Қызметкерлер

Садырбаева Зүбайра Боранбекқызы (20.01.1962). 1979-1983 жж. Алматы педагогикалық училищесінде «мектепке дейінгі сынып оқытушысы» мамандығы бойынша білім алды. 1996-2001 жж. аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінде «қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы» мамандығы бойынша жоғары білім алды.

1983-1991 жж. Алматы қаласының № 68 бала-бақшасында тәрбиеші болып қызмет істеді. 1991 ж. бастап А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қолданбалы лингвистика бөлімінде аға лаборант, 2002 ж. аталмыш институттың лексикология бөлімінде қызмет етті. 2004 жылдан бастап Этнолингвистика бөлімінің аға лаборанты, кіші ғылыми қызметкер, ғылыми  қызметкер болып жұмыс істеп келеді.  30 шақты ғылыми мақалалардың авторы.

Өтебаева Эльмира Әбдіғалиқызы (01.09.1979). 2000 ж. Қазақ мемлекетттік қыздар педагогика институтының филология факультетін «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша үздік дипломмен бітірген. 2002 жылға дейін аталған оқу орнының филология факультетінің деканатында хатшы қызметін атқарды. 2002-2005 жж. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институттың аспирантурасында оқыды. 2004-2009 жж. А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты этнолингвистика бөлімінің кіші ғылыми қызметкері болып қызмет етті. Академик Ә. Қайдар мен профессор Р. Шойбековтің жетекшілігімен 2010 ж. «Қазақ тіліндегі -дай, -дей, -тай, -тей тұлғалы теңеу мәнді тілдік бірліктердің этнотанымдық сипаты» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. 2014 ж. қазірге дейін Этнолингвистика бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып келеді. 2017 ж. Тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуы жолында қол жеткен табыстары және оның гүлденуіне қосқан зор үлесі үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. 50-ге жуық ғылыми мақалалардың авторы.

Исаева Гүлсінай Сайлауқызы (31.10.1979). 1997-2001 жж. Алматы қаласының әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінде «қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесінде білім алып, 2003 ж. осы университеттің магистратурасын «лингвистика магистрі» мамандығы бойынша үздік дипломмен бітірген. 2003 ж. А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының аспирантурасында сырттай бөлімде оқып жүріп, «тіл тарихы және диалектология» бөлімінде кіші ғылыми қызметкер болып қызмет етті. 2006 жылдан бері осы институттың этнолингвистика бөлімінде кіші, ғылыми, аға ғылыми, жетекші ғылыми қызметкері болып жұмыс істеп келеді. 2008 ж. академик Ә. Қайдардың жетекшілігімен «Киіз үйге қатысты атаулардың этномәдени негізі (қазақ, қарақалпақ, қырғыз тілдерінің материалдары бойынша)» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. 2013 ж. жарық көрген «Киіз үйге қатысты атаулардың этномәдени негізі» (15,6 б.т.) атты монографияның, 60-тан астам ғылыми мақалалардың авторы. 2013-2014 жж. аралығында Қазақстан Республикасының Дарынды жас ғалымдарға арналған Мемлекеттік ғылыми стипендиясының иегері атанды. 2018-2019 жж. Этнолингвистика бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.

Шормақова Арайлым Ботанқызы (19.07.1986). 2003 ж. әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология және әлем тілдері факультетіне оқуға түсіп, 2017 ж. қазақ филологиясы мамандығын үздік дипломмен бітірді. 2011 ж. Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Магистратура және PhD докторантура институтына қабылданып, 2013 ж. гуманитарлық ғылымдар магистрі ғылыми дәрежесін алып шықты. 2013 ж. бастап А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Грамматика бөлімінің кіші ғылыми қызметкері қызметін атқарады. 2015 ж. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және «Ғылым ордасы» кешенінің базасындағы ғылыми-зерттеу институттарының бірлескен білім беру бағдарламаларының докторантурасына түсіп, 2020 ж. филология ғылымдарының докторы, профессор Жамал Манкееваның жетекшілігімен «Қазақ тіліндегі өсімдік әлемінің лингвомәдени бейнесі» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. 2021 ж. бастап Этнолингвистика бөлімінің ғылыми қызметкері және ҚР ҰҒА Ғылыми журналдар шығару бөлімінің меңгерушісі. 30-ға жуық ғылыми мақалалардың авторы.

Садықова Маржан Серікқызы (28.05.1991). 2011-2015 жж. әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесінде білім алды. 2018-2020 жж. «Лингвистика» мамандығы бойынша білім алып, ф.ғ.д. О. Жұбаеваның жетекшілігімен «Қазақ тіліндегі есімдіктердің коммуникативті-прагматикалық сипаты» тақырыбында магистрлік диссертациясын қорғады. 2017 ж. бастап А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Этнолингвистика бөлімінің  кіші ғылыми қызметкері. Қазіргі кезде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және «Ғылым ордасы» кешенінің базасындағы ғылыми-зерттеу институттарының бірлескен білім беру бағдарламаларының «Қазақ филологиясы» мамандығы бойынша докторант.

0 Shares