ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУЛЕР

Гранттық жобалар
XV-XVIII ғасырлардағы жыраулар поэзиясының көркемдік-анықтама жүйесі, «формульдық» стилистика және грамматиканы зерттеу. Жиілік сөздігі.
Тақырып жетекшісі: Жанабаев К.
Зерттеу мақсаты: ХV-XVIII ғғ. жыраулар поэиясының көркемдік-анықтамалық жүйесі, «формульдік» стилистикасы мен гарматиканы кешенді зерттеу, «Жырау тілінің сөздігі. Жиілік сөздікті», «Ғұрып пен әдептегі поэтикалық мәтін: генезис, форма, қызметтері» монографиясы мен мақалаларды жазу мақсатында ХV-XVIII ғасырлардағы жыраулар әлемінің тілдік бейнесінде ауызша-стильдік техника заңын, формульдік стильдің ерекшеліктерін, дәстүрлі құралдардың қызметтерін анықтау болып табылады.
Негізгі нәтижелері: 2021 жылы реферативті шолу әдісіне сүйене отырып негізгі дереккөздер зерттелді: ауызша-стильдік техника, құрылым, семантика, «формульдік» стиль және Пэрии-Лордтың «ауызша» теориясы негізінде көркемдік-анықтамалық жүйе бойынша қазақстандық және шетелдік ғалымдардың жұмыстары қаралды; мақалалар жарияланды (жалпы мақала саны, соның ішінде 1 мқала ҚР ББСБҚК ұсынған рецензияланатын журналда шықты, халықаралық дөңгелек үстел және эпостанушыларға арналған қысқамерзімді курстар (Махачкала қ., Солтүстік Кавказ) өткізілді. Зерттеушілер ХV-XVIII ғасырлардағы жыраулардың ауызша техникасына, стиль және жанр проблемасына, жыраулардың поэтикасы мен стилистикасын өзге де поэтикалық мәдениет иелмендерінен ажырату үшін әрі көркемдік аударма теориясы үшін де әрбір жыраудың «жанрлық регистрін» анықтауға арналған негізгі мағынаға ие бастапқы трансформацияны қорытуды жаңаша көзқараспен зерттей бастады.
Алматы қаласының урбанонимдік жүйесі (2021 жылға арналған гранттық жоба)
Тақырып жетекшісі: Рысберген Қ.Қ.
Зерттеу мақсаты: Алматы қаласының урбанонимдік кеңістігін кешенді синхронды түрде зерттеу; оның дамуының негізгі үрдістерін айқындау; шаһардың эргонимдік және годонимдік жүйе атауларының негізгі түрлерін анықтау. Қазіргі таңдағы Алматы қаласының ономастикалық атауларының семантикалық, сөзжасамдық, сандық, құрамын анықтау арқылы тілдік, этномәдени бейнесін көрсету.
Негізгі нәтижелер: Жобаны жүзеге асыру барысында Алматы қ. ұйымдары мен кәсіпорындарының әртүрлі каталогтары, анықтамалық материалдары, мұрағат қоры, энциклопедиялар және т.б. бойынша нақты тілдік материалдар (эргонимдер, годонимдер) жиналды. Қала урбанонимдеріне лексика-семантикалық, сөзжасамдық талдау жасалды. Урбанонимдер аталымдарының негізгі себептері мен критерийлері көрсетілді. Алматы қаласының топонимдік кеңістігіндегі қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі коммерциялық нысан атауларының, статистикасы анықталып, ұлттық мазмұндағы атаулардың ара салмағы белгілі болуымен, қорытындылар жасалуымен айқындалады. Қаланың имиджін айқындайтын нысан атаулары сипатталды. Мегаполистің ономастикалық кеңістігіндегі эргонимдер мен годонимдердің номинациясына қатысты сын піікір айтылып, қаланың урбанонимдік ландашафтының мазмұнын ұлттандыру жолдарына қатысты кейбір ұсыныс, пікірлер айтылды. 
Дәстүрлі қазақ сөзсаптамының прагматикасы (2020-2022 жылдарға арналған гранттық жоба)
Тапқырып жетекшісі: Күдеринова Қ.Б.
Зерттеу мақсаты: Қазақ тілінің дәстүрлі сөз саптамының құрылымы мен жүйесін, нормасы мен стильдік ерекшелігін анықтау.
Негізгі нәтижелер: дәстүрлі сөзсаптамға байланысты ғылыми ұғымдардың алғашқы легі анықталды. Болашақтағы зерттеулерге теориялық негіз болатын 145 ғылыми әдебиеттердің тізімі жасалып, зерттеудің ғылыми базасы құрылды. Зерттеудің нысаны, дереккөздері сұрыпталды. Соның нәтижесінде дәстүрлі сөзсаптам жүйесін танытатын үлгі мәтіндерге, тілдік тұлғалардың сөз қолдану, тіл жұмсау ерекшеліктеріне алғашқы талдаулар жасалды. Аталған есептік кезеңде Абай, М.Майлинн, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов сияқты сөз зергерлерінің тіл қолдану жүйесіне олардың кейбір көркем туындылары негізінде талдаулар жасалды. Алаш көсемсөзшілерінің (А. Байтұрсынұлы) публицистикалық мақалаларына лингвостилистикалық талдау жасала бастады. Сондай-ақ дәстүрлі сөзсаптам жүйесінің анықтаудың, талдаудың алғашқы тәжірибесі мен үлгісі қалыптасты. Халықаралық «Austrian Journal of Humanities and Social Sciences» атты рецензияланатын журналға «Қазақтың ауызша тілі: кеше, бүгін» атты мақала дайындалды. Қазақтың дәстүрлі сөзсаптамын талдаудың теориялық негіздерін көрсететін «Қазақтың дәстүрлі сөзтанымы: ғылыми үзіктер» атты мақалалар жинағы әзірленіп, баспаға дайындалды.
Дыбысталған дискурстың сегментті-просодикалық сипаты (2018-2020 жылдарға арналған гранттық жоба)
Тақырып жетекшісі: Базарбаева З.М.
Зерттеудің мақсаты: эксперименталды-компьютерлік әдіс арқылы қоғам қайраткерлерінің ауызша дискурсын сегментті-просодикалық бірліктер негізінде талдап, қазақ тілінің фонетикалық қорын коммуникативті-прагматикалық аспектіде жүйелі зерттеу.
Негізгі нәтижелер: Зерттеудің нысаны ретінде С.Мұратбековтың «Жабайы алма» шығармасы бойынша оқылған ауызша мәтіні және белгілі қоғам қайраткері Б.Тілеуханның телеарнаға берген сұхбаты таспаға жазылып, олардың дыбысталған дискурсы аудиторлық әдістің, praat бағдарламасының негізінде талданды. Аталған қоғам қайраткерлерінің ауызша дискурсын талдау барысында оларға сегментті-просодикалық, коммуникативтік-прагматикалық және орфоэпиялық, дыбыс тіркесімі мен артикуляциялық-перцепциялық тұрғыдан сипаттама жасалды және вокалды кідіріс пен хезитациялық кідірістің эмоционалдық және прагматикалық қызметі анықталды. Сондай-ақ ауызша дискурстағы интонема мен оның варианттары анықталып, просодикалық құралдың (кідіріс, қарқын, әуен, негізгі тон жиілігі) ерекшеліктері эксперименттік әдіс арқылы сипатталды. Зерттеу барысында дыбысталған дискурстағы дауысты және дауыссыз дыбыстардың орфоэпиясы анықталып, оның транскрипциясы берілді және дыбыстық тіркестердің моделі мен сөйлеу үстіндегі кейбір сөздердің осциллограммасына сипаттама берілді.
Жазба мұра және мәтінталдау: ХХ ғ. басы публицистикасындағы орфограмма, сөзжасам мен көркем мәтін лингвопоэтикасы (2021-2023 жылдарға арналған гранттық жоба)
Тақырып жетекшісі: Момынова Б.Қ.
Зерттеу мақсаты: көркем және публицистикалық мәтіндерді ұлттық мәдени құндылықтарды жеткізетін тілдік бірліктер шоғырланған құрылым ретінде зерттеу, талдау, тілдік бірліктердің эстетикалық, стилистикалық қызметін анықтау, интерпретациялау және ХХ ғ. басындағы газеттік лингвистикалық мәтіндерді жазба мұра ретінде тану.
Негізгі нәтижелер: «Қазақ» газетінен (1913-1918 жж.; № 1 – 265) бастап төте жазуға, емленің қалыптасуына, тыныс белгілері, тіл тазалығы, баламалар табуға көңіл бөлінді. Төте (усул-жәдид) жазу шағатай жазуымен салыстырылды, шағатайлық таңбалар анықталды, дауысты дыбыстардың (ы,і,у,ұ,ү) таңбалануы талданды. Төте жазу бүгінгі Қытай қазақ диаспорасының төте жазуымен салыстырылды. «Қазақ» газетінен транслитерацияланған мәтіндер төте жазумен берілді, салыстыру үшін кирил әліпбиіне түсірілді. Мәтіндерден қоғамдық-саяси лексиканың қалыптасуын дәлелдейтін тілдік материалдар іріктелді. Қоғамдық-саяси лексиканың қалыптасуында «Қазақ» газетінің орны ерекше екенін дәлелдеудің, қазақ тілінің бүгінгі күйін, сонымен бірге болашақтағы дамуын айқындаудағы рөлі айрықша екенін ғылыми негіздеудің маңызы зор, сондықтан «Қазақ» газетінің тілдік ерекшелігін кешенді зерттеу жобаның өзектілігін айқындайды.
Қазақ тілі кеңістігіндегі ұлттық-мәдени код: символдың архетиптік мәртебесін және тұлғаның тарихи-мәдени типін анықтаудағы қызметі (2018-2020 жылдарға арналған гранттық жоба)
Тақырып жетекшісі: Момынова Б.Қ.
Зерттеудің мақсаты: Көркем және прозаикалық мәтіндерді қарастыра отырып полисемантикалық, өзіндік категорияларға бөлінген ашық коммуникативті-прагматикалық жүйелерге сүйене отырып зерттеу, мәтін мен символдардың байланысын анықтау, ұлттық және жалпыхалықтық құндылықтарды дамытуда тілдік таңбаның қызметін анықтау, сандық-сапалық және функционады-семантикалық бағыттардың функционалды-коммуникативтілігін анықтау мен қазақ тіл бірліктерінің ерекшеліктерін зерттеу болып табылады.
Негізгі нәтижелер: барлығы 20 мақала, оның 2 мақала нөлдік емес импакт-факторы бар шетелдік басылымда жарияланды, 3 мақала БҒЖБҚ ұсынған журналдарда, 1 мақала РИНЦ ұсынған журналда, 2 мақала халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдар жинақтарында, 12 мақала басқа да мерзімді басылымдарда жарияланды. Соған қоса, жоспарға сәйкес 1 монография мен 1 оқу құралын шығару жоспарланып, ол міндет уақытылы орындалды. ҒЗЖ нәтижелерін таныстыру мақсатында онлайн дәрістер, баяндамалар мен сұқбат берілді
Қазақ тілінің фонетика-фонологиялық транскрипциясын және ұлттық корпустың фонетикалық белгіленімін әзірлеу. (2021 жылға арналған гранттық жоба)
Тақырып жетекшісі: Жұмабаева Ж.
Зерттеу мақсаты: «Қазақ тілінің фонетика-фонологиялық транскрипциясын және ұлттық корпустың фонетикалық белгіленімін әзірлеу» тақырыбының мақсаты қазақ тілінің фонетика-фонологиялық транскрипциясының және фонетикалық белгіленімнің үлгісін беру және негізгі принциптерін айқындау.
Негізгі нәтижелер: а) Фонетикалық және фонематикалық транскрипцияның ара жігі ажыратылды; ә) әртүрлі нұсқада беріліп жүрген фонетикалық транскрипциядағы шартты таңбалар біріздендірілді; б) дауысты және дауыссыз дыбыстардың артикуляциялық, акустикалық және перцепциялық және фонологиялық сипаттамасы берілді; в) дыбыстық бірліктердің әртүрлі реңкте, вариацияда айтылуы, дыбыстардың фонетикалық өзгерістері, фонеманың түрленімі қарастырылды; г) қазақ сөзінің табиғи дыбысталу жолын анықтау арқылы оның транскрипцияланудағы нұсқасы берілді және бірнеше нұсқалардың бірі үлгі ретінде көрсетілді.
ҚОҒАМДЫҚ САНАНЫҢ ЖАҢҒЫРУЫ: МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ НЕОЛОГИЗМДЕНУІ ЖӘНЕ ОНЫҢ НЕОГРАФИЯЛЫҚ БАЗАСЫ (2018-2020 жылдарға арналған гранттық жоба)
Тақырып жетекшісі: Фазылжанова А.М.
Зерттеудің мақсаты: қоғамның санасы вербалды әсерге үздіксіз ұшырап отырғандықтан, жаңғырған қоғамдық сананың «сыртқы көрінісін» сөз арқылы бейнелеу ретінде, сондай-ақ сананың жаңғыруының тікелей құралы ретінде неологизмденуді зерттеу. Осыған орай қазіргі қазақ тіліндегі неологизмдердің қалыптасуының әлеуметтік тілтанымдық факторын анықтау, лексикалық және семантикалық жаңартпаларды жинау, жүйелеу және оны лингвистикалық сипаттау, сондай-ақ оның неографиялық базасын дайындау және құру көзделеді.
Қорытынды нәтижелер: Қазақ тілінің лексикасы мен семантикасындағы заманауи тілдік инновацияларды жіктеу мәселелері шешілді, нөлдік емес импакт-факторы бар рецензияланатын шетелдік "European Journal of Humanities and Social, Sciences" журналында2 ғылыми мақала, РИНЦ ғылыми дәйексөз деректер базасында ашық қол жетімді журналда 2 ғылыми мақала, ҚР БҒМ БҒСБК ұсынған журналдарда 2 ғылыми мақала, 1 мақала Ресей журналында, 1 монография, 1 сөздік әзірленіп дайындалды. Ғылыми-техникалық деңгейі (жаңалығы): жоғары (алғаш рет Тәуелсіз Қазақстанның этноязыктық қоғамдастығының қоғамдық санасын жаңғыртудың әлеуметтік – мәдени, саяси факторларымен тығыз байланыста қазіргі қазақ тіліндегі неологизация процестерін зерттеуге, компьютерлік технологияны пайдалана отырып, мемлекеттік тілдің неографиялық базасын әзірлеуге талпыныс жасалды)
Ұлттық пернетақта жасаудың лингвотеориялық және практикалық негіздері (2021 жылға арналған гранттық жоба)
Тақырып жетекшісі: Жаңабекова А.Ә.
Зерттеу мақсаты: қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру қарсаңында әртүрлі ұлттық пернетақта нұсқаларын әзірлей отырып, қазақ әріптерін пернетақтада тиімді орналастырудың ғылыми-практикалық ұстанымдарын айқындау
Негізгі нәтижелер: а) әріптерді пернетақтада орналастырудың әлемдік (үнді-еуропа тілдері, түркі тілдері, орыс тілі) тәжірибесін зерттеу нәтижелеріне сипаттама жасалады; ә) бірнеше пернетақта нұсқалары әзірленеді және олардың компьютерлік бағдарламалары жасалады; б) пернетақта нұсқалары бойынша уақыт және қуат (сапа) сыйымдылығы бойынша эксперимент жүргізіледі және эксперимент нәтижелеріне ғылыми-тәжірибелік сипаттама жасалады. в) әріптерді пернетақтада орналастырудың әлемдік тәжірибесін зерттеу мен эксперимент нәтижелері бойынша ұсыныстар жасалады.