Тұлғалар

Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдар (13.12.1924-27.02.2019). Қазақ тіл білімінің аса көрнекті маманы, белгілі түркітанушы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі (1983), Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1982), Шоқан Уәлиханов атындағы І дәрежелі сыйлықтың иегері (1971), Түркияның «Dil Kurumu» лингвистикалық қоғамының құрметті (академик) мүшесі (1989), Башқұртстан Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі (1991), Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрметті президенті (2004), Ұлы Отан соғысының ардагері, филология ғылымдарының докторы, профессор Қайдар Әбдуәли Туғанбайұлы саналы ғұмырының 60 жылға жуық уақытын ҚР БжҒМ А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қабырғасында өткізді.

19672-1978 жж. Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институты директорының орынбасары, 1978-1995 жж. Институт директоры қызметін атқарды. 1995 жылдан бастап ҚР Білім және ғылым министрлігі А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының құрметті директоры. Ғалымның жалпы түркітану ғылымына, соның ішінде, әсіресе қазақ тіл білімі мен ұйғыртану саласына қосқан нақтылы үлесі мен сіңірген еңбегі оның өзі жариялаған 700-ге жуық ірілі-кішілі (жалпы көлемі 1000 б.т. астам) зерттеулерден, оларда көтерілген сан алуан лингвистикалық проблемалардың теориялық өзектілігі мен практикалық қажеттілігінен де, тақырыбынан да айқын көрінеді. Солардың ішінде жеке кітап түрінде жарық көрген монография, жинақ, сөздік, мектеп пен жоғары оқу орындарына арналған оқулықтары мен кітапшаларының жалпы саны – 60.


Шойбеков Рүстембек Нұсқабекұлы (08.05.1948). 1967-1971 жж. аралығында Шымкент мемлекеттік педагогтік институтының филология факультетінде «қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы» мамандығы бойынша жоғары білім алған. 1970 ж. «Еңбектегі қажырлылығы үшін» медалімен марапатталған. 1971 ж. Түркіменстандағы Красноводск ауданы, Бекдаш поселкесінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, 1972-1976 жж. мектеп директорының мектептен және сыныптан тыс жұмыстары бойынша орынбасары, ал 1976-1979 жж. аралығында аталған поселке мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметін атқарған. 1979-1989 жж. Алматы қаласында ҚазССР ҒА Тіл білімі институтының кіші ғылыми, ғылыми қызметкері болып жұмыс істеген. 1989-1999 жж. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының қазақ тілі кафедрасында доцент, 2000-2001 жж. аталмыш институттың аға ғылыми қызметкері, ал 2002-2005 жж. осы институтта қазіргі қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2005-2006 жж. Қазақ гуманитарлық-заң университеті Алматы заң академиясында қазақ және орыс тілдері кафедрасының доценті қызметін атқарды. 2006 ж.  бері Тіл білімі институтының Терминология бөлімінде жетекші ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді. 2010-2014 жж. Этнолингвистика бөлімінің меңгерушісі, бүгінде бөлімнің бас ғылыми қызметкері болып қызмет атқарады.  

1991 ж. жарық көрген «Қазақша-орысша мақал-мәтелдер мен тұрақты сөз тіркестері»  көмекші оқу құралы, «Қазақ зергерлік өнерінің сөздігі», 1993 ж. жарық көрген «Қазақ зергерлік өнерінің лексикасы», 2012 ж. шыққан «Қазақ қолөнері аталымдарының түсіндірме сөздігі» кітабының, 1000-ға жуық ғылыми мақалалардың авторы. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жарияланған 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінің», «Қазақ этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» атты энциклопедия авторларының және шығарушы редакторларының бірі.

Сонымен қатар бірнеше қазақша-орысша сөздіктер мен студенттерге арналған оқу-әдістемелік құралдар авторларының бірі ретінде еңбек жазған. Рүстем Нұсқабекұлы 2018 ж. «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.

0 Shares