ФОНЕТИКА БӨЛІМІ

ФОНЕТИКА БӨЛІМІНІҢ ТАРИХЫ

Өткен ғасырдың елуінші жылдарында (1958) Тіл білімі институтында экспериментті фонетика лабораториясы құрылып, оның алғашқы меңгерушісі Ж.Аралбаев болған. Сөйлеу тілін зерттейтін жаңа аспаптармен (осциллограф, спектограф, интонограф т.б.) қамтамасыз еткен лаборатория бүкіл Орта Азия мен Сібірде танымал болды. Сол региондардан біраз аспиранттар мен ізденушілер өздерінің экспериментті жұмыстарын осы лабораторияда жүргізіп, кандидаттық және докторлық диссертацияларын қорғады. Қазақ тілі фонетикасының кейбір талас тудыратын теориялық мәселелері экспериментті түрде дәлелденді. 60-80 жылдарда қазақ тілінің фонетикалық жүйесі І.Кеңесбаев пен Ж.Аралбаевтардың еңбектерінде біраз зерттелген. Бұл ғалымдар фонетика мәселелерін қарастырып, қазақ тілінің сөйлеу және жазу нормаларына көңіл аударған.

Ісмет Кеңесбаев қазақ фонетикасының негізгі проблемаларын, яғни дыбыстардың құрамы мен жіктелуін, буынның жасалуы мен алмасуын, дыбыстардың үндесуін, сингармонизм, акцентуация мәселелерін сөз еткен (Қазіргі қазақ тілі. Алматы, 1962.). Ісмет Кеңесбаев фонетика саласында Ленинград фонология мектебінің принциптерін ұстанады. Сондай-ақ ғалым тұңғыш рет қазақ тілінің фонетикалық транскрипциясын да жасаған.

Жұбаныш Аралбаев қазақ тілі фонетикасының кейбір өзекті мәселелерін қарастырып, дыбыстардың құрамы мен олардың айтылу ерекшелігін, сингармонизм заңдылығын, буын жігі мен кейбір просодикалық мәселелері жайында зерттеу жасаған (Қазақ фонетикасы бойынша этюдтер. Алматы, 1988.). Жұбаныш Аралбаев қазақ тілінің фонема теориясының дамуына өзіндік үлес қоса отырып, фонетиканың тарихи мәселелеріне де назар аударған. Ол қазақ тілінің тарихын жақсы білмейінше, әрі қарайғы қазақ тілінің даму заңдылықтарын білу мүмкін еместігін айтып, өзінің көзқарасын білдіреді. Сондай-ақ Ж.Аралбаев ритмикалық және ой екпіні, фразалық мелодика, интонацияның семантика-синтаксистік функциялары жөнінде де құнды пікірлер айтып кеткен.

Сол кезеңдерде өмірдің сұранысына сәйкес қазақ тілінің дыбыстарын экспериментті түрде зерттеу қажеттілігі туындап, бөлімнің қызметкерлері эксперименттік жұмыстарды жүргізді. Осымен байланысты Ә.Жүнісбеков, С.Татубаев, Н.Түркпенбаев, М.Райымбекова, А.Қошқаров, С.Кеңесбаева, З.Базарбаева кандидаттық диссертацияларын қорғайды.

1986 жылы эксперименттік фонетика лабораториясының аясында фонетика бөлімі ашылып, оның меңгерушісі ф.ғ.д., профессор Ә.Жүнісбек болды. Ал 2001-2013 жылдар аралығында ҰҒА коор.мүшесі З.Базарбаева бөлім меңгерушісі қызметін атқарды.

90-шы жылдардан бастап, Қазақстан егемендік алғаннан бері қазақ тілінің фонетикалық жүйесі үндестік заңы (сингармонизм) тұрғысынан қарастырыла бастады. Бөлім қызметкерлері экспериментті жұмыстармен қатар теориялық проблемалармен де шұғылданатын болды. Сингармониялық бағытты қолға алып, оның ұғымдары мен терминологиясын жасап, теория деңгейіне көтерген Ә.Жүнісбек болатын. Аталған бағыттың ұстанған өзіндік принциптері бар: сингармонизм теориясы бойынша фонема мен екпін негізге алынбайды. Сингармонизмнің ең кіші функционалды бірлігі сингема деп танылады және ол төрт түрлі сингармониялық тембрмен сипатталады: езу жуан, езу жіңішке, ерін жуан, ерін жіңішке. Бұл бағыт бойынша үндесім фонологиясы басшылыққа алынады. Нақты айтқанда қазақ тіліндегі үндесім дыбыстардың құрамы жүйе ретінде беріліп, барлық дыбыстың жасалым, айтылым және естілім белгілері анықталды (А.Жүнісбек Қазақ фонетикасы, Алматы, 2009, 17 б.т.; Введение в сингармоническую фонетику, Алматы, 2008, 108 б.). Ғалымның айналысатын проблемалары: жалпы, түркі және қазақ тілтанымындағы сөзқұрауыш (просодика слова) мәселесі.

Қазіргі таңда қазақ тілінің дыбыс жүйесі екі теориялық бағыттың  принциптері бойынша зерттеліп келеді. Бірінші бағыт дәстүрлі фонологиялық теория негізінде қалыптасқан (І.Кеңесбаев, Ж.Аралбаев). Екіншісі – сингармониялық теория негізінде қалыптасқан (Ә.Жүнісбек, Ж.Абуов). Дәстүрлі теорияны ұстанатын ғалымдар фонеманы  тілдегі шағын, сөз мағынасын ажырататын функционалды бірлік деп есептейді. Ал сингармониялық теория бойынша фонеманың қызметін просодикалық бірлік сингема атқарады.

Қазақ тілінің дыбыс жүйесі тек сегментті фонетиканың аясында ғана емес, сондай-ақ суперсегментті фонетика тұрғысынан да зерттеліп келеді. Сегментті бөлшектерді – фонемаларды фонология зерттейтін болса, сингемаларды – сингармонология, ал суперсегментті бөлшектерді – интонемаларды – интонология зерттейді. Себебі тілдің фонетикалық жүйесі оның сегменттік бөлшектерінен, сөздердің дыбыстарынан ғана тұрмайды, ол тілдің күрделі суперсегментті деңгейін, яғни сөйлемдердің, мәтіннің жалпы интонациялық сипатын да қамтиды.  Суперсегментті фонетика дегеніміз сөйлеу тілінің интонациялық жүйесін, оның қызметін, бірліктерін, компоненттерін (әуен, қарқын, интенсивтілік, ырғақ, екпін, ұзақтылық, дауыс реңкі т.б.) тіл білімінің басқа салаларымен (синтаксис, семантика) байланысты қарастырады. Осы орайда ғалым З.Базарбаеваның бастамасымен интонология өз алдына жеке білім саласы ретінде қалыптасып (З.Базарбаева «Қазақ тілінің интонациялық жүйесі», Алматы, 1996, 11б.т.; «Қазақ тілі: интонология, фонология», Алматы, 2008, 20 б.т.), өзіндік мектеп қалыптасты. Осымен байланысты фонетика бөлімінің ғылыми қызметкерлері А.Фазылжанова мен А.Аманбаева кандидаттық диссертациялар қорғап шықты.

Фонетика бөлімі 2000-2017 жылдар аралығында іргелі және қолданбалы зерттеу бағыттары бойынша көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді:

  • 2000-2002жж. «Ұлттық және мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің қызметі мен дамуының ғылыми негіздерін зерттеу» атты іргелі зерттеу бағдарламасы бойынша «Қазақ мәтінін (сөйленімін) сегментке мүшелеудің фонетика-фонологиялық негіздері» (жет. З.Базарбаева);
  • 2003-2005жж. «Тілдердің үйлесімді қызмет етуі мен дамуы – егемен Қазақстанның тұрақты және өркениетті дамуының тірегі» атты іргелі зерттеу бағдарламасы бойынша «Қазақ мәтінін (сөйленімін) синтездеудің фонетика-фонологиялық негіздері және компьютерлік бағдарламасы» (жет. З.Базарбаева);
  • 2006-2008жж. Қазақ тілінің тарихи фонетикасы: фонологизация құбылысы (вокализм және консонантизм жүйесі) (жет. З.М.Базарбаева);
  • 2007-2009 жж. «Ұлттық идея – Қазақстанның тұрақты дамуының негізі» атты қолданбалы зерттеу бағдарламасы бойынша «Қазақ тілін өзге тілді ұлттар өкілдеріне оқытудың ғылыми-дидактикалық негіздері және оның бағдарламасы» (жет.З.М.Базарбаева), «Латын әліпбиіндегі оргтехника құрастырудың лингвистикалық негіздемесі» (жет.А.Жүнісбек), «Мультимәдени қоғамдағы тілдік сәйкесімділік (лат. identikus): мемлекеттік тілді лингвомәдени-семиотикалық жүйелер негізінде меңгертудің лингвистикалық аспектісі»  (жет.А.Фазылжанова);
  • 2009-2011жж. «Қазақ тілі фонологиялық жүйесін диахрондық аспектіде зерттеу» (жет. З.М.Базарбаева).
  • 2012-2014жж. «Елдің рухани қауіпсіздік шеңберінде қазақ тілінің лингвистикалық (дыбыс) қорын зерттеу» (жет.З.М.Базарбаева);
  • 2015-2017жж. «Ұлттық тіл білімі (фонетика) бойынша инновациялық білімдер жүйесін ҚР жоғары оқу орындарына енгізу» (жет.З.М.Базарбаева); Қазақ сөйленімін синтездеу: фонетикалық корпусты қалыптастыру (жет. А.Аманбаева).
  • 2018-2020ж.ж. «Дыбысталған дискурстың сегментті-просодикалық сипаты» (жет. З.М.Базарбаева).

Қазіргі таңда фонетика бөлімінің қызметкерлері қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру мәселесіне қатысты көптеген шараларға қатысып,  2018-2020 ж. арналған «Латынграфикалы жаңа ұлттық әліпби негізінде қазақ жазуын жаңғыртудың ғылыми-лингвистикалық базасын әзірлеу» атты ғылыми жобаны жүзеге асыруда.

Қазіргі таңда «Фонетика» бөлімінде бас ғылыми қызметкер, филология ғылымдарының докторы, профессор Жүнісбек Әлімхан, фонетика бөлімінің бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Базарбаева Зейнеп Мүсілімқызы, жетекші ғылыми қызметкер, ф.ғ.к. Аманбаева Айсәуле Жантемірқызы, аға ғылыми қызметкер, ф.ғ.к. Жұмабаева Жанар Төлендіқызы, ғылыми қызметкер, ф.ғ.к. Қаршығаева Айнұр Аралбекқызы.

  • Жүнісбек Әлімхан – ф.ғ.д профессор; бас ғылыми қызметкер.
    • Тақырыбы: қазақ фонетикасы, орфоэпия мәселесі, қазақ тіліндегі сингармноизм заңы, қазақ тілінің артикуляциялық базасы, латын әліпбиіне көшу мәселелері.
  • Базарбаева Зейнеп Мүсілімқызы – ф.ғ.д профессор; бас ғылыми қызметкер.
    • Тақырыбы: қазақ тілінің интонологиясы, фонологиясы, қазақ тілінің интонациялық жүйесі, сегментті және суперсегментті фонетика,  латын әліпбиіне көшу мәселелері.
  • Аманбаева Айсәуле Жантемірқызы – ф.ғ.к., жетекші ғылыми қызметкер.
    • Тақырыбы: қазақ тілінің интонациялық жүйесі, сегментті және суперсегментті фонетикасы, интонациялық бірліктердің прагмалингвистикалық сипаты.
  • Жұмабаева Жанар Төлендіқызы – ф.ғ.к., аға ғылыми қызметкер.
    • Тақырыбы: қазақ тілінің сегментті фонетикасы, қазақ тілінің фонологиясы, қазақ тіліндегі дауысты дыбыстардың фонологиялану процесі мен тарихы
  • Қаршығаева Айнұр Аралбекқызы – ф.ғ.к.,  ғылыми қызметкер.
    • Тақырыбы: қазақ тілінің сегментті фонетикасы, қазақ жасалым артикуляциялық фонетикасының дамуы мен қалыптасуы