ЛЕКСИКОЛОГИЯ БӨЛІМІ

ЛЕКСИКОЛОГИЯ БӨЛІМІНІҢ ТАРИХЫ

Тіл білімі институты құрылғаннан бастап, лексикология, тарихи лексикология мәселесі тіл тарихы, диалектология, ономастика, терминология т.б. бөлімдердің ішінде сабақтас қарастырылып келді.

Жеке лексикология бөлімі 1981 жылы ашылды. Бөлімді 2008 жылға дейін профессор К.Ш.Хұсайын басқарды, 2008 жылдан бері бөлім меңгерушісі – профессор Ж.А.Манкеева.

Бөлім ашылғаннан бастап, 2003 жылға дейін Лексикология бөліміндегі зерттеу жобаларының дені құрылымдық тіл білімі шеңберінде, яғни лексикалық бірліктердің мағынасы мен ескілік атауларының ауыспалы, тура, тарихи, көне мағыналары мен этнографизмдік қызметтері  қарастырылып, біршама ғылыми-зерттеу еңбектері жарық көрді.

2003 жылдан бастап негізгі бағыт ретінде осы уақытқа дейін айқындалған лексикалық  тың мағыналардың, көне атаулардың уәждемесін, этимологиясын, таңбалануын, мәдени құндылыққа ие болу ерекшелігін терең анықтау мақсатында антропоцентристік, оның ішінде лингвокогнитологиялық бағыт бойынша зерттеу мақсаты белгіленді.

Тілдік құрылым жүйесінде лексикалық аспектінің ғылыми тұрғыдан арнайы зерттеу нысаны болуы академик І.Кеңесбаевтың Ғ.Мұсабаевпен бірлесіп жазған еңбегінен басталып (І.Кеңесбаев, Ғ.Мұсабаев. Қазақ тілі. Лексика, фонетика. 1962 ж.), Б.Қалиевтің (Қазақ тіліндегі өсімдік атаулары. 1988 ж.), С.Бизақовтың (Тілдік норма және варианттылық. 1997) т.б. ғалымдардың зерттеулерінде жан-жақты қарастырылып, жалғасын тапты.

Сондықтан Тіл білімі институты ұжымының ғылыми-өндірістік зерттеу нәтижелері ретінде жарық көрген түсіндірме, фразеологиялық, этимологиялық, диалектологиялық, синонимдік, терминологиялық т.б. сөздіктер де қазақ тілінің лексикалық қорын дәйектеген еңбектер.

Осымен байланысты анықталатын лексикалық мағына – таңба деңгейіндегі сөздің жалпы сапа қасиеттері  арқылы, нақты айтқанда, сөздің семантикасы, ономасиологиялық уәжі, прагматикасы арқылы анықталатын күрделі құрылым. Лексикология бөлімінің қызметкері Қ.Айдарбек атаудың негізі үшін алынған белгіні, уәжді арнайы зерттесе (Қ.Айдарбек. Адамға қатысты атауларды ономасиологиялық тұрғыдан талдау: канд. дисс. (1999 ж.), бөлім қызметкері А.Хабиева лексикалық мағынаның прагматикалық аспектісін коннотация арқылы анықтайды (Тарихи лексиканың мазмұндық құрылымындағы коннотаттық компоненттер (Махамбет шығармашылығы негізінде: канд.дисс. 2007 ж.)).

Ал қазіргі таңдағы қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне, қоғамдық, экономикалық, саяси, әлеуметтік, ғылыми-мәдени даму деңгейіне  сәйкес терминологиялық өрісті кеңейтудің  бір жолы – терминдену үдерісінің негізгі көзі ретінде де лексика нысаны Тіл білімі институтында жан-жақты зерттелуде (Ө.Айтбайұлы, Б.Қалиұлы, Ш.Құрманбайұлы, Қ.Айдарбек т.б. еңбектері).

Қазіргі қазақ қоғамындағы  ұлттық сананың жаңғыруы мен ұлттық тұтастықтың дамуын қамтамасыз ететін, рухани күштің арқауын ұстайтын негізгі құралы тіл құдіреті мен сөз байлығы арқылы сақталған ұлттық тіл екені қоғамдық-әлеуметтік өмірдің барлық сан салалы әрекеттерінде айқындалуда. Бұл жайт тілді зерттеу мәселесінің ғылыми-әдістанымдық негізін жаңаша құруды қажет етуде. Оның негізгі тетігі – ұлттық құндылық ретіндегі тілдің ерекшелігін, сөз өнерінің өзіне тән болмысы мен табиғатын ашу. Басқаша айтқанда, ол – тіл туралы онтологиялық көзқарасты сол тілде сөйлеуші халықтың жан дүниесімен, ой-санасымен, тарихымен, мәдениетімен тығыз байланыста, кешенді сипатта, тұтастықта қарау [Е.Жанпейсов  Этнолексика казахского языка (на материалах произведении М.Ауэзова). (1989) .; К.Хусаин. Сопоставительно-лингвокультурологический аспект исследования // Тілтанымдық зерттеулер. (2007) .; Ж.Манкеева. Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың танымдық негіздері. (2008) ., С.Бизақов Көңіл-күй лебіздерін білдіретін сөз орамдары (2007).; Р.Шойбеков Қазақ зергерлік өнерінің лексикасы (2009).; Қ.Ғабитханұлы Қазақ мифологиясының тілдегі көрінісі (2006).; А.Әмірбекова Қазіргі қазақ тіл біліміндегі жаңа бағыттар (2011).; М.Мақатаевтың бейнелі сөздер сөздігі (2013). ].

Осы жұмыстардың нәтижесінде жалпы қазақтың сөздік құрамында бар мәдени атаулардың және лингвомәдени мәні бар бірліктердің негізгі қоры жинақталды деуге болады. Енді қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне сай мемлекет ішіндегі және мемлекетаралық қызметін іске асыру үшін қазақтың мәдени құндылықтарын басқа халыққа тиімді әрі айқын үйрету барысында лингвоелтанымдық бағыттың қажеттілігі анықталды. Осымен байланысты өзге ұлт тіліндегі баламасын, аударылымын салыстырмалы, салғастырмалы түрде анықтайтын лингвомәдени зерттеу жобасын одан әрі кеңейтіп, жалғастыру мақсаты қазақ тілі лексикасының лингвоелтанымдық аспектілерін зерттеуге ұластпақ.

Атап айтқанда, этномәдени лексиканы зерттеулерге қатысты қазақ халқының ұлттық мәдени мұраларын, оның ішінде жалпыхалыққа әлі танылмай отырған көне мәдени атаулар мен ескілік сөздерді, таныс емес, ұмыт қалған ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды, наным-сенімдер мен ұлттық пайымдауларды, таным-түсініктерді  көркем әдебиеттерден, ауыз әдебиеті нұсқаларынан, публицистикалық еңбектерден жинақтап, ұлттық лингвомәдени қорды толықтыру негізінде жалпы қазақ мәдени кеңістігіндегі этномаркерленген лексикалық сөздік қор жинақталып, сипатталды. Бұл – қазіргі қазақ қоғамының жаңа рухани-әлеуметтік жаңғыру, өзгеру деңгейіне сәйкес ұлттық мүдде сұранысы мен талабын қанағаттандыратын өзекті мәселе.

Бұл бағыттың адамтанымдық сипаты қазақ тіл білімінде де кейінгі кезеңде өріс алып келе жатқан мәтін лингвистикасы, «тілдік тұлға» теориясы, дискурстық талдау негізінде лексикология бөлімінде орындалған диссертациялардың зерттеу арқауы арқылы нақты көрініс тапты (Г.Имашева «М.Дулатұлы шығармаларындағы ғаламның тілдік бейнесі»: канд.дисс. 2007 ж.; Ж.Ермекова «Мағжан Жұмабаевтың тілдік тұлғасы»: канд.дисс. 2010 ж.; Г.Сабирова «Көркем тілді адамтану парадигмасы тұрғысынан зерттеу» (Ж.Нәжмеденов өлеңдері негізінде): канд.дисс. 2010 ж. т.б.).

В. фон Гумбольдттің пікірінше, ұлттың өзіне тән, іштей дамитын рухы бар. Сол рухтың ерекшелігін сөз байлығы мен көркем тілі арқылы сыртқа шығарып, сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа беруші күш – тіл. Демек, бұл парадигмаға сай зерттеу нысаны болатын тіл – объективті дүниенің субъективті бейнесі.

Сонымен бірге тіл білімінің  әрі қарай құрылымдық жүйе негізінде  жүргізілген жан-жақты зерттеулерінің нәтижесі мен даму барысында тілдің ішкі мәнін негіз деп санап, тілді жүйелі құбылыс немесе таңбалы жүйе деп қарау лексика саласын кешенді сипатта және тарихи деривация мен номинация шегінде қарастырумен ерекшеленеді.

Осымен байланысты тілдің лексикалық байлығының ішкі формасы мен мазмұнын, халқымызға тән рухани қазынасын бойына сіңіріп, сақтап, бүгінгі ұрпаққа жеткізген ана тілінің құдіреті тілдің мұрагерлік (куммулятивтік) қызметімен байланысты. Соның негізінде ғасырлар бойы халықтың көкірегінде жатталып, жадында сақталған көне тамырлы сөздердің тарихына үңіліп, жасалу және сақталу жолдарының тілдік құралдарын анықтау, мағыналық даму заңдылықтарын көрсету, көнеру себептерін ашудың лексикологияға, тарихи лексикологияға қатысты теориялық мәні болса, ал түсіндірме, этимологиялық, екітілді аударма сөздіктер жасауға, оларды сапалық-мазмұндық жағынан неғұрлым жетілдіре түсуге көмектесіп, қазіргі қоғамдық-әлеуметтік сұранысқа сай практикалық та жүк көтереді. [А.Т. Кайдаров. Структура односложных корней-основ в казахском языке (1986)., К.Ш. Хұсайын. Дыбыс бейнелеуіштік теориясының негіздері (2009)., Ж.Манкеева. Қазақ тіліндегі байырғы түбірлерді жаңғырту (2010).]

Бұл сала көп жағдайда этностың шығу тегін, оның салт-дәстүрін, ата-бабаларының тағылымын, елдік қасиетін, қоршаған табиғи ортасын, сондай-ақ этнос өмір тіршілігіне қажетті де ерекше орын алатын заттық (материалдық) мәдениеттің қыр-сырына да ерекше мән беріп келеді. Бұл бағыттағы зерттеулердің орындалуы лексикология бөлімінің төмендегі ғылыми жобаларында көрініс тапқан: «Қазақ тіліндегі лингвомәдениеттанымдық концептілер және олардың жүйесі әртүрлі тілдерде салыстырылуы» (2003-2005 жж.); «Қазақ тілі лексикасының лингвоелтанымдық аспектілері» (2006-2008 жж.); «Қазақ мәдени кеңістігінің этномаркерлік лексикасы» (2009-2011 жж.); «Ұлттық идея – Қазақстанның дамуының негізі» қолданбалы зерттеу бағдарламасы аясында «Қазақ тілінің ұлтты рухани тұтастырушылық қызметі» (2007-2009 жж.).

Өз бастауын лексикологиялық зерттеулерден алған бұл бағыттағы ізденістер бірте-бірте өздерінің зерттеу нысанын, бағыт-бағдарын айқындап, тәсілін ұстартып, даму, жетілу және соған сай жіктелу үстінде. Соның айғағы – Институттағы лексикологияның бір тармағы іспеттес жеке этнолингвистика бөлімі. Сол бөлімде орындалған академик Ә.Қайдардың «Қазақтар: Ана тілі әлемінде» атты 4 томдық этнолингвистикалық сөздігі. Сонымен бірге бұл салаға қатысты әртүрлі тақырып бойынша қорғалған диссертациялардың (Е.Жанпейісов, Ә.Ахметов, Ж.Манкеева, Қ.Ғабитханұлы, Б.Сағын, С.Сәтенова, А.Жылқыбаева, А.Мұқатаева, Қ.Аронов, Р.Шойбеков, Б.Уызбаева, М.Мұсабаева, А.Сейілхан, Қ.Қайырбаева, Ә.Алмауытова, А.Ока т.б.) зерттеу тіні лексикологиямен сабақтас та, тамырлас та. Оның нақты дәлелін жоғарыда көрсетілген лексикология бөлімінің ғылыми-өндірістік жоспарлары негізінде орындалған іргелі зерттеулерінің тақырыптарынан  да көруге болады.

Сайып келгенде, Тіл білімі институты лексикология бөлімінің қазіргі таңдағы ғылыми үрдіске сай зерттеу бағытының мақсаты – халқымыздың рухани өрісімен сабақтас болмысының ұлттық мазмұнын тіл арқылы, оның тілдік бейнесі – сөздік байлығы (лексикасы) арқылы анықтау. Осы мақсатқа орай төмендегі міндеттер лексикология бөлімі орындаған зерттеулерде өз шешімін тапты:

  • – өткен дәуірлерден елес беретін көне тамырлы ұлттық мазмұнды алуан түрлі атаулар мен ұғымдарды эпостық жырлардан, ақын-жыраулар шығармаларынан, фразеологиялық тіркестер мен диалектілік және кәсіби лексика құрамынан барынша жиып көрсету;
  • – көркем мәтін жүйесіндегі тарихи-ақпараттық деректерді, паремиологиялық, прецеденттік, мифологиялық т.б. рухани көздердегі архетиптік және этнолексикалық бірліктерді талдау;
  • – құрылымдық лингвистика шеңберінде этнолексика түрінде сақталған ұшан-теңіз байлық жеке тілдік фактіге байланысты емес, белгілі бір қарым-қатынастар мен байланыстардағы мағыналық-тақырыптық топтардың негізінде құралған лексика-семантикалық жүйеде жіктелсе, ал антрополингвистикалық парадигмада тіл-қоғам, тіл-ұлт, тіл-мәдениет т.б. контекстеріндегі әлеуметтік-мәдени, рухани-танымдық біртұтастықта қарастырылады;
  • – эпостық кезең ия ақын-жыраулар өмір сүрген дәуірдегі немесе фразеологиялық тіркестер мен диалектілік ия кәсіби лексика құрамындағы лексикалық бірліктің қолданылу өрісіне байланысты семантикасы өзгерген сөздерге функционалды-семантикалық талдау жасау;
  • – көнерген этнолексикаға тарихи-лингвистикалық, терең этнолингвистикалық реконструкция жасау;
  • – түркі тілдері жүйесіндегі қазақ тілі лексикасының орнын айқындау, этногенездік тарихи көздері мен тарихи қабаттарын барлау, тіларалық салыстыру;
  • – қазақ тiлi лексикасы қолданысының тіл және мәдениет тұтастығына сай қалыптасқан лингвомәдениет-танымдық концептiлерін жүйесi әртүрлi тiлдердегі баламаларымен салыстыру;
  • – тәуелсіз Қазақстан жағдайында қазақ тілінің ұлттық және мемлекеттік тіл ретіндегі қазақ тілі лексикасының мәдениаралық коммуникациядағы лингвоелтанымдық қызметін анықтау;
  • – тіл және мәдениет тұтастығы шеңберінде қазақ тіліндегі мәдени лексиканың этнотаңбалық жүйесін дәлелдеу;
  • – қазақ тілі лексикасын лингвокогнитивтік, прагматикалық т.б. аспектілерге негізделген антрополингвистикалық зерттеулер нәтижесінде қазақ тілінің ұлтты рухани тұтастырушылық қызметін дәйектеу т.б.

Сонымен, қазіргі қазақ тіл білімінде лексиканың, көне атаулардың таңбалану уәждемесінің мәдени құндылыққа ие болу ерекшелігінің анықталуы адамтанымдық  бағыттағы лексикологиялық зерттеулердің өзегіне айналды.

 

Лекикология бөлімі қызметкерлері туралы мәлімет