бөлімдер

ФОНЕТИКА бөлімі

Тарихы
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында экспериментті фонетика зертханасы 1961 ж. құрылды. Оның алғашқы меңгерушісі профессор Ж. Аралбаев болды. Сөйлеу тілін зерттейтін жаңа аспаптармен (осциллограф, спектограф, интонограф және т.б.) жасақталған зертхана бүкіл Орта Азия мен Сібірде танымал болды. Сол аймақтардан біраз аспиранттар мен ізденушілер өздерінің экспериментті жұмыстарын осы зертханада жүргізіп, кандидаттық және докторлық диссертацияларын қорғады.

Қазақ тілі фонетикасының кейбір талас тудыратын теориялық мәселелері экспериментті түрде дәлелденді. 1960-1980-жж. қазақ тілінің фонетикалық жүйесі І. Кеңесбаев пен Ж. Аралбаевтардың еңбектерінде біраз зерттеліп, қазақ тілінің сөйлеу және жазу нормалары зерделенді. Академик І. Кеңесбаев – Қ. Жұбановтан кейінгі қазақ фонетикасының тіл ғылымының жеке пәні, саласы ретіндегі негізгі проблемаларын (фонемалардың құрамы мен жіктелуі, буынның жасалуы мен алмасуы, дыбыстардың үндесуі, сингармонизм, акцентуация мәселелерін) зерттеп қана қоймай, оны оқулыққа бейімдеп берген ғалым (Қазіргі қазақ тілі. Алматы, 1954, 1962.). Академик І. Кеңесбаев фонема теориясын зерттеуде дәстүрлі фонология мектебінің қағидаттарын ұстанып, екпін категориясының лебізді (динамикалық), үнді (тоникалық) квантативті түрлерін көрсетті. Сондай –ақ қазақ тілінің фонетикалық транскрипциясын тұңғыш рет жасап, үлгісін көрсетті. Қазақ тіл білімінің қалыптасуында өзіндік орны бар ғалымның бірі – Ж. Аралбаев. Ғалым қазақ тілі фонетикасының фонемалар құрамы мен олардың айтылу ерекшеліктерін, сингармонизм зандылығын, буын жігін және т.б. сияқты өзекті мәселелерді зерттеді.

Сонымен бірге Ж. Аралбаев – өз еңбектерінде қазақ фонетикасының тарихына ракурс жасап, алғаш рет қазақ фонетикасының пән ретіндегі терминдерінің ықшам сөздігін жасаған ғалым (Вокализм казахского языка (1970); Вопросы казахской фонетики и фонологии (авт. бірі) (1971); Қазақ фонетикасы бойынша этюдтер (1988). Ж. Аралбаевтың қазақ тілінің фонема теориясының дамуына қосқан үлесінің мәні мен жаңалығы, біріншіден, фонемаларды бір-біріне қарсы қойып айқындауында, екіншіден, олардың тек өзінің комбинаторлық не позициялық варианттарында көрініс табуын нақты мысалдармен дәлелдеуінде еді. Ғалым фонетиканың тарихи мәселелеріне де назар аударып, қазақ тіліне байланысты ламбдацизм, ротацизм құбылыстарын және дыбыстардың ілгерілеу процестері жайында сөз қозғап, ритмикалық және ой екпіні, фразалық әуен, интонацияның семантика-синтаксистік функциялары жөнінде де құнды пікірлер айтты. Бұл пікірлер қазақ тілінің дыбыс құрамын экспериментті түрде зерттеу қажеттілігіне алып келді. Осымен байланысты бөлім қызметкерлері диссертациялық зерттеулерін эксперименттік жұмыстар негізінде жүргізді (Ә. Жүнісбеков, С. Татубаев, Н. Түркпенбаев, М. Райымбекова, А. Қошқаров, С. Кеңесбаева, З. Базарбаева).

Бүгіні
1986 ж. эксперименттік фонетика зертханасының аясында Фонетика бөлімі ашылып, Ә. Жүнісбек бөлім меңгерушісі болып тағайындалды. Осы кезеңдерде фонетика бөлімі теориялық мәселелермен қатар экспериментті зерттеулерді де жүргізді. Ә. Жүнісбек – сингармониялық бағытты қолға алып, оның ұғымдары мен терминологиясын, теориясын негіздеген ғалым. Осымен байланысты тілдік заңдылықтың бірі ретінде қазақ тілінің фонетикалық жүйесіндегі үндестік заңын (сингармонизм) мәселе етіп көтерді. Аталған бағыттың ұстанған өзіндік принциптеріне сәйкес фонема мен екпін есепке алынбайды, сингармонизмнің ең кіші функционалды бірлігі «сингема» деп танылып, төрт түрлі сингармониялық тембрмен сипатталды (езу жуан, езу жіңішке, ерін жуан, ерін жіңішке). Бұл бағыт бойынша Ә. Жүнісбек үндесім фонологиясын басшылыққа алып, қазақ тіліндегі үндесім дыбыстардың құрамын, жүйе ретіндегі (дыбыстардың жасалым, айтылым және естілім белгілері) түрлерін анықтады.

Профессор Ә. Жүнісбектің айналысқан негізгі проблемалары: – жалпы, түркі және қазақ тілтанымындағы сөзқұрауыш (просодика слова) мәселесі; – қазақ тіліндегі сингармонизм (үндесім түрленім); – қазақ тілінің артикуляциялық базасы (моделі) құрамындағы артикуляциялық үлгілер (сөйлеу мүшелері мен олардың қозғалысының жиынтығы қазақ тілі дыбыстарын жасауға негіз болады). Ғалым Ә. Жүнісбек қазақ тілінде (түркі тілдерінде) үнді-еуропа тілдеріне тән фонема да, аллофон да жоқ деп есептеді. Үнді-еуропа тілдері екпінді (акцентті) тілдерге, ал қазақ (түркі) тілі үндесім (сингармониялық) тіліне жатады деген принципті ұстанды. Қазіргі таңда қазақ тілінің дыбыс жүйесі екі теориялық бағыттың принциптері бойынша зерттеліп келеді: біріншісі – дәстүрлі фонологиялық теория (І. Кеңесбаев, Ж. Аралбаев, Н. Уәли, З. Базарбаева), екіншісі – сингармониялық теория (Ә. Жүнісбеков, Ж. Әбуов). Дәстүрлі теорияны ұстанатын ғалымдар фонеманы тілдегі шағын, сөз мағынасын ажырататын функционалды бірлік деп есептейді. Ал сингармониялық теория бойынша, фонеманың қызметін сингема деген просодикалық бірлік орындайды. Сонымен бірге ұлттық дыбыстық жүйені зерттеумен қатар қазақ тіл білімінде интонология да жеке сала ретінде зерттеле бастады. Нақты айтқанда, қазақ тілінің дыбыс жүйесі тек сегментті фонетиканың аясында емес, суперсегментті фонетика тұрғысынан да зерттеліп келеді.

Қазақ тіл білімінде суперсегментті фонетиканы ғылыми тұрғыдан жан-жақты дамытқан ғалым, академик – З.М. Базарбаева. Ғалымның бастамасымен эксперименттік талдау негізінде қазақ интонациясының теориясы жасалып, интонология өз алдына жеке тіл білімінің саласы ретінде қалыптасты. Қазақ интонациясын зерттеудің тиімді әдістері, интонацияның инвариант бірліктері (интонемалары), олардың сөз ағымындағы түрленімі алғаш рет жүйелі түрде зерттелді. Интонация саласындағы зерттеулер тіл білімінің мәтін лингвистикасымен (дискурс), прагмалингвистикамен, когнитивті лингвистикамен, психолингвистикамен және лингвомәдениеттанумен байланысты жаңа бағыттарын зерттеуде үлкен мүмкіндіктер ашады. Осы ретте З.М. Базарбаева интонация саласында мектеп қалыптастырып, мамандар дайындады. 2001-2012 жж. профессор З.Базарбаева бөлім меңгерушісі қызметін атқарды. 2013 жылдан бастап, қазірге дейін бөлім меңгерушісі қызметін филол.ғ.к. А. Аманбаева атқарып келеді. Ғалым З.М. Базарбаеваның жетекшілігімен бөлімнің жас ғылыми қызметкерлерінің кандидаттық диссертациялары қорғалды (филол.ғ.к. А. Фазылжанова, филол.ғ.к. А. Аманбаева, филол.ғ.к. Ж. Жұмабаева).

Қазақ интонологиясының дамуында тілдегі грамматикалық құралдар мен интонологиялық құралдардың мағынаны жеткізудегі ара қатынасы мен үйлесімі, грамматикалық формалардың интонациялық безендірілуіндегі ерекшеліктері филология ғылымдарының кандидаты А. Фазылжанованың диссертациялық жұмысында тәжірибелік жолмен анықталды (Фазылжанова А. Қазақ тіліндегі қос құрамды құрмалас сөйлемдердің интонациясы. канд. дисс. 2000 ж.). А. Аманбаеваның зерттеуі бұған дейінгі интонациялық ізденістердің ішіндегі прагматикалық аспектіге қарай ойысқан жұмыстардың бастамасы болды. Оның диссертациялық жұмысы қазақ интонациясының прагмалингвистикалық аспектісіне арналып, дайындықсыз сөйлеудегі интонация бірліктерінің грамматикалық, жалпы категориялық мағыналардан бөлек, сөз иесінің сөйлеу дискурсына тәуелді эмоциясынан, сөзге, тыңдаушыға қатысынан ақпарат беретін құрал ретінде жан-жақты тәжірибелі түрде арнайы зерттелді. Осындай ізденістер нәтижесінде қазақ тілінің интонациялық жүйесі егжей-тегжейлі зерттеліп, олардың қорытындылары ғылыми айналымға түсіп, интонациялық деңгейдің тілдегі орны, рөлі мен маңызы анықталып, интонология қазақ тіл білімінде, түркітануда тұңғыш рет жаңа сала ретінде танылды.

Сондай-ақ профессор З.М. Базарбаева фонология, тарихи фонетика салаларында да ғылыми әрі кешенді зерттеулер жүргізіп, нәтижесінде «Қазақ фонологиясының негіздері» атты ғылыми еңбегі жарық көрді. Тарихи фонетика саласы бойынша ғалымның жетекшілігімен Ж.Т. Жұмабаеваның «Түркі тілдеріндегі дауыстылардың фонологизациялануы» атты кандидаттық диссертациясы қорғалды. Зерттеуде алғаш рет түркі тілдеріндегі дауыстылардың өзара ұқсастығы мен ерекшелігі салыстырыла отырып талданды, жүйеленді және оның даму процесі тілдік деректер негізінде анықталды. Түркі тілдеріндегі дауыстылардың қалыптасу, даму жолдары және дыбыстардың өзгерісі бүтін жүйе ретінде бірнеше кезең аралығында өзара салыстырыла отырып сипатталды.

Болашағы
Компьютерлендіру мен қазіргі заманғы технологиялардың даму дәуірінде қоғам өмірінде Қазақстанның жалпы ақпараттық және әлеуметтік -мәдени кеңістігін өсіп келе жатқан визуализациямен байланысты жылдам дамып келе жатқан цифрлық технологиялармен зерттеуге үлкен мән беріліп отыр. Цифрландыру процесі жалпы ғылымды дамытып, оны оңтайландырып қана қоймай, гуманитарлық салаларды дамытудың маңызды алғышарты болып табылатынын атап өткен жөн. Атап айтқанда, тіл – лингвистиканың зерттеу нысаны – қоғамдық қызметті үйлестіретін және жүйелейтін коммуникативті құрал. Осының бәрін ескере отырып, тілді цифрлық технологиялар дәуіріне бейімдеу және тілді дамыту, оның мүмкіндіктерін кеңейту үшін техникалық жетістіктерді пайдалану қажет. Осы орайда фонетика бөлімі қолданбалы бағытта сөз синтезі бойынша зерттеу жұмыстарын бастады.

Дыбыстық сигналдардың компьютерлік технологиялар арқылы зерттелуі тіл білімін нақты ғылымдардың қатарына қосады, мұндай зерттеулерде қойылатын сұраққа нақты жауап алуға болады. Компьютерлік төңкеріс сөз дыбыстарын зерттеуді жаңа деңгейге көтерді. Енді кез келген тіл маманы фонетикалық редактордың көмегімен экраннан спектр, тон, ұзақтық және қарқындылық сияқты дыбыс толқыны мен сигналдың акустикалық сипаттамасын байқай алады. Эксперименттік фонетика зертханасында нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін тәжірибелік- компьютерлік зерттеу әдістері қолданылады. Осы кезге дейін сөйленім синтезіне байланысты зерттеулер қолға алынып, қазақ сөзін синтездеуге қатысты және оның компьютерлік бағдарламасын құрудың теориялық негіздері анықтауды қажет етеді. Жасанды сөзді синтездеу кезінде қазақ мәтінінің табиғи дыбысталуын қамтамасыз ететін фонетика-фонологиялық белгілер сипатталады. Сондықтан болашақта сөз синтезіне қатысты ғылыми-зерттеу жобаларын жасау қажет. Жаһанданудың қазіргі дәуірінде ғылымның, білімнің және мемлекеттік қызметтердің барлық салаларында цифрлық технологияларды кеңінен қолдану қажеттілігі туындайды. Тілді сүйемелдейтін технологиялар «лингвотехнология» деген жалпы атаумен біріктіріледі.

Тіл – жеке адамдар арасындағы қарым-қатынас құралы ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік қатынастар орната отырып, ғылым мен білімнің жетістіктерін көрсететін сала. Тіл қатыспайтын салалардың саны шектеулі. Тиісінше, тілдік құзіреттіліктер тілдің фонетикалық қорын кеңейту арқылы ғана емес, сонымен қатар оның мүмкіндіктерін технологиялық қолдау арқылы да дами алады. Біздің заманымыздың әлемдік жетістіктері (автоматты аудармашылар, сөздерді машиналық талдау және синтездеу, мәтіндік редакторлар, электрондық тілдік материалдар және басқа да көптеген техникалық жетістіктер) лингвотехнологияның қарқынды дами отырып, қазақ тіл фонетикасының перспективалы бағыты болып табылатынын көрсетеді. Осының бәрін ескере отырып, тілді цифрлық технологиялар дәуіріне бейімдеу және дамыту, оның мүмкіндіктерін кеңейту үшін техникалық жетістіктерді пайдалану қажет. Соңғы жылдардағы қоғамдық-саяси және экономикалық өзгерістер қазіргі Еуразия аумағында тұратын бүкіл түркі әлемі елдерінің тіліне әсер етті.

Түркі халықтарының өз тарихын, шығу тегін, мәдениетін, әдебиетін, тілін тереңірек білуге деген ұмтылысы байқалады. Ғылым мен мәдениет саласындағы ынтымақтастық туыстас халықтар арасындағы гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамытуға ықпал ететін болады. Түркі әлемінің жалпы әлемдік қауымдастықтан айырмашылығы мен ерекшеліктері, оның ұлттық құндылықтары, түркі мәдениетінің әлемдік өркениетке қосқан үлесі сияқты мәселелер қызығушылық тудырады. Ортақ дүниетаным, рухани жақындық, менталитеттердің ұқсастығы түркі әлемінің өкілдерін жақындастырады. Тіл ұлттың басты біріктіруші белгісі болып табылады, сондықтан тіл жүйесінің барлық деңгейлерінде туыстас түркі тілдерін салыстырмалы-тарихи зерттеуге деген қызығушылықтың артуы байқалады. Осы кезге дейін фонетика бөлімі қызметкерлері тарихи фонетикаға қатысты біршама зерттеулер жүргізді. Болашақта бөлім қызметкерлері осы бағытта жұмысын жалғастыруды көздеп отыр. Түркі тілдерінің тарихи фонологиясын салыстырмалы-типологиялық талдауды қолға алған жөн.

Яғни туыстас түркі тілдерінің вокализм мен консонантизм жүйелерін бір-бірімен салыстыра отырып, олардың ұқсастығы мен ерекшеліктері анықталады және соның нәтижесінде фонетикалық жүйелердің тарихи даму кезеңдері белгіленеді. Салыстырмалы-тарихи әдістерге сәйкес алдымен туыстық жағынан жақын тілдердің дыбыс жүйелері зерттеледі. Ең алдымен олардың генеологиялық жақындығы ескеріліп, қазақ тілінің фонологиялық жүйесі қыпшақ-ноғай тобына кіретін ноғай, қарақалпақ тілдерінің фонемаларымен салыстыра қарастырылады. Сонан соң қазақ тілінің фонемалары қыпшақ тобына енетін татар, башқұрт, құмық тілдерімен де қатар зерттеледі. Кейін қазақ тілінің фонологиялық заңдылықтары қарлұқ тобына енетін өзбек, ұйғыр тілдерімен де салыстырыла қарастырылады, себебі бұл тілдердің ара жігінің айыруы шамамен XIV-XV ғасырға таман келеді. Сонымен бірге қазақ тілінің дыбыс құбылыстары оғыз тілдерімен де салыстырыла зерттеледі. Сондай-ақ туыстас түркі тілдерінің вокализм мен консонантизм жүйелерін бір-бірімен салыстыра отырып, олардың ұқсастығы мен ерекшеліктері анықталып, соның нәтижесінде фонетикалық жүйелердің тарихи даму кезеңдері белгіленеді. Сонымен қазіргі түркі тілдерінің белгілі фонетика-фонологиялық құрылымдарына сүйене отырып, ретроспекция арқылы жалпы түркі тілдерінің ататілі моделі жасалады.

Ғылыми зерттеулер
– «Ұлттық және мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің қызметі мен дамуының ғылыми негіздерін зерттеу» атты іргелі зерттеу бағдарламасының аясындағы жоба тақырыбы «Қазақ мәтінін (сөйленімін) сегментке мүшелеудің фонетика-фонологиялық негіздері» (2000-2002);
– «Тілдердің үйлесімді қызмет етуі мен дамуы – егемен Қазақстанның тұрақты және өркениетті дамуының тірегі» атты іргелі зерттеу бағдарламасының аясындағы жоба тақырыбы «Қазақ мәтінін (сөйленімін) сннтездеудің фонетика-фонологиялық негіздері және компьютерлік бағдарламасы» тақырыбы (2003-2005);
– гранттық қаржыландыру бойынша зерттеу тақырыбы «Қазақ тілінің тарихи фонетикасы: фонологизация құбылыстары (вокализм мен консонантизм жүйесі)» (2006-2008);
– гранттық қаржыландыру бойынша зерттеу тақырыбы «Қазақ тілі дыбыстарының интерактивті оқу-артикуляциясын модельдеу» (2012-2014);
– гранттық қаржыландыру бойынша зерттеу тақырыбы «Қазақ тілінің фонетика-грамматикалық бөлшектерінің (сегменттерінің) үндесім-интерактивті инновациялық модельдері» (2015-2017);
– «Қазақ тілін өзге тілді ұлттар өкілдеріне оқытудың ғылыми-дидактикалық негіздері және оның бағдарламасы» атты тақырып бойынша зерттеу жұмысы (2007-2009);
– «Қазақ тілі фонологиялық жүйесін диахрондық аспектіде зерттеу» атты тақырып бойынша зерттеу жұмысы (2009-2011);
– гранттық қаржыландыру бойынша зерттеу тақырыбы «Елдің рухани қауіпсіздік шеңберінде қазақ тілінің лингвистикалық (дыбыс) қорын зерттеу» (2011-2013);
– «Әлемдегі заманауи әлеуметтік-гуманитарлық үдерістер және елдің рухани қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі отандық ғылым мен мәдениеттің рөлі» атты қолданбалы зерттеу жұмысы (2011-2013);
– «Ұлттық тіл білімі (фонетика) бойынша инновациялық білімдер жүйесін ҚР жоғары оқу орындарына енгізу» атты тақырып бойынша зерттеу жұмысы (2014-2016);
– «Қазақ сөйленімін синтездеу: фонетикалық корпусты қалыптастыру» атты тақырып бойынша зерттеу жұмысы (2015-2017);
– «Дыбысталған дискурстың сегментті-просодикалық сипаты» атты тақырып бойынша зерттеу жұмысы (2018-2020);
– «Қазақ тілінің фонетика-фонологиялық транскрипциясын және ұлттық корпустың фонетикалық белгіленімін әзірлеу» тақырыбы бойынша зерттеу жұмысы (2021);
– «Латынграфикалы жаңа ұлттық әліпби негізінде қазақ жазуын жаңғыртудың ғылыми-лингвистикалық базасын әзірлеу» атты бағдарламалық-нысаналы зерттеу жұмысы (2018-2020).

Тұлғалар
Жұбаныш Аралбайұлы Аралбаев
(1920-1990)
Татубаев Садырбек Сәкенұлы
(1.03.1939-25.11.1986)
Кеңесбаева Сәуле Ісметқызы
(1942-2013)
Әлімхан Жүнісбек
(12.5.1938–17.08.2021)
Зейнеп Мүсілімқызы Базарбаева
(03.09.1952)
Анар Фазылжанова Мұратқызы
(20.04.1974)

Бөлімнің ғылыми қызметкерлері
Аманбаева Айсәуле Жантемірқызы
(23.02.1974)
Жұмабаева Жанар Төлендіқызы
(20.09.1980)
Қаршығаева Айнұр Аралбекқызы
(20.06.1977)
Оспанғазиева Назгүл Бақытқызы
(10.05.1984)

Фонетика бөлімінің жарияланымдары
1 Негізгі жарияланымдар 1. Кеңесбаев І. Қазіргі қазақ тілі. Лексика, Фонетика. – Алматы, 1962.
2. Кеңесбаев І. Қазақ тіл білімінің мәселелері. – Алматы, 2008. – 608 б.
3. Аралбаев Ж. Фонетическая система каракалпакского языка. АКД., – Алматы, 1949.
4. Аралбаев Ж. Учебник каракалпакского языка для русской школы (5-6кл.). – Нукус, 1954.
5. Аралбаев Ж. Фонетика казахского языка. – Алматы, 1969.
6. Аралбаев Ж. Вокализм казахского языка. – Алматы, 1970.
7. Аралбаев Ж. Вопросы казахской фонетики и фонологии. – Алматы, 1971 (авт. бірі).
8. Аралбаев Ж. Қазақ фонетикасы бойынша этюдтер. – Алматы, 1988.
9. Аралбаев Ж., Жунисбек А. Об ударении в казахском языке. Известия. АН Каз ССР. Серия обществ. №6. 1968.
10. Татубаев С. Тайны звука [Текст]: Очерки по фонетике каз. пения в сравнении с речью. – Алма-Ата: Жалын, 1978. – 152 с.
11. Кенесбаева С.С. Фонотактические модели арабизмов в казахском языке. – Алма-Ата: Наука, 1987. – 84 с.
12. Жүнісбек Ә. Қазақ грамматикасы (сегментті фонетика бөлімі). – Астана, 2002.
13. Жүнісбек Ә. Сингармонизм в казахском языке. – Алматы, 1980. – 78 с.
14. Жүнісбек Ә. Қазақ фонетикасы. – Алматы, 2009.
15. Жүнісбек Ә. Введение в сингармоническую фонетику. – Алматы, 2009.
16. Жүнісбек Ә. Қазақша-орысша фонетикалық сөздік. – Орал, 2009.
17. Жүнісбек Ә. Сингармология или неизвестный сингармонизм. – Алматы, 2020. – 144 с.
18. Базарбаева З. Қазақ тілінің интонациялық жүйесі. – Алматы: Ғылым, 1996. – 225 б.
19. Базарбаева З. Қазіргі қазақ тілі интонациясының негіздері. – Алматы: Комплекс, 2002. – 202 б.
20. Базарбаева З. Интонация казахской речи. – Германия, 2014.
21. Базарбаева З. Қазақ грамматикасы (Суперсегментті фонетика бөлімі). – Астана, 2002.
22. Базарбаева З. Казахская интонация. – Алматы, 2008.
23. Базарбаева З. Қазақ тілі: интонология, фонология. – Алматы, 2008.
24. Базарбаева З. Қазақ тілінің функциональды грамматикасы. – Алматы, 2010 (авторлық ұжым).
25. Базарбаева З. Қазақ фонологиясының негіздері. – Алматы, 2012.
26. Базарбаева З. Язык и культура. – Новосибирск, 2013 (колл. авторов).
27. Базарбаева З. Сегментті және суперсегментті фонетика мәселелері. Проблемы сегментной и суперсегментной фонетики (монография). – Алматы, 2016.
28. Базарбаева З. Вопросы современной науки. – Москва: Издательство Интернау - ка, РИНЦ. 2017. Колл. монография Т. 21.
29. Базарбаева З. Қазіргі қазақ тілінің интонация негіздері (оқулық). – Алматы, 2002.
30. Базарбаева З. Казахско-русский словарь-справочник для широкого круга чита - телей. – Алматы, 2010.
31. Базарбаева З. Казахско-русский фразеологический словарь (для широкого кру - га читателей). – Алматы, 2010 (автор. ұжымы).
32. Базарбаева З. Қазақша-ағылшынша орысша жаңа сөздер сөздігі. – Алматы, 2011.
33.Bazarbaeva Z.M. Phonologicalfoundations of the transitionkazakhalphabettolatin graphics // Life Science Journal, 2014, 11. Импакт фактор Scopus. – 0, 250. –147- 150 pp.
34. Bazarbaeva Z.M. Intonational Division of a Speech Flow in the Kazakh Langauage// International journal of environmental and science education. 2016, vol. 11, NO. 10. Импакт фактор Scopus. – 0,471. ISSN: 1306 3065. – 3669-3678 pp.
35. Базарбаева З. Корпус казахского языка: просодическая разметка // Междуна - родный журнал прикладных и фундаментальных исследований. – Москва, 2016, № 11, Импакт фактор РИНЦ -0,847 –334-338 сс. 36. Фазылжанова А. Қазақ тіліндегі қосқұрамды құрмалас сөйлем интонациясы: Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. – Алматы, 2000.
37. Фазылжанова А. Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігі (75 000 сөз) (құрастырушылардың бірі, жауапты шығарушының бірі). Бас редакторы: Ә.Жүнісбек. Құрастырушылар: Н.Уәли, Қ.Күдеринова – Алматы: Арыс, 2004.
38. Фазылжанова А. Қазақ тілінің орфоэпиялық анықтағышы (радио,-тележурналистерге арналған көмекші құрал) // Сөйлеу техникасы мен эфирдегі дыбысталған сөздің интонациясы (41-66 бб.). – Алматы, 1999.
39. Фазылжанова А. Қазақ тілі функционалды стильдеріндегі мәтіндердің айтылым үлгілері ( Ғ . Әнеспен бірге) (66 – 76); Қысқаша орфоэпиялық сөздік ( Н . Уәлиұлы, Қ. Күдериновамен бірге) (76 – 198 бб.). – Алматы: Арыс, 2004.
40. Фазылжанова А. Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі ( Жауапты редакторы мен құрастырушылардың бірі). Бас редакторы Р. Сыздық. – Алматы: Арыс, 2004.
41. Фазылжанова А. Онбестомдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігі». І - ХV томдар (жауапты редакторының, авторларының бірі). Бас редакторлары Қ. Ысқақов, Н . Уәли. – Алматы: Арыс, 2006.
42. Фазылжанова А. Орфографиялық сөздік. (құрастырушылардың бірі). Жауапты редакторы Р. Сыздық. – Алматы: Арыс, 2007.
43. Фазылжанова А. Әзербайжан, Түркия, Өзбекстанның латын графикасы не - гізіндегі жаңа әліпбиге көшу тәжірибелерін ғылыми-лингвистикалық талдау // Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру туралы ғылыми зерттеулер. – Алматы, 2007.
44. Фазылжанова А. «Рабочая тетрадь» (для начинающих самостоятельно изучать казахский язык) учебного комплекса « Тілашар» для самостоятельного изучения, изданного продюсерским центром Gala TV с видео и DVD форматным рас - ширением. – Алматы, 2007. – 15 б.т.
45. Фазылжанова А. Орфоэпиялық сөздік (құрастырушылардың бірі). Жауапты редакторы Ғ . Әнес. – Алматы: Арыс, 2008.
46. Фазылжанова А. Гуманитарлық бағыттағы қазақ мектептерінің 10 сыныбына арналған «Қазақ тілі. Сөз мәдениеті» кешенді оқулығының «Дидактикалық материалдары» ( Н . Уәли, А.Қоблановамен бірге). – Алматы: Мектеп, 2004, 2008, 2011 жж.
47. Фазылжанова А. Гуманитарлық бағыттағы қазақ мектептерінің 10 сыныбына арналған «Қазақ тілі. Сөз мәдениеті» кешенді оқулығының « Диктанттар мен мазмұндамалар жинағы» ( Н . Уәли, А.Қоблановамен бірге). – Алматы: Мектеп, 2004, 2008, 2011 жж.
48.Фазылжанова А. Қазақ әдеби тілінің сөздігі. І - ХV томдар (құрастырушы авторларының, арнаулы редакция мүшелерінің, том редакторларының бірі). – Алматы: Дәуір, 2011.
49. Фазылжанова А. Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде қалыптастырудың тарихи тағылымы және оны дамытудың әлеуметтік-лингвистикалық негіздері ( Н . Уәли, Қ. Күдериновамен бірге) // Становление и развитие независимого Казахстана: социогуманитарный анализ (междисциплинарный проект). – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2011.
50. Фазылжанова А. Қолданбалы фонетиканың әлеуметтік қызметі (З . Базарбаева, Ә . Жүнісбек, А.Аманбаевамен бірге) // Тәуелсіз Қазақстан: қазақ тілінің қоғамдық-әлеуметтік қызметі. – Алматы: Нұр-Принт, 2011.
51. Фазылжанова А. Орфографиялық сөздік. – Алматы: Дәуір, 2013 (авторлардың және жауапты шығарушылардың бірі).
52. Фазылжанова А. Жаңа ұлттық әліпби негізінде қазақ жазуын реформалау: теориясы мен практикасы. Ұжымдық монография / жалпы редакц. басқарған А. Фазылжанова. – Алматы: Қазақ тілі, 2016. – 560 б.
53. Аманбаева А. Дайындықсыз еркін сөйлеу интонациясын эксперименттік жолмен зерттеу // «Академик Ә.Қайдар және қазақ тіл білімінің өзекті мәселелері». – Алматы, 2004.
54. Аманбаева А. Түркі тіл біліміндегі морфонология құбылысының пайда болуы мен қызметі // Тілтаным, №2. – Алматы, 2008.
55. Аманбаева А. Интонациялық бірліктердің прагмалингвистикалық сипаты (монография). – Алматы, 2012.
56. Аманбаева А. М . Балақаев. Ұлы дала тұлғалары (ұжымдық еңбек). – Алматы, 2014.
57. Аманбаева А. Сөйленім синтезі: форманттық және компилятивтік әдістер // Тілтаным, № 2. – Алматы, 2016.
58. Жұмабаева Ж. Түркі тілдеріндегі дауысты дыбыстардың тарихи негіздері (монография). – Алматы, 2012.
59. Жұмабаева Ж. М . Балақаев. Ұлы дала тұлғалары (ұжымдық еңбек). – Алматы, 2014.
60. Жұмабаева Ж. Қазақ вокализмінің даму жолдары // ҚР ҰҒА Хабарлары №1. – Алматы, 2006. – Б. 72-75.
61. Жұмабаева Ж. Орхон- Енисей ескерткіштеріндегі дауысты дыбыстардың көрінісі // «Академик Рәбиға Сыздық және қазақ тіл білімінің мәселелері». – Алматы, 2004. – Б. 159-161. 62. Жұмабаева Ж. Көне түркі тілдеріндегі дауыстылардың сипаты // Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ хабаршысы. Филология сериясы, №7. – Алматы, 2005. – Б. 41-44.
63. Қаршығаева А. Жаңа фонетикалық ұғымдар мен олардың атаулары // Әл-Фараби атындағы ҚҰУ Хабаршысы. Филология сериясы, № 5. – Алматы, 2006. – Б. 33-35.
64. Қаршығаева А.Қазақ тілінің артикуляциялық фонетикасы // Әл-Фараби атындағы ҚҰУ Хабаршысы. Филология сериясы, № 9. – Алматы, 2007. – Б. 193-195.
65. Қаршығаева А. Кәсіби қазақ тілі Жоғары оқу орындарының «Халықаралық қатынастар» мамандығына арналған оқу құралы // Оқу құралы. – Алматы: Тұран университеті, 2012.
66. Қаршығаева А. Кәсіби бағдарлы қазақ тілі Жоғары оқу орындарының «Маркетинг» мамандығына арналған оқу құралы // Оқу құралы. – Алматы: Тұран университеті, 2014.
67. Қаршығаева А. Кәсіби қазақ тілі Жоғары оқу орындарының «Есеп және аудит» мамандығына арналған оқу құралы // Оқу құралы. – Алматы: Тұран университеті, 2018.
68. Оспанғазиева Н. Бірөлшемді және көпмөлшерлі айырым белгілер // ҚР ҰҒА Хабарлары, №5. – Алматы, 2008.
69. Оспанғазиева Н. Қазіргі қазақ тілі фонетикасының зерттелу бағыттары // «Рухани-ғылыми мұра» тақырыбындағы республикалық ғылыми теориялық конференция материалдары. – Алматы, 2008.
70. Оспанғазиева Н. Фонема және оның айырым белгілері // ҚР ҰҒА Хабарлары, №4. – Алматы, 2009.