары. 2007-2011 жж. Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Филология факультеті «5B01170-Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын қызыл дипломмен аяқтады. 2012-2014 жж. Абай атындағы КазҰПУ-дың Магистратура және докторантура институтының «6М011700-Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша магистратурасын үздік бітірді. 2015-2018 жж. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бірлескен оқу бағдарламасы аясында «6D021300- Лингвистика» мамандығы бойынша докторантураны бітірді. 2020 ж. ф.ғ.д., профессор З. Ахметжанованың жетекшілігімен «Қазақ тіліндегі мөлшер категориясының тарихи парадигмасы (лингвистикалық аспектіде)» тақырыбында PhD докторлық диссертация қорғап, «6D021300- Лингвистика» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алды. 2011 ж. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Грамматика бөліміне жұмысқа қабылданып, 2015-2020 жж. Тіл мәдениеті бөлімінде кіші ғылыми қызметкер, ғылыми қызметкер, 2015-2018 жж.

Институт жанындағы Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы, 2021 ж. «Ахметтану» бөлімінің меңгерушісі, 2021 ж. шілденің 21 күнінен бастап қазірге дейін Институт директорының ғылым жөніндегі орынбасары. 55 ғылыми мақаланың авторы, 3 ұжымдық монографияның бірлескен авторы, 1 көптомдық шығармалар жинағының (Е.Омарұлының көптомдығы), 2 кітаптың құрастырушысы. 2017 жылғы ҚР-ның дарынды жас ғалымдарға арналған «Мемлекеттік Ғылыми стипендия» иегері. 2019 жылғы ҚР Білім және ғылым министрлігінің жас ғалымдарға арналған М.О. Әуезов атындағы сыйлығының иегері.


Ысқақов Ахмеди Ысқақұлыр
Ысқақов Ахмеди Ысқақұлы – филология ғылымдарының докторы (1964), профессор (1968), ҚазКСР ҒА-ның корреспондент мүшесі (1972). Семей облысы Абыралы ауданында дүниеге келген.

1940 ж. Алматы мемлекеттік педагогикалық институтының (қазіргі ҚазҰПУ) филология факультетін, 1941 ж. КСРО Ғылым академиясының КСРО халықтарының тіл және жазу институтының аспирантурасын бітірді. 1951-1953 жылдары Қазақ КСР Тіл және әдебиет институтының директоры, 1955-1961 жж. ҚазССР ағарту министрлігі Педагогикалық ғылымдар ғылыми-зерттеу институтының директоры қызметін атқарды.

1961-1996 жж. құрметті еңбек демалысына шыққанға дейін ҚазКСР ҒА Тіл білімі институтында бөлім меңгерушісі болды. Зерттеу бағыттары: қазақ тілтануының тарихы мен қазіргі жағдайы, грамматика (морфология), сөз таптарының теориясы, лексикология және лексикография.

Ахмеди Ысқақов қазақ тіл мәселелері егжей-тегжейлі қарастырылған 200-ден астам ғылыми еңбектің авторы. Оның қаламынан туған «Қазіргі қазақ тіліндегі үстеулер» (1950), «Тыныс белгілері» (1951, авт. бірі), «Қазіргі қазақ тілі» (1964) ізденістері қазақ тілі морфологиясының көптеген қыр-сырларын сөз еткен іргелі еңбектердің қатарына қосылды. Алғашқы «Қазақша-орысша, орысша-қазақша» (1954) сөздіктің құрастырушысы және редакторлардың бірі болды. Оның басқаруымен «Абай тілі сөздігі» (1968), 10 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» жарық көрді (1974-1986). Осы еңбекті ұйымдастырғаны және жасап, жарыққа шығарғаны үшін ҚазКСР мемлекеттік сыйлығының иегері болды (1988).


Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдар
Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдар – Ұлы Отан соғысының ардагері, қазақ тіл білімінің көрнекті ғалымы, белгілі түркітанушы, филология ғылымдарының докторы (1970), ҚР ҰҒА академигі (1983), Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Талдыбұлақ ауылында дүниеге келген.

Ә. Қайдар ғұмырының 60 жылға жуық уақытын Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қабырғасында өткізді. Қазақ мемлекеттік университетін үздік бітіргеннен кейін 1951 ж. Қазақ ССР Ғылым академиясының аспирантурасына қабылданып, оны 1954 ж. «ұйғыр тілі» мамандығы бойынша бітіреді. 1978-1995 жж. Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі инстиутының директоры қызметін атқарды. 1995 ж. бастап өмірінің соңына дейін ҚР Білім және ғылым министрлігі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының құрметті директоры болды. Шоқан Уәлиханов атындағы І дәрежелі сыйлықтың иегері (1971), Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1982), ҚР ҰҒА-ның академигі (1983), Түркияның «Dil Kurumu» лингвистикалық қоғамының құрметті (академик) мүшесі (1989), Башқұртстан ҰҒА-ның құрметті академигі (1991), Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті (1989) және құрметті президенті (2004).

Ә. Қайдардың қазақ лингвистикасы мен жалпы түркітану ғылымының дамуына сіңірген еңбегі зор. 700-ден аса ғылыми мақалалар мен монография, жинақ, сөздік, оқулықтары, кітапша түрінде жарық көрген, жалпы саны 60-тан аса еңбектің авторы. Ғалымның жұртшылық назарына ұсынылған барша зерттеулерін тақырыптық топтарға жіктеп, сұрыптап қарағанда, тіл біліміне қосқан үлесі, салған өзіндік өрнегі: 1) лексикология; 2) лексикография; 3) диалектология; 4) этнолингвистика; 5) тіл құрылысы; 6) түркітану және алтаистика; 7) ғылым тарихы; 8) тіл саясаты және тағы да басқа көптеген салалар мен бағыттарды қамтиды.

Ә. Қайдар – қазақстандық этнолингвистиканың негізін салушы ғалым. Тіл білімі институтын басқарған жылдарда мынадай лингвистикалық мектептерді қалыптастырды: біріншісі – «сөз тануға», «түбір тануға» қатысты басым бағыттағы мектеп (синкретизм, плеоназм, имитативтер, моносиллабтар, гомогенді омонимдер, қос сөздер, киелі сөздер және т.б.); екіншісі – «этностаным» мен «тілтаным» тоғысынан туындайтын этнолингвистикалық бағыттағы мектеп; үшіншісі – қазақ және басқа да түркі тілдерімен моңғол, корей, жапон тілдерінің қарым-қатынасын зерделеуге, «алтай теориясын» тектеуге, тексеруге бағытталған қазақстандық алтаистикалық мектеп.
Осы тұста билингвизм (орыс-қазақ) саясатына байланысты орыс-қазақ контрастивті (салыстырмалы) зерттеулерге ерекше назар аударылды. Соның нәтижесінде «Екі тілді сөздіктер» бөлімі ашылып, оны белгілі ғалым М.М. Копыленко басқарды және екі томдық «Орысша-қазақша» сөздік шықты. Сондай-ақ Этнолингвистика бөлімі Лексикология бөлімінің негізінде құрылып, лингвомәдениеттанымдық бағыт басталды, фразеологияға, тұрақты құрылымдарға айрықша ден қойылып, барлық түркі тілдеріне «Ортақ фразеологиялық қор» құрылды. Соның ізінде түркітану, алтайтану бағыты қарқын алды.

Ә. Қайдар республикалық және шетелдік көптеген ғылыми журналдардың редакторы, ғылыми кеңестердің төрағасы, тіл біліміне байланысты мемлекеттік комиссиялардың жетекшісі және мүшесі ретінде отандық лингвистиканың даму бағыттары мен ішкі механизмдерін анықтады. Тіл білімі бойынша ғылыми кадрлар дайындауға да ерекше көңіл аударды. Оның ғылыми жетекшілігімен 16 ғылым докторы, 75 ғылым кандидаты дайындалып, республика мен шетелдерде жемісті еңбек етіп жүр.
Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдар өзінің тұтас ғұмырын тіл құпиясын зерделеуге арнады және өз дәуіріндегі тілтанымдық ойдың дамуына жетекшілік етті. Қазақ тілінің Мемлекеттік тіл мәртебесін алуына айрықша үлес қосты.


Көбей Шахметұлы Хұсайын
Көбей Шахметұлы Хұсайын – филология ғылымдарының докторы (1988), профессор. Алматы қаласында дүниеге келген. Әкесі – қазақ әдебиетінің биік тұлғасы, белгілі драматург Шахмет Хұсайынұлы, анасы КСРО халық әртісі, сахна саңлағы Бикен Римова.
1964-1968 жж. С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің Филология факультетінің роман-герман бөліміне оқуға түсіп, оны үздік бітіреді. Сол жылы Тіл білімі институтына аспирантураға түседі. 1971 ж. ҚР ҒА-ның корреспондент мүшесі, профессор Ғ.Мұсабаевтың жетекшілігімен «В. Радловтың еңбектеріндегі қазақ тілінің лексикасы мен фонетикасы мәселелері» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады.

1971-1978 жж. Тіл білімі институтында кіші, аға ғылыми қызметкер ретінде Институттың ұжымдық ғылыми-зерттеу жұмыстарына белсенді араласты. 1978-1982 жж. Институттың ғалым хатшысы қызметін атқарды. 1988 ж. академик Ә.Қайдардың жетекшілігімен «Қазақ тіліндегі дыбыс бейнелеуіштік сөздер номинациясы» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Ғалымның кандидаттық және докторлық диссертациялары қазақ тіл білімінде тарихи лексика мен фоносемантикалық мектептің қалыптасуына негіз болып, қазақ лингвистикасында фонология ғылымының дамуына мұрындық болды. 1982-1992 жж. Көбей Шахметұлы қоғам сұранысын аңғарып, «Қазақша-орысша сөздікті» толықтырып, қайта шығаруды қолға алып, құрастырушы және редакторы ретінде (академик Р. Сыздықпен бірге) жарық көруіне мұрындық болды (2001).

1992-1995 жж. Тіл білімі институты директорының орынбасары қызметінде жүріп, Институттың кадр мәселесін реттеді, аспирантура орындарын көбейтті, жас ғалымдарды Институт жобасына қатыстырып, картотекалық қор құру жұмыстарын жетілдірді. 1995-2009 жж. Институттың директоры қызметін атқарды. Бұл жылдардағы тұтас республикадағы экономикалық дағдарысқа қарамастан, Институт қорына бюджеттен тыс қаржы әкеліп, өтпелі кезеңде Институттың кадрлық әлеуетін сақтап қалды.
Көбей Шахметұлы басқарған 15 жылдың ішінде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында қазақ лингвистикасының ғылыми-әдістанымдық негізі мен бағдарын әлемдік лингвистика деңгейіне көтеру, жетілдіру жолында аянбай еңбек етті. Қазақ қоғамының мемлекеттік тіл мәртебесіне сай қоғамдық әлеуметтік сұранысы мен жаңғырған ұлттық сана мүддесіне сай қажет ғылыми мазмұны кеңейді.

«Қазақ тілінің грамматикасы», нормативтік сөздіктер («Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі» (2005, 2007), «Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігі» (2005), «Қазақ тілінің синонимдер сөздігі», «Қазақ тілінің аймақтық сөздігі») сияқты сүбелі ұжымдық еңбектері жарық көрді. Қазақша- ағылшынша, қазақша-орысша фразеологиялық сөздіктер жарыққа шықты. Қазақ әдеби тілінің 15 томдық түсіндірме сөздігі шықты, «Тіл – қазына» атты қазақ сөзінің картотекалық қоры жетілдірілді, электрондық ресурсы жасалды. К. Шахметұлы басшы болған ғылыми жобалардың аясында қазақ тіл білімінде компаративистикалық зерттеулер, салыстырмалы-салғастырмалы зерттеулер, антропоөзектік бағыттағы зерттеулер кең өріс алды. Осылайша білікті басшы Институттың ғылыми әлеуетін мемлекеттік тілдің ғылыми-теориялық, лингвистикалық базасын жасауға бағыттады.
Ана тілінен басқа, ағылшын, француз, орыс тілдерінде еркін сөйлеп, сауатты жазатын, салыстыра, салғастыра зерттей білетін ғалым Тіл білімі институтының халықаралық байланысын нығайтты. Түркия, Германия, Англия, Ресей, Татарстан, Башқұртстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан елдерімен әріптестік қарым-қатынас орнатып, шетелдік конференцияларда қазақ тілінің мәселесін көтерді.

Көбей Шахметұлы ғылымды ұйымдастырумен бірге, ғылыми кадрлар тәрбиелеу мәселесін шешуге ерекше назар аударды. Білімді жас мамандарға әділетті басшының үлгісін көрсетті. Институттың ғылыми базасына мән беріп, болашаққа ой жіберіп, зертханасын (кітапхана) жасақтады. «Сорос» компаниясының демеушілігімен отандық және шетелдік ғылыми еңбектерді әкелудің жолын ұсынды. 1995-2009 жж. К. Хұсайын төрағалық еткен Диссертациялық кеңестің ғылым докторлары мен кандидаттарын даярлауда орны ерекше болды. Өзінің тікелей жетекшілігімен 5 доктор, 17 ғылым кандидатын, 1 PhD доктор дайындады. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Тәуелсіздік кезеңіндегі ғылыми кадрларын тәрбиелеп, қалыптастырудағы еңбегі ерекше болды.



Шерубай Құрманбайұлы
Шерубай Құрманбайұлы – филология ғылымдарының докторы (1999), профессор (2001). ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері (2006), ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі (2020). 2009-2011 жж. Институт директоры болды. Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз аулында дүниеге келген.

1991 ж. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. 1991-1996 жж. Қазақстан Ғылым академиясы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері, ғалым хатшысы. 1996-2005 жж. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыс тілдері кафедрасының меңгерушісі, Қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі болып қызмет істеген. 2005-2009 және 2011-2013 жж. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің төрағасы және орынбасары. 2014 ж. ҚР Ұлттық Банкінің Ұйымдастыру жұмысы және бақылау департаменті директорының орынбасары. 2016 ж. «Астана» халықаралық қаржы орталығы Әкімшілік департаменті директорының орынбасары болып қызмет істеді. 200-ден астам ғылыми жарияланым мен бірнеше монографияның, сөздіктің, оқулықтың авторы.

Шерубай Құрманбайұлы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтын басқарған жылдарда қазақ тіл білімінің жаңа бағыттарына арналған «Функционалды грамматика» (2 том) және т.б. көптеген ғылыми монографиялармен қатар, 15 томдық түсіндірме сөздік, Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік кепілі», «Тәуелсіз Қазақстан – қазақ тілінің қоғамдық-әлеуметтік қызметі» және т.б. ғылыми- көпшілік еңбектер топтамалары баспадан шықты. Сонымен қатар Институттың ғылыми әлеуетінің нығаюына баса назар аударып, Диссертациялық кеңестің төрағасы ретінде жас ғалымдардың докторлық және кандидаттық диссертацияларын қорғауына және алыс-жақын шет елдермен (Қытай халық республикасы, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан және т.б.) халықаралық ғылыми байланыстар күшейтуге күш салды.


Малбақов Мырзаберген Малбақұлы
Малбақов Мырзаберген Малбақұлы – филология ғылымдарының докторы (2003), профессор (2009). Ақтөбе облысы Қарабұтақ ауданына қарасты Бөгетсай ауылында дүниеге келген. 1981 ж. С.М. Киров атындағы (қазіргі әл-Фараби атындағы) Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. 1987-1993 жж. Тіл білімі институтында аға лаборант, кіші ғылыми қызметкер, ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер ретінде жұмыс жасады. 1993-1994 жж. ҚР Министрлер Кабинеті жанынан жаңадан ашылған Тіл комитетіне Тіл мәдениеті және Терминология бөлімінің меңгерушісі қызметіне ауысып, мемлекеттік терминологиялық, ономастикалық комиссиялардың жұмыстарына қатысты. 1994-1995 жж. Түркия Республикасының астанасы Анкара қаласында Түрік Тіл Қоғамының шақыруымен түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы мен сөздігін жасау жұмыстарымен айналысты.

1999 ж. ҚР ҰҒА Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Лексикология бөліміне аға ғылыми қызметкері, 2001-2009 жж., 2017-2020 жж. Институттағы Қазақ тілі тарихы және диалектология бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. 2009 ж. Институт директорының орынбасары, 2011 ж. қыркүйек айынан бастап 2016 ж. қазан айына дейін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры қызметін атқарды.

М. Малбақов әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің диссертациялық кеңесі төрағасының орынбасары және мүшесі, Қырғызстан Республикасының И.Арабаев атындағы ҚМУ мен Тіл-әдебиет институтының бірлескен диссертациялық кеңесінің мүшесі ретінде Институттан тыс жерлерде де ғылыми-педагог мамандарын даярлауға атсалысты. Сонымен қатар алыс-жақын шет елдермен (Қытай халық республикасы, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және т.б.) ғылыми ынтымақтасты жандандырып, ҚХР Пекиндегі Ұлттар институтында халықаралық конференция ұйымдастыруға қатысып, «Әлемге әйгілі оқымысты» деген аталым бойынша бірнеше рет дәріс оқыды.
Ғалым – түркітану мен қазақ тілінің тарихына, қазақ лексикографиясының теориялық мәселелеріне арналған 100-ден астам ғылыми мақаланың авторы. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша түзілген қазақ тілінің он бес томдық түсіндірме сөздігін құрастырушылардың, редакторларының, 2013 ж. жарық көрген «Қазақ сөздігі» атты біртомдық үлкен түсіндірме сөздік авторларының бірі.

Мырзаберген Малбақұлы – түркітанудың, ұлттық лексикография мен лексикологияның танымал маманы. Осы салалар бойынша республикамызда білікті маман тәрбиелеу ісіне орасан еңбек сіңірді. Ғалымның жетекшілігімен 9 кандидаттық диссертация қорғалды.
Мырзаберген Малбақұлы Институт директоры қызметін атқарған жылдарда 15 томдық түсіндірме сөздіктің әзірленуі мен шығуына басшылық жасады. Осы жылдары «Ұлы дала тұлғалары» атты топтама жарық көрді (2011 ж.). Институттың 50 жылдығына орай алғаш рет Институттың тарихына, ғылыми қызметіне арналған халықаралық конференция ұйымдастырылып, кітап шығарылды. Қазақ терминографиясының тарихында алғаш рет тілшілер қатыстырылып, 2014 ж. жарық көрген 30 томдық салалық терминологиялық сөздіктер топтамасын әзірлеуге қатысты. Сонымен қатар М. Малбақов Институттың ғылыми кадрларының жаңа буыны – жас ғалымдардың еңбектерін баспадан шығаруға қолдау көрсетті.


Қажыбек Ерден Задаұлы
Қажыбек Ерден Задаұлы – филология ғылымдарының докторы (1989), ҚР ҰҒА-ның корреспондент мүшесі (2018), көрнекті түркітанушы ғалым
1972-1977 жж. академик Е.А. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген. 1977-1980 жж. Тіл білімі институтының «Түркология» мамандығы бойынша аспирантурада, 1986-1988 жж. Мәскеудегі Тіл білімі институтының докторантурасында білім алды. 1980-1982 жж. Тіл білімі институтының кіші ғылыми қызметкері, 1982- 1989 жж. ғалым хатшы, 1989-1992 жж. Түркология және қазақ тілінің тарихы бөлімінің меңгерушісі. 2017-2020 жж. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры қызметін атқарады.

Е. Қажыбек Институт директоры лауазымын атқарған жылдары ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі» және ҚР Үкіметі жанындағы «Қазақ тілін латынграфикасына көшіру жөніндегі» Ұлттық комиссия мүшесі әрі осы Комиссияға қарасты Жұмыс тобының төрағасы қызметін атқарды. Осы кезеңде қазақ әліпбиін латынграфикасына көшірудің стратегиялық негіздерін құрайтын – Қазақ жазуын латынграфикалы жаңа ұлттық әліпбиге көшірудің тұжырымдамасы, Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емле ережелері, әртүрлі ортологиялық құралдардың қолжазбалары дайындалды. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен Өзбекстан, Польша, Солтүстік Кипр Түрік Республикасы, Ресей ғылым академиясы Сібір бөлімшесі және т.б. шетелдік ғылыми ұйымдар арасында жасалған ғылыми ынтымақтастық жөніндегі Меморандум аясында ғылыми байланысты арттыру, ғылыми кадрларды тағылымдамадан өткізу, тіл білімінің өзекті мәселелері бойынша бірлескен ғылыми конгрестер, конференциялар, симпозиумдар мен семинарлар өткізу және т.б. жұмыстар жүргізілді.

Қажыбек Ерден Задаұлының зерттеу бағыттары қазақ тіл білімінің лексикология, тарихи семасиология, салыстырмалы лексикография, этимология, тіл тарихы, түркітану, орал-алтайтану, компаративистика, палеография, мемлекеттік тілді дамыту мәселелері, жазу тарихы мен тілдік реформа, ұлттық терминтану проблемалары, тарихи грамматика салаларын қамтиды. 3 монография, 11 сөздік, 400-ден астам мақалалар мен баяндамалардың, 7 ірі ғылыми жоба мен алыс-жақын шетелдік басылымдардағы жарияланған 90-нан астам ғылыми еңбектің авторы. Ғалымның жетекшілігімен «Қазақ тілі» мен «Түркі тілдері» мамандықтары бойынша 4 ғылым кандидаты дайындалды.


Фазылжанова Анар Мұратқызы

Фазылжанова Анар Мұратқызы – филология ғылымдарының кандидаты (2000). Алматы облысы Ақсу ауданы Жансүгір кентінде дүниеге келген.
1996 ж. Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін «Қазақ мектептеріндегі орыс тілі мен әдебиеті, қосымша тарих» мамандығы бойынша үздік аяқтап, 1996-1999 жж. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының аспирантурасын бітірді. 2001-2003 жж. Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «Қазіргі қазақ тілі теориясы мен әдістемесі» кафедрасында оқытушы болып жұмыс істеді.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты қабырғасында әр жылдарда кіші ғылыми қызметкер, ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді. 2004-2008 жж. Институттың ғалым хатшысы, 2011-2018 жж. директордың ғылым жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Осы жылдарда оның жетекшілігімен 5 функционалды стиль бойынша «Қазақ тілінің ұлттық корпусын» жасау жұмыстары басталды және «Жалпы білім берудегі қазақ тілінің жиілік сөздігі» жарық көрді. 2018 ж. тамыз айынан бастап Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ғылыми-практикалық орталығының ғалым хатшысы қызметін атқара жүріп, латынграфикалы жаңа қазақ әліпбиінің ғылыми базасын жасау жұмыстарына белсене араласты және жетекшілік етті.

Фазылжанова Анар Мұратқызы қазақ тілінің сегментті, суперсегментті фонетикасы, интонация, интонология, қазақ интонациясы мен синтаксисі, пунктуациясының арақатынасы, қазақ тілінің тарихи фонетикасы, нормативті сөздіктер түзу тәжірибесі, орфография мен орфоэпия, сөз сазы мен просодикасы, ауызша сөз мәдениеті мәселелеріне арналған ғылыми және ғылыми-көпшілік мақалалар желісінің авторы. 10-сыныпқа арналған қазақ тілінің оқу құралдарының авторы, орфоэпиялық анықтағыш пен екітілді және нормативтік сөздіктерді құрастырушылардың бірі. Ғалым 3 оқу құралының, 1 анықтамалықтың, 200-ден астам ғылыми мақаланың авторы.

2020 ж. маусым айынан бастап ҚР БҒМ ҒК Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры лауазымына тағайындалды. Осы кезеңде Ғалымдар кеңесінің құзыреті қайта күшейтілді, Институттың эмблемасы, логотипі, ұран сөзі мен моттосы бекітілді, Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми, тілтанымдық мұрасын зерттеу мақсатында «Ахметтану», сол сияқты Әлеуметтік лингвистика бөлімі ашылды, Терминология бөлімі Терминологиялық орталық болып қайта құрылды, «Ахмет оқулары», «Тілтанымдық мектеп», «Тіл және қоғам» ғылыми тілтанымдық алаңдар ашылды, Институттың 5 миллиондық картотекалық қоры цифрландырыла бастады, Институттың зертхана (кітапхана) қоры цифрландырылды, Институттың «Тілтаным» журналы онлайн форматқа ауыстырылды (https://www.tiltanym.kz/jour) және оны БҒССҚК/КОКСОН базасы мен СКОПУС/SCOPUS базасына енгізу жұмыстары жүргізіліп келеді, Қазақ тілінің ұлттық корпусының сайты (https://qаzcorpus.kz/) жетілдірілді, «Ахметтану» сайты https://www.ahmettanu.kz жасалды.