ИНСТИТУТТЫҢ ЭЛЕКТРОНДЫ РЕСУРСТАРЫ

«Тілтаным»
Тұңғыш ғылыми-лингвистикалық
мерзімді басылым
«Тілтаным» журналы тұңғыш рет 2001 жылы жарық көрді. Журналдың құрылтайшысы және шығарушысы – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты. Журналдың мұқабасы мен титулдық парақтары, шығыс деректері, ISSN, eISSN, редакциялық алқа құрамы, редакциялық саясаты, бекітілген жарияланымдық этикасы және веб-сайты (www.tiltanym.kz) бар. Журнал жылына 4 рет шығады.

Ғылыми басылымға берілген мақалалар CrossRef деректер базасына тіркеледі, әрбір мақалаға міндетті түрде DOI – цифрлық сәйкестендіргіш нөмірі беріледі, ол авторлық құқықтың қорғалуын, мақаланың электронды құжаттарда қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін пайдаланылады. «Тілтаным» журналы 2018 жылдан бері «Мемлекеттік ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ (ҰМҒТСО ) қазақстандық дәйексөз базасында (ҚазДБ ) индекстеледі. Журналдың редакциялық алқасы құрамында отандық және шетелдік жетекші ғалымдар бар. Ғылыми мақалалар журнал сайтында қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарияланады және мақала мәтіні толық ашық жүйеге орналастырылады. 2021 жылдан бастап журналдың сайты жаңартылды, Editorial Manager (мақаланы сайт арқылы жіберу) жүйесі негізінде ElPub платформасының техникалық сүйемелдеуімен мақалаларды онлайн қабылдайды. Келіп түскен мақалалардың автор туралы мәліметтері алынып, кемінде екі рецензенттің қарауына жіберіледі. Екі рецензент те оң шешім берген жағдайда ғана мақала жарияланады.

Журналдың миссиясы лингвистиканың жаңа жетістіктерін жариялау, Қазақстанның мемлекеттік тілі ретінде қазақ тілінің ғылыми әлеуетін көтеру, қазақ тілін жаңғырту мен дамытудың қазіргі заманғы проблемаларын өзектендіру болып табылады. Журналдың мақсаты – қазіргі заманғы филология ғылымымен байланысты кең ауқымды мәселелерді ғылыми түрде кәсіби талқылау үшін ашық алаң орнату.

Журналда гуманитарлық, оның ішінде филология ғылымдары саласындағы ғылыми және қолданбалы қызмет нәтижелері, әлемдік лингвистикалық ойды талдау, қазақ қоғамын жаңғырту үдерістерін құрмаластыру тәжірибесін тарату бағытындағы бірегей лингвистикалық мақалалар қабылданады.

Журналдың міндеттері:
– лингвистика саласындағы ғылыми-теориялық және қолданбалы зерттеулер нәтижелерін жариялау;
– алдыңғы қатарлы гуманитарлық технологиялар мен ғылым, білім беру салаларындағы жетістіктерді талқылау;
– отандық және шетелдік инновациялық білім беру жүйелерін, қазақ қоғамын жаңғырту үдерістерін кіріктіру тәжірибесін тарату;
– лингвистикалық ғылымның және басқа да әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың дамуына ықпал ететін жаңа тұжырымдама, бағдарлама, жоба, технологияларды ұсыну;
– лингвистика саласындағы әлеуметтік әріптестіктің әлеуетті қатысушыларының коммуникациялық платформасын қалыптастыру.

Қазіргі таңда А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтынан шығатын «Тілтаным» журнал Қазақстандағы лингвистикалық ойды дамытуды көздейтін, қазақ тіл білімінің әртүрлі бағыттарындағы мәселелерге ғылыми деңгейде сараптама беріп, оған талдау жасап отыратын отандық қана емес, АҚШ, Канада, Кипр, Новосибирск, Венгрия, Швейцария, Ресей, Голландия, Чуваш, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, ҚХР, Түркия, Германия, Моңғолия, Қарақалпақстан, Хакасия сияқты жақын және алыс шетелдерді қамтитын, халықаралық кеңістікте де орны айқындалған мерзімді ғылыми басылымдардың біріне айналып отыр.
«Тілтаным» журналының ТАРИХЫ

«Тілтаным» журналы 2001 жылы сол кездегі Институт директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор К.Хұсайын мен Институт директорының орынбасары, филология ғылымдарының докторы, профессор Н.Уәлидің ұйымдастыруымен құрылды. Филология ғылымдарының докторы, профессор Ғ.Әнес 2001 жылдан бері «Тілтаным» журналын басып шығару міндетін қолына алып, баспадан тегін шығарып тұрды.
«Тілтаным» журналының мерзімімен шығып тұруына, оның сапасының жоғары болуына, ғылыми сұрыптау, түзетулердің жасалуына жауапты редакторлар ф.ғ.д., профессор З.М.Базарбаева мен ф.ғ.д., профессор Ж.Манкеева зор еңбек сіңіріп келеді, сонымен бірге әр кезде жауапты шығарушылар ретінде жұмыс атқарған филология ғылымдарының кандидаттары А.Фазылжанова, А.Аманбаева, Ж.Жұмабаева, Г.Көбденова, журналдың редакторы – Ш.Жамықаева да өз үлесін қосты.

2012 жылдан бастап «Тілтаным» журналының редакция кеңесінің құрамы: филология ғылымдарының докторы, проф. (бас редактор) М.Малбақов, ҚР ҰҒ А-ның академигі Ә.Қайдар, ҚР ҰҒА-ның академигі Р.Ғ.Сыздық, ҚР ҰҒ А-ның академигі Ө.Айтбайұлы, филология ғылымдарының докторы, проф. К.Ш.Хұсайын, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының коор. мүшесі, филология ғылымдарының докторы, проф. З.Базарбаева, филология ғылымдарының докторы, проф. Т.Жанұзақов, филология ғылымдарының докторы, проф. Ә.Жүнісбек, филология ғылымдарының докторы, проф.Ж.Манкеева, филология ғылымдарының докторы, проф., Әзірбайжан Республикасы Ғылым академиясы Тіл білімі институты директорының орынбасары М.Махмудов, И.Арабаев атындағы Бішкек университеті Лингвистика және әлем тілдері институтының директоры, Қырғыз Республикасы Ғылым академиясының коор. мүшесі, филология ғылымдарының докторы, проф. С.Ж.Мұсаев, Өзбек мемлекеттік әлем тілдері университеті, филология ғылымдарының докторы, проф. М.Джусупов, филология ғылымдарының докторы, проф. Н.Уәли, филология ғылымдарының кандидаты А.Хабиева;
2021 жылдан бастап Венгрия Ғылым академиясы Этнология институтының ғылыми қызметкері, алтаистика мамандығының PhD докторы Д.Қ.Шомфай, Ю. Лебих атындағы Гиссен университетінің профессоры Кирхнер М., Хаджеттепе университетінің профессоры Демир Н., филология ғылымдарының докторы, профессор, Ресей ҰҒ А корреспондент-мүшесі Дыбо А., филология ғылымдарының докторы, профессор Момынова Б., филология ғылымдарының докторы, профессор Алдаш А., филология ғылымдарының докторы, профессор Күдеринова Қ. журналдың редакция құрамына енді.

2001-2009 жж. аралығында «Тілтаным» журналының бас редакторы қызметін филология ғылымдарының докторы, профессор К. Хұсайын, 2009-2011 жж. аралығында филология ғылымдарының докторы, профессор Ш. Құрманбайұлы, 2011-2017 жж. аралығында филология ғылымдарының докторы, профессор М. Малбақов, 2018-2021 жж. аралығында филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒ А корреспондент-мүшесі Е. Қажыбек атқарды, 2021 жылдан бері Институт директоры, филология ғылымдарының кандидаты А.Фазылжанова атқарып келеді.


2001-2012 жылдар аралығында «Тілтаным» журналы бірнеше айдарға бөлініп жарияланды:
● «Ғылыми мақалалар» айдарымен 2001 жылдан 2012 жылға дейінгі шыққан мақала саны – 564. Бұл айдарға тіл біліміндегі өзекті тақырыпты қамтитын, жаңа бағыттағы мақалалар кірсе, ал «Жас ғалымдар зерттеуі» (661) айдарында ізденушілердің ғылыми жұмыстарына қатысты белгілі бір тақырып аясында жазылған мақалалары жарияланды.
● «Тілтанымдық мұралар» айдарында (18) бұрын жарыққа шықпаған тілтанушылардың жазба мұралары ұсынылды.
● «Зерттеушінің жұмыс дәптерінен» (10) айдарында зерттеушінің тың тақырып аясында өзінің ізденісі арқылы ғылымға қосқан үлесі ретіндегі материалдары берілді.
● «Лекциялық курстар» (5) айдарында жоғарғы оқу орындарындағы филология пәндері бойынша дәрістер мен арнайы курстарға негіз болатын ғылыми материалдар беру мақсаты көзделді.
● Журналда қазақ лингвистикасының, тілтанымдық ғылыми ойдың дамуын көрсететін тіл білімінің өзекті мәселелері жарияланып отырды. Атап айтқанда, журналдың «Ойтастар, пікірталас» (17) айдарында қазақ тіл біліміндегі ортақ шешімін таппаған мәселелер жарияланды.
● «Жаңа басылым, жаңа кітап» айдарының қосылуы ізденушілерге сол уақытта шығып жатқан лингвистикалық кітаптар туралы мәлімет берді.

Сондай-ақ «Ғылыми өмір деректері» (18), «Жаңа зерттеулер» (1), «Мерейтой» (53), «Құрылымдық жүйедегі тілді зерттеудің өзекті мәселелері» (8), «Қазіргі тіл біліміндегі тілді зерттеудің ғылыми-инновациялық деңгейі» (17), «Тіл оқыту әдістемесі, мемлекеттік тіл, терминология» (7) деп аталатын айдарларда да тіл ғылымының әр бағыты бойынша жазылған мақалалары жарық көрді.

2003-2011 жылдар аралығындағы тіл білімінің өзекті проблемаларын қамтитын, әсіресе қазіргі тіл ғылымында жаңа бағыттарға қатысты көптеген тың ізденістер бойынша жазылған мақалалары оқырманның (ізденуші, зерттеуші, тәлімгер) білім көкжиегін кеңейтуіне жол ашты. Тілтаным журналының 2001-2021 жылдар аралығындағы барлық нөмірлерінде 2500-ге жуық мақала жарық көрді. Соңғы жылдары бұл журнал тек Қазақстан аумағында ғана емес, көршілес елдерде де танылып, журналдың таралу географиясы кеңею үстінде. Әсіресе Ресей, Чуваш, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, ҚХР, Түркия, Моңғолия, Қарақалпақстан елдерінің ізденушілері мен ғалымдары өз мақалаларын журналда жиі жариялап тұрады. Мәселен, бүгінгі күнге дейін (2001-2021 жж.) шетелден 100-ден аса мақала жарияланды. «Тілтаным» журналына бастапқы жылдары тек Қазақстан шеңберіндегі зерттеушілер мен ізденушілердің мақалалары жарияланса, кейіннен АҚШ, Канада, Кипр, Германия, Новосибирск, Венгрия, Швейцария, Ресей, Голландия, Чуваш, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, ҚХР, Түркия, Моңғолия, Қарақалпақстан, Хакасия т.б. елдердің ізденушілері мен ғалымдарының мақалалары жарияланып келеді.

«Тілтаным» журналының тағы бір ерекшелігі – жалпы тіл білімі, тіл оқыту әдістемесі, қазақ тіл білімі, әдебиеттанудың тілтанымға қатысты кейбір мәселелері т.б. ғылыми проблемалар бойынша жас ғалымдардың диссертациялық жұмыстары жарияланымдарының базасына (2001-2009 жылдар аралығында), олардың апробациядан өткізілу «алаңына» айналғандығында болып отыр.

«Тілтаным» журналында тіл білімінің өзекті проблемаларын қамтитын, әсіресе қазіргі тіл ғылымындағы жаңа бағыттарға қатысты тың ізденістер бойынша жарияланған мақалалар оқырманның білім көкжиегін кеңейтуіне жол ашады. Болашақта бұл журналды республикадағы импакт-факторы жоғары журналдар қатарына қосу әрі Scopus, Web of Science деректер базасына енгізу жоспарланып отыр.

Дайындаған: А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, «Тілтаным» журналының жауапты шығарушысы А.Аманбаева, «Тілтаным» журналының редакторы А.Серікбаева