МӘДЕНИ МҰРА

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі иснтитутының «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Тілтаным секциясының жетекшісі ретінде атқарған жұмыстары

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының Тілтаным секциясының жетекші ұйымы болып табылады.

І «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының Тілтаным секциясының мақсаты мен міндеттері

Мақсаты: Қазақ тілінің әр түрлі типтегі сөздіктерін дайындау арқылы Қазақстан республикасының мемлекеттік тілінің ғылыми-лингвистикалық базасын күшейту, оның қолданылу аясын кеңейту.
Міндеттері:

  1. Қазақ тілінің 15 томдық «Түсіндірме сөздігін» дайындау;
  2. Қазақ тілінің «Орфографиялық сөздігін» дайындау;
  3. Қазақ тілінің «Орфоэпиялық сөздігін» дайындау;
  4. Қазақ тілінің «Синонимдер сөздігін» дайындау;
  5. Қазақ тілінің «Аймақтық сөздігін» дайындау;
  6. Қазақ тілінің «Фразеологиялық сөздігін» дайындау;
  7. «Қазақтың бұрынғыдан қалған сөзі» еңбегін шығару;
  8. Қазақ тілінің «Этимологиялық сөздігін» дайындау және т.б.

 II А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының 2004-2007 жылдарға бойынша «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасымен жасаған жұмыстары (дайындаған еңбектері)

 «Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігі» (Алматы: «Арыс», 2004 ж., 50 б.т.) жарық көрді;

Сөздікте 75 мыңнан аса сөз бен сөз тіркестерінің үндесім (сингармонизм) және үйлесім (ассимилятив) айтылым үлгілері берілген. Сөздік қазіргі әдеби тілдің айтылым нормаларын толық көрсететін нормативті құрал ретінде ұсынылып отыр. Аталмыш құрал мұғалімдер мен мектеп оқушыларына, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттеріне, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлеріне, сахна өнерінің шеберлеріне, сондай-ақ қалың жұртшылықтың пайдалануына арналған.

Он бес томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» сөзтізбесі шығарылды (Алматы: «Арыс», 2004 ж., І, ІІ, ІІІ, ІV, V кітаптар, көлемі – әр қайсысы 16,5 б.т.).
Бұл сөзтізбеде он бес томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» томдарына енетін сөздер және олардың қандай тұлғада берілетіні көрсетілді. Сөзтізбе негізінен қазақ әдеби тілінің жұртшылыққа кеңінен тараған сөздерін қамтиды. Сөзтізбеге ішінара жергілікті, көне және жиі қолданылатын кәсіби сөздер мен пәнаралық терминдер енгізілді. Сөзтізбе түсіндірме сөздік жасаушыларға арналады.

«Қазақ тілінің аймақтық сөздігі» (Алматы: «Арыс», 2005 ж., 80 б.т.) 2005 жылы жарық көрді;

Сөздікте қазақ тілі сөйленістерінің лексикалық ерекшеліктерінен едәуір мәлімет беретін материалдар қамтылып отыр. Қазақ  тілінің   аймақтық сөздігі А-дан Я әрпі аралығындағы жиырма екі мыңнан астам жергілікті тіл ерекшеліктерін қамтиды. Сөздікке лексикалық ерекшеліктермен қатар дыбыстық ерекшеліктерімен өзгешеленетін сөздердің біразы, кейбір грамматикалық құбылыстарды қамтитын сөздер де енгізіліп отыр. Сондай-ақ мұнда диалектологиялық экспедиция  деректері, қажетті жағдайда иллюстративтік материалдар ретінде әдеби шығармалар мен мерзімді баспасөздерден алынған  мысалдар пайдаланылды.
Сөздік тіл мамандарына, ғылыми қызметкерлерге, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттеріне, мұғалімдерге және баспа қызметкерлеріне арналады.

«Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі», Алматы: «Арыс», 2005 ж., (көлемі – 42 б.т.);

Унификациялау мен нормалауды қажет ететін республикада соңғы жылдары болып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің негізіндегі реалийлер мен құбылыс атауларын ескере отырып, толықтырылып, өңделген басылым. Бұл басылымда бұрын сөзтізбеге енбеген сөздер мен тіркестер, бірқатар жаңа ғылыми-техникалық, қоғамдық-саяси терминдер қосылды, бірге және бөлек жазылатын сөздер тобы айқындалып, реттеле түсті.

«Синонимдер сөздігі», Алматы:  «Арыс», 2005 ж., (көлемі – 46 б.т.);

Бұл сөздік мемлекеттік тілдің ішкі байлығы мен мүмкіндіктерін, оның мағыналық түрленімі мен лексика-семантикалық ауқымының кеңдігін көрсетеді.

 Он бес томдық 1-15 томдар / Құраст. Т.Жанұзақов, С.Омарбеков, Ә.Жүнісбек және т.б. – Алматы: “Арыс”, «Қазақ энциклопедиясы» баспалары, 2006-2011.
1-том. – А–А. – 752 бет. Ұлттық тілдің 120 мыңдай сөз байлығын қамтитын 15 томдық «Қазақ әдеби тілі сөздігінің» (Алматы: «Арыс») бүкіл реестрлік құрамы түзіліп бітті. «А»-дан «Я»-ға дейін сөздік мақалаларды жазу аяқталды. Сөздіктің 15 томы толықтай құрастырылып бітті. Әр томның о бастағы жоспарға сәйкес көлемі – 50 баспа табақ. Бірақ жарыққа шығарып отырағн әрбір томныңкөлемі 55-60 б.т. болып отыр. Көптомды бұл Сөздік  қазақ лексикографиясының, сондай-ақ әлемдік тиімді тәжірибелерге сүйене отырып құрастырылып отыр. Аталмыш сөздік ұлттың ерекше бай, әрі рухани терең және мол қырлы тілдік әлеуетін көрсетуді, мәдени-ұлттық мазмұндағы ұғым-атауларды, сондай-ақ пәнаралық термин сөздерді көптеп қамтып, жинақтап беруді көздеген, сонымен қатар бұрын сөздіктерге енбей қалған А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердиев, Х.Досмұхамедов, А.Бөкейханов және т.б. сияқты Алаш зиялылырының еңбектерінен, сондай-ақ кеңестік дәуірде тыйым салынған тарихи жырлар, батырлық жырлар, діни хикаялар мен діни дастандардан алынған иллюстрациялық материал іріктеліп берілді.

«Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» баспаға әзірленді.
Кезінде І.Кеңесбаев құрастырған бұл Сөздікте 10000-нан астам фразеологиялық және идиомалық тіркестер қамтылған болатын.
Институт Сөздікті академик І.Кеңесбаевтың 100 жылдық мерейтойына бағыштап жарыққа шығаруды ойластырған болатын.

«Қазақтың бұрынғыдан қалған сөзі» атты қазақ халқының байырғы сөз үлгілерінің материалдары жарық көрді. (2008 ж.) Кітапта негізінен «Бата», «Жоқтау», «Жұбату», «Көңіл айту», «Естірту» тәрізді жанрлар қамтылған. Әуелде жоба бойынша байырғы сөз үлгілерінің тілек, алғыс-қарғыс, жермен қоштасу, елмен қоштасу, тау айтыс, жер айтыс, халық күнтізбесіне қатысты жұмбақтар, халықтық астрономия жүйесіне байланысты қараөлең, жырлар, т.б. танымдық мәні бар сөз үлгілері мен жанрларды беру көзделген.

«Қазақ жер-су аттары» атты орыс, ағылшын тілдеріндегі транслитерациясы берілген қазақ тіліндегі сөздік-анықтамалық (көлемі 40 б.т.). Бұл әлеуметтік маңызы жоғары еңбекте ономастикалық бірліктердің жазылуына қатысты қателіктер талданады, ұлттық ономастикалық нормадан типтік ауытқулар көрсетіледі. Алғы сөзде қазақ ономастикалық атауларының ерекшеліктері, оларды жазуда таңбалауда басшылыққа алынатын принциптер, анықтағыштың құрамы мен құрылысы көрсетіледі, сондай-ақ анықтамалықты пайдаланудың нұсқаулығы беріледі. Еңбекте әртүрлі жазылып жүрген ономатстикалық атауларды бірізге түсіру көзделеді.
Сөздік қалың жұртшылық пен мемлекеттік орындарға нормативті нұсқаушы ретінде ұсынылады.

«Қазақ есімдері» атты орыс, ағылшын тілдеріндегі транслитерациясы берілген қазақ тіліндегі сөздік-анықтамалық (көлемі 40 б.т.). Бұл әлеуметтік маңызы жоғары еңбекте қазақ есімдерінің АХАЖ бөлімдерінде, құжаттарда бірізді жазылуына байланысты нормалар көрсетіледі, кісі есімдерінің жазылу ережелері беріледі. Анықтамалықты ресми орындар Республикадағы құжаттарды рәсімдеуде, ал қалың жұртшылық балаға ат қою кезінде кеңінен пайдалана алады.

III Секция жұмысының тәжірибесі не берді: қордаланған проблемалар, ойлар, ұсыныстар

1. Бағдарлама аясында шығарылатын кейбір еңбектерді қаржыландыру мәселесін қайта қарау қажет, өйткені әуелде жоспарланған көлемдегіден кітаптардың баспа табақ саны көбейіп отыр, мысалы, «Қазақ тілінің синонимдер сөздігінің» жоспарлы баспа табағы 25, ал нақты шыққаны 45, Орфографиялық сөздіктікі – 30, ал шыққаны – 40. Көлемнің жоспарланған мөлшерден артып кетуі еңбектерді құрастыру, әзірлеу барысында олардың сапасын көтеру мақсатымен байланысты болып отыр.
2. Жұртшылықтың тілтанымдық білім-біліктілігін, лингвистикалық мәдениетін арттыратын әлеуметтік мәні жоғары, мысалы, жұртты дұрыс сөйлеуге, тілдік бірліктерді орынды қолдануға үйретіп, халықтың қазақ атаулары бойынша антропонимдік, топонимдік біліктілігін арттырып, тілдік таным көкжиегін кеңейтетін анықтағыштар, қызықты, қысқаша энциклопедиялық сөздіктер сияқты еңбектерді жоғары таралыммен жоспарлап, шығарып отыру керек.
3. Қазақстанның қазіргі экономикалық және саяси даму үрдістеріне сәйкес елімізде мемлекеттік тілмен қатар ағылшын тілін де жете меңгерген басқару, дипломатия, бизнес, білім беру салаларының өкілдері санын арттыру қажеттілігі туындап отыр. Осыған байланысты қазіргі кезде аса тапшы болып отырған «Қазақша-ағылшынша», «Ағылшынша-қазақша» сөздікткерді шығаруды қолға алған дұрыс болар еді.
 
IV Баспалармен, редакторлармен жұмыс туралы пікірлер

  1. Ғылыми жұмыстар алдын ала бірнеше жыл бұрын жоспарланбаса, кітаптардың баспадан уақтылы шығып тұруына кедергі келеді.
  2. Он бес томдық түсіндірме сөздік сияқты үлкен жобаларды шығару үшін баспалар арасында жыл сайын емес, бір-ақ рет тендер өткізуге болмай ма?
  3. Бағдарлама аясында бірнеше еңбекті бірігіп шығарып, жұмысты өзара тиімді ұйымдастыру әрекеттеріне әбден дағдыланып алған кезде жобаға бірігіп қатысушыларды (ғылыми институт пен баспа) жиі өзгерту жұмысқа кесірін тигізетінін тәжірибе көрсетіп отыр.