бөлімдер

Лексикология бөлімі

Тарихы
Тіл білімі институтында Лексикология бөлімі 1981 жылы ашылды. Бөлімнің алғашқы меңгерушісі академик Әбдуәли Қайдар болды. Бөлімнің бастапқы құрамында Тоқтасын Өмірзақов, Есенхан Қосбасаров, Ғалия Тұрабаева, Гүлнар Әжібекова, Әлия Сапарбекова, Көбей Хұсайын, Ғарифолла Әнес, Жамал Манкеева, Сейдін Бизақов, Рүстем Шойбеков болды. Сол кездегі бөлімнің негізгі бағыты қазақтың көне сөздерінің этимологиясын анықтауға, этномәдени атаулардың мағынасын ашуға негізделді. Сонымен қатар бесжылдық жоспар бойынша бөлімнің стратегиялық бағыты қазақ тілінің тарихи лексикологиясын зерттеуді көздеді.

Бөлімнің ғылыми нәтижелері 1988 жылы «Тарихи лексикология» жинағында жарияланды. 1988-1995 жылдар аралығында «Түркі тілдеріне ортақ фразеологиялық қор» атты бесжылдық ғылыми-зерттеу жоспары аясында бөлім қызметкерлерінің мақалалары жарияланды. Т. Өмірзақов киіз үй және мал шаруашылығына қатысты атауларды жинап, мағынасын ашуға үлес қосса, Е.Қосбасаров аңшылық, саятшылыққа қатысты атауларды зерттеумен айналысты. Бөлім жұмысының аясында жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде Г.Әжібекова академик Ә.Қайдардың жетекшілігімен «Қазіргі қазақ тіліндегі лексикалық плеоназмдар» деген тақырыпта, Ғ.Тұрабаева «Окказиональные преобразования пословиц и поговорок в казахском языке» тақырыбында кандидаттық диссертацияларын қорғады. 1991 ж. жарық көрген Р.Шойбековтің «Қазақ зергерлік өнерінің сөздігі» де бөлім жұмысының маңызды еңбегі болды. Ғарифолла Әнестің «Мәтін кеңістігі: семантикалық және этимологиялық аспекті» тақырыпта қорғалған докторлық диссертацияның ғылыми бастамасы Лексикология бөліміне қатысты.

Бүгіні
1995-2008 жж. Лексикология бөлімін Көбей Шахметұлы Хұсайын басқарды. Бұл кезеңде бөлімнің құрамына белгілі ғалымдар М.М. Копыленко, тәжірибесі мол С.Бизақов, А. Иманбаев және жас мамандар Б. Сағын, Қ. Айдарбек, Қ. Ғабитханұлы, А. Әмірбекова, А. Хабиева, Г.Сабирова қосылды. Бұл жылдары бөлімнің басты бағыты сөз мағыналарын құрылымдық лингвистикадан тыс антропоөзектік бағытта зерттеуге ұласты. «Қазақ тіліндегі лингвомәдениеттанымдық концептілер және әртүрлі тілдерде салыстырылуы» (2003-2005); «Қазақ тілі лексикасының лингвоелтанымдық аспектілері» (2006-2008) атты ғылыми-зерттеу жобалары бойынша жұмыс жасалды. Лексиканың номинативтік және этимологиялық қырларының тарихи қалыптасуына қатысты дыбыс-бейнелеуіш сөздерді профессор К.Ш. Хұсайынның «Звукоизобразительность в казахском языке» (1988); «Дыбысбейнелеуіш теориясының негіздері» (2009) атты еңбектері функционалдық, тарихи, салыстырмалы тұрғыдан қарастырылды.

Соның нәтижесінде лексикалық бірліктердің дыбысбейнелеуіштік тегі анықталып, қазіргі қазақ тілінің лексикасының дыбыстық, морфологиялық және семантикалық ерекшеліктеріне дыбысбейнелеуіштік құбылыстың тигізер әсері айқындалды. Осы мақсатта ғалым алғаш рет қазақ тілі лексикасының негізінде бір және екі буынды түбір-негіздер деңгейінде дыбыстың түркітанудағы бейнелеуіштік мәселесін зерттеді. Жалпы тіл заңдылығына сәйкес өзгеріп, әлденеше қырынан көріне алатын лексиканың оралымдық, икемділік мүмкіндігін көрсететін ерекшелігі – бөлім қызметкері, профессор С. Бизақовтың еңбектерінде (Қазақ тіліндегі сөз варианттары: докт.дисс. (2002)) жан-жақты қарастырылған жарыспалылық (варианттылық) құбылысы. Ғалым лексикалық, варианттарды тілді байыту, жетілдірудің құралы ретінде дәйектеп көрсетті.

Профессор Ж.А. Манкееваның «Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың танымдық негіздері» (2008) атты монографиясында тарихи-рухани көздерден жинақталған мәдени атаулар тіл мен таным сабақтастығында кешенді сипатта қарастырылған этнолексика – тарихи лексикологияның сенімді дерегі. Қазақ халқының материалдық және рухани мәдениетін бейнелейтін тілдік деректердің ұлтты тұтастырушы қызметі когнитивтік лингвистиканың антропоцентристік бағыты тұрғысынан сипатталды. Қазақ тіл білімінде осы үрдістің жалғасып, өріс алуын «тіл – ұлтты рухтандырып, оның ішкі, сыртқы келбетін өрнектеп, материалдық өндіріс пен тұрмыс күйін ұлттың рухани дүниесімен сабақтас сипаттайтын этнотаңбалар жүйесінің өзекті арқауы» деген қағидамен сабақтастырды. Соңғы жылдарда қазақ лексикасын когнитивтік лингвистика аясында лингвомәдениеттанымдық, лингвоелтанымдық аспектісінде зерттеу өрісі кеңейді.

Лексикология бөлімінің «Қазақ мәдени кеңістігінің этномаркерлік лексикасы» (2009-2011) атты ғылыми жобасында қарастырылған кешенді бағыттағы зерттеулердің нәтижесінде қазақ халқының ұлттық мәдени мұраларын, оның ішінде жалпыхалыққа әлі танылмай отырған көне мәдени атаулар мен ескілік сөздерді, таныс емес, ұмыт қалған ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды, наным-сенімдер мен ұлттық пайымдауларды, таным-түсініктерді көркем әдебиеттерден, ауыз әдебиеті нұсқаларынан, публицистикалық еңбектерден жинақтап, ұлттық лингвомәдени қорды толықтыру негізінде жалпы қазақ мәдени кеңістігіндегі этномаркерленген лексикалық сөздік қорды анықтауға мүмкіндік туды. Бұл – қазіргі қазақ қоғамының жаңа рухани-әлеуметтік жаңғыру, өзгеру деңгейіне сәйкес ұлттық мүдде сұранысы мен талабын қанағаттандыратын өзекті мәселе. Бұл бағыттың адамтанымдық сипаты қазақ тіл білімінде де кейінгі кезеңде өріс алып келе жатқан мәтін лингвистикасы, «тілдік тұлға» теориясы, дискурстық талдау негізінде лексикология бөлімінде орындалған диссертациялардың зерттеу арқауы арқылы нақты көрініс тапты: Ғабитханұлы Қ. Қазақ мифологиясының тілдегі көрінісі. 1995; Әмірбекова А. Концептілік құрылымдардың поэтикалық мәтіндегі вербалдану ерекшелігі (М. Мақатаев поэзиясы бойынша): канд.дисс, 2006.; Хабиева А. Тарихи лексиканың мазмұндық құрылымындағы коннотаттық компоненттер (Махамбет шығармашылығы негізінде): канд.дисс. 2007. Бөлімді 2008-2018 жж. профессор Ж.А. Манкеева басқарды.

Осы жылдарда «Қазақ мәдени кеңістігінің этномаркерлік лексикасы» (2009-2011); «Ұлттық идея – Қазақстанның дамуының негізі» қолданбалы зерттеу бағдарламасы аясында «Қазақ тілінің ұлтты рухани тұтастырушылық қызметі» (2007-2009) атты ғылыми-зерттеу жобасы аясында зерттеу жүргізілді. 2012-2014 жылға арналған гранттық ғылыми-зерттеу жобасына «Қазақтың саяси-дипломатиялық тілінің когнитивтік аспектісі» (жоба жетекшісі – А.Әмірбекова) және 2014-2016 жж. «Қазақ поэзиясы тіліндегі мәдени коннотация» (жоба жетекшісі – А.Хабиева) тақырыбындағы зерттеу жобасы бойынша зерттеу жүргізілді. 2018 жылдан бастап бүгінге дейін Лексикология бөлімін Айгүл Әмірбекова басқарып келеді. 2018-2020 жж. Институттың бағдарлы-нысаналы қаржыландыру жобасы аясында «Қазақ тілінің тіркесімдер сөздігі» құрастырылды. Бүгінгі таңда Лексикология бөлімінде профессор Жамал Манкеева, Сейдін Бизақов, ғылым кандидаттары Қайрат Ғабитханұлы, Айгүл Әмірбекова, Алмагүл Хабиева, жас ғалымдар Мөлдір Әбдірахман, Гүлнар Талғатқызы қызмет атқарып келеді.

Тіл білімі институты Лексикология бөлімінің қазіргі таңдағы ғылыми үрдіске сай зерттеу бағытының мақсаты – халқымыздың рухани өрісімен сабақтас болмысының ұлттық мазмұнын тіл арқылы, оның тілдік бейнесі- сөздік байлығы (лексикасы) арқылы анықтау. Осы мақсатқа орай төмендегі міндеттер лексикология бөлімі орындаған зерттеулерде өз шешімін тапты:
– өткен дәуірлерден елес беретін көне тамырлы ұлттық мазмұнды алуан түрлі атаулар мен ұғымдарды эпостық жырлардан, ақын-жыраулар шығармаларынан, фразеологиялық тіркестер мен диалектілік және кәсіби лексика құрамынан барынша жиып көрсету;
– көркем мәтін жүйесіндегі тарихи-ақпараттық деректерді, паремиологиялық, прецеденттік, мифологиялық және т.б. рухани көздердегі архетиптік және этнолексикалық бірліктерді талдау;
– құрылымдық лингвистика шеңберінде этнолексика түрінде сақталған ұшан-теңіз байлық жеке тілдік фактіге байланысты емес, белгілі бір қарым мен байланыстардағы мағыналық-тақырыптық топтардың негізінде құралған лексика-семантикалық жүйеде жіктелсе, ал антрополингвистикалық парадигмада тіл-қоғам, тіл-ұлт, тіл-мәдениет және т.б. контекстеріндегі әлеуметтік-мәдени, рухани-танымдық біртұтастықта қарастырылу;
– эпостық кезеңдегі немесе ақын-жыраулар өмір сүрген дәуірдегі немесе фразеологиялық тіркестер мен диалектілік ия кәсіби лексика құрамындағы лексикалық бірліктің қолданылу өрісіне байланысты семантикасы өзгерген сөздерге функционалды-семантикалық талдау жасау;
– көнерген этнолексикаға тарихи-лингвистикалық, терең этнолингвистикалық реконструкция жасау;
– түркі тілдері жүйесіндегі қазақ тілі лексикасының орнын айқындау, этногенездік тарихи көздері мен тарихи қабаттарын барлау, тіларалық салыстыру;
– қазақ тілі лексикасы қолданысының тіл және мәдениет тұтастығына сай қалыптасқан лингвомәдениеттанымдық концептілерін әртүрлі тілдердегі баламаларымен салыстыру;
– тәуелсіз Қазақстан жағдайында қазақ тілінің ұлттық және мемлекеттік тіл ретіндегі қазақ тілі лексикасының мәдениаралық коммуникациядағы лингвоелтанымдық қызметін анықтау; – тіл және мәдениет тұтастығы шеңберінде қазақ тіліндегі мәдени лексиканың этнотаңбалық жүйесін дәлелдеу;
– қазақ тілі лексикасын лингвокогнитивтік, прагматикалық және т.б. аспектілерге негізделген антрополингвистикалық зерттеулер нәтижесінде қазақ тілінің ұлтты рухани тұтастырушылық қызметін дәйектеу және т.б.

Болашағы
Лексикология бөлімінің ұзақмерзімді стратегиясы екі ғылыми бағытта қызмет ететін болады: Біріншіден, әлемдік тіл білімінің даму бағытына сәйкес құрылымдық лингвистика бойынша семасиология, лексикография, паремиология, фразеология, т.б. тіл салалары аясында зерттеу жүргізеді. Қазақ тілінің сөздік құрамындағы көпмағыналы сөздердің қорын, неологизмдер қорын, антонимдер мен синонимдер қорын, омонимдер қорын, паремиологиялық қорды, бейнелі сөздер қорын, метафоралар мен теңеу сөздер қорын жинақтап, сөздікке тіркеп, жаңғыртып отыруды мақсат етеді. Сонымен қатар қазақ тілінің фразеологиялық корпусын жаңалауды міндеттейді. Көркем шығармалар мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жаңарып отыратын тілдің неологиялық динамикасын зерттейді. Қолданысқа енген жаңа сөздер мен қолданыстан шыққан көне, тарихи сөздердің жұмсалымдық деңгейіндегі тарылу, кеңею үдерістерін бақылайды.

Лексикология бөлімі: – лексикология және семасиология ғылымының теориялық негізін жасайды; – метафоралар сөздігін; – бейнелі сөздер сөздігін; – тұрақты теңеулер сөздігін; – тіркесімдер сөздігін; – біріккен сөздер сөздігін; – қос сөздер сөздігін; – перифраздар сөздігін; – фразеологиялық сөздікті; – афоризмдер сөздігін; – антонимдер сөздігін; – омонимдер сөздігін; – синонимдер сөздігін; – жарыспалы сөздер сөздігін құрастыруды көздейді. Екіншіден, антропоцентристік парадигма аясында «тіл және мәдениет», «тіл және таным», «тіл және психика», «тіл және прагматика» тоғысында туындайтын экстралингвистикалық зерттеулердің ғылыми бағытын, зерттеу тәсілдерін нақтылайтын теориялық негіздемелерді қарастырады. Лингвомәдениеттану саласы бойынша тіл арқылы мәдени кодты тану тәсілдерін ұсынады. Когнитивтік лингвистика саласы бойынша тіл астарындағы ұғым мен мағынаның мазмұнын ашу әдістерін ұсынады. Психолингвистика саласы бойынша эмоционалды-экспрессивті тіл бірліктерінің, тілдік жүйеде көрініс табатын ассоциациялық өрістің, бейвербалды қолданыстың лингвосемиотикалық қызметін айқындау жолын ұсынады. Прагмалингвистика саласы бойынша «тіл – дискурс – мәтін» жүйесі аясында жазба тілді қабылдау және оны ауызша жеткізудің ғылыми теориялық жүйесін зерттеудің бағытын ұсынады. Лексикология бөлімі антропоцентристік парадигма аясында: – лингвомәдениеттаным сөздігін; – ассоциациялық сөздікті; – ұлттық концептілер сөздігін; – стереотиптер сөздігін; – символдар сөздігін құрастыруды мақсат етеді.

Ғылыми зерттеулер
«Қазақ тіліндегі лингвомәдениеттанымдық концептілер және олардың әртүрлі тілдерде салыстырылуы» атты ғылыми-зерттеу жобасы (2003-2005); «Қазақ тілі лексикасының лингвоелтанымдық аспектілері» атты ғылыми-зерттеу жобасы (2006-2008); «Қазақ мәдени кеңістігінің этномаркерлік лексикасы атты ғылыми- зерттеу жобасы (2009-2011); «Қазақтың саяси-дипломатиялық тілінің когнитивтік аспектісі» атты ғылыми-зерттеу жобасы (2012-2014); «Қазақ поэзиясы тіліндегі мәдени коннотация» атты ғылыми-зерттеу жобасы (2014-2016); «Қазақ жазуының латын графикасы негізінде жаңа ұлттық әліпбиге көшіру» атты бағдарламалық-нысаналы зерттеу (2015-2017). «Латынграфикалы жаңа ұлттық әліпби негізінде қазақ жазуын жаңғыртудың ғылыми-лингвистикалық базасын әзірлеу» атты бағдарламалық- нысаналы зерттеу (2018-2020).

Тұлғалар
Көбей Шахметұлы Хұсайын
(27.03.1945 – 30.03.2018)
1964-1968 ж. С . М. Киров атындағы Қазақ университетінің филология факультетінің роман-герман бөліміне қабылданып, оны үздік бітіріп, Тіл білімі институтының аспирантурасына түседі. Мәскеуден В. Радловтың еңбектерін жинақтап, елге әкеледі. 1971 ж. Ғ. Мұсабаевтың жетекшілігімен « В. Радловтың еңбектеріндегі қазақ тілінің лексикасы мен фонетикасы мәселелері» атты кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. 1971-1978 ж. Тіл білімі институтында кіші, аға ғылыми қызметкерлікте жүріп, І. Кеңесбаевтың, А. Мұсабаевтың, Н. Сауранбаевтың басқаруымен ұйымдастырылған ұжымдық ғылыми-зерттеу еңбектеріне араласады. 1978-1982 жж. Институттың ғалым хатшысы қызметін атқарады. 1981 ж. «Радлов и казахский язык» атты монографиясы жарық көрді. 1988 ж. академик Ә. Қайдардың жетекшілігімен «Қазақ тіліндегі дыбыс бейнелеуіштік сөздер номинациясы» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. 1982-1992 жж. тәуелсіздікке қадам басқан қилы заманда, қазақ тілінің мәселесі ашық та еркін айтыла бастаған сәтте Көбей Хұсайын «Қазақша-орысша сөздікті» толықтыруды қолға алады. 1992-1995 жж. Институт директорының орынбасары болып істеді. 2009 ж. « Дыбысбейнелеуіштік теориясының негіздері» монографиясын жариялады. 1995-2009 жж. Тіл білімі институтының директоры қызметін атқарды. Көбей Шахметұлы басқарған 15 жылдың ішінде Тіл білімі институтында қазақ тілін зерттеу ғылыми-әдістанымдық жүйесін әлемдік лингвистика деңгейіне сай дамытып, өрісін кеңейтуге бағытталды. Қазақ қоғамына жаңа саладағы академиялық еңбек («Қазақ грамматикасы», нормативтік сөздіктер «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі», «Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігі, «Синонимдер сөздігі», «Біртомдық түсіндірме сөздік») жол тартты. Көбей Шахметұлының ұсынысымен он томдық түсіндірме сөздікті 15 томдық етіп толықтыру жұмысы басталды. «Тіл – қазына» атты қазақ сөзінің картотекалық қоры жетілдірілді, электрондық ресурсы жасалды.
Манкеева Жамал Айтқалиқызы
(26.04.1950)
1972 ж. С . М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін үздік дипломмен бітіріп, осы университеттің аспирантурасына (күндізгі бөліміне) қалдырылды. 1977 ж. осы кезге дейін А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында қызмет істейді. 2001 ж. бастап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қазақ филологиясы кафедрасы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті қазақ тілі теориясы мен әдістемесі кафедрасының профессоры ретінде қазақ тіл біліміндегі жаңа бағыттар бойынша дәріс оқыды. ҚР жоғары оқу орындарын бітіруші мамандарды даярлау ісіне мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы ретінде белсенді атсалысады. Мемлекеттік тілді оқыту және игеруге байланысты Қазтест жобасына, басқа да оқулықтар мен сөздіктерге сарапшы, құрастырушы, редак - тор ретінде қатысады. Қазіргі қазақ тіл білімін дамытып, жаңа деңгейде зерттеуге байланысты бірнеше ғылыми жобалардың орындаушысы және жетекшісі ретінде еңбек етті. 1998 жылдан – А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы 10.02.02 – қазақ тілі және 10.02.06 – түркі тілдері мамандықтары бойын - ша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын Д. 53.38.01 диссертациялық кеңестің мүшесі, 2000 жылдан 2012 жылға дейін – диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы, 2001 жылдан – лингвистикалық басылым « Тілтаным» журналының жауапты редакторы. «Реконструкция «мер - твых» корней глагольных основ казахского языка» тақырыбында кандидаттық (1987), «Қазақ тіліндегі мәдени лексика» (1997) деген тақырыпта докторлық дис - сертация қорғады. Негізгі айналысатын проблемалары: түркітану; тарихи морфо - логия; тарихи лексикология; этнолингвистика; лингвомәдениеттану; когнитивтік лингвистика; көркем мәтін лингвистикасы; лексикография. Басты еңбектері: Реконструкция первичных корней глагольных основ казахского языка (1991), Мәдени лексиканың ұлттық сипаты (1997), Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, мор - фология, синтаксис (2002, авторлардың бірі), Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың танымдық негіздері (2008), Қазақ тіліндегі байырғы түбірлерді жаңғырту (2010), Қазақ филологиясы: егіз негіз (ғылыми мақалалар жинағы – авт.бірл.) 2010, Қазақ әдеби тілі сөздігі (2006, Т. І; 2007, Т.IV; 2008, Т.ХІ, авторлардың бірі, Т. IV – редакто - ры), Қазақ сөзінің синергиясы (2021). Ғалымның жетекшілігімен 22 кандидаттық, 1 докторлық, 2 доктор (PhD) диссертация қорғалды.
Сейдін Бизақов
(26.10.1937)
Қазақ Педагогика Институтының (қазіргі Қазақ Ұлттық Педагогика Университеті) тарих-филология факультетін (1960) және Қазақстан Ғылым академиясының Тіл білімі институтының аспирантурасын (1972) бітірді. 1968 ж. дейін Райымбек ауданы, Сүмбе ауылы орта мектебінде оқытушы болды. 1972-1975 жж. Тіл білімі институтында ғылыми қызметкер, 1975-1985 жж. Қазақ политехника институтының Қаратау бөлімшесінде кафедра меңгерушісі. 1985 жылдан Тіл білімі институтының жетекші, ғылыми қызметкері, 2001 жылдан бас ғылыми қызметкері. Қазақтың ұлттық тақта ойынын дамытуға ат салысып, «Тоғызқұмалақ әліппесі» оқулығын жазды. Туысқан түркі халықтарының тілі, тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүріне арналған бір - неше ғылыми-танымдық кітаптың авторы. Қазақ тілі мәдениеті, әдеби нор - ма, лексикография, этнография мәселелеріне арналған 300-ге жуық ғылыми мақалалары жарияланды. А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы 10.02.02 – қазақ тілі және 10.02.06 – түркі тілдері мамандықтары бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын Д. 53.38.01 диссертациялық кеңестің мүшесі. «Фонетические варианты слов в современном казахском языке» тақырыбында кандидаттық (1972), «Қазақ тіліндегі сөз варианттары» (2002) деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Негізгі айналысатын проблемалары: варианттылық; сөз мәдениеті; салт-дәстүр, ұлттық тәрбие, этикеттің тілдік көріністері; түркітану; лексикография. Басты еңбектері: Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі (1978, Т.ІІІ., авт. бірі), Тілдік норма және варианттылық (1997), Түркі әлемі (1998), Сөздің жарыспа тұлғалары (1999), «Ветви одного могучего дерева» (тюркские народы) (2002), «Көңіл-күй лебіздері» (2007), «Синонимдер сөздігі» (2007), Сөз нұсқалары және балама атаулар (2008), Қазақ тілі қандай тіл? (2010), Учебник трудности казах - ского языка (2012), Қазақ тілін көркейтудің оңтайлы тәсілдері (2018) және т.б.
Ғылыми қызметкерлері
Әмірбекова Айгүл Байдебекқызы
(29.09.1977)
2002 ж. бері Тіл білімі институты лексикология бөлімінің ғылыми қызметкері болып жұмыс атқарып келеді. 2003 ж. бастап бірнеше ғылыми-зерттеу жобаларға қатысып, тіл білімінің лингвомәдениеттану, лингвоелтану, когнитивтік лингвистика салалары бойынша ғылыми еңбектерін жариялап келеді. 2006 ж. Профессор Н. Уәли жетекшілігімен «Концептілік құрылымдардың поэтикалық мәтіндегі вербалдану ерекшелігі» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. 2003-2005 жж. «Қазақ тіліндегі лингвомәдениеттанымдық концептілер және олардың жүйесі» атты ғылыми-зерттеу жобасына, 2006-2008 жж. «Қазақ тілі лексикасының лингвоелтанымдық аспектілері» атты ғылыми жобаға, 2009-2011 жж. «Қазақ тілінің ұлттұтастырушылық қызметі» атты зерттеу жобасына белсене қатысты. 2012-2014 ж. арналған гранттық ғылыми-зерттеу жобасына «Қазақтың саяси-дипломатиялық тілінің когнитивтік аспектісі» атты тақырыппен қатысып, жетекшілік етті. 2014-2016 жж. «Қазақ поэзиясы тіліндегі мәдени коннотация» зерттеу жобасына қатысты. 2012 ж. «WikiBilim» қоғамдық қоры мен «Әдістемелер мен технологиялар трансфері» орталығы ұйымдастырған «Білім саласында жаңа медиа технологияларды қолдану» курсында біліктілігін жетілдірді. 2012 ж. ТМД елдері бойынша жас ғалымдардың халықаралық форумына қатысып, баяндама жасады. Ресейдегі халықаралық ғылыми-теориялық конференцияларға онлайн форматта жыл сайын қатысып тұрады. 2006-2012 жж. Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде «Тіл білімінің өзекті мәселелері», «Аударма теориясы», «Практикалық қазақ тілі» пәндерінен дәріс берді. 2013-2016 жж. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде магистранттар дайындады, «Әлеуметтік лингвистика», «Психолингвистика» пәндерінен дәріс берді. 2014 ж. бастап Ана тілі газетінің «Сөзтаным» айдарын жүргізіп келеді. 2014-2015 жж. Қазақстанның педагогикалық ғылымдар академиясы басқаруымен ұйымдастырылған «Қазақша-орысша, орысша-қазақша салалық терминдер сөздігін» құрастыруға атсалысты. 2011 ж. «Қазіргі қазақ тіл біліміндегі жаңа бағыттар» монографиясы жарыққа шықты. 2013 ж. «М.Мақатаевтың бейнелі сөздер сөздігі» атты еңбегін жариялады. 2016 ж. Авторлық бірлестікте (Г.Қосымова, Қ.Есенова, А.Жаңабекова, А.Әмірбекова) «Функционалды грамматика» оқулығы жарыққа шықты. 2019 ж. «Лингвофилософия» (авторлық бірлестікте) атты монографиясы жарық көрді. 2019 ж. «Латыннегізді әліпби: емле және алғашқы оқулықтар» атты монографиясы жарияланды. 150-ден аса ғылыми мақалаларын жариялады. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды.
Қайрат Ғабитханұлы
(16.04.1965)
1983-1987 жж. Пекин Орталық ұлттар университетінің филология факультетінде Қазақ тіл-әдебиеті мамандығы бойынша оқыды. 1987-1992 жж. Пекин Орталық ұлттар университеті ұлттар филологиясы факультетінде оқытушы болып істедi.1992-1995 жж. ҚР ҰҒА- ның А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында аспирантурада оқыды. 1996 жылы «Наным-сенімге байланысты тұрақты тіркестер» атты түркi тілдерiн этнолингвистикалық тұрғыдан зерттеуге арналған диссертация қорғап, түркі тілдері мамандығы бойынша филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды. 1995-жылдан А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, жетекші ғылыми қызметкер болып қызмет атқарып келеді. Қазақстандағы және шетелдердегі басылымдарда 80-ге жуық ғылыми еңбегі мен 8 оқулығы жарық көрді.
Хабиева Алмагүл Алтайқызы
(07.02.1975)
1997 ж. Батыс Қазақстан гуманитарлық университетінің Қазақ филологиясы факультетін, 2006 ж. А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының аспирантурасын бітірді. 2007 ж. «Тарихи лексиканың мазмұндық құрылымдағы коннотаттық компоненттер» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғады. Негізгі ғылыми бағыттары: лингвомәдениеттану, семасиология, лексикография, орфография. 3 монография, 5 сөздік, 2 әдістемелік құрал, 11 ғылыми-зерттеу жоба авторларының бірі; 70-тен астам ғылыми мақала авторы. Жаңа әліпби не - гізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелерін, қазақ тілінің емле сөздігін әзірлеу жөніндегі ғылыми-шығармашылық топтың, Қазақ тілі әліпбиін латын гра - фикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық топтың мүшесі. Ж.А. Манкееваның «Қазақ сөзінің синергиясы» (2021 ж.) монографиясының редакторы болды. Мемлекеттік тілдің ғылыми-лингвистикалық базасын күшейту, отандық тіл ғылымын насихаттау ісі мен мемлекеттік тілдің дамуына қосқан үлесі үшін ол бірнеше рет Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен», Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің «Алғысхатымен» марапатталды.
Талғатқызы Гүлнара
(22.07.1992)
2014 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті Филология факультетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» (бакалавр) мамандығын, 2020 жылы РМК «ҒЫЛЫМ ОРДАСЫ» базасындағы ғылыми-зерттеу институттары мен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің бірлескен жобасының мақсатты грант иегері болып, «Лингвистика» мамандығы бойынша магистратураны тамамдады. 2020 жылы Тіл білімі институты мен Ұлттық универсистеттің бірлескен жобасы аясында PhD докторант атанды. Тіл білімі институтында 2018 жылдан бері қызмет етеді.

Лексикология бөлімінің жарияланымдары
Негізгі жарияланымдар
1. Хусаин К. Радлов и казахский язык. – Алма-ата: Наука, 1981. – 172 с.
2. Хусаин К. Звукоизобразительность в казахском языке. – Алма-Ата: Наука КазССР, 1988. – 228 c.
3. Хұсайын К. Қазақ тіліндегі дыбысбейнелеуіштік сөздер номинациясы. – Алматы, 1988.
4. Хұсайын К. Дыбысбейнелеуіштік теориясының негіздері. – Алматы, 2009.
5. Хусаин К. Казахско-английский словарь-справочник для широкого круга читателей (составитель). – Алматы: Арыс, 2010. – 220 с.
6. Хұсайын К. Дыбыс – звук, Мағына – значение, Сөз – слово. – Алматы: А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, 2016. – 648 б.
7. Манкеева Ж. Реконструкция первичных корней глагольных основ казахского языка. – Алма-Ата: Ғылым, 1991.
8. Манкеева Ж. Мәдени лексиканың ұлттық сипаты. – Алматы: Ғылым, 1997.
9. Манкеева Ж. Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың танымдық негіздері. – Алматы: Жібек жолы, 2008.
10. Манкеева Ж. Қазақ тіліндегі байырғы түбірлерді жаңғырту. – Алматы: Мемлекеттік тілді дамыту орталығы, 2010.
11. Манкеева Ж. Қазақ филологиясы: егіз негіз (ғылыми мақалалар жинағы). – Алматы: Арыс, 2010.
12. Манкеева Ж. Қазақ тіл білімінің мәселелері // Қазақ тіл білімінің антологиясы. – Ал - маты, 2014. – 640 б.
13. Манкеева Ж. Есенғали Раушановтың бейнелі сөздер сөздігі. – Алматы: А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, 2017. – 97 б.
14. Манкеева Ж. Қазақ сөзінің синергиясы. – Алматы, 2021. – 271 б.
15. Бизақов С. Тілдік норма және варианттылық. – Алматы, 1997.
16. Бизақов С. Түркі әлемі. – Алматы, 1998.
17. Бизақов С. Сөздің жарыспа тұлғалары. – Алматы, 1999.
18. Бизақов С. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис (авторлар бірлестігі). – Астана, 2002.
19. Бизақов С. Синонимдер сөздігі. – Алматы: Арыс, 2007. – 640 б.
20. Бизақов С. Көңіл-күй лебіздері. – Алматы, 2007.
21. Бизақов С. Сөз нұсқалары және балама атаулар. – Алматы, 2008.
22. Бизақов С. Қазақ тілі қандай тіл? – Алматы, 2010.
23. Бизаков С. Учебник трудности казахского языка. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2012. – 514 с.
24. Бизақов С. Қазақ тілін көркейтудің оңтайлы тәсілдері. – Алматы, 2018. – 295 б.
25. Әмірбекова А. Қазақ тіл біліміндегі жаңа бағыттар, 2011.
26. Әмірбекова А. Функционалды грамматика (2016 ж.) (авторлық бірлестікте)
27. Әмірбекова А. Лингвофилософия, 2019.
28. Әмірбекова А. Латыннегізді әліпби: емле және алғашқы оқулықтар, 2019.
29. Әмірбекова А. М . Мақатаевтың бейнелі сөздер сөздігі, 2013.
30. Әмірбекова А. Қазақша-орысша, орысша-қазақша салалық терминдер сөздігі (медицина терминдері), 2014 (авторлық бірлестікте).
31. Әмірбекова А. Қазақша-орысша, орысша-қазақша салалық терминдер сөздігі (тоқыма өнеркәсібі терминдері), 2014 (авторлық бірлестікте).
32. Ғабитханұлы Қ. Қазақ мифологиясының тілдегі көрінісі. Монография. – Алматы: Арыс баспасы, 2006. – 167 б., 10,5 баспа табақ.
33. Ғабитханұлы Қ. Қазақ тілі. Оқу құралы (Қазақ және қытай тілдерінде). – Алматы, Қазақ мемелекеттік қыздар педагогикалық институтының баспасы, 2003, 15.31 баспа табақ.
34. Ғабитханұлы Қ. Қытай тілі (оқулық, аударма) 1-кітап, 1-бөлім. – ҚХР, Үрімжі: Шынжаң халық баспасы, 2005.
35. Ғабитханұлы Қ. Қытай тілі (оқулық, аударма) 1-кітап, 2-бөлім. – ҚХР, Үрімжі: Шынжаң халық баспасы, 2005.
36. Ғабитханұлы Қ. Қазақ тілі. – Алматы, «Арда» баспасы, 2006., 19.17 баспа табақ.
37. Ғабитханұлы Қ. Шәкірт пен ұстаз (Құрастырушылардың бірі). – Алматы: «Арыс» баспасы, 2005.
38. Ғабитханұлы Қ. Жаңа жібек жолы қытай тілі оқу құралы (Қазақ және орыс тілдерінде. Топтық еңбек). – ҚХР,Үрімжі: Шынжаң оқу-ағарту баспасы, 2007.
39. Ғабитханұлы Қ. Жаңа жібек жолы қытай тілі оқу құралы (Қырғыз және орыс тілдерінде. Топтық еңбек). – ҚХР, Үрімжі: Шынжаң оқу-ағарту баспасы, 2007.
40. Ғабитханұлы Қ. Жаңа жібек жолы қытай тілі оқу құралы ( Өзбек және орыс тілінде). – ҚХР, Үрімжі: Шынжаң оқу-ағарту баспасы, 2008.
41. Ғабитханұлы Қ. Жаңа жібек жолы қытай тілі оқу құралы ( Тәжік және орыс тілін - дерінде. Топтық еңбек). – ҚХР,Үрімжі: Шынжаң оқу-ағарту баспасы, 2009 .
42. Ғабитханұлы Қ. Қытайша-қазақша-орысша лингвистикалық терминдер сөздігі. – ҚХР, Үрімжі: Шынжаң оқу-ағарту баспасы, 2009 .
43. Ғабитханұлы Қ. Қазақ мифологиясының тілдегі көрінісі. Монография. – ҚХР: Пекин ұлттар баспасы, 2011. 10, 5 баспа табақ.
44. Ғабитханұлы Қ. Қытайша-орысша-қазақша тілашар. Шынжаң жас-өренде баспасы, – ҚХР, Үрімжі, 2011. – 11 б., 345 б.
45. Ғабитханұлы Қ. Қазақ тілі (қазақ және қытай тілдерінде). – Алматы: «Абзал-АЙ» баспасы, 2016. 16 баспа табақ.
46. Ғабитханұлы Қ. Қазақша-орысша-ағылшынша-қытайша экономикалық терминдердің сөздігі. – Алматы: Экономика институты, (топтық) Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі экономика институты. – Алматы, 2015. – 40 бт.
47. Ғабитханұлы Қ. Астанаға қош келдіңіз! Қытайша-орысша-қазақша, қазақша-орысша-қытайша тілдескіш. Тіл комитетінің тапсырысымен. – Алматы: «Сардар» баспасы, 2017.
48. Ғабитханұлы Қ. Қытайдағы қазақтар тілінің аймақтық ерекшеліктері: зеттелімі және сөздігі. Алматы, 2017 ж., желтоқсан (авторлары: Ғабитханұлы Қ, Үдербаев А., Жөнкешев Б.)
49. Сапарбекова, Ә. Өнер алды – қызыл тіл // Ғылым-ғұмыр Академик Рәбиға Сыздықова. – Алматы: Арыс, 2014.
50. Турабаева Г. Окказиональные преобразования пословиц и поговорок в казахском языке: диссертация ... кандидата биологических наук: 10.02.06 / АН КазССР. Ин-т языкознания. – Алма-Ата, 1989. – 224 с.
51. Ажибекова Г. Лексические плеоназмы в современном казахском языке. АКД., – Алматы, 1983.
52. Әжібекова Г. Қазіргі қазақ тіліндігі лексикалық плеоназмдар. – Алматы, 1989. Әнес Ғ Әнес Ғ. Мәтін кеңістігі: семантикалық және этимологиялық аспекті. докт. дисс. – Алматы, 2010.
53. Хабиева А. Қазақ поэзиясы тіліндегі мәдени коннотация // Алматы: А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, 2017. – 115 б.
54. Хабиева А., Ермекова Ж. Махамбет Өтемісұлының бейнелі сөздер сөздігі. – Алматы: А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, 2017. – 103 б.
55. Хабиева А., Ермекова Ж. Мағжан Жұмабаевтың бейнелі сөздер сөздігі. – Алматы: А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, 2017. – 132 б.
56. Хабиева А. Жаңа емле. Оқу-әдістемелік құрал. – Астана: ProstoPrint, 2019. – 111 б. (авторлар бірлестігі)