Тұлғалар

Жұбаныш Аралбайұлы Аралбаев (19201990). Қарақалпақ мемлекеттік мұғалімдер институтын (1937), Шымбайдағы педагогикалық институтты (1945) бітірген. 1937-1938 жж. мектепте мұғалім. 1938-1939 жж. Шымбайдағы педагогикалық училищеде оқытушы. 1939-1940 жж. Кеңес Әскері қатарында қызмет етеді. 1940-1942 жж. Шымбай педагогикалық училищесінің мұғалімі, оқу бөлімі меңгерушісі. 1943-1945 жж. Қарақалпақ мұғалімдер институтының филология факультетінде аға оқытушы, декан. 1945-1961 жж. ҚазМҰУ-дың аспиранты, осы университетте оқытушы, қазақ және жалпы тіл білімі кафедрасының меңгерушісі болды. 1961 ж. бастап өмірінің ақырына дейін А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында экспериментальды фонетика бөлімінің меңгерушісі болып істеді. Академик І. Кеңесбаевтың жетекшілігімен «Қазіргі қарақалпақ тілінің фонетикалық жүйесі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Қазақ және қарақалпақ тілдерінің фонетикасы жайлы 100-ге тарта мақалалар және екі-үш монографияның авторы.


Татубаев Садырбек Сәкенұлы (1.03.1939-25.11.1986). Тіл білімі  маманы, филол. ғыл. кандидаты (1969). Семей педагогикалық институтын бітірген (1955-1960). Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияны бітірген (1962). 1966-1986 жж. ҚазКСР ҒА-ның  Тіл білімі  институтында аға ғылыми қызметкер, 2963-1966 ж. Мәскеудегі шет тілдер институтында аспирант. 1969 ж. «Дауысты дыбыстар спектірінің  статистикалық анализі» деген тақырыпта кандидаттық (проф. В.А. Артемовтың жетекшілігімен) диссертация қорғады. Ғылыми-зерттеу мақалалары негізінен қазақ тілінің фонологиясы мен фонетикасына арналған. 20-дан аса ғылыми мақала мен 2 кітаптың авторы


Кеңесбаева Сәуле Ісметқызы (1942-2013). Шығыстанушы, филол.ғ.к. (1985). Мәскеу мемлекеттік университетінің Шығыс тілдері институтын (қазіргі Азия және Африка елдері институты) бітірген (1966 ж.). 1966-1967 жж. Ахмет  Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында кіші ғылыми қызметкер. 1967-1969 жж. Мәскеудегі Тіл білімі институтында ізденуші-зерттеуші. 1969-1974 жж. Мәскеудегі Шығыстау институтында аспирант. 1974-1988 жж. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында кіші, аға ғылыми қызметкер, уақытша шығармашылық ұжымның ғылыми жетекшісі. 1989-1993 жж. Шығыстану орталығының шеткі шығыс елдеріндегі шығыс тілдері бөлімінің меңгерушісі қызметін атқара жүріп, ҚазМҰУ-да сабақ береді. 1995-1997 жж. Абай атындағы Алматы Мемлекеттік университетінде араб тілінің оқытушысы, Шығыстану институтында аға ғылыми қызметкер. Мәскеуде Г.Ш. Шарбатовтың жетекшілігімен «Араб әдеби тіліндегі гуттуралды дауыссыз дыбыстардың спектральді анализі» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғады. Араб тілінің фонетика, фонология, қазақ тіліндегі араб кірме сөздерін, олардың фонетикалық, лексикалық игерілуі, әртүрлі құрылымды тілдердің типологиялық анализі мәселелерімен шұғылданды. 20-ға жуық ғылыми мақала мен 2 монографияның авторы.


Әлімхан Жүнісбек (12.5.1938–17.08.2021). ҚазМУ-дың филология факультетін бітірді (1963). 1964-1967 жж. А.А. Жданов атындағы Ленинград университетінің фонетика лабораториясында дайындықтан өтті. 1964 ж. Қазақстан ҒА А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі, кейін бас ғылыми қызметкер болып тапжылмай жарты ғасырдан аса фонетика бөлімінде жұмыс істеді. Ғалым Түркі әлеміне танымал зерттеуші ретінде фонетика саласында өзіндік орын қалыптастырды. Сонымен қатар Түркістандағы Иасауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті қазақ тілі кафедрасының профессоры. «Қазақ тіліндегі дауысты дыбыстар» деген тақырыпта кандидаттық (1969), «Түрік тілдеріндегі сөз просодиясы және қазақ тіліндегі сингармонизм» деген тақырыпта докторлық диссертация (1987) қорғады. Қазақ тіліндегі «Үндесім заңы», «Байтұрсынов қисыны» («Эффект Байтурсынова») атты теориялық қағидалар ұсынып, солардың нәтижесінде сингармонизм фонологиясынан туындайтын жаңа түркі жазуының емлесі мен графикасын (әліпбиін) ұсынды. Академиялық жинақтың «Қазақ тілі грамматикасының» (2001) қазақ тілі дыбыстарына арналған бөлімін жазды, «Орфоэпиялық сөздіктің» жетекшісі ретінде жұмыс атқарды. Профессор Ә. Жүнісбектің жетекшілігімен бірнеше ғылым докторлары мен кандидаттары диссертациялық жұмыстарын қорғады.

Орыс мектептерінің 1-4 сыныптарына арналған «Қазақ тілі» оқулығын дайындаған авторлардың әдістемелік құралдарын жасады. Қазақ тілін оқытудың компьютерлік бағдарламасы мен ойын-құралдарын жасады. Қолқанат қондырғыларды (оргтехника) қазақша сөйлету проблемаларымен айналысты.

2007 ж. ҚР Білім және ғылым министрлігінің «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» Төсбелгісімен, ал 2001 ж. «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

ҚР Үкіметі жанындағы Қазақ жазуын латын графикалы жаңа әліпбиге көшіру жөніндегі Ұлттық комиссияның Орфографиялық жұмыс тобы мүшесі ретінде қатысты. Латынграфикалы қазақ әліпбиіне қатысты теориялық және практикалық мәселелермен айналысты.


Зейнеп Мүсілімқызы Базарбаева (03.09.1952). 1975 ж. Морис Торез атындағы Мәскеу мемлекеттік шет тілдер институтын (қазіргі Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университеті) бітірді. Осы институтта аспирантураны аяқтап, еңбек жолын 1981 ж. Тіл білімі институтында кіші ғылыми қызметкерліктен бастап, аға ғылыми қызметкер, ғалым хатшы, бас ғылыми қызметкер болып жұмыс істеп келеді. 2001-2013 жж. Фонетика бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. З.М. Базарбаева «Интонация вводных единиц в языках различного типа (на материале французского, казахского и русского языков)» атты кандидаттық диссертация (1983) және «Қазақ тілінің интонациялық жүйесі» атты докторлық диссертация (1997) қорғады. 2002 ж. профессор ғылыми атағын алды. 2013 ж. ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, ал 2020 ж. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының толық мүшесі болып сайланды.

Қазіргі кезде академик З.М. Базарбаева қазақ, салыстырмалы лингвистика және түркітану мәселелерімен айналысып келеді. Сондай-ақ интонология, коммуникативтік синтаксис, қазақ сөзін талдау мен синтездеу, тарихи фонетика, диахрондық фонология салалары бойынша 2000 жылдан бері бүгінгі күнге дейін іргелі және қолданбалы зерттеу бағдарламалары аясындағы зерттеу тақырыптарына ғылыми жетекшілік етіп келеді.

Ғалым З. Базарбаева қоғамдық жұмыстармен де айналысуда. Соның бірі ретінде ғылыми экспертиза жұмысын атап өтуге болады. Әр жылдары іргелі зерттеу бағдарламасын қалыптастыру үшін ғылым Қоры бағдарламасына ұсынылатын ғылыми-зерттеу жобаларды бағалау бойынша комиссия мүшесі, жоғары аттестациялық комитеттің (ЖАК) Эксперт кеңесінің мүшесі ретінде жұмыс атқарды. Қазіргі кезде гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар бойынша, ҰҒК (ұлттық ғылыми кеңес) мүшесі ретінде жұмыс атқарып келеді.

З.М. Базарбаева 1998 жылдан қазірге дейін жоғары оқу орындарының (1998-2008 жж. Қайнар университеті, 2009-2012 жж. Абай атындағы ҚазҰПУ, 2014-2018 жж. Аль-Фараби атындағы ҚазҰУ, 2018 жылдан бастап Абылай хан атындағы КазГУМО и МЯ) магистранттары мен докторанттарына дәріс беріп, ғылыми жетекшілік жасап келеді және 1998 жылдан бастап шетел филологиясы мамандығы бойынша докторлық диссертация кеңестерінің мүшесі ретінде жұмыс атқаруда. Ғалымның жетекшілігімен 9 кандидаттық және 2PhD докторлық диссертация қорғалды.

Бүгінде ҚР Үкіметі жанынан құрылған Қазақ жазуын латын графикалы жаңа әліпбиге көшіру жөніндегі Ұлттық комиссияға қарасты Орфографиялық жұмыс тобының мүшесі ретінде қатысып келеді. Жазу реформасына қатысты ғылыми теориялық зерттеулер жүргізуде. Қазақ латын әліпбиіне қатысты мәселелерге белсенді араласып жүрген еліміздің белді ғалымдарының бірі.


Анар Фазылжанова Мұратқызы (20.04.1974). 1991 ж. Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің Филология факультетіне Қазақ мектептеріндегі орыс тілі мен әдебиеті, қосымша тарих мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1996 ж. оқу орнын үздік дипломмен аяқтап шықты. 1996 ж. қарашасында ҚР Ұлттық ғылым академиясының Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жанындағы аспирантураның күндізгі бөліміне оқуға түсті. 1999 ж. желтоқсанда аспирантураны бітіріп, 2000 ж. мамырында З.М. Базарбаеваның ғылыми жетекшілігімен «Қазақ тіліндегі қосқұрамды құрмалас сөйлем интонациясы (эксперименттік-фонетикалық зерттеу)» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын 10.02.02 – қазақ тілі мамандығы бойынша қорғап шықты. Әр жылдары А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында ғылыми қызметкер, кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді. 2004-2008 жж. Институттың ғалым хатшысы, директордың орынбасары лауазымын атқарды. Қазіргі таңда институттың директоры қызметін атқарып келеді.

2001-2003 жж. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Қазіргі қазақ тілі мен әдістемесі теориясы кафедрасында оқытушы болып жұмыс істеді. Осы уақытта қазіргі қазақ тілінің фонетикасы, морфологиясы, синтаксисі, сондай-ақ Паралингвистика, Компьютерлік лингвистика сияқты курстардан дәріс оқып, семинар сабақтар жүргізді, қазақ филологиясы магистранттарына арналған «Компьютерлік лингвистика», «Паралингвистика», студенттеріне арналған «Морфология» курстары бойынша типтік және жұмыс бағдарламаларын әзірледі.

1999-2002 жж. Талантты жас ғалымдарға арналған ҚР Президентінің стипендиаты, 2007 ж. М. Әуезов атындағы талантты жас ғалымдарға арналған мемлекеттік сыйлықтың иегері, 2008 ж. ҚР Тұңғыш Президенті қорының Ғылым мен техника саласындағы премиясының лауреаты атанды.

Бүгінгі күні ҚР Үкіметі жанындағы Қазақ жазуын латын графикалы жаңа әліпбиге көшіру жөніндегі Ұлттық комиссияның Орфографиялық жұмыс тобы мүшесі ретінде жазу реформасының теориялық базасын жасау, қоғамдық пікірді дұрыс арнада қалыптастыру, практикалық негіздерін анықтауға бағытталған күрделі де кешенді шараларға белсенді араласып жүрген еліміздің белді ғалымдарының бірі.

0 Shares