ИНСТИТУТ ҚҰРЫЛЫМЫ

Басшылық

Фазылжанова Анар
Директор
Фазылжанова Анар Мұратқызы – филология ғылымдарының кандидаты (2000). Алматы облысы Ақсу ауданы Жансүгір кентінде дүниеге келген. 1996 ж. Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін «Қазақ мектептеріндегі орыс тілі мен әдебиеті, қосымша тарих» мамандығы бойынша үздік аяқтап, 1996-1999 жж. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының аспирантурасын бітірді. 2001-2003 жж. Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «Қазіргі қазақ тілі теориясы мен әдістемесі» кафедрасында оқытушы болып жұмыс істеді. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты қабырғасында әр жылдарда кіші ғылыми қызметкер, ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді.

2004-2008 жж. Институттың ғалым хатшысы, 2011-2018 жж. директордың ғылым жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Осы жылдарда оның жетекшілігімен 5 функционалды стиль бойынша «Қазақ тілінің ұлттық корпусын» жасау жұмыстары басталды және «Жалпы білім берудегі қазақ тілінің жиілік сөздігі» жарық көрді. 2018 ж. тамыз айынан бастап Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ғылыми-практикалық орталығының ғалым хатшысы қызметін атқара жүріп, латынграфикалы жаңа қазақ әліпбиінің ғылыми базасын жасау жұмыстарына белсене араласты және жетекшілік етті.

Фазылжанова Анар Мұратқызы қазақ тілінің сегментті, суперсегментті фонетикасы, интонация, интонология, қазақ интонациясы мен синтаксисі, пунктуациясының арақатынасы, қазақ тілінің тарихи фонетикасы, нормативті сөздіктер түзу тәжірибесі, орфография мен орфоэпия, сөз сазы мен просодикасы, ауызша сөз мәдениеті мәселелеріне арналған ғылыми және ғылыми-көпшілік мақалалар желісінің авторы. 10-сыныпқа арналған қазақ тілінің оқу құралдарының авторы, орфоэпиялық анықтағыш пен екітілді және нормативтік сөздіктерді құрастырушылардың бірі. Ғалым 3 оқу құралының, 1 анықтамалықтың, 200-ден астам ғылыми мақаланың авторы. 2020 ж. маусым айынан бастап ҚР БҒМ ҒК Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры лауазымына тағайындалды.

Осы кезеңде Ғалымдар кеңесінің құзыреті қайта күшейтілді, Институттың эмблемасы, логотипі, ұран сөзі мен моттосы бекітілді, Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми, тілтанымдық мұрасын зерттеу мақсатында «Ахметтану», сол сияқты Әлеуметтік лингвистика бөлімі ашылды, Терминология бөлімі Терминологиялық орталық болып қайта құрылды, «Ахмет оқулары», «Тілтанымдық мектеп», «Тіл және қоғам» ғылыми тілтанымдық алаңдар ашылды, Институттың 5 миллиондық картотекалық қоры цифрландырыла бастады, Институттың зертхана (кітапхана) қоры цифрландырылды, Институттың «Тілтаным» журналы онлайн форматқа ауыстырылды (https://www.tiltanym.kz/jour) және оны БҒССҚК/КОКСОН базасы мен СКОПУС/ SCOPUS базасына енгізу жұмыстары жүргізіліп келеді, Қазақ тілінің ұлттық корпусының сайты (http://qаzcorpus.kz/) жетілдірілді, «Ахметтану» сайты https://www. ahmettanu.kz жасалды.


Маралбек Ермұхамет
Директордың орынбасары
Маралбек Ермұхамет Маралбекұлы (02.09.1988) директордың орынбасары. 2007-2011 жж. Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Филология факультеті «5B01170-Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын қызыл дипломмен аяқтады. 2012-2014 жж. Абай атындағы КазҰПУ-дың Магистратура және докторантура институтының «6М011700-Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша магистратурасын үздік бітірді. 2015-2018 жж. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бірлескен оқу бағдарламасы аясында «6D021300- Лингвистика» мамандығы бойынша докторантураны бітірді. 2020 ж. ф.ғ.д., профессор З. Ахметжанованың жетекшілігімен «Қазақ тіліндегі мөлшер категориясының тарихи парадигмасы (лингвистикалық аспектіде)» тақырыбында PhD докторлық диссертация қорғап, «6D021300- Лингвистика» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алды. 2011 ж. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Грамматика бөліміне жұмысқа қабылданып, 2015-2020 жж. Тіл мәдениеті бөлімінде кіші ғылыми қызметкер, ғылыми қызметкер, 2015-2018 жж. Институт жанындағы Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы, 2021 ж. «Ахметтану» бөлімінің меңгерушісі, 2021 ж. шілденің 21 күнінен бастап қазірге дейін Институт директорының ғылым жөніндегі орынбасары.

55 ғылыми мақаланың авторы, 3 ұжымдық монографияның бірлескен авторы, 1 көптомдық шығармалар жинағының (Е.Омарұлының көптомдығы), 2 кітаптың құрастырушысы. 2017 жылғы ҚР-ның дарынды жас ғалымдарға арналған «Мемлекеттік Ғылыми стипендия» иегері. 2019 жылғы ҚР Білім және ғылым министрлігінің жас ғалымдарға арналған М.О. Әуезов атындағы сыйлығының иегері.


Садық Дидар
Ғалым хатшы
Садық Дидар Айдарұлы (16.08.1997) ғалым хатшы. 2014-2018 жж. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «филология және әлем тілдері» факультетінің қазақ филологиясы мамандығын бітірді. 2018 ж. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Ономастика бөліміне аға лаборант болып қабылданды. 2019 ж. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Компьютерлік лингвистика» мамандығы бойынша магистратураға түсіп, 2021 ж. үздік аяқтап шықты. 2018-2020 жж. арналған «Латынграфикалы жаңа ұлттық әліпби негізінде қазақ жазуын жаңғыртудың ғылыми-лингвистикалық базасын әзірлеу» атты тақырып бойынша, сондай-ақ 2021 ж. «Алматы қаласының урбанонимдік жүйесі» атты гранттық тақырып аясында зерттеулер жүргізді.

Қазіргі таңда «Мемлекеттік тілді латынграфикалы ұлттық әліпбиге көшіруді қамтамасыз ететін жаңартылған нормативтік сөздіктер мен академиялық басылымдар сериясын әзірлеу» атты жоба бойынша жемісті жұмыс атқарып келеді. 10-нан аса ғылыми мақалалар авторы.