Болашағы
Бүгінгі таңда қазіргі қазақ тілі грамматикасы құрылымдық тұрғыдан айтарлықтай зерттелген деуге болады. Қазіргі қазақ тіліндегі грамматикалық категориялар, сөз таптары, сөз тіркесі, сөйлем түрлері (жай, күрделі және құрмалас сөйлем), оның ішінде, парцелляцияланған сөйлем т.с.с. мәселелер жеткілікті қарастырылған. 2002 ж. жарық көрген «Қазақ грамматикасының» (784 бет) заңды жалғасы ретінде, 2021-2022 жж. бағдарламалық-нысаналық зерттеу аясында толықтырылып, жаңа ғылыми тұжырымдар ескеріліп, қазақ грамматикасы қайта шығарылатын болады.
Қазіргі зерттеулер негізінен төрт бағытта жүргізіліп келеді: – функционалды бағытта жүргізілген зерттеулерде сөйлеуші позициясына ерекше мән беріледі. Негізгі ұстанымы – тілді мақсатты бағытталған жүйе ретінде қарастыру; – инновациялық бағыттағы зерттеулерде белгілі бір стильдің жанрлық-стильдік ерекшеліктері сөз болады. Қазіргі кезеңдегі әртүрлі дискурстағы жаңа сөз тіркестерін, сөйлемнің жаңа түрлерін, дәстүрлі сөйлемдердің қолданыстағы өзгерістерін т.с.с. айқындау. Негізгі ұстанымы – қазіргі кезде ғылыми дискурс, публицистикалық дискурс, бұқаралық ақпарат құралдарының тіліндегі, көркем әдебиеттегі, ауызша сөйлеу тіліндегі жаңа қолданыстарды анықтау; – этноөзекті, этнограмматика бағытындағы зерттеулер грамматикалық тұлғаларды когнитивті бағытта талдайды. Негізгі ұстанымы – грамматикалық тұлғалардың ұлттық болмысты, ұлттық ерекшелікті танытудағы қызметін аныктау; – Прагмалингвистика, прагмаграмматикалық зерттеулерде коммуникативті мақсатқа сәйкес грамматикалық формалар мен сөйлем түрлерінің қолданылу ерекшеліктеріне назар аударылады. Негізгі ұстанымы – әрбір грамматикалық тұлғаның сөйлеушіге беретін әсерін анықтау. Соңғы кезде тілдік категорияларды мағыналық жағынан қарастыру қарқын алып келеді.
Қазіргі тіл білімінің зерттеу парадигмасында жүйелік-құрылымдық зерттеулерден антропоцентристік қағидаға негізделген, тілдің когнитивтік, прагматикалық қызметін ашатын, дүниетанымдық әлеуетін ғылыми тұрғыдан пайымдауға арналған зерттеулер кең өріс алды. Бұл орайда, әсіресе, функционалды-семантикалық категорияларды егжей-тегжейлі сипаттауға бағытталған зерттеулерге ерекше мән беріліп отыр. Ғылыми зерттеулер «сипаттама лингвистикадан» «функционалды бағыттағы» зерттеулерге ойысып, тілді динамикалы, дамып отыратын құбылыс ретінде қарастыра бастады. Қазақ тіл білімінде функционалды грамматиканың алғашқы нышандары А.Байтұрсынұлы, Қ. Кемеңгерұлы, Ы. Маманов, С. Исаев еңбектерінен бастау алса, кейін З. Ахметжанова, Қ. Рысалды, Н. Сәрсембаева және т.б. ғалымдардың еңбектерінде сөз болады.
Осы бағыттағы зерттеулер әрі қарай жалғасын табуы керек. Сондықтан:
1. Қазіргі зерттеушілер антропоөзектілікке басымдық беріп, басты назар аударуда. Нақты бір тілдегі концептілерді танытатын лексикамен салыстырғанда, грамматика тұрақты категориялар жүйесін құрайды және дүние бейнесін жасауда жекелеген сөздердің ғана емес, грамматикалық категориялар мен синтаксистік құрылымдардың да өзіндік орны бары ғылыми ортаға таныс тұжырым. Алайда қазақ тілінің грамматикасы когнитивтік тұрғыдан әлі де толық зерттелмей келеді. Сондай-ақ ақиқат болмыстың концептуалды интерпретациясындағы сөзжасамның да орны ерекше. Себебі сөзжасам грамматикалық тұлғалардың көрінісін, санадағы бейнесін айқындайды.
2. Грамматиканың өзегі – грамматикалық бірліктер, топтар мен категориялар, жүйе құрайды. Морфологияға идиоэтникалық сипат тән болғандықтан, грамматика менталдылыққа әсер етіп отырады. Сол себепті ұлттық грамматикалық ойлау жүйесін көрсететін этнограмматикалық сөздік қажет. Тілдегі актив, пассив құрылымдардың, бір құрамды және екі құрамды сөйлемдердің қолданысы прагматикалық мақсат пен жағдаятқа байлаулылығы барынша толыққанды зерттелуі тиіс болса да, қазақ тіл білімінде бұл бағыттағы зерттеулер әлі қолға алынбай келеді.
3. А.В. Бондарко дәстүрлі грамматиканың шын мәнінде таза формалды сипатта емес екенін айта келіп, оның негізінен айырым-деңгейлік және біржүйелі сипатта болғанын ескертеді. Ал жүйелі- дифференциалды (айырым) зерттеулерде тілдік бірліктер ғылыми тұрғыдан сипатталып, талданады. Тілді тұтас жүйе ретінде зерттеу үшін көпдеңгейлі кұрылым түзетін құраушы бірліктерді анықтап алу қажет. Сондықтан дәстүрлі және функционалды грамматиканың негізгі айырмашылығы жүйеліліктің бар-жоғында емес, жүйеліліктің түрлі аспектіде, әртүрлі тұрпат межесінде көрініс табуы тұрғысынан сипатталуына байланысты. Олар бір-біріне қайшы емес, керісінше, бірін-бірі толықтырады. Жаңа бағыттағы зерттеулер бұрынғы грамматикалық зерттеулерге иек артады, яғни дәстүрлі зерттеулер де ғалымдар назарынан тыс қалмауға тиіс. Сонымен бірге А. Байтұрсынұлы, Қ. Кемеңгерұлы, Е. Омаров, Т. Шонанов т.с.с. ғалымдардың репрессиялануына байланысты кезінде тоқыраған ғылыми көзқарасты, танымды зерделей отырып, алға жетелеу керек. Бұл тұрғыда тілдік категорияларды ұлттық болмыс, ұлттық ерекшелікпен байланыстырып, өзіндік болмысын анықтай түсу өзекті.
4. Ауызша тілдің грамматикалық сипаттамасын зерттеуді жетілдіру қажет. Бұл ғалым Р. Әмір еңбектерінде сөз болғанмен, жалғасын толыққанды таппады. Осы бағыттағы зерттеулерді жалғастырып қана қоймай, дамыта түсу қажет.
5. Грамматикалық ерекшеліктерді сөз еткенде, әрбір жанрды, стильді ескеру қажет. Саяси сипаттағы материалдардың тілі, ондағы сөз тіркестері мен сөйлем түрлерінің қолданысы, мақсаты, ерекшелігі, онда жаңа құрылымдардың пайда болуы, соңғы он жылдағы өзгерістер тіркеліп, зерттелуі керек.
6. Бұқаралық ақпарат құралдарының тілі грамматика тұрғысынан арнайы зерттеуді қажет етеді. Мұнда газет-журналдардың тілі ғана емес, теледидар, радио тілі де сөйлеу тілі мен әдеби тілдің ауызша түрі аспектісінде зерттелуі керек.
7. Сондай-ақ публицистикалық стиль, публицистикалық мәтіндердің грамматикалық құрылымы зерттелуі керек.
8. Ғылыми стиль, ғылыми стиль мәтіндері де арнайы зерттеу нысанына айналуға тиіс.
9. Қазіргі көркем әдебиет тілі, әсіресе соңғы он жылдықта қауымға таныла бастаған жас жазушылардың шығармаларының тілін, қазіргі қазақ тілінің өміршең қалпын білуге көмектесетіндіктен, зерттеу, талдау қажет.
10. Қазіргі кезде мектеп грамматикасы мен ғылыми грамматиканың арасында байланыс аздығы өз алдына, сәйкессіздік те көп. Бұл қазақ тілін оқытуда қиындық тудырады. Осы мәселе де шешімін табуы тиіс екенін бөлім қызметкерлері жақсы түсінеді.
11. Енді бір келелі мәселе қазақ тілі пунктуациясына қатысты қалыптасқан. Пунктуация емлемен тығыз байланысты және синтаксистен тыс қарастыру мүмкін емес. Бұл сала – қазақ тіл біліміндегі аз зерттелген салалардың бірі. Сондықтан болашақта осы бағыттағы зерттеулерді синтаксиспен, сөйлем түрлерімен бірлікте алып зерттеуді қолға алу керек.
12. ХХ ғасыр басындағы оқулықтар тілі мен мерзімді басылымдардың, көркем шығармалардың грамматикалық құрылымын сипаттайтын арнайы зерттеулер жазылуы қажет. Түрлі саяси жағдайлардың әсерінен зерттелмей, ғылыми айналымға толық қосылмай келе жатқан бұл кезеңдегі шығармалар мен тұлғаларды, олардың тілін таныту – абзал міндеттердің бірі.
13. Қазіргі заманғы интернет, түрлі сайттар тілінің және жастар тілінің дұрыс қалыптасуына ықпал ету үшін бөлім қызметкерлерінің арнайы зерттеулер жүргізуін қолға алу да – заман тудырып отырған қажеттілік.
14. Бөлімде орындалған зерттеулердің нәтижесі оқу орындарына арналған оқулықтар мен оқу құралдарында көрініс табуына, сөйтіп жаңа грамматикалық білімдер жүйесін қалыптастыруға атсалысу да бөлім үшін керек қадам.
Тілді осылайша зерттеу нәтижесінде, біріншіден: – функционализм бағытындағы зерттеулер көбейіп, тілдің қызметіне деген қызығушылық артады; – тілдік құралдарды қалай пайдалануға болатыны және олардың өзіндік ерекшеліктері анықталады; – заманауи шығармалардың, жанр мен стиль түрлерінің, түрлі мәтіндер тілі бойынша грамматикалық құрылымдардағы өзгерістердің пайда болуын бақылау, зерделеу, қандай да бір процестердің әсері болатыны анықталады; – белсенді грамматикалық өзгерістердің пайда болуының түрлі себептерін анықтау, нақтылау барысында тілдің қолданылу ерекшеліктері айқындалады, сипаты ашылады, қазіргі кездегі жай-күйі және болашағы болжамдалады. Екіншіден: – қоғам дамуына, түрлі өзгерістерге байланысты норма да жетіліп, өзгеріп отыратындықтан, нормаға қайшы келетін қолданыстардың бәрін қателік ретінде тану дұрыс болмайтыны, ол тілдік не болмаса узуалды сипат алса ғана, тілдегі қандай да бір үдерістің көрсеткіші бола алатынын жіті бақылап отыру керектігі белгілі әрі бұл – бөлім алдында тұрған келелі міндеттердің бірі. – лингвистикадағы жаңа ағымдар мен бағыттарға сай жаңа зерттеулер жүргізу және зерттеу материалдарын мектеп грамматикаларында, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар мен оқу құралдарында пайдалануға болатынын ғылыми негіздеп отыру бұрын да атқарылған іс болса, қазір де табандылықпен жүзеге асыратын міндеттер қатарынан табылады. Грамматика бөлімі алдағы уақытта жаңа бағыттағы зерттеу тақырыптарымен айналысуды жоспарлап отыр, әр тақырып бойынша болжамды нәтижелерге қол жеткізуді көздейді. Атап айтқанда: Қазақ тілінің этнограмматикалық сөздігі. Қазіргі қазақ жастарының санасында көмескіленген дәстүрлі атаулар мен кейбір грамматикалық, лексика-грамматикалық нормаларды тарихи, ғылыми және көркем әдебиет мәтіндерінен жинастырып, тілдік-коммуникативтік бірліктерді жинап, лексикалық және грамматикалық мағынасы мен қолданысын айқындау, өзге тілге аударылмайтын, отбасы дискурсындағы эквивалентсіз сөздер мен қолданыстардың екі тілді сөздігін дайындау.
Сонымен бірге теориялық зерттеулердің нәтижесінде өзге ұлтқа қазақ тілін үйретуде пайдаланатын этнограмматикалық және лингвомәдениеттанымдық өнімдер ұсыну. Қазақ тілінің функционалды синтаксисі. Тіліміздегі синтаксистің негізі нысандары болып табылатын сөз тіркесі, жай сөйлем, құрмалас сөйлемді толыққанды меңгеру қажет. Сөз тіркесі мен тіркесімділіктің ара жігін айқындайтын ғылыми еңбектерді басшылыққа алу, жай сөйлемде қарастыратын мүшеленбейтін, толымсыз сөйлемдердің грамматикалық мағынасын, оны ажырататын грамматикалық формаларды меңгерту, құрмалас сөйлемді жаңа функционалдық бағытта зерттеу, оқыту, қазақ тілі синтаксистік құрылысының құрылымдық-мағыналық парадигмаларын қамту, синтаксистік бірліктердің бұрыннан белгілі сипаттарынан тысқары жаңа қырларын таныту қазіргі таңда өте өзекті болып отыр. Қазақ тіл білімінде тілші ғалымдар Б.Шалабай, Т.Ермекова, Ж.Жақыпов, Б.Сағындықұлы, М.Жолшаева және т.б. функционалды синтаксиске байланысты жан-жақты зерттеулерді жалғастыруда. Осы ғалымдардың еңбектері негізінде толықтырылған ғылыми-практикалық еңбек жазуды келешекте қолға алуға болады. Ауызша тілдің грамматикалық сипаттамасы. Сөйлеу тілінен де, жазба сөзден де өзгеше болуына байланысты негізгі белгілері бойынша сөйлеу тіліне жақындағанмен (морфологиялық және синтаксистік бірліктерінің сипаты диалогқа негізделіп, шұғыл (спонтанды) сипатта болуына қарай және т.б.), ауызша тілдің аралас стильдік түзілім болатыны көрсетіледі.
Ауызша тілдегі сөйлемдердің қысқа болатыны, фразалардың қарапайым болу себебі анықталады; кейбір грамматикалық нормалардың сақталмау себебі де көрсетіледі; сұраулы сөйлемдер, қаратпа сөздер, диалог, сұрақ-жауап, қыстырма сөздер, жіктеу есімдіктері, бұйрық райлы есімдіктердің қолданым ерекшеліктеріне, ым, ишарат, интонация сияқты тілдік емес, коммуникациядағы көмекші құралдар бірліктерінің қызметіне талдау жасалады. Ауызша тілде сөйлеу элементтері ұшырасып отыратыны, мәтін түзу тәсілдері, сөз формалар, морфологиялық топтар мен морфологиялық категориялардың қолданылу жиілігі тұрғысынан ауызша тілде нормадан ауытқу болатыны, еркін құрылымдар қолданыс табатыны көрсетіледі. Жалпы алғанда, Грамматика бөлімі аталған тақырыптардан басқа да жаңа, өзекті мәселелермен айналысып, қазақ тілі грамматикасын сан қырынан қарастыруды мақсат етеді.