Бүгіні

1986 ж. эксперименттік фонетика зертханасының аясында Фонетика бөлімі ашылып, Ә. Жүнісбек бөлім меңгерушісі болып тағайындалды. Осы кезеңдерде фонетика бөлімі теориялық мәселелермен қатар экспериментті зерттеулерді де жүргізді.

Ә.Жүнісбек – сингармониялық бағытты қолға алып, оның ұғымдары мен терминологиясын, теориясын негіздеген ғалым. Осымен байланысты тілдік заңдылықтың бірі ретінде қазақ тілінің фонетикалық жүйесіндегі үндестік заңын (сингармонизм) мәселе етіп көтерді. Аталған бағыттың ұстанған өзіндік принциптеріне сәйкес фонема мен екпін есепке алынбайды, сингармонизмнің ең кіші функционалды бірлігі «сингема» деп танылып, төрт түрлі сингармониялық тембрмен сипатталды (езу жуан, езу жіңішке, ерін жуан, ерін жіңішке). Бұл бағыт бойынша Ә. Жүнісбек үндесім фонологиясын басшылыққа алып, қазақ тіліндегі үндесім дыбыстардың құрамын, жүйе ретіндегі (дыбыстардың жасалым, айтылым және естілім белгілері) түрлерін анықтады. Профессор Ә. Жүнісбектің айналысқан негізгі проблемалары:

–  жалпы, түркі және қазақ тілтанымындағы сөзқұрауыш (просодика слова) мәселесі;

– қазақ тіліндегі сингармонизм (үндесім түрленім);

– қазақ тілінің артикуляциялық базасы (моделі) құрамындағы артикуляциялық үлгілер (сөйлеу мүшелері мен олардың қозғалысының жиынтығы қазақ тілі дыбыстарын жасауға негіз болады).

Ғалым Ә. Жүнісбек қазақ тілінде (түркі тілдерінде) үнді-еуропа тілдеріне тән фонема да, аллофон жоқ деп есептеді. Үнді-еуропа тілдері екпінді (акцентті) тілдерге, ал қазақ (түркі) тілі үндесім (сингармониялық) тіліне жатады деген принципті ұстанды.

Қазіргі таңда қазақ тілінің дыбыс жүйесі екі теориялық бағыттың принциптері бойынша зерттеліп келеді: біріншісі – дәстүрлі фонологиялық теория (І. Кеңесбаев, Ж. Аралбаев, Н. Уәли, З. Базарбаева), екіншісі – сингармониялық теория (Ә. Жүнісбеков, Ж. Әбуов). Дәстүрлі теорияны ұстанатын ғалымдар фонеманы тілдегі шағын, сөз мағынасын ажырататын функционалды бірлік деп есептейді. Ал сингармониялық теория бойынша, фонеманың қызметін сингема деген просодикалық бірлік орындайды.

Сонымен бірге ұлттық дыбыстық жүйені зерттеумен қатар қазақ тіл білімінде интонология да жеке сала ретінде зерттеле бастады. Нақты айтқанда, қазақ тілінің дыбыс жүйесі тек сегментті фонетиканың аясында емес, суперсегментті фонетика тұрғысынан да зерттеліп келеді.

Қазақ тіл білімінде суперсегментті фонетиканы ғылыми тұрғыдан жан-жақты дамытқан ғалым, академик – З.М. Базарбаева.Ғалымның бастамасымен эксперименттік талдау негізінде қазақ интонациясының теориясы жасалып, интонология өз алдына жеке тіл білімінің саласы ретінде қалыптасты. Қазақ интонациясын зерттеудің тиімді әдістері, интонацияның инвариант бірліктері (интонемалары), олардың сөз ағымындағы түрленімі алғаш рет жүйелі түрде зерттелді. Интонация саласындағы зерттеулер тіл білімінің мәтін лингвистикасымен (дискурс), прагмалингвистикамен, когнитивті лингвистикамен, психолингвистикамен және лингвомәдениеттанумен байланысты жаңа бағыттарын зерттеуде үлкен мүмкіндіктер ашады. Осы ретте З.М. Базарбаева интонация саласында мектеп қалыптастырып, мамандар дайындады. 2001-2012 жж. профессор З.Базарбаева бөлім меңгерушісі қызметін атқарды. 2013 жылдан бастап, қазірге дейін бөлім меңгерушісі қызметін ф.ғ.к. А. Аманбаева атқарып келеді.

Ғалым З.М. Базарбаеваның жетекшілігімен бөлімнің жас ғылыми қызметкерлерінің кандидаттық диссертациялары қорғалды (филол.ғ.к. А. Фазылжанова, филол.ғ.к. А. Аманбаева, филол.ғ.к. Ж. Жұмабаева). Қазақ интонологиясының дамуында тілдегі грамматикалық құралдар мен интонологиялық құралдардың мағынаны жеткізудегі ара қатынасы мен үйлесімі, грамматикалық формалардың интонациялық безендірілуіндегі ерекшеліктері филология ғылымдарының кандидаты А. Фазылжанованың диссертациялық жұмысында тәжірибелік жолмен анықталды (Фазылжанова А. Қазақ тіліндегі қос құрамды құрмалас сөйлемдердің интонациясы. канд. дисс. 2000 ж.). А. Аманбаеваның зерттеуі бұған дейінгі интонациялық ізденістердің ішіндегі прагматикалық аспектіге қарай ойысқан жұмыстардың бастамасы болды. Оның диссертациялық жұмысы қазақ интонациясының прагмалингвистикалық аспектісіне арналып, дайындықсыз сөйлеудегі интонация бірліктерінің грамматикалық, жалпы категориялық мағыналардан бөлек, сөз иесінің сөйлеу дискурсына тәуелді эмоциясынан, сөзге, тыңдаушыға қатысынан ақпарат беретін құрал ретінде жан-жақты тәжірибелі түрде арнайы зерттелді. Осындай ізденістер нәтижесінде қазақ тілінің интонациялық жүйесі егжей-тегжейлі зерттеліп, олардың қорытындылары ғылыми айналымға түсіп, интонациялық деңгейдің тілдегі орны, рөлі мен маңызы анықталып, интонология қазақ тіл білімінде, түркітануда тұңғыш рет жаңа сала ретінде танылды.

Сондай-ақ профессор З.М. Базарбаева фонология, тарихи фонетика салаларында да ғылыми әрі кешенді зерттеулер жүргізіп, нәтижесінде «Қазақ фонологиясының негіздері» атты ғылыми еңбегі жарық көрді. Тарихи фонетика саласы бойынша ғалымның жетекшілігімен Ж.Т. Жұмабаеваның «Түркі тілдеріндегі дауыстылардың фонологизациялануы» атты кандидаттық диссертациясы қорғалды. Зерттеуде алғаш рет түркі тілдеріндегі дауыстылардың өзара ұқсастығы мен ерекшелігі салыстырыла отырып талданды, жүйеленді және оның даму процесі тілдік деректер негізінде анықталды. Түркі тілдеріндегі дауыстылардың қалыптасу, даму жолдары және дыбыстардың өзгерісі бүтін жүйе ретінде бірнеше кезең аралығында өзара салыстырыла отырып сипатталды. 

0 Shares