Тарихи
Тіл тарихы мен диалектология бойынша ғылыми мәселелердің академиялық тұрғыдан қарастырылуы мен зерттелуі XX ғасырдың 40-ыншы жылдарында басталды. Ол белгілі ғалымдар Н. Сауранбаев, І. Кеңесбаев, С. Аманжолов, М. Балақаевтардың ғылыми-зерттеушілік, ғылыми- ұйымдастырушылық жұмыстарымен, қорғалған диссертациялық еңбектерімен тығыз байланысты болды. Әсіресе Н. Сауранбаев пен І. Кеңесбаев, 1940-50 жж. тіл саласын басқара отырып, қазақ тілінің тарихы мен диалектологиясының дамуына зор үлес қосты.
Нығмет Сауранбаевтың 1943 ж. қорғалған «Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесі» атты, Ісмет Кеңесбаевтың 1944 ж. қорғалған «Қазақ тіліндегі тиянақты сөз тіркестері» атты докторлық еңбектері тікелей болмаса да, жанама түрде қазақ тілі тарихының мәселелерін көтерді. Н. Сауранбаев өзінің 1948 ж. Академия Хабаршысында жарияланған «Некоторые черты древнекипчакского языка» атты мақаласында қазақ тілінің көне қыпшақ тілінің тікелей мұрагері болып табылатынын дәлелдеді. 1954 ж. шығыстанушылардың Кембридж қаласында өткен халықаралық конгресінде «К вопросу об образовании казахского языка» деген тақырыпта үлкен баяндама жасады. Ғалым өз өмірінің соңғы жылдарында Тіл-әдебиет институтындағы «қазақ тілі тарихы мен диалектологиясы» бөлімін басқарды.
Сәрсен Аманжоловтың 1959 ж. жарық көрген «Вопросы диалектологии и истории языка» атты еңбегі – тіл біліміндегі қазақ диалектологиясы мен қазақ тілінің тарихы бойынша жазылған сүбелі еңбек болды. Өз алдына жеке отау тіккен Тіл институтына 1961-1978 жж. басшылық жасаған академик І. Кеңесбаев тіл тарихы, диалектология салаларының кеңінен қанат жайып, өркендей дамуына зор еңбек сіңірді. 1960-жылдары М. Балақаев қазақ әдеби тілінің тарихы бойынша жұмыстарға басшылық жасады. Бұлардан да басқа қазақ әдеби тілі тарихын зерттеудің жеке мәселелеріне арнап мақалалар жазған, пікірлерін білдірген Ғ. Мұсабаев, А. Ысқақов тәрізді аға буын ғалымдар болды. Бұлардың тіл тарихына, қазақ әдеби тілінің сыр-сипатына, даму бағытына қатысты айтылған пікірлері мен ұстанымдары кейінгі зерттеушілерге ой салып, пікір сайысына қатыстырып, ғылыми ізденіс жолдарын сілтеген, мұрындық болғанын айту керек.
Қазақ диалектологиясы қазақ тілінің жергілікті ерекшеліктері мен сөйленістерін арнайы зерттейтін ғылыми саласы ретінде 1930-жылдардың аяғынан бастап қалыптаса бастады. Халықтың ауызекі сөйлеу тіліндегі өзгешеліктерді жинауға арналған бірінші экспедиция (Нарынқол, Кеген, Нұра, Мақтаарал аудандарындағы) 1937 ж. профессор І. Кеңесбаевтың басшылығымен қолға алынды. 1939 ж. Маңғыстау, 1940 ж. Орда қазақтарының тіліндегі өзгешеліктер зерттелді. 1945 ж. Тіл мен әдебиет институтында қазақ тілінің тарихы мен диалектологиясын зерттейтін арнаулы бөлім құрылуымен байланысты халық тіліндегі өзгешеліктерді жинау жұмысы жандана түсті. 1945 ж. Қазақ КСР Ғылым Академиясы Тіл мен әдебиет институты кезінде құрылған «Қазақ тілінің тарихы мен диалектологиясы» бөлімінің алғашқы меңгерушісі (1945-1954 жылдары) филология ғылымдарының кандидаты Ж. Досқараев, одан кейінгі жылдары бөлімді Ш. Сарыбаев, Н. Сауранбаев басқарды. Аталған ғалымдардың бөлімге жетекшілік еткен кезеңде тіл тарихы мен диалектология мәселесіне арналған өзекті тақырыптар нысан ретінде алынып, диссертациялар қорғалды. Ж. Досқараев «Оңтүстік диалектісінің кейбір мәселелері» (1945) деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап, 40 жыл бойы үзбей диалектологиялық экспедицияларға қатысып, зерттеулер жазып, қазақ диалектологиясының қалыптасуына үлес қосты. 1950-1960 жж. диалектология саласының дамуында, еліміздегі, сондай-ақ оның сыртындағы диалектілік ерекшеліктерді жинастыру ісін ғылыми жолға қоюда, оларды зерттеп-зерделеп, ғылыми жинақтар шығаруда, ғылыми монографиялар дайындауда, жоғарғы оқу орындарына арналған оқулықтар жазуда Шора Шамғалиұлы Сарыбаевтың ерекше зор еңбек сіңіргендігін айту қажет.
Қазақ диалектологиясының жеке ғылым болып қалыптасуына көп еңбек сіңірген С. Аманжолов ұзақ жылдар бойы жоғары оқу орындарында осы пәннен дәріс беріп, маман дайындау ісіне үлес қосты. Диалектілердің даму сипаты, айырым белгілері, тайпалық тілдермен байланысы, ұлттық әдеби тілдің диалектілік негізі сияқты мәселелерге қатысты ғылыми тұжырым жасаған, күрделі еңбегі – «Қазақ тілінің негізгі проблемалары» деген тақырыптағы докгорлық диссертациясы (1948) мен жоғарыда аталған «Вопросы диалектологии и истории казахского языка» (1959) атты монографиясы тек қазақ тіл білімінде емес, түркітану бойынша қоғамдық ғылымдағы елеулі табыстардың бірі ретінде бағаланды. Қазақ сөйленістерін топтастыру мәселесі жөнінде диалектологтардың арасында әртүрлі пікірлер болды. Кейбір зерттеушілер «қазақ тілінде 3 диалект бар» десе (С. Аманжолов), енді бір зерттеушілер «2 диалект бар» деген көзқарасты ұстанды.
Тіл мамандарының бірқатары (С. Аманжолов, Н.Т. Сауранбаев, Ш. Сарыбаев, Ғ. Қалиев) жергілікті ерекшеліктерді диалект сипатында деп қараса, екінші бір тобы (І. Кеңесбаев, Ж. Досқараев, Ғ. Мұсабаев) оларды сөйленіс сипатында деп есептеді. Жиналған материалдар мен зерттеулер нәтижесінде мынадай негізгі тұжырымдар жасалған: қазақ тілінде сөйленістер тобы – төртеу. Олар: а) шығыс сөйленістер тобы; ә) батыс сөйленістер тобы; б) оңтүстік сөйленістер тобы; в) орталық-солтүстік сөйленістер тобы. 1960-жылдардың соңында қазақ диалектологиясы бойынша жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған Ш. Сарыбаев пен Ғ. Қалиевтің «Қазақ диалектологиясы» (1967) атты оқулығы, Ғ. Қалиев, О. Нақысбеков, Ш. Сарыбаевтың «Қазақ диалектологиясы – практикумы» (1967) жарыққа шықты. Диалектологиялық сөздіктің алғашқы үлгісі ретінде бірізге түсірген Ж. Досқараевтың «Қазақ тілінің жергілікті ерекшеліктері» атты тұңғыш сөздігі 1955 ж. басылып шықты. 1959 ж. «Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігін» профессор С. Аманжолов шығарды. Онан кейін де жылма-жыл диалектологиялық экспедициялар ұйымдастырылып, қыруар материалдар жиналды, диссертациялар қорғалды. Солардың негізінде 1969 ж. «Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі» жарық көрді.
Қазақ диалектологтары (Ә. Нұрмағамбетов, Ғ. Қалиев, Т. Айдаров және т.б.) лексикалық материалдарды жүйеге келтіріп, лексика-семантикалық топтарға бөліп, өздері зерттеп отырған тұрғындар тіліндегі архаизм, неологизм, кірме сөздер, аймақтық сипаттағы кәсіби сөздер, фразеологизмдер, табу, эвфемизм, семантикалық ерекшеліктерді ғылыми мәселелер тұрғысынан зерттеді. 1961 ж. Тіл мен әдебиет институты негізінде құрылған ҚазақССР Ғылым академиясының Тіл білімі институтында «Тіл тарихы және диалектология» бөлімі қайта құрылып, 1961-1967 жж. бөлімнің меңгерушісі Р. Сыздықова болды. Одан кейінгі жылдары бөлімді Ш. Сарыбаев, Е. Қажыбек басқарды. Бұл кезеңде де біраз ғалымдар диссертациялар қорғап, ғылыми еңбектер жазып, шәкірттер тәрбиелеп келді. Олар: Б. Әбілқасымов, Р. Сыздықова, Е. Жанпейісов. Тіл тарихын зерттеушілердің келесі тобына Ғ. Айдаров, А. Махмұдов, Б. Бафин, С. Исаев, Т. Арынов, А. Есенғұлов, Қ. Өмірәлиев, Ә. Ибатов, Ә. Құрышжанов, Т. Қордабаев, Е. Жұбанов кіреді. Аталған ғалымдардың бірқатары (С. Исаев, Ә. Құрышжанов, Ә. Ибатов, Т. Қордабаев, Е. Жұбанов) өмірінің кейінгі жылдарында жоғары оқу орындарына ауысып кеткенмен, қазақ тілінің тарихын зерттеудегі сүбелі еңбектері Тіл білімі институтының қабырғасында орындалып, көбі Академияның «Ғылым» баспасынан жарық көрген болатын. Бұл жерде қазақ тілінің ерте кезеңдердегі қалыптасуын, қазақ тілі тарихына қатысы бар түркі жазба ескерткіштері тілін арнайы зерттеген, көлемді бірнеше монографиялық еңбек жазған мамандар аталып отыр. Мұнда арнайы Тіл тарихы бөлімінің болуы, осы сала мамандарының бір орында шоғырлануы, жиі-жиі пікір алмасып отыратын мүмкіндіктеріне жол ашты, тіл тарихы мамандары тәрбиеленді. Тіл тарихын зерттеу проблеманың бірнеше қырынан келуді қажет етеді.
Профессор М. Балақаев өзінің шәкірттері Р. Сыздықова мен Е. Жанпейісовке «Қазақ әдеби тілінің тарихы» атты еңбек жазуды ұсынды. Ол еңбек осы атаумен 1968 ж. жоғары оқу орындарының филология факультеттеріне арналған оқулық ретінде жарық көрді. Әрине, бұл көп тұста келтелеу қайырылған, қажет иллюстративтік материалы онша толық емес тұңғыш жұмыс болатын. Бірақ аса қажет, көп ретте негізгі тұжырымдарға жөн сілтеген бастама екенін айту керек. Әрі қарай қазақ әдеби тілі дамуының белгілі бір кезеңдерін жеке-жеке зерделеп, тың деректермен толықтыру, сондай-ақ әдеби үлгілердің ауызша, жазбаша типтерін арнайы бөліп талдау жұмыстары жалғастырылды. Осы ретте Р. Сыздықованың ХV-ХІХ ғ. аралығындағы қазақ әдеби тілінің тарихын, Б. Әбілқасымов пен оның шәкірті Ш. Мәжітаева XVIII-XX ғасырлардағы қазақ әдеби тілінің жазба нұсқаларын зерттеді. Алдымен, «әдеби тіл» деген категорияның статусын анықтап алуға тура келді. Қазақ ғалымдарының аға буын өкілдері М. Балақаев, Т. Қордабаевтар қазақтың әдеби тілі XIX ғасырдың II жартысында, қазақ тіл мамандарының бұлардан кейінгі тобы Р. Сыздықова, Қ. Өмірәлиев, Е. Жұбанов және т.б. ғалымдар «әдеби тіл» статусына ие болу жазу-сызуға үзілді-кесілді қатысты емес, ауызша тарап, ауызша сақталған көркем шығармалар да әдеби тіл үлгілері болып табылады. Осы тұжырымды ұсынып, нақты фактілермен дәлелдеген монографиялар, ғылыми мақалалар, оқулықтар мен өзге де құралдар жарық көрді. Жоғарыда көрсетілген «Қазақ әдеби тілінің тарихы» атты Р. Сыздықованың, С. Исаевтың, Б.Әбілқасымовтың оқулық-монографияларынан басқа Тіл білімі институтының жұмыс жоспары бойынша бөлім қызметкерлерінің қаламынан өзге де құнды еңбектер шықты: Өмірәлиев Қ. «XV-XIX ғасырлардағы қазақ поэзиясының тілі» (1976); Өмірәлиев Қ. «Қазақ поэзиясының жанры мен стилі» (1983); Жұбанов Е. «Эпос тілінің өрнектері» (1978); Жұбанов Е. «Қазақтың ауызекі көркем тілі» (1996); Жұбанов Е., Малбақов М. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» эпосының текстологиясы» (Алматы: 1994). Бұл еңбектерде қазақтың ауызша әдеби тілінің үлгілері болып табылатын XV-XIX ғасырларда жасап өткен ақын-жыраулардың өлең-толғауларының тілі, ауыз әдебиеті үлгілері талданып, танытылды, олардың әдеби тіл туындылары екендігі дәлелденді.
Қазақ әдеби тілінің зерттелу тарихын сөз еткенде, оның даму жолындағы орындары мен қосқан үлестері айрықша көрінетін Бұхар жырау (XVIII ғ.), Махамбет Өтемісұлы (XIX ғ. I жартысы), Дулат Бабатайұлы (XIX ғ. ортатұсы), Ыбырай Алтынсарин (XIX ғ. II жартысы), Абай (XIX ғ. II жартысы) сынды ақын, жырау, ағартушыларды аттап кетуге болмайтыны анық. Осы орайда да тіл тарихы бөлімі тарапынан соңғы 50 жылда жүргізілген зерттеулер, жарық көрген еңбектер – бір төбе. Қазақ әдеби тілі тарихында орны ерекше аталатын, жоғарыда көрсетілген алыптардың ішінен Тіл білімі институтының жұмыс жоспарларынан орын алған, жеке монографиялық еңбектердің нысаны – Абай шығармаларының тілі. Түркі халықтары тіл білімінде тұңғыш рет жеке қаламгер тілінің сөздігі қазақ мәдениетінде дүниеге келді. Оны Тіл білімі институты жүзеге асырды («Абай тілі сөздігі», 1968 ж. 735 бет). Бұл ұжымдық еңбек кезінде түркітану дүниесінде жақсы бағаланды, өзгелерге үлгі ретінде танылды. Бұл сөздіктен басқа да Абай тіліне арналған үш монографиялық зерттеу жарық көрді: Сыздықова Р. Абай шығармаларының тілі (лексикасы мен грамматикасы) (1960); Абайдың сөз өрнегі (1995); Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы (1970).
Бұларда ұлы ақынның қазақ әдеби тілінің жаңа кезеңіне сай ұлттық жазба әдеби тілінің негізін қалаған қызметі, өлең техникасындағы жаңалықтары, поэтикалық амал-тәсілдері кеңінен талданды. Қазақ тілінің кешелі-бүгінгі даму тарихын әр қырынан зерттеу еңбектерін жариялауда жоғарыда аталған жинақтан өзге де мақалалар топтамалары болып танылатын «Қазақ әдеби тілінің тарихи көздері» (1989); «Қазақ әдеби тілінің проблемалары» (1987); «Қазақ әдеби тілінің қалыптасу тарихы мен даму жолдары» (1981); «Исследования старо-тюркских письменных памятников» (1990) сияқты жинақтарда І. Кеңесбаевтың, Ғ. Айдаровтың, Ә. Құрышжановтың, Б. Әбілқасымовтың, А. Ибатовтың, Е. Жұбановтың, Р. Сыздықованың, Қ. Өмірәлиевтің және т.б. мақалалары жарияланды. Қазақ тілі тарихын зерделеуде көне және орта ғасырлардағы түркі жазбаларына назар аударып, олардың қазақ тіліне қатысты тұстарын (белгілерін) көрсету де соңғы 50 жылда бой көтерген ғылым тармағы. Бұл орайда елеулі еңбек еткен қазақ тіл мамандары V-VІІІ ғасырлардағы Орхон-Енисей жазбаларының тілі мен эпиграфиясын зерттеп, тек қазақ тіл біліміне ғана емес, жалпы түркологиялық ғылымға елеулі үлес қосқанын баса айту қажет. Әсіресе көне түркі ескерткіштерін зерттеген белгілі ғалым Ғ. Айдаровтың жоғарыда аталған 50-ге жуық қазақ және орыс тілдеріндегі мағлұматтық-танымдық мақалалары мен көлемді монографияларының кең тарағанын атау керек. Ғалымның осы бағыттағы мынадай зерттеулерін Тіл білімі институтының жоспарлы жұмыстары ретінде жүзеге асырылған үлкен ғылыми табыс деуге болады: Язык орхонских памятников древнетюркской письменности VIII в. (1971); Көне түркі жазуларынан материалдар (1966); Язык орхонского памятника Бильге-Кагана (1966); Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі (2010).
Орта ғасырлардағы түркі жазба ескерткіштерін зерттеп, оның қазақ тіліне қатысын көрсетуде Ғ. Айдаровтан басқа да Тіл білімі институты қызметкерлерінің еңбектері бар: Сыздықова Р. Язык Жами-ат-тауарих Жалаири (1989). Сыздықова Р., Қойгелдиев М. Қадырғали Қосымұлы және оның «Жылнамалар жинағы» (1991). Алдыңғы басылымда зерттеу жұмысы түркітанушы ғалымдарға қаратыла орыс тілінде таза ғылыми талдаулар түрінде ұсынылды. Жалайыр биі Қадырғали Қосымұлының бұл жазбасы ескі қазақ жазба әдеби тілінің бірден-бір үлгісі деп танытылды. Бұл ескерткіштің ерекше маңызы – қазіргі қазақ әдеби тілінің бұдан төрт ғасыр бұрын дүниеге келген нағыз ұлттық жәдігер, яғни тілдік-стильдік сүйегі қазақ тілі екендігінде. Көне түркі жазбаларының ішіндегі қыпшақ және басқа да ескерткіштердің зерттелуі де орын алды: Құрышжанов А. «Исследование по лексике «Тюркско-арабского словаря» (1970); Айдаров Ғ., Құрышжанов Ә., Томанов М. «Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі» (1971); «Тіл тарихы жайында ойлар». Түркі жазба ескерткіштері жайында жарық көрген ғылыми мақалалар жинағы (2008). Бұл жинақта едәуір көлемді 25-ке жуық ғылыми мақалада қыпшақ тілдеріндегі жазба нұсқалар, «Кодекс Куманикустің» пайда болу тарихы мен тілдік сипаты, Әбу-Хайян қыпшақ тілін зерттеуші екендігі, Махмуд Қашғари еңбегінің зерттелу тарихы туралы еңбектердің үзіктері берілген. Ә. Құрышжановтың қыпшақтанушы-түрколог ретінде кеңінен танылуы – қазақ тіл білімінің табысы. Көне және ортағасырлық түркі ескерткіштерін зерттеу – тек қазақ тіл біліміне ғана емес, жалпы түркологияға үлес қосатын ізденістер. Солардың ішінде ертеректегі жалпы түркі халықтарына ортақ (ХІ-ХІІғ.) түркі жәдігерлерінің бірі Қожа Ахмет Яссауидің «Хикметтері» болса, ол да қазақ тіл мамандарының назарынан тыс қалған жоқ (Сыздық Р. Ясауи «Хикметтерінің» тілі, 2004). Түркі жазбаларының ортағасырлық ескерткішінің тағы бірі – Хиуа ханы Әбілғазының «Түрік шежіресін» зерттеген Б. Әбілқасымовтың «Әбілғазы баһадүр «Түрік шежіресі» (1988) деген еңбегінде ескерткіштің авторы мен оның жазылу, зерттелу тарихы баяндалып, 9 тарауға (бапқа) бөлінген толық мәтіні қазіргі қазақ тіліне аударылып берілген. Түркі халықтарының фольклорлық шығармаларының хатқа түскен көне үлгілерінің бірі – «Оғыз қаған» эпосы. Оны зерттеуші Қ. Өмірәлиев «Оғыз қаған эпосының тілі» (1988) деген еңбегінде бұл мұраны мұқият талдап, зерттеудің әр қырынан келеді. Эпосқа негіз болған аңыз-әңгімелер мен тарихи деректер туралы баяндайды, жанрын анықтайды, грамматикасын талдап береді. Бұл ретте Қ. Өмірәлиевтің көрсетілген еңбегі кейінгі зерттеушілерге үлгі-өнеге болды деуге болады. Түркі жазбаларының тілін зерттеудің жалғаса түскенін көрсететін еңбектер де бар: «Гүлстан», «Хусрау уа Шырын» ескерткіштері тіліндегі жеке морфологиялық бірліктерді сөз еткен Тіл білімі институтының аспиранты болған Ә. Керімовтың, «Айқап» журналының тілін зерттеген XX ғасырдың 90-жылдарына дейін Тіл білімі институты қызметкері болған Н. Қарашеваның, кезінде Тіл білімі институтында қызмет еткен М. Мәженованың Әбу-Хаййанның «Китаб-әл-идрак ли-лисан ли-атрак» атты жазбасын сөз еткен мақалалары да қазақ тілі тарихын кеңірек сөз етуге көмегі тиетін талдаулар мен пікірлерді қамтыған жұмыстар болды. Көне, ескі түркі жазбаларының тағы бірі – армян жазулы қыпшақ ескерткіштері. Бұны зерттеуде белгілі қыпшақтанушы ғалым, профессор А.Н. Гаркавецтің жазған еңбектері – әлемдік түркітанудың алтын қазынасына кіретін дүниелер. «Дана хикар сөзінің тілі» (1990) деген еңбекте зерттеуші С. Құдасов ескерткіш тілінің лексикасын, фонетикасын, морфологиясын жан-жақты талдап, мәтінін қазіргі қазақ графикасымен транскрипциялап, қазақ тіліне тұңғыш рет тәржімалаған, қыпшақша-қазақша сөздігін берген.
Демек, Тіл білімі институты сияқты ғылым орталығында көне, ескі түркі ескерткіштерін зерттейтін мамандар өсіп, біршама жетіліп, белгілі бір мектебі жұмыс істеді деуге болады. Сонымен қатар мұндай мамандардың дұрыс жол іздеп, айтарлықтай табыстарға жетулерінде олардың алдындағы аға буын қазақ білімпаздары тұрды. Қ. Жұбанов, І. Кеңесбаев, С. Аманжолов, Ә.Х. Марғұлан, Н. Сауранбаев, Б. Кенжебаев, Г. Санжеев, М. Балақаев, Ғ. Мұсабаев т.б. сияқты зерттеушілер мен С.Е. Малов, Э. Наджип, Ц.Д. Номинханов сияқты түрколог-моңғолтанушылар осы пәннің (проблеманың) әр қырынан келіп білдірген пікірлері, жөн-жосықты көрсеткен сілтемелері, ғылыми еңбекке мейлінше ден қойған іздемпаздықтары үлгі-өнеге болды. Н. Сауранбаевтың «Қазақ әдеби тілінің тарихын зерттеу туралы» («Қазақ тілі тарихы мен диалектологиясының мәселелері» атты жинақта, 1960, 3-шығуы) деген мақаласы және осы ғалымның қазақ әдеби тіл тарихын тікелей сөз еткен «К истории казахского литературного языка» (Вестник АН КазССР, 1947, №12); «К истории казахского литературного языка» (Труды III сессии АН КазССР, 1949) деген мақалалары, С. Аманжоловтың «Памятники древнетюрской письменности и их отношения к современным тюркским языкам» (Материалы 1 Всесоюзной научной конференции востоковедения. Ташкент, 1958) және «Вопросы диалектологии и истории казахского языка». (Часть I. Алма-Ата, 1959) сияқты еңбектері – бұдан 60-70 жыл бұрын жазылған болса да, күні бүгінге дейін ғылыми-танымдық, ішінара теориялық мәнін жоғалтпаған дүниелер. Тіл тарихын сөз ету үстінде жазу (графика) мәселелеріне соқпай кету мүмкін емес. Түркі халықтары тарихында жазу-сызу дәстүрінің болғандығын, оның түрін, яғни руникалық түркі графикасын, орта ғасырларда орын алған ұйғыр жазуын, араб жазуын талдап-танытудың ғылыми жолын Тіл білімі институтында бастаған түркітанушы А. Аманжоловтың 60-жылдардың орта тұсынан бастап газет-журналдар мен жинақтарда, Академияның «Хабарлары» мен «Хабаршысында» қазақ, орыс тілдерінде жазып жариялаған мақалаларының ғылыми-танымдық мәні зор болды. Ғалым руникалық таңбалардың сырын ашып, таныстырып қана қоймай, қалай оқу амалдарын да көрсетеді. 1950-жылдардың аяқ тұсынан бастап, лингво-географияның ғылыми теориялық негіздері мен методикалық-практикалық проблемаларын сөз етуге арналған зерттеулердің бұрынғы Кеңес Одағының ғылыми орталықтарында кең өріс алуы бұл әдістің ұлт республикаларында дамуына айта қалғандай қозғау салды. Қазақ лингвогеографиясының қалыптасуы қазіргі А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында 60-жылдардың орта шенінен бастап жоспарлы түрде іске асырыла бастады. Бір топ қазақ диалектологтері 70-жылдардың бас кезінде аталған өңірлерден жиналған тілдік құбылыстардың арасынан басты-басты дегендерін іріктеп алып, карта бетіне түсіріп, 250-ден астам лингвистикалық карта жасап шығарды.
Карталарды жасаған да, оған керекті мәліметті экспедицияларға шығып жинаған да Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының сол кезде «Диалектология бөлімі» деп аталған бөлімінің ғылыми қызметкерлері – Ш. Сарыбаев, О. Нақысбеков, С. Омарбекұлы, Ж. Болатов, Ә. Нұрмағамбетов, Қ. Айтазин. Қазақ тілінің лингвистикалық атласының картографиялық жұмысын мол диалектологиялық деректерді кеңінен пайдалана отырып, белгілі диалектолог-ғалымдар С. Омарбеков пен О. Нақысбеков қазақ тілінің фонетикалық, грамматикалық, лексикалық жүйесін лингвогеографиялық тұрғыдан сипаттауға арналған карталар сериясын құрастырып шығарды. Осы карталардың ішінен іріктелініп алынған 300 карта «Қазақ тілінің кіші лингвистикалық атласына» енді. Атласта қазақ сөйленістеріне тән деген құбылыстардың тараған географиясы жақсы анықталған бастылары қамтылған. Халықтық тілдегі фонетикалық, грамматикалық, лексикалық ерекшеліктерді лингвистикалық карта тілімен түсіндіруді көздейтін бұл атлас – осы саладағы алғашқы көлемді еңбек, тұңғыш тәжірибе. Тіл тарихын, оның ішінде әдеби тіл тарихын зерттеуде тарихи лексикология, тарихи грамматика, тарихи фонетика, тарихи семасиология пәндерінің де маңызы зор. Мысалы, Тіл білімі институтында орындалып, 1988 жылы жарық көрген «Қазақ тілі тарихи лексикологиясының мәселелері» атты жинақта аса құнды материалдар берілген. Жинақтағы академик Ә. Қайдаровтың көлемді мақаласында қазақ тілінің тарихи лексикологиясының проблемалары мен міндеттері анық баяндалып, оның тіл тарихын теориялық тұрғыдан зерттеудегі маңызы өте зор екендігі жан-жақты көрсетілген. К. Хұсайыновтың «Дыбыс бейнелеуші негіздердің морфологиялық құрылымы», Ж. Манкееваның «Қазақ тіліндегі екі буынды императив тұлғалы етістіктерге морфемалық талдау»; Ғ. Әнесовтің «Қазақ тіл біліміндегі этимологиялық зерттеулердің негізгі бағыттары» сияқты мақалалары қазақ тілі тарихын әр қырынан танып-білуге зор септігін тигізетіндері даусыз. XX ғасырдың 80-жылдарында түркі тілдеріндегі синкретизм құбылысын зерттеуге зор үлес қосқан Е.З. Қажыбектің еңбегі – өз алдына бір төбе.
Тіл білімі институтында ғылыммен «ауызданған», тіл тарихын зерттеу қырларымен таныса бастап, кейін университетке жұмыс орнын ауыстырған М. Томанов «Қазақ тілінің тарихи грамматикасы» (1988); «Қазақ тілі тарихи грамматикасының мәселелері». Фонетика. Көмекші құрал (1974); А. Әбілқаев, Қ. Өмірәлиев, Ш. Сарыбаев «Қазақ тілінің тарихи грамматикасы» (бақылау-пысықтау жаттығулары (Алматы, 1975) сияқты ғалымдардың көрсетілген еңбектері қазақ тілінің тарихын танытудың көкжиегін кеңіте түсті. Кеңес Одағы кезіндегі түркі халықтарының ішінде тұңғыш этимологиялық сөздік қазақ ғалымдарының қолынан шықты («Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі». Алматы: Ғылым, 1966 ж.). Сөздікті жасаушылар Тіл білімі институтының ғалымдары: А. Махмұтов, Ә. Құрышжанов, Ә. Қайдаров, Б. Бафин, Б. Сүлейменова, Ж. Болатов, Н. Қарашева, С. Исаев, Ш. Сарыбаев, І. Кеңесбаев. Тікелей тарихи лексикология мен этимологияға арналған ғылыми-танымдық жұмыстар жеке мақалалар түрінде де ұсынылды. «Қызықты этимологиялар» деп аталатын «көпшілік қолды» этимологиялық ізденістер де тіл тарихын тануда үлкен септігін тигізеді. Солардың бірі ретінде Р. Сыздықованың «Сөздер сөйлейді» (1980; 1994; 2004) атты еңбегін атауға болады.
Тіл білімі институтында ұзақ жылдар қызмет еткен ғалым Ә. Нұрмағамбетов және өзге де қызметкерлер этимологиялық талдауларға арнап көптеген мақалалар мен кішігірім кітапшаларды ұсынды: Ә. Нұрмағамбетов «Жергілікті тіл ерекшеліктерінің төркіні» (1985); «Бес жүз бес сөз» (1994) және т.б. Р. Сыздықова, Ә. Нұрмағамбетов, А. Махмұтов, Қ. Өмірәлиев, Е. Жанпейісов, Н. Уәлиевтің этимологиялық мақала-этюдтері қазақ тілі тарихын тануда ғылыми негізі мықты, талдаулары дәл ізденістер болды. Қазақ лексикологиясының диахрондық дамуын бақылауда мол материал беретін, теориялық негіздерін бекіте түсетін монографиялық еңбектер мен сөздіктер де Институт ғалымдарының қаламынан шыққан. Олар: Е. Жанпейісовтің «Этнокультурная лексика казахского языка» (1989); К. Хұсайыновтың «В.В. Радлов и казахский язык» (Алма-Ата: Наука, 1981) атты монографиялары. 1960-жылдардан бастап «Қазақстан мұғалімі», «Қазақстан мектебі» деген журналдардың беттерінде қазақ тілін, оның ішінде қазақ әдеби тілінің тарихын сөз еткен мақалалар жиі орын алды (Ғ. Айдаровтың, Қ. Өмірәлиевтің, Б. Әбілқасымовтың ғылыми-танымдық мақалалары).