Болашағы

Компьютерлендіру мен қазіргі заманғы технологиялардың даму дәуірінде қоғам өмірінде Қазақстанның жалпы ақпараттық және әлеуметтік-мәдени кеңістігін өсіп келе жатқан визуализациямен байланысты жылдам дамып келе жатқан цифрлық технологиялармен зерттеуге үлкен мән беріліп отыр. Цифрландыру процесі жалпы ғылымды дамытып, оны оңтайландырып қана қоймай, гуманитарлық салаларды дамытудың маңызды алғышарты болып табылатынын атап өткен жөн. Атап айтқанда, тіл – лингвистиканың зерттеу нысаны – қоғамдық қызметті үйлестіретін және жүйелейтін коммуникативті құрал. Осының бәрін ескере отырып, тілді цифрлық технологиялар дәуіріне бейімдеу және тілді дамыту, оның мүмкіндіктерін кеңейту үшін техникалық жетістіктерді пайдалану қажет. Осы орайда фонетика бөлімі қолданбалы бағытта сөз синтезі бойынша зерттеу жұмыстарын бастады.

Дыбыстық сигналдардың компьютерлік технологиялар арқылы зерттелуі тіл білімін нақты ғылымдардың қатарына қосады, мұндай зерттеулерде қойылатын сұраққа нақты жауап алуға болады. Компьютерлік төңкеріс сөз дыбыстарын зерттеуді жаңа деңгейге көтерді. Енді кез келген тіл маманы фонетикалық редактордың көмегімен экраннан спектр, тон, ұзақтық және қарқындылық сияқты дыбыс толқыны мен сигналдың акустикалық сипаттамасын байқай алады. Эксперименттік фонетика зертханасында нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін тәжірибелік-компьютерлік зерттеу әдістері қолданылады. Осы кезге дейін сөйленім синтезіне байланысты зерттеулер қолға алынып, қазақ сөзін синтездеуге қатысты және оның компьютерлік бағдарламасын құрудың теориялық негіздері анықтауды қажет етеді. Жасанды сөзді синтездеу кезде қазақ мәтінінің табиғи дыбысталуын қамтамасыз ететін фонетика-фонологиялық белгілер сипатталады. Сондықтан болашақта сөз синтезіне қатысты ғылыми-зерттеу жобаларын жасау қажет.

Жаһанданудың қазіргі дәуірінде ғылымның, білімнің және мемлекеттік қызметтердің барлық салаларында цифрлық технологияларды кеңінен қолдану қажеттілігі туындайды. Тілді сүйемелдейтін технологиялар «лингвотехнология» деген жалпы атаумен біріктіріледі. Тіл – жеке адамдар арасындағы қарым-қатынас құралы ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік қатынастар орната отырып, ғылым мен білімнің жетістіктерін көрсететін сала. Тіл қатыспайтын салалардың саны шектеулі. Тиісінше, тілдік құзіреттіліктер тілдің фонетикалық қорын кеңейту арқылы ғана емес, сонымен қатар оның мүмкіндіктерін технологиялық қолдау арқылы да дами алады. Біздің заманымыздың әлемдік жетістіктері (автоматты аудармашылар, сөздерді машиналық талдау және синтездеу, мәтіндік редакторлар, электрондық тілдік материалдар және басқа да көптеген техникалық жетістіктер) лингвотехнологияның қарқынды дами отырып, қазақ тіл фонетикасының перспективалы бағыты болып табылатынын көрсетеді. Осының бәрін ескере отырып, тілді цифрлық технологиялар дәуіріне бейімдеу және дамыту, оның мүмкіндіктерін кеңейту үшін техникалық жетістіктерді пайдалану қажет.

Соңғы жылдардағы қоғамдық-саяси және экономикалық өзгерістер қазіргі еуразия аумағында тұратын бүкіл түркі әлемі елдерінің тіліне әсер етті. Түркі халықтарының өз тарихын, шығу тегін, мәдениетін, әдебиетін, тілін тереңірек білуге деген ұмтылысы байқалады. Ғылым мен мәдениет саласындағы ынтымақтастық туыстас халықтар арасындағы гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамытуға ықпал ететін болады. Түркі әлемінің жалпы әлемдік қауымдастықтан айырмашылығы мен ерекшеліктері, оның ұлттық құндылықтары, түркі мәдениетінің әлемдік өркениетке қосқан үлесі сияқты мәселелер қызығушылық тудырады. Ортақ дүниетаным, рухани жақындық, менталитеттердің ұқсастығы түркі әлемінің өкілдерін жақындастырады. Тіл ұлттың басты біріктіруші белгісі болып табылады, сондықтан тіл жүйесінің барлық деңгейлерінде туыстас түркі тілдерін салыстырмалы-тарихи зерттеуге деген қызығушылықтың артуы байқалады.

Осы кезге дейін фонетика бөлімі қызметкерлері тарихи фонетикаға қатысты біршама зерттеулер жүргізді. Болашақта бөлім қызметкерлері осы бағытта жұмысын жалғастыруды көздеп отыр. Түркі тілдерінің тарихи фонологиясын салыстырмалы-типологиялық талдауды қолға алған жөн. Яғни туыстас түркі тілдерінің вокализм мен консонантизм жүйелерін бір-бірімен салыстыра отырып, олардың ұқсастығы мен ерекшеліктері анықталады және соның нәтижесінде фонетикалық жүйелердің тарихи даму кезеңдері белгіленеді.

Салыстырмалы-тарихи әдістерге сәйкес алдымен туыстық жағынан жақын тілдердің дыбыс жүйелері зерттеледі. Ең алдымен олардың генеологиялық жақындығы ескеріліп, қазақ тілінің фонологиялық жүйесі қыпшақ-ноғай тобына кіретін ноғай, қарақалпақ тілдерінің фонемаларымен салыстыра қарастырылады. Сонан соң қазақ тілінің фонемалары қыпшақ тобына енетін татар, башқұрт, құмық тілдерімен де қатар зерттеледі. Кейін қазақ тілінің фонологиялық заңдылықтары қарлұқ тобына енетін өзбек, ұйғыр тілдерімен де салыстырыла қарастырылады, себебі бұл тілдердің ара жігінің айыруы шамамен 14 – 15 ғасырға таман келеді. Сонымен бірге қазақ тілінің дыбыс құбылыстары оғыз тілдерімен де салыстырыла зерттеледі. Сондай-ақ туыстас түркі тілдерінің вокализм мен консонантизм жүйелерін бір-бірмен салыстыра отырып, олардың ұқсастығы мен ерекшеліктері анықталып, соның нәтижесінде фонетикалық жүйелердің тарихи даму кезеңдері белгіленеді. Сонымен қазіргі түркі тілдерінің белгілі фонетика-фонологиялық құрылымдарына сүйене отырып, ретроспекция арқылы жалпы түркі тілдерінің ататілі моделі жасалады.

Ғылыми зерттеулер

– «Ұлттық және мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің қызметі мен дамуының ғылыми негіздерін зерттеу» атты іргелі зерттеу бағдарламасының аясындағы жоба тақырыбы «Қазақ мәтінін (сөйленімін) сегментке мүшелеудің фонетика-фонологиялық негіздері» (2000-2002);

– «Тілдердің үйлесімді қызмет етуі мен дамуы – егемен Қазақстанның тұрақты және өркениетті дамуының тірегі» атты іргелі зерттеу бағдарламасының аясындағы жоба тақырыбы «Қазақ мәтінін (сөйленімін) сннтездеудіц фонетика-фонологиялық негіздері және компьютерлік бағдарламасы» тақырыбы (2003-2005);

– гранттық қаржыландыру бойынша зерттеу тақырыбы «Қазақ тілінің тарихи фонетикасы: фонологизация құбылыстары (вокализм мен консонантизм жүйесі)» (2006-2008);

– гранттық қаржыландыру бойынша зерттеу тақырыбы «Қазақ тілі дыбыстарының интерактивті оқу-артикуляциясын модельдеу» (2012-2014);

– гранттық қаржыландыру бойынша зерттеу тақырыбы «Қазақ тілінің фонетика-грамматикалық бөлшектерінің (сегменттерінің) үндесім-интерактивті инновациялық модельдері» (2015-2017);

– «Қазақ тілін өзге тілді ұлттар өкілдеріне оқытудың ғылыми-дидактикалық негіздері және оның бағдарламасы» атты тақырып бойынша зерттеу жұмысы (2007-2009);

– «Қазақ тілі фонологиялық жүйесін диахрондық аспектіде зерттеу» атты тақырып бойынша зерттеу жұмысы (2009-2011);

– гранттық қаржыландыру бойынша зерттеу тақырыбы «Елдің рухани қауіпсіздік шеңберінде қазақ тілінің лингвистикалық (дыбыс) қорын зерттеу» (2011-2013);

– «Әлемдегі заманауи әлеуметтік-гуманитарлық үдерістер және елдің рухани қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі отандық ғылым мен мәдениеттің рөлі»  атты қолданбалы зерттеу жұмысы (2011-2013);

– «Ұлттық тіл білімі (фонетика) бойынша инновациялық білімдер жүйесін ҚР жоғары оқу орындарына енгізу» атты тақырып бойынша зерттеу жұмысы (2014-2016);

– «Қазақ сөйленімін синтездеу: фонетикалық корпусты қалыптастыру» атты тақырып бойынша зерттеу жұмысы  (2015-2017);

– «Дыбысталған дискурстың сегментті-просодикалық сипаты» атты тақырып бойынша зерттеу жұмысы (2018-2020);

– «Қазақ тілінің фонетика-фонологиялық транскрипциясын және ұлттық корпустың фонетикалық белгіленімін әзірлеу» тақырыбы бойынша зерттеу жұмысы (2021);       

«Латынграфикалы жаңа ұлттық әліпби негізінде қазақ жазуын жаңғыртудың ғылыми-лингвистикалық базасын әзірлеу» атты бағдарламалық-нысаналы зерттеу жұмысы (2018-2020).

0 Shares