Ахмет Байтұрсынұлы
(1873-1937)

Ахмет Байтұрсынұлы
Белгілі суретші Нұрлан Әбішевтің туындысы. 2021 ж.
Ахмет Байтұрсынұлы – көрнекті лингвист-ғалым, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының және қазақ журналистикасының негізін салушы, ұлттық әліпби мен емле реформаторы, алғашқы ұлттық әліппенің авторы, қазақ ғылымын ұйымдастырушы, қазақ филологиясының тұңғыш профессоры (1928), (РК, фонд 1142, офис 1, дело 1), қазақтың алғашқы білім министрі, ақын, философ, мәдениеттанушы, саясаткер, идеолог, педагог, XX ғасыр басындағы қазақ нтеллигенциясын тәрбиелеген ағартушы ғалым, қазақ руханияты тарихындағы аса ірі тұлға, қоғам және мемлекет қайраткері, Ұлт Ұстазы.

Ахмет Байтұрсынұлы 1913-1918 жж. қазақ тіліндегі алғашқы ұлттық басылым – «Қазақ» газетін шығарды. 1917 ж. Қазақтың ұлттық-территориялық мемлекеттілігі – Алаш-Орда автономиясын құрушылардың бірі және Алаш-Орда үкіметі Оқу-ағарту комиссиясының төрағасы, 1920 ж. тамызда құрылған Қазақ АКС Р-і үкіметінің мүшесі, 1920-1921 жж. Қазақ АКС Р-і Халық ағарту комиссары (Қазіргі Білім және ғылым министрі), 1922 ж. Өлкелік Халық ағарту комиссариаты жанындағы Академиялық орталықтың (ҚР ҰҒ А-ның алғашқы негізі), 1922-1925 жж. Халық ағарту комиссариаты «Білім кеңесінің» төрағасы қызметтерін атқарды.

Ғалымның ұлттық тілдегі қызметін мынадай төрт бағытта қарастыруға болады: 1) қазақ тілінің ғылыми-лингвистикалық базасын әзірлеу, 2) қазақ тілінің практикалық қолданысын кеңейту, жетілдіру, 3) қазақтілді ақпарат қорын байыту (аударма), 4) қазақ тілінің саяси базасын жасақтау және күшейту.

Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерінде қазақ тілтанымы ғылыми курсының ұлттық негізі қаланып, болашақ даму бағдары қалыптасты. Қазақ тілін көркейту мен қолданысын кеңейту, қазақтілді қауымның ғылыми санасын көтеру жолына ғұмырын арнады, ұлтқа қауіп төндірген саяси-әлеуметтік себептермен күресіп, ғасырлар бойы тұнық қалпында жеткен ұлт жады мен ұлтты өктем тілдердің экспансиясы мен отарлауынан қорғауға бар күш-жігерін жұмсады.

Ғалымның ұлттық мүдде жолындағы бар қызметінің жасампаздығы мен бүгінге дейін өміршеңдігін көрсетіп келе жатқан артынан қалдырған мол мұрасы, өнеге тұтарлық жанкешті күресі – адами және ғалымдық келбетінің басты ерекшелігі ретінде бағаланады.

Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілін зерттеу әдістері мен бағыттары сол кездегі әлемдік лингвистикада орныққан құрылымдық парадигмадағы ізденіс талаптарына толық жауап береді, сонымен бірге ғалымның тілтанымдық ой-арнасы, теориялық шешімдерде кеңінен қолданылған әдістері қазіргі заманғы антропоөзектік парадигманың бағыттарымен үндеседі. Мәселен, ғалым еңбектеріндегі «тіл-сөз» дихотомиясы тұрғысынан айқын талданған құрылымдық парадигма бойынша: фонетика, орфоэпия, фонология (фонема, үндестік заңы, дыбыстардың тіркесім заңы), лексикология (семасиология, терминология, фразеология, этимология, лексикография), сөзжасам, терминжасам, құрылымдық грамматика (сөз тіркесі синтаксисі, сөйлем синтаксисі, мәтін синтаксисі), стилистика, грамматология (әріп, әліпби, жазу теориясы, емле, пунктуация, орфография, ортологиялық кодификация) және антропоөзекті парадигма бойынша: функционалды фонетика, просодика, интонология (интонация, екпін, ырғақ, кідіріс, әуен, қарқын, үдемелілік, реңк) функционалды грамматика (зат есім мен етістік категориялары), когнитивті грамматика, коммуникация теориясы, этнолингвистика, психолингвистика, прагмалингвистика және тағы басқа бағыттар мен теорияларға қатысты тұжырымдары бүгінгі күні өзекті болып табылады.

Ғалымның тіл білімі саласындағы зерттеулері қазақ лингвистикасының дамуына, өзінен кейінгі кәсіби лингвистердің бірнеше ұрпағының қалыптасуына ерекше ықпал етті. Солардың алдыңғы буыны – Елдес Омарұлы, Телжан Шонанов, Құдайберген Жұбанов, Қажым Басымов және т.б.

Ахмет Байтұрсынұлы сол кездегі қазақ қоғамының тек шағын әлеуметтік тобына қызмет еткен ескі қазақ жазба тілінің арабграфикалы әліпбиін жалпыхалықтық тілдің дыбыстық жүйесіне шақтап, соның негізінде «Төте жазу» аталып кеткен Ұлттық әліпби мен қазақ емлесін әзірлеп, тұтастай бір ұлттың қысқа мерзімде сауат ашуына жол салды. Ахмет Байтұрсынұлының бұл еңбегі, біріншіден, қазақ тілінің даму, әдеби тілінің қалыптасу бағытын ескі жазба тіл негізіндегі тар құрсаулы арнадан жалпыхалықтық ауызша тілдің кең арнасына қарай бұрды; екіншіден, жазуды тілдік-мәдени қауымдастықтың ат төбеліндей жоғары әлеуметтік тобына ғана емес, сонымен бірге қалың бұқараның, жалпы халықтың игілігіне айналдырды.

Ахмет Байтұрсынұлы қазақтың заманауи жазу мәдениетін қалыптастыруды мақсат етті. Қазақ тілін мемлекеттік тіл, ресми қарым-қатынас және ғылым тіліне айналдырудың алғышарттарын жасады.

Ескерту: Әліпби нұсқалары салыстыру мақсатында түзілгендіктен, қаріптер алфавит тәртібі бойынша берілмеді