Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты 2020 жылдан бастап тұрақты түрде жұмыс істейтін бірнеше тілтанымдық алаңды іске қосты. Соның ішінде отандық тұлғатану ғылымы, Ахмет Байтұрсынұлының мұраларын ғылыми, ғылыми-көпшілік аудиторияға насихаттау үшін маңыздысы – «Ахмет оқулары». «Ахмет оқулары» алаңының мақсаты отандық лингвистикалық ойды дамыта отырып, ұлттық тіл ғылымының негізін қалаушы, қазақ тілінің реформаторы, Алаш қозғалысының ғана емес, ХХ ғасыр басындағы барлық зиялы қауымның, бүгінгі қоғамымыздың, ұлтымыздың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын тануға, зерттеуге, қазіргі заманауи лигвстикалық бағыттар, әдістер тұрғысынан қарап, өзектілендіріп отыруға және ғылыми көпшілік қауымдастыққа насихаттауға арналады. «Ахмет оқулары – 2020» шараларының жинағында Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми-лингвистикалық шығармашылығын зерделеуге арналған дәрістер циклі мен Абайдың 175 жылдығына арналған «Абайдың сөздүниесі және мектеп өміріндегі Абай» атты кешенді ғылыми зерттеу нәтижелері ұсынылып отыр