ГРАММАТИКА БӨЛІМІ

ГРАММАТИКА БӨЛІМІНЫҢ ТАРИХЫ

Грамматика бөлімінің тарихы ҚазССР ҒА Қазақ филиалы Тіл, әдебиет және тарих институты құрылған кезден басталады. Институттың алғашқы директоры Н.Сауранбаев осы бөлімде қызмет етіп, грамматика мәселелерімен («Қазақ тіліндегі есімшелердің мағынасы мен қызметі» (1944); «Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесі» (1948); «Қазақ тілінің грамматикасы»  (1944; 1953); «Қазақ тіліндегі көсемшелер туралы» (1990); «Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлем жүйесі»: докт. дисс. (1948); «Қазақ тіліндегі көсемшенің семантикасы мен қызметі»: канд дисс.(1940) т.с.с.) айналысқан. Бөлімде қазақ тіл білімінің дамуына елеулі үлес қосқан  М.Балақаев, Ғ.Бегалиев, Қ.Есенов, Е.Жанпейісов, С.Исаев, Б.Қайымова, А.Қалыбаева, Т.Қордабаев, Ғ.Мұсабаев, И.Ұйықбаев, А.Ысқақов, Н.Оралбаева, Ф.Мұсабекова, В.А. Есенгалиева, Н.Демесінова, Б.Қасым, Қ.Неталиева, Р.Әмір, Ә.Ибатов, Ұ.Салиева, И.Ұйықбаев, З.Ахметжанова, Қ.Рысалды, З.Ерназарова, Б.Қапалбеков, М.Жолшаева т.с.с. ғалым-зерттеушілер қызмет етті. Әр жылдары М.Балақаев, Т.Қордабаев, Қ.Есенов, З.Ерназарова, Б.Қапалбеков сияқты ғалымдар бөлім меңгерушісі қызметін атқарды.

Бөлім қызметкерлерінің еңбектері қазақ тілі грамматикасы теориясының дамуына, белгілі бір категорияны танып-танытуда әртүрлі көзқарастардың, бағыттардың қалыптасуына елеулі үлес қосты. Мысалы, Н.Сауранбаев, А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы, І.Кеңесбаев‚ С.Аманжолов еңбектеріндегі көсемшелердің танылуын әрі қарай дамытса, Қ.Есеновтің еңбектерінде («Синтаксис осложненного предложения», «Құрмалас сөйлемнің синтаксисі», «Қазақ тіліндегі көсемше оралымды сөйлемдер») көсемше көрсеткіштерінің санын біршама көбейткен. Оған жалғас зерттеулерде (А.Ысқақовтың т.б.) және бүгінгі таңдағы зерттеу еңбектерінде де (Б.Қапалбековтің) көсемше тұлғалары тіл болмысымен, қызметімен сабақтас танылып келеді.

Тіл білімінің өзекті мәселелері А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Т.Шонанов, Қ.Жұбанов сынды қазақ тіл білімінің қалыптасу жолында еңбек еткен ғалымдардың еңбектерінде сараланғанымен, кейін еуроцентристік бағыттың үстемдік алуына байланысты бірқатар категориялардың қазақ тіліндегі өзіндік ерекшеліктері ескерілмей, орыс тілінің үлгісі бойынша танылды. Алайда грамматикалық ойлардың дамуына байланысты ол категориялар қайта қарастырылып, қазақ тілі заңдылықтарына байланысты қайта зерделенді. Бөлім қызметкерлерінің қазақ тілі морфологиясына қатысты ұстанымдары қазақ тілі бойынша оқулықтарға, оқу құралдары мен  грамматикаларға еніп, қазақ тілі грамматикасының дамуында өзіндік бағыттың қалыптасуына, белгілі бір категорияның тіл білімінде танылуына жол ашты (Қазақ тілінің грамматикасы (1944; 1953); Қазақ тілінің грамматикасы. (1967); Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. (1964; 1974; 1991) т.б.; Қазақ тілінің сөзжасам жүйесі. (1989); Современный казахский язык. (1962); Қазақ тілінің грамматикасы. Морфология. (1967);  Балақаев М. Қазіргі қазақ тілі: лексика, фонетика, грамматика. (1954) (авт. бірл.);  Қазақ әдеби тілі тарихының грамматикасы. (1964) (авт. бірл.); Қазіргі қазақ тіліндегі сан есімнің сөзжасам жүйесі. (1988). Сонымен қатар бөлім қызметкерлері жекелеген грамматикалық категориялар бойынша диссертациялық зерттеулер жүргізді (Сауранбаев Н. «Қазақ тіліндегі көсемшенің семантикасы мен қызметі»: канд. дисс. (1940);  «Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлем жүйесі»: докт. дисс.(1943) т.б.;  Мұсабаев Ғ. «Қазақ тіліндегі сын есімдердің шырайлары»: канд. дисс. (1951); Сәдуақасұлы Ж. «Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің жақ категориясы»: канд. дисс. (1988); «Қазақ тіліндегі бір құрамды сөйлемдердің құрылымдық типтері» (етістік бас мүшелі сөйлемдер): докт. дисс. (1997);  Неталиева Қ. «Имена действия в современном казахском языке»: канд.дисс. (1963); Қайымова Б. «Қазақ тіліндегі етістіктен есім туғызушы аффикстер»: канд. дисс. (1963); Қалыбаева А. «Қазақ тіліндегі етіс категориясы»: канд дисс. (1949); «Қазақ тіліндегі етістікті негіздер»: докт. дисс.(1960); Есенов Қ. «Қазіргі қазақ тіліндегі шартты және қарсылықты бағыныңқылы сөйлемдер»: канд. дисс. (1962); Жанпейісов Е. «Қазіргі қазақ тіліндегі модальды сөздер»: канд дисс. (1958); Балақаев М. «Основные вопросы синтаксиса простого предложения в современном казахском языке»: докт. дисс. (1950); Қордабаев Т. «Қазақ тіліндегі етістіктің шақ категориясы»: канд. дисс.(1949); Ұйықбаев И. «Категория глагольного вида в современном казахском языке»: канд дисс.(1954); Оралбаева Н. «Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық формалары»: докт. дисс. т.б.; Әмір Р. «Союзы в казахском языке»: канд.дисс. (1955); «Особенности синтаксиса казахской разговорной речи»: докт.дисс. (1972); Қапалбеков Б. «Көсемше бағыныңқылардың дамып, қалыптасуы мен мағыналық түрлері»: канд. дисс. (2000); Жолшаева М. «Аспектуалды семантика: форма және мазмұн»: докт.дисс. (2009); Құлманов С. «Қазақ тіліндегі мүмкіндік модальдылығының функционалды-сематикалық өрісі»: канд. дисс. (2004); Жаңабекова А. «Қазақ тіліндегі уақыт ұғымының тілдік парадигмасы»: докт. дисс. (2010); Жұбаева О. «Қазақ тілі грамматикалық категорияларының антропоөзектілігі»: докт. дисс. (2010); Солтанбекова А. «Қазақ тіліндегі шақтық локалдылық/шақтық бейлокалдылықтың функционалды-семантикалық категориясы»: канд. дисс. (2010) т.с.с.

Бөлім қызметкерлері қазақ тілі морфологиясымен қатар синтаксис мәселелерін де назардан тыс қалдырмады (Балақаев М. Основные типы словосочетания в казахском языке. (1957); Синтаксис словосочетания и простого предложения. (1959); Қазіргі қазақ тілі грамматикасы. Синтаксис (оқулық). (1961) (авт. бірі); Сауранбаев Н. Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесі. (1948); Қордабаев Т. Құрмалас сөйлем синтаксисі. (1961); Тарихи синтаксис мәселелері (XV – XVIII ғасырлар материалдары бойынша). (1964); Есенов Қ. Қазіргі әдеби тіліміздегі күрделенген сөйлемдердің негізгі мәселелері. (1975); Қазақ тіліндегі күрделенген сөйлемдер. (1974); Сабақтас құрмалас сөйлемнің құрылысы. (1982); Қазіргі қазақ тіліндегі синтаксистік қатынастар. (1985); Құрмалас сөйлем синтаксисі. (1995); Синтаксис осложненного предложения в казахском языке. (1992); Әмір Р. «Особенности синтаксиса казахской разговорной речи»: докт.дисс.(1972) т.с.с.

Қазіргі қазақ тілі грамматикасына қатысты көп жылғы ізденістердің нәтижесі ретінде 2002 жылы Астанада фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис салаларын қамтыған, қазақ тілінің бүкіл грамматикалық құрылысын, барлық деңгейін бірге алып қарастырған біртұтас еңбек  «Қазақ  грамматикасы» деген атпен (784 бет) басылып шықты. Қазақ  грамматикасында» қазіргі қазақ тіліндегі соңғы жылдардағы нәтижелерді, қорытындыларды ендірмек болған оң талпыныстары көрінеді. Онда морфонология, интонация, сөзжасам сияқты тіл білімі салалары арнайы сөз болуын тек грамматикалық зерттеулердің жаңа деңгейін ғана көрсетпей, қазақ тіл білімінің соңғы жылдардағы елеулі табысы деп бағалаған жөн.

«Қазақ грамматикасының» авторлары сөзді топтастыру принциптерін (семантикалық (грамматикалық); негізгі (морфологиялық) және синтаксистік) көрсете отырып, қазақ тілінде  10 сөз табы бар деп, бұрыннан танылып жүрген 9 сөз табының үстіне модаль сөздерді жеке сөз табы ретінде келтірген.

Соңғы кезде тілдік категорияларды мағыналық жағынан қарастыру жаңа қарқын алып келеді. Қазіргі тіл білімінің зерттеу парадигмасында жүйелік-құрылымдық зерттеулерден антропоцентристік қағидаға негізделген, тілдің когнитивтік, прагматикалық қызметін аша түсетін, дүниетанымдық әлеуетін ғылыми тұрғыдан пайымдауға арналған зерттеулер кең өріс алуда. Бұл жағдайға әсіресе функционалды-семантикалық категорияларды егжей-тегжейлі сипаттауға бағытталған зерттеулерде ерекше мән беріліп отыр. Бөлім қызметкерлерінің зерттеулері сипаттама лингвистикадан функционалды бағыттағы зерттеулерге ойысып, тілді динамикалы, үнемі өзгеріп, дамып отыратын құбылыс ретінде қарастыра бастады. Қазақ тіл білімінде функционалды грамматиканың алғашқы нышандары А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Ы.Маманов, С.Исаев еңбектерінен бастау алса, кейін З.Ахметжанова («Сопоставительные исследования лексики тюркских и русского языков»: канд. дисс. (1981); «Принципы сопоставительного функционального исследования казахского и русского языков»: докт. дисс. (1989)), Қ.Рысалды («Сын дәрежесі категориясы: функционалды-коммуникативтік табиғаты» (қазақ және неміс тілдері негізінде): докт. дисс. (2007)), т.б. ғалымдардың еңбектерінде жалғасын тапты.

  • Бөлім қызметкерлері 2003-2005 жылдары «Тілдердің үйлесімді қызмет етуі мен дамуы – егемен Қазақстанның тұрақты және өркениетті дамуының тірегі» атты іргелі зерттеу бағдарламасы негізінде «Қазақ тілінің функционалды грамматикасы»;
  • 2006-2008 жылдары «Тәуелсіз Қазақстан жағдайында қазақ тілінің ұлттық және мемлекеттік ретіндегі негізгі даму үрдістері мен бағыттары» атты тақырыпта іргелі зерттеу бағдарламасы бойынша «Қазақ синтаксисінің коммуникативтік-прагматикалық аспектісі»;
  • 2009-2011 жылдары «Қазақ ұлттық әдеби тілі және оның уақыт пен кеңістіктегі даму жолдары: ұлттық, жалпыадамзаттық мәдени құндылықтарды жинақтау, сақтау, жаңғырту»  атты іргелі зерттеу бағдарламасының «Қазақ тіліндегі квалитативті-квантативті негізді функционалды-семантикалық өрістер»;
  • 2012-2014 жылдары «Грамматикадағы дүниенің тілдік бейнесінің көрінісі (қазақ тілі негізінде)»;  2012-2014 жылдары «Жаңа грамматикалық білімдер жүйесін оқыту тәжірибесінде қолдану негіздері»;
  • 2012-2015 жылдары «ХХ ғасырдың басындағы қазақ тіл біліміндегі теориялық білімдердің қалыптасып, дамуы»
  • 2015-2017 жылдары «Қазақ пунктуациясының мемлекеттік тілдің қолданыс аясына байланысты даму үдерісі» атты жобалар бойынша іргелі нәтижелерге қол жеткізді. Сонымен қатар бөлім қызметкерлері «Қазақ тілінің ұлттық корпусын құру және әзірлеу» (2016), «Латын графикалық жаңа ұлттық әліпби негізінде қазақ жазуын жаңғыртудың ғылыми-лингвистикалық базасын әзірлеу» (2018-2020), «ҚР мемлекеттік тілінің терминологиялық қоры: интеграция, жаңғырту және стандарттау (бекітілген қоғамдық ғылымдар терминдерінің материалы негізінде)» (2018 мамыр-желтоқсан) жобаларына орындаушы ретінде қатысып келеді.

Соңғы жылдары грамматика бөлімінен «ХХ ғасыр басындағы қазақ тілі жөніндегі зерттеулер» (2013), О.Жұбаева «Қазақ тіліндегі когнитивтік грамматика» (2014), «Грамматикалық дүниенің тілдік бейнесі» (ұжымдық монография) (2014 ж.); Язык и языковая личность в эпоху глобализации: когнитивные, аксиологические, сравнительно-сопоставительные характеристики. Монография (О.Жубаева, в соавторстве). – Актобе-Магнитогорск, 2017; «ХХ ғасыр басындағы латын әліпбиінің қазақ әдеби тілінің дамуындағы орны» (2017 ж.); «ХХ ғасыр басындағы терминологиялық сөздіктер – ұлттың рухани коды» (2018 ж.) атты еңбектер жарық көрді.

«Латын графикалық жаңа ұлттық әліпби негізінде қазақ жазуын жаңғыртудың ғылыми-лингвистикалық базасын әзірлеу» (2018-2020) жобасы аясында «ХХ ғасырдың басындағы латын әліпбиінің қазақ әдеби тілінің дамуындағы орны» тақырыбы бойынша ХХ ғасырдың басында жарық көрген терминологиялық сөздіктер мен аударма еңбектерді, емлеге қатысты еңбектерді жинақтап, ХХ ғасырдың басында қодланылған атау сөздер, терминдер функционалдық, құрылымдық тұрғыдан тексеріліп, уәжділік принциптері анықтап, 1924 жылғы Қазақ білімпаздарының съезі, 1929 жылғы ғылыми-орфографиялық конференция материалдарының негізінде ХХ ғасырдың басындағы емледегі ұстанымдар, шет сөздерді, терминдерді таңбалаудағы ұстанымдар айқындап, латын графикасына көшу барысында шеттен енген сөздерді таңбалаудағы ұстанымдарды (дыбыстар тіркесіміне қатысты ұстанымдар, үнді, қатаң дыбыстардың тіркесімі, дауыссыз дифтонг, дыбыстардың игерілуі, қосар дыбыстарды таңбалау, қосымшалар қабылдаудағы ұстанымдар т.с.с.) нақтылап, нәтижесінде ғылыми мақалалар мен  «ХХ ғасыр басындағы терминологиялық сөздіктер – ұлттың рухани коды» (2018 ж.) атты кітап әзірледі.

Бүгінгі таңда Грамматика бөлімі антропоөзектік бағытта зерттеулер жүргізіп келеді. Зерттеу парадигмасының  антропоөзектік ұстанымы тілдің диалектикалық бірліктегі ең маңызды екі қызметінің: когнитивтік және коммуникативтік қызметтерін тереңінен айқындап, тіл білімін заман талаптарына сай жаңа сапалы деңгейге көтеруге бағытталған. Сол себепті тіл – ұлттық мәдениеттің құрамдас бөлігі, этномәдени код ретінде сипатталып, грамматикалық категориялардың қалыптасуындағы адам болмысы, коммуникативті актіге қатысушылардың т.б. объективті жағдаятқа қатысы тексерілуде.

Болашақта жаңа парадигмалармен байланыстыра отырып, тарихи грамматика бағытындағы зерттеулерге көшу де мақсат етіледі. Себебі бүгінгі таңда тарихи морфология бағытындағы зерттеулер өте аз. Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында атап көрсетілгендей, тілдің тарихын тереңнен зерттеу арқылы қазақ тілінің шынайы болмысын танып-түсінуге болады.

 Бөлім қызметкерлері: