Тұлғалар

Айтым Әбдірахманұлы Әбдірахманов (20.12.1928-20.3.1994). Ақмола облысы Қызылту ауданында (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Уәлиханов ауданы) өмірге келген. А.Ә. Әбдірахманов – филология ғылымдарының докторы. ҚазПИ-ді (қазіргі ҚазҰПУ) филология факультетін 1957 жылы бітірген. Қазақстан Ғылым Акедемияның Тіл және әдебиет институтының аспирантурасын (1954, қазіргі Тіл Білімі Институты) бітірген. Қазақстан Ғылым Акедемияның Тіл білімі институтында кіші (1954–1958),  аға (1958–1970) ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі (1970–1980), жетекші ғылыми қызметкер (1981–1994) болып қызмет атқарды. 1991 жылы «Қазақстан топонимдерін тарихи этимологиялық тұрғыдан зерттеу» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. А. Әбдірахмановтың ғылыми-зерттеу еңбектері қазақ тілінің топонимика, терминологиялық және емле мәселелеріне арналған. Ғалымның 100-ден астам ғылыми жарияланымның, оның ішінде 4 монографияның авторы.

Жанұзақ Телғожа Сейдінұлы (15.07.1927). Филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР ҒА-ның Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығының иегері, ҚР Гуманитарлық Ғылым академиясының академигі. Өмір жолын 1944 жылы аудандық дайындау мекемесінде бухгалтер болып бастады. 1947-1951 жж. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында оқыды. 1951 ж. осы Институттың аспирантурасына қабылданды. 1952 ж. бастап Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтында (қазірде А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты) кіші, аға ғылыми қызметкер (1952-1980), Ономастика бөлімінің меңгерушісі (1981-1994), ғылыми-зерттеу тақырыптарының жетекшісі (1995-2003), бас ғылыми қызметкер (1995 жылдан) болып жұмыс істейді. Т. Жанұзақтың тікелей белсенділігі арқасында Ономастика бөлімі 1981 ж. қайта ашылды.

«Қазақ тіліндегі кісі аттары» деген тақырыпта кандидаттық (1961) (проф. С.Е. Малов пен акад. І. Кеңесбаевтың жетекшілігімен), «Қазақ тілі ономастикасының негізгі проблемалары» деген тақырыпта докторлық диссертация (1976) қорғады.

Т. Жанұзақ – Республикадағы ономастикалық мектепті қалыптастырған, көп шәкірт тәрбиелеген және  жұмыстарды реттестіруге, дамытуға зор үлес қосқан білікті ономаст маман ретінде көптеген нормативтік, заңнамалық құжаттардың авторы. Бұл құжаттар әлі күнге еліміздегі нормативтік ономастика саласында іс жүргізуде басшылыққа алынып отыр. Ғалым қазақ жеріндегі тарихи атауларды қалпына келтіру, ескірген атауларды өзгерту, жер-су атттарын реттеу ісіне белсене қатысып, 1989 ж. Жоғарғы Үкімет орындарына хат жолдап, Мемлекеттік ономастикалық комиссия құру жайлы мәселе қойды. Нәтижесінде Қазақстан Үкіметі жанынан Мемлекеттік ономастикалық комиссия құрылып, ол 1990-1998 жж. оның ғалым-хатшысы, 1999-2003 жж. мүшесі болып, қоғамдық негізде ұлттық мүддеге қызмет етті. Еліміздің ономастикалық атауларын реттеуге қатысты, мемлекеттік деңгейдегі іс-шараларға белсене араласып, ономастикалық комиссия Ережесін жазды. Т.Жанұзақтың академик Ә.Қайдармен бірлесіп жазған «Республикадағы мемлекеттік және әкімшілік-аумақтық бірлестіктердің атауларын реттеудің, елді мекендердің аттарын өзгерту және тарихи географиялық атауларын қалпына келтіру тұжырымдамасы» мен «Қазақстан Республикасындағы ұлты қазақ азаматтарының есімдері мен әке аттары және фамилияларын реттеу туралы тұжырымдамасы» – қоғамдық, мемлекеттік органдарға күнделікті жұмысына қажет құрал.

Ғалым 70 кітап, 12 ғылыми-көпшілік сипаттағы кітаптар мен кітапшалар, 390-ға жуық ғылыми, ғылыми-көпшілік мақала, түрлі сөздіктердің авторы. Ғалымның жетекшілігімен 6 докторлық және 16 кандидаттық диссертация қорғалды. ҚР Үкіметінің «Көрнекті ғалымдарға арналған Мемлекеттік стипендиясының» иегері (2000), «ҚР ның ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгісінің иегері (2007), ҚР Президентінің «Ерен Еңбегі үшін» марапатының иегері (2007). 2021 ж. мамыр айында проф. Т. Жанұзақтың 5-томдық еңбектер жинағының  салтанатты тұсаукесері өтті.

Рысберген Қыздархан Құрмашқызы (13.04.1957). 1981 ж. Шымкент педагогикалық институтының филология факультетін үздік дипломмен бітірген. 1981-1983 жж. А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында ғылыми тағылымдамадан өтіп, 1984 ж. бері осы Институттың Ономастика бөлімінде кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, 1996-2004 жж. Институттың ғалым-хатшы қызметін атқарып келді. 2002 ж. Ономастика бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. 1993 ж. «Оңтүстік Қазақстан облысы топонимиясының тарихи-лингвистикалық зерттеуі» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Іргелі зерттеулермен қатар Республикадағы ономастика саласындағы жұмыстарды ғылыми-теориялық, әдістемелік, практикалық тұрғыдан реттестіру ісімен де айналысып келеді. Мәселен, қоғамдық, саяси-әлеуметтік мәні зор құжаттар санатындағы «Инструкция по русской передаче казахских и казахской передаче русских географических названий» атты нұсқаулықты (2003 ж.) және «Қазақстан Республикасындағы ономастикалық жұмыстардың тұжырымдамасының» жобасын (2004 ж.) әзірлеуге қатысты. Ұлттық ономастиканың түрлі өзекті проблемаларына қатысты 180-ге жуық ғылыми, ғылыми-көпшілік мақала, кітап, сөздіктері жарық көрді. 2000 ж. «Историко-лингвистическое исследование топонимов Южного Казахстана» атты монографиясы, 2004 ж. Т. Жанұзақпен бірігіп жазған «Қазақ ономастикасы: жетістіктері мен болашағы» әдістемелік құралы жарық көрді. Сондай-ақ ғалымның қатысуымен үш топонимдер сөздігі, 2002 ж. «Қазақша-орысша сөздік» (2002), «Орысша-қазақша сөздігі» (2005) шықты. Лексикография саласында қазақ әдеби тілінің 15-томдық түсіндірме сөздігін жасауға қатысты. 2006 ж. ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ы. Алтынсарин белгісімен» жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін марапатталды. 2010 ж. «Қазақ топонимиясының лингвокогнитивтік негіздері» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Ономастика саласы бойынша Республикадағы жоғары білікті, жетекші мамандардың бірі, оның ғылыми жетекшілігімен 6 кандидаттық диссертация қорғалды. Алматы қаласы ономастикалық комиссиясының мүшесі. 2018 ж. БҒМ төсбелгісімен марапатталды.

0 Shares