Қызметкерлер

Оңғарбай Нұржамал Бекенқызы (03.09.1953). 1976 жылы  Шымкент қаласындағы М. Әуезов атындағы педагогикалық институтының филология факультетін бітірген, 1976-1981 жж. Шымкенттегі Сыпатаев атындағы орта мектептің мұғалімі. 1982 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі Ғылым комитеті А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының диалектология бөлімінде кіші ғылыми қызметкер, 1993 жылдан бері Ономастика бөлімінде кіші ғылыми қызметкер, одан аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді. 1997 ж. ҚР ҰҒА академик Ә. Қайдардың жетекшілігімен «Қазақ жұмбақтарының тілі (этнолингвистикалық зерттеу)» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады (1997). Н. Оңғарбай 2002 жылы жарық көрген Институттың іргелі лексикографиялық еңбектерінің бірі «Қазақша-орысша сөздігінің» құрастырушыларының бірі. 1993 жылдан бері ұлттық ономастика мәселесімен айналысып, бөлімнің іргелі, қолданбалы зерттеулеріне қатысып келеді. 15-томдық «Қазақ әдеби тілі сөздігінің» құрастырушыларының бірі. Ғалымның 40-тан астам ғылыми жарияланымдары бар.

Рсалиева Нұрсәуле Мақсұтқызы (30.11.1967). 1991 ж. қазіргі Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Екі шет тілі» мамандығы бойынша үздік бітірген. 1991-2009 жж. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ағылшын филологиясы кафедрасында оқытушы, аға оқытушы, доцент, 2009 ж. «Нұрмүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің доценті, 2010-2019 жж. С. Демирел атындағы университеттің ассистант профессоры; 2019 ж. Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жетекші ғылыми қызметкері, 2021 ж. бастап А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Ономастика бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері.

2008 ж. «Қазақ онимдерін ағылшын тіліне транслитерациялаудың ғылыми-теориялық негіздері» тақырыбында «10.02.20 – салыстырмалы-тарихи, типологиялық және салғастырмалы тіл білімі» саласы бойынша кандидаттық диссертация қорғаған. Зерттеу бағыттары: аударматану, ономастика, грамматология, терминология, стилистика, лингвомәдениеттану, әдістеме. 200-ге жуық ғылыми мақала авторы.

ҚР Үкіметі жанынан құрылған Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық жұмыс тобының мүшесі.

Халықаралық марапаты: АҚШ мемлекеттік департаментінің Ағылшын тілін үйретуге қосқан ғаламдық үлесі үшін Алғыс хаты.

Пашан Дана Мұсабекқызы (26.10.1980). 1997 ж. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, бакалаврды 2001 ж. аяқтап, 2003 ж. осы оқу орнының магистратурасын қызыл дипломмен бітірген. Одан кейін аталған университетте қызмет істей жүріп, 2010 ж. «Орта ғасыр ескерткіштері тіліндегі бір буынды көпмағыналы сөздер» (А. Йүгнекидің «Ақиқат сыйы» мен Ж.Баласағұнның «Құтты білік» шығармалары негізінде)» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғады. Бұдан кейінгі жылдары бірнеше ғылыми мекемелерде жұмыс істеді. А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына аға ғылыми қызметкер лауазымына 2016 ж. қабылданды. Қазіргі уақытта Ономастика бөлімнің аға ғылыми қызметкері болып, Институтта өнімді қызмет атқаруда. Ғалымның 40-қа жуық мақаласы Республикамыз бен алыс-жақын шетелдерде жарыққа шыққан. Ғалымның ономастика саласына қатысты да бірнеше ғылыми зерттеулері бар.

Бармешова Назира Темірханқызы (21.09.1976). 1993 ж. Абай атындағы Мемлекеттік Педагогикалық университеттің филология факультетіне оқуға түсті. 1998 ж. аталған университетті бітірді. 1998-2000 жж. Абай атындағы қазақ орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі. 2002 ж. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық мұражайында жұмыс істеді. 2004 ж. А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына аға лаборант болып жұмысқа орналасты. 2004-2012 жж. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» техникалық жұмыстарын істеді. 2012-2015 жж. Ономастика бөлімінде аға лаборант болып жұмыс істеді. 2015 ж. бастап қазіргі уақытқа дейін Ономастика бөлімінде кіші ғылыми қызметкер болып қызмет істеп келеді. Бөлімнің ғылыми жоба тақырыптары бойынша және бөлімге қатысты жұмыстарды атқарады, бірнеше ғылыми мақалалары жарық көрген.

Садық Дидар Айдарұлы (16.08.1997). 2014-2018 жж. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «филология және әлем тілдері» факультетінің қазақ филологиясы мамандығын бітірді. 2018 ж. А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Ономастика бөліміне аға лаборант болып қабылданды. 2019 ж. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Компьютерлік лингвистика» мамандығы бойынша магистратураға түсіп, 2021 ж. үздік аяқтап шықты. 2018-2020 жж. арналған «Латынграфикалы жаңа ұлттық әліпби негізінде қазақ жазуын жаңғыртудың ғылыми-лингвистикалық базасын әзірлеу» атты тақырып бойынша, сондай-ақ 2021 ж. «Алматы қаласының урбанонимдік жүйесі» атты гранттық тақырып аясында зерттеулер жүргізді. Қазіргі таңда «Мемлекеттік тілді латынграфикалы ұлттық әліпбиге көшіруді қамтамасыз ететін жаңартылған нормативтік сөздіктер мен академиялық басылымдар сериясын әзірлеу» атты тапсырмасы бойынша жемісті жұмыс атқарып келеді. 10-нан аса ғылыми мақалаларының авторы.

Сейтбатқал Әрлен Берікұлы (06.03.1998). 2015-2019 жж. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «филология және әлем тілдері» факультетінің қазақ филологиясы мамандығын бітірді. 2019 ж. университетті бітіргеннен кейін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Ономастика бөліміне аға лаборант болып жұмысқа қабылданды.

2021 ж. әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Компьютерлік лингвистика» мамандығы» бойынша магистратурасын бітірді.

Ә. Сейтбатқал Ономастика бөлімінде қызмет жасаған аралықта  Институттың іргелі зерттеу бағдарламасының «Дүниежүзілік саяси картаны» әзірлеу және «Қазақ тіліндегі өзге тілді ономастикалық атаулардың анықтамалығын» дайындау (2020) тапсырмасын орындады. Жас ғалым тарихи ономастика, атаулардың этимологиясын, қазақ есім беру дәстүрін  зерттеуге және тарихи атауларды жаңғыртуға ынталы. Түркі және қазақ ономастикасына қатысты мақалаларын жариялап тұрады.

0 Shares