Тарихы

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында экспериментті фонетика зертханасы 1961 ж.құрылды. Оның алғашқы меңгерушісі профессор Ж. Аралбаев болды. Сөйлеу тілін зерттейтін жаңа аспаптармен (осциллограф, спектограф, интонограф және т.б.) жасақталған зертхана бүкіл Орта Азия мен Сібірде танымал болды. Сол аймақтардан біраз аспиранттар мен ізденушілер өздерінің экспериментті жұмыстарын осы зертханада жүргізіп, кандидаттық және докторлық диссертацияларын қорғады. Қазақ тілі фонетикасының кейбір талас тудыратын теориялық мәселелері экспериментті түрде дәлелденді.

60-80-жж. қазақ тілінің фонетикалық жүйесі І. Кеңесбаев пен Ж. Аралбаевтардың еңбектерінде біраз зерттеліп, қазақ тілінің сөйлеу және жазу нормалары зерделенді. Академик І. Кеңесбаев – Қ. Жұбановтан кейінгі қазақ фонетикасының тіл ғылымының жеке пәні, саласы ретіндегі негізгі проблемаларын (фонемалардың құрамы мен жіктелуі, буынның жасалуы мен алмасуы, дыбыстардың үндесуі, сингармонизм, акцентуация мәселелерін) зерттеп қана қоймай, оны оқулыққа бейімдеп берген ғалым (Қазіргі қазақ тілі. Алматы, 1954, 1962.). Академик І. Кеңесбаев фонема теориясын зерттеуде дәстүрлі фонология мектебінің қағидаттарын ұстанып, екпін категориясының лебізді (динамикалық), үнді (тоникалық), квантитативті түрлерін көрсетті. Сондай-ақ қазақ тілінің фонетикалық транскрипциясын тұңғыш рет жасап, үлгісін көрсетті.

Қазақ тіл білімінің қалыптасуында өзіндік орны бар ғалымның бірі – Ж. Аралбаев. Ғалым қазақ тілі фонетикасының фонемалар құрамы мен олардың айтылу ерекшеліктерін, сингармонизм зандылығын, буын жігін және т.б. сияқты өзекті мәселелерді зерттеді. Сонымен бірге Ж. Аралбаев – өз еңбектерінде қазақ фонетикасының тарихына ракурс жасап, алғаш рет қазақ фонетикасының пән ретіндегі терминдерінің ықшам сөздігін жасаған ғалым (Вокализм казахского языка (1970); Вопросы казахской фонетики и фонологии (авт.бірі) (1971); Қазақ фонетикасы бойынша этюдтер (1988). Ж. Аралбаевтың қазақ тілінің фонема теориясының дамуына қосқан үлесінің мәні мен жаңалығы, біріншіден, фонемаларды бір-біріне қарсы қойып айқындауында, екіншіден, олардың тек өзінің комбинаторлық не позициялық варианттарында көрініс табуын нақты мысалдармен дәлелдеуінде еді. Ғалым фонетиканың тарихи мәселелеріне де назар аударып, қазақ тіліне байланысты ламбдацизм, ротацизм құбылыстарын және дыбыстардың ілгерілеу процестері жайында сөз қозғап, ритмикалық және ой екпіні, фразалық әуен, интонацияның семантика-синтаксистік функциялары жөнінде де құнды пікірлер айтты. Бұл пікірлер қазақ тілінің дыбыс құрамын экспериментті түрде зерттеу қажеттілігіне алып келді. Осымен байланысты бөлім қызметкерлері диссертациялық зерттеулерін эксперименттік жұмыстар негізінде жүргізді (Ә. Жүнісбеков, С. Татубаев, Н. Түркпенбаев, М. Райымбекова, А. Қошқаров, С. Кеңесбаева, З. Базарбаева).

0 Shares