ТАРИХЫ

Еліміздегі ономастикалық зерттеулердің тарихын екі кезеңге бөліп көрсетуге болады: 1) кеңестік кезеңі (1950-1990)  және 2) тәуелсіздік кезеңі (1991 ж. – қазіргі кезге дейін).

1971 ж. Қазақ ССР Ғылым академиясы Президентінің жарлығымен Тіл білімі институтында Ономастика бөлімі ашылып, филология ғылымдарының кандидаты А. Әбдірахманов бөлім меңгерушісі болып бекітіліп, бөлімді 1979 ж. дейін басқарды.

Алайда ономастикалық зерттеулер Қазақстанда бұдан бұрын басталғаны белгілі. 1960 ж. дейін қазақ тіліндегі жер-су атаулары туралы жарық көрген екі жұмыс болды. Оның біріншісі – география маманы Ғ. Қоңқашбаевтың «Қазақтың халықтық географиялық терминдері» атты тақырыпта жазылған еңбегі (1951). Ал екінші жұмыс – Қазақстан географиялық атауларын тарихи-лингвистикалық бағытта зерттеген А. Әбдірахмановтың «Некоторые вопросы топонимики Казахстана» (1954) атты кандидаттық диссертациясы және «Қазақстанның жер-су аттары» атты монографиясы (1959). Осы диссертациялық жұмысының негізінде ол 1959 ж. «Қазақстанның жер-су аттары» деген атпен көлемді монографиясын шығарды.

1961 ж. Т. Жанұзақов бұрыннан жүргізіп келе жатқан қазақ антропонимдері жайлы зерттеу жұмысының нәтижесінде «Лично-собственные имена в казахском языке» атты тақырыпта (кеңесшісі проф. С.Е. Малов, жетекшісі проф. І. Кеңесбаев) кандидаттық диссертация қорғады. Кейінірек қазақ ономастикасы ғылымын теориялық, фактологиялық мол материал, соны зерттеумен байытқан, бұрын-соңды қарастырылмаған тың лексикалық қабат – есімдер жүйесіне арналған Т. Жанұзақовтың «Қазақ тіліндегі жалқы есімдер» (1965) және «Қандай есімді ұнатасыз? Какое выбрать имя?» (1968) атты кітаптары жарық көрді. Осы еңбекпен жалғас жүргізілген диссертациялық зерттеулер нәтижесінде Қазақстан топонимдері регионалдық, ареалдық бағытта қарастырылып, әрбір облыс топонимдерінің шығу, пайда болу, даму жолдары, лексика-семантикалық, хронологиялық топтары, лексика-фоно-морфологиялық құрылымдары жан-жақты сипатталды (Қойшыбаев Е. Жетісу топонимдерінің негізгі типтері (1967), Попова В.Н. Павлодар облысының гидронимдері (1966), Сұлтаньяев О.А. Көкшетау облысының топонимдері (1968) тақырыптарындағы кандидаттық диссертациялары).

Онмастика бөлімінде қызмет ететін мамандар 1971 ж. Мәскеу ғалымдарымен бірлесе отырып, «Инструкция по русской передаче географических названий Казахской ССР» деген атпен нұсқаулық шығарды. Бұл кезде Т. Жанұзақов «Қазақ есімдерінің тарихы» (1971) атты монографиясын, «Есімдер сыры. Тайны имен» (1974) атты кітабын шығарып, 1976 ж. «Основные проблемы ономастики казахского языка» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғады.

Т. Жанұзақовтың докторлық диссертациясының негізіндегі «Очерк казахской ономастики» (1982) атты монографиясы тек қазақ тіл білімінде ғана емес, түркітануда ономастика саласын жаңа деңгейге көтерген ғылыми нәтиже ретінде бағаланды. Сонымен бірге осы кезеңде жарық көрген О. Сұлтаньяевтің «Понятные непонятности» атты оқу құралы (1973), Е. Қойшыбаевтың  «Краткий толковый словарь топонимов Казахстана» (1974), А. Әбдірахмановтың «Топонимика және этнотопонимика» (1975) деген кітаптары ұлттық ономастиканың дамуына тілдік, тарихи-деректік тұрғыдан қосылған жаңа дүниелер боп бағаланды.

1979 ж. бастап бөлім «Терминология және ономастика» бөлімі болып аталды. Т. Жанұзақов ҒА Президиумының Жарлығына сай бөлім меңгерушісі болып бекітілді. 1981 ж. бөлім екіге бөлініп, «Терминология» және «Ономастика» бөлімдері  болып қайта құрылды.

Бөлім қызметкерлері 1981-1986 жж. «Орталық Қазақстан топонимдері» атты жоспар бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асырды. Бөлімде филология ғылымдарының кандидаттары А. Әбдірахманов, А. Махмутов, Е. Керімбаев, Д. Жүнісов,   Г. Бектемірова және т.б. жұмыс жасады.

Бөлім қызметкерлері 5 жыл бойы Қазақстанның әр аймағына қатысты топонимдік материалдар жинады, сондай-ақ әртүрлі дереккөздерден антропонимия, космонимия, зоонимия салалары бойынша тілдік материал жиналды. Соның нәтижесінде 5 жылда 130 000 ономастикалық материал жиналып, қазақ ономастикасы картотекалық базасының негізі құралды. Осы бесжылдықта жарық көрген еңбектер мыналар: Т. Жанұзақов «Очерк казахской ономастики» атты монографиясы (1982); Е. Керімбаев «Атаулар сыры» (1984); «Тюркская ономастика» атты жинақ (Ред. алқа мүшелері: Ә. Қайдаров, Н.А. Баскаков, Т. Жанұзақов, А.В. Суперанская) (1986); Е. Қойшыбаев «Қазақстанның жер-су аттары сөздігі» (1985); «Қазақ ономастикасының мәселелері» атты жинақ (1986), 20-дан аса мақалалар жарияланды.

Одақтық және Республикалық конференцияларда 8 баяндама, Халықаралық ономастикалық конгресте 2 баяндама (Ә.Т. Қайдаров, Т. Жанұзақов) жасалды. Бөлімде жан-жақтан келген докторлық және кандидаттық диссертациялар талқыланды (Ш. Жапаров (Қырғызстан), З. Дусимов (Өзбекстан), О.Т. Молчанова (Украина), Г.Ф. Саттаров (Өзбекстан), В.А. Хаков (Татарстан), Э.А. Бегматов (Өзбекстан), С. Атаниязов (Түркменстан), Т. Ахмедов, М.А. Жевлов (Хакасия), Б.К. Ондар (Тува), Р. Шахова (Дағыстан), К. Хурамова (Өзбекстан), З. Садыхов (Әзербайжан), Ф. Гарипова, Ф.Л. Мазитова (Татарстан), К.И. Бердшек (Грузия), К. Конкобаев (Қырғызстан), М.С. Лунгу (Молдавия), М. Рамазанова (Өзбекстан), В.У. Махпиров (Алматы)).

Одақтық Ғылым академиясы Тіл білім институтының «Ономастикалық зерттеулер» бөлімі мен Миклухо-Маклай атындағы Этнография Институтының «Ономастика тобымен» тығыз ғылыми байланыс орнады. Сол сияқты Республика бойынша Алматыдағы жоғары оқу орындарымен, Шымкент, Көкшетау, Қарағанды педагогикалық институттарымен, аудандық, қалалық, облыстық ЗАГС бөлімдерімен ғылыми-практикалық қарым-қатынас, берік байланыс болды. Соның нәтижесінде М. Қожанов, Б.К. Бектасова, Ш.Ш. Мұқанова, Е.Ә. Керімбаев, К.С. Есбаева, С.Х. Ескендірова, Қ.Қ. Рысбергенова, А.И. Назаров, А. Жартыбаев, Г. Әлиевалар бөлімнің ізденушілері болып, диссертациялық зерттеулер жүргізді.

Қазақ тіл біліміндегі ономастикалық зерттеулер бойынша 1984 ж. Т. Жанұзақов ҒА-ның Ш. Уәлиханов атындағы сыйлығының лауреаты болып, Қазақстанда академиялық ғылымның дамып қалыптасуына белсенді қатысқаны үшін  Құрмет грамоталармен марапатталды.

1987-1991 жж. бөлім «Қазақстанның аймақтық топонимдері мен тарихи этнонимдерді зерттеу» атты тақырыбы бойынша жұмыс жасады. 1987-1988 жж. проф. Т. Жанұзақовтың басшылығымен Ономастика бөлімінің қызметкерлері (А. Әбдірахманов, А. Махмутов, Е. Керімбаев, Д. Жүнісов, А. Мектепов, Ш. Рахметов) бір ай бойы Шығыс Қазақстан облысының Ұлан, Самара, Тарбағатай, Зайсан, Күршім, Марқакөл аудандарына далалық ғылыми экспедиция ұйымдастырды, ономастикалық материалдар жинап (10 мың топоним, 12 мың антропоним, 500 космонимдік атаулар), картотекаға түсірді. Экспедиция нәтижесінде 1989 ж. «Орталық Қазақстанның жер-су аттары» (авторлар: Т. Жанұзақов, А. Әбдірахманов және т.б.). атты 12 баспа табақ ұжымдық монография жарық көрді. Бөлім ұжымы 1990 ж. «Жезқазған облысы географиялық атауларының сөздігін» әзірлеп, жарыққа шығарды.  

Сонымен қатар осы кезеңде Т. Жанұзақовтың редакторлығымен  «Тюркская ономастика: перспективы и развитие» атты (Алматы, 1990) КСРО  түркітанушы ономаст ғалымдарының ұжымдық жинағы жарық көрді.

Т. Жанұзақов ХVІ-ХVІІ Халықаралық ономастикалық конгрестерге (Лейпциг, 1984, Хельсинки, 1990) қатысып, қазақ ономастикасы бойынша баяндамалар жасап, олар кейінірек жеке жинақтарда шетелдерде жарық көрді. Жетекші ғылыми қызметкер А. Әбдірахманов, кіші ғылыми қызметкерлер Қ. Рысбергенова, Ә. Сапарбекова, А. Мектеповтердің бұл саладағы ғылыми-практикалық еңбектері аз болмады. Зерттеу жұмыстарымен қатар аудандық, қалалық, облыстық, Республикалық АХАЖ бөлімдерімен байланысты үзбей, практикалық тұрғыдан жәрдем беріп тұрды. 1988 ж. проф. Т. Жанұзақов Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атағын алды. 1989 жылы 30 қарашада Қазақстан Үкіметі жанынан Мемлекеттік ономастикалық комиссия құру, оның жұмысын Ұлттық Ғылым академиясының А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына жүктеу жайлы шешім қабылданды.

Қазақ ССР Жоғарғы Советінің  1990 жылғы  20 сәуірдегі №156  шешіміне сәйкес  Қазақ ССР Министрлер Советі Мемлекеттік ономастикалық комиссия құру туралы қаулы қабылдады.

Онда комиссия құрамы, комиссияның ережесі (ережені жазған Т. Жанұзақов) қоса бекітілді. Осы қаулыдан соң Ә.Т. Қайдаров пен Т. Жанұзақов «Қазақ КСР-індегі мемлекеттік және әкімшілік-территориялық бірліктердің атауларын реттеудің, елді мекендердің аттарын өзгерту және тарихи, географиялық атауларын қалпына келтірудің тұжырымдамасын» жазды.

1970 жылдары,
Шора Сарыбай, Рәбиға Сыздық, Әбдуәли Қайдар, Телғожа Жанұзақ.
Ономастика бөлімі, 1988 ж.
Картотекамен жұмыс (солдан оңға қарай) Гүлжанат Бектемірова, Қыздархан Рысберген, Телғожа Жанұзақ, Айтым Әбдірахманов, Шәріп Рахметов.
Ономастика бөлімі, кезекті конференциядан соң, 1988 ж.
 
1-қатар (солдан оңға қарай): Ботагөз Бектасова, Телғожа Жанұзақ және жұбайы Нарима Ерғазиева, Гүлсанат Бектемірова;
2-қатар (солдан оңға қарай): Әлия Сапарбекова, Шәріп Рахметов, Есенгелді Керімбаев, Қыздархан Рысберген, Гүля Әлиева.
Ономастика бөлімі, 2002 ж.
1-қатар (солдан оңға қарай): Қыздархан Рысберген, Телғожа Жанұзақ, Нұржамал Оңғарбай;
2-қатар (солдан оңға қарай): Сәуле Иманбердиева, Әзімхан Алманов, Мереке Сұлтанмұратова.
Оқжетпес, конференция, 2004 ж.
 Суретте (солдан оңға қарай): Тіл басқармасы қызметкері, Гүлмира Мадиева, Көбей Құсайынов, Қыздархан Рысберген.
8-наурыз мерекесі, 2003 ж.
 
1-қатар(солдан оңға қарай): Зейнеп Базарбаева, Рабиға Сыздық, Көбей Құсайынов, Телғожа Жанұзақ;
2-қатар (солдан оңға қарай): Нұржамал Оңғарбай, Қыздархан Рысберген, Зүбайра Садырбаева.
0 Shares