Тарихы

Қазақ тіл білімінде этнолингвистика саласымен  алғаш (1970-жылдардан бері) шұғылдана бастаған ғалым Ә. Қайдар болды. Содан бері бұл салада ірілі-ұсақты жүздеген еңбек дүниеге келіп, қазақ тілінің өз табиғаты мен ерекшелігіне сәйкес қазақ этнолингвистикасының бағыт-бағдары, мақсат-мүддесі айқындалып, ғылыми тұжырымдамасы (концепциясы) жасалды. Осы бағытта көптеген кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалды. Міне, осы қыруар игілікті істердің ұйытқысы да, бағдарлаушы, басқарушы көшбасы да академик Ә. Қайдар екендігі ғалымдар қауымына көптен белгілі. Жаңа бағыттағы зерттеу болғандықтан, этнолингвистика саласының әрі қарай дамуына ғылыми негіз қалаған және осы салада көптеген шәкірттер дайындаған академик Ә. Қайдардың этнолингвисткалық мектебі қалыптасты деуге әбден болады.

Қазақ этнолингвистикасы – бүгінде жаңа ғылыми бағыттан жеке ғылым саласына айналған дербес пән. 2000 ж. А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында Этнолингвистика бөлімі ашылып, ғылыми қызметі мен зерттеу нысандары кеңейе түсті. Тәуелсіз Қазақстанның туын биік ұстар ұлтжанды ұрпақ, білікті маман тәрбиелеу – Қазақстан Республикасының жалпы білім берудің мемлекеттік бағдарламасында алға қойылған басты мақсат. Осы мақсатқа сай «Этнолингвистика» пәні еліміздің жоғары оқу орындарының филология факультеттерінде оқытыла бастады. Пәннің оқу-әдістемелік кешенін, типтік-оқу бағдарламасын жасауда ғалымның тікелей бағыттауымен қазақ тілінің табиғаты мен ерекшелігіне сәйкес жазылған ғылыми-зерттеулер басшылыққа алынды.

Этнолингвистика бөлімін 2000-2010 жж. аралығында қазақ тіл білімінің көрнекті маманы, белгілі түркітанушы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Ә. Қайдар басқарды. Құрамында бас ғылыми қызметкер, филология ғылымдарының докторы Ж. Манкеева, филология ғылымдарының кандидаттары Б. Сағынова, Б. Сүйерқұлова, ғылыми қызметкерлер –  А. Иманбаев, Н. Шүленбаев, А. Тілеубергенова, З. Шадаева, А. Абылханова сынды ғалымдар мен жас мамандар болды.

Этнолингвистика бөлімінде 2000-2002 жж. «Ұлттық және мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің қызметі мен дамуының негіздерін зерттеу»атты іргелі зерттеу бағдарламасы негізінде «Қазақтар: ана тілі әлемінде» атты тақырып аясында тіліміздің лексикалық байлығы, дүниелер мен адамзатты қоршаған табиғи құбылыстардың атаулары, адамдардың қоғамдық қарым-қатынасына, тұрмыс-салтына, бұрынғы көшпелі ру-тайпалар мен бүгінгі қауымның өмір сүру тәсілдері мен әдет-ғұрпына байланысты сан алуан тілдік деректер – лексика-фразеологиялық, паремиологиялық, ономасиологиялық, кәсіби-терминологиялық, эвфемистік, теңеу-салыстыру және т.б. ұлан-ғайыр этнолингвистикалық мағыналық бірліктер жинақталды.

2003-2005 жж. «Тілдердің үйлесімді қызмет етуі мен дамуы – егемен Қазақстанның тұрақты және өркениетті дамуының тірегі»атты іргелі зерттеу бағдарламасы негізінде «Қазақ тіліндегі қос сөздер табиғаты: зерттеу, сөздік» тақырыбы бойынша қазақ тілінің сөздік қорындағы қосарлама және қайталама қос сөздердің барлығы дерлік жинақталып, жүйеленіп, «Қазақ тіліндегі қос сөздер табиғаты» атты (30 б.т.) монография жарыққа шықты.

2006-2008 жж. «Тәуелсіз Қазақстан жағдайында қазақ тілінің ұлттық және мемлекеттік тіл ретіндегі негізгі даму үрдістері мен бағыттары»атты тақырыпта іргелі зерттеу бағдарламасы негізінде «Қазақ тілі этимологиясының ғылыми-теориялық негіздері» атты тақырып бойынша этимологиялық зерттеудің принциптері айқындалды; ғылыми, қызықты және жалған (халықтық) принциптері сипатталды; қазақ тілі бойынша жүргізілген этимологиялық зерттеулер мен этимологиясы айқындалған сөздердің жалпы саны анықталды; этимологиялық сөздікке бір, екі буынды түбірлер еніп, оларға қатысты сөзжасам модельдерінің тізімі берілді.

2007-2009 жж. Ұлттық идея – Қазақстанның тұрақты дамуының тірегі бағдарламасы аясындағы «Қазақстанның болашағы және қазақ эгносының өзіне тән қасиеттерін (феноменін) танып-білу, дамыту» атты тапсырмасы бойынша қазақ этносы туралы зиялы қауымның сауалына және көпшіліктің ой-пайымдарына жауап ретінде ұлттың ментальдық ерекшелігін көрсететін «Қазақ қандай халық?» (2008 ж.) атты жинақ жарық көрді.

Қазақ этнолингвистикасының нақтылы мәселелеріне қатысты біршама еңбектер жарияланып, осы ғылым саласының құндылығын арттырып отыр. Соңғы 20-30 ж. шамасында бұл салаға 40 шақты кандидаттық және докторлық диссертациялар арналса да, әлі күнге дейін зерттеліп жатқан дүниелер баршылық. Себебі бұл зерттеулер этностың өзін түсінуге қажетті тілдік (лексика-фразеологиялық және т.б.) деректердің ішкі мазмұнын терең де жан-жақты ашуға бағытталған. Осыған орай тіл байлығымыздағы кез келген құбылыс, дерек, этнос болмысын тануға қатысты және оларды лингвистикалық формалдық тұрғыдан ғана емес, одан әлде қайда тереңірек, жан-жақты зерттейтін тақырып ретінде этнолингвистикалық зерттеуге нысан бола алады.

0 Shares