Бүгіні

Этнолингвистика саласында қажеттіліктен туындаған, көптеген жылдардағы ғылыми ізденістердің қазақ тіл біліміндегі нәтижесі де белгілі. Атап айтқанда, қазақ тіл біліміндегі осы саланың негізін салушы академик Ә. Қайдардың қазақ тіліндегі 1000-нан аса фразеологиялық бірліктердің табиғаты, сипаты,  мән-мазмұны этнолингвистикалық тұрғыда ашылып, орыс тілінде түсіндірілген «Тысяча метких и образных выражений: (Казахско-русский фразеологический споварь с этнолингвистическими пояснениями)» (2003), 2 мыңнан астам қазақ мақал-мәтелдерінің табиғаты зерттеліп, олардың түсініктемесі (жасалу уәждері, тура және ауыс мағынасы) беріліп, қолданыс аясы арқылы айқындалған, жалпы халық даналығына қатысты көркем сөз өрнегінің табиғаты, құдіретті күші, олардың пайда болу жолы, мағына-мәнінің қалыптасуы, өзара жіктелуі, қолданыс аясы және т.б. сөз болған, сондай-ақ қазақ және жалпы түркі паремиологиясында мақал-мәтелдерге этнолингвистикалық түсініктеме берілген «Халық даналығы (қазақ мақал-мәтелдерінің түсіндірме сөздігі және зерттеу)» (2004 ж.) атты көлемді еңбектер жарық көрді. Сонымен қатар қазақ тіл білімінде тұңғыш рет этнолингвистикалық сөздік ретінде этностың болмысына қатысты мыңдаған, тіпті миллиондаған мағыналық бірліктердің жиынтығы мен синтезін таныту мақсатында «Қазақтар: ана тілі әлемінде (этнолингвистикалық сөздік) үштомдық Адам. Қоғам. Табиғат» атты көлемді еңбек жарық көрді. Өзінің өзектілігімен де, ғылыми-практикалық мәнімен де қазақ тіл біліміндегі, тіпті қоғамдық ғылымдар саласындағы күрделі де деңгейі биік жұмыстардың санатына жатады. Бұл еңбек қолданыстан шығуға айналған атауларды немесе мағынасы солғындаған, тіпті тілімізде өзі сақталса да, халықтың есінде, жадында оның бір замандағы айқын-анық лексикалық мағынасы ұмыт болған, тіпті айтылудан қалған көптеген ұғымдар мен атауларды ғылыми айналымға енгізіп отыр.

Академик Ә. Қайдар өмірінің соңына дейін дерлік ғылымның биік тұғырында болып, 90 жылдық мерейтойына орай «Ғылымдағы ғұмыр» атты 6 томдық ғылыми еңбегі: мақалалар жинағы мен рецензиялар (1-4 тт.), сонымен қатар «Қазақ тіліндегі имитативтер» (5 т.,), «Сөз төркіні, тіл сыры» (6 т.) атты екі монографиясын баспадан шығарды.

2010-2014 жж. бөлімді филология ғылымдарының докторы Шойбеков Рүстембек Нұсқабекұлы басқарды. 2009-2011 жж. «Қазақ ұлттық әдеби тілі және оның Уақыт пен Кеңістіктегі даму жолдары: ұлттық, жалпыадамзаттық мәдени құндылықтарды жинақтау, сақтау, жаңғырту»атты іргелі зерттеу бағдарламасы аясында «Имитатив теориясы және қазақ тілі байырғы лексикалық қорының қалыптасу процестері» тақырыбы бойынша еліктеуіш, елестеуіш, бейнелеуіш ілкі түбірлерінің пайда болу, қалыптасу тарихының эволюциялық процестерін талдап, қазақ тіліндегі еліктеуіштердің 500-дей бір буынды түбірлері жіктеліп, оларға түсініктеме берілді.

 Этнолингвистика бөлімінің қызметкерлері 2012-2014 жж. Р. Шойбековтің жетекшілігімен қолданбалы зерттеу бойынша «Қазақ этнографизмдеріндегі мәдени ұлттық құндылықтардың лингвоаксиологиялық және лексикографиялық аспектілері»  жәнеіргелі зерттеу бойынша «Рухани мәдениеттің паремиологиядағы бейнесі» аттығылыми-зерттеу тақырыптарын нәтижелі орындады.

2014 жылдан қазірге дейін бөлімді филология ғылымдарының  кандидаты Өтебаева Эльмира Әбдіғалиқызы басқарады. Бүгінде бөлімде филология ғылымдарының докторы Р. Шойбеков, филология ғылымдарының кандидаты Г. Исаева, ғылыми қызметкер З. Садырбаева, PhD доктор А. Шормақова,  PhD докторант М. Садықова қызмет етеді.

2018 ж. Этнолингвистика бөліміне институттың құрметті директоры, ҚР ҰҒА академигі Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдардың есімі берілді.

Соңғы жылдары қазақ этнолингвистикасы ғылыми негізі қалыптаса бастаған, жан-жақты ізденіс нәтижесінде өзіндік ерекшелігі мен ұстанымы айқындалып келе жатқан, дербес те перспективті ғылым саласы ретінде қазақ тіл білімінде этнолингвистика жеке сала ретінде қалыптасып, жылдан-жылға жетіле түсуде. Этнолингвистикада ұлттық құндылықтарға қатысты тілдік деректер әр қырынан қарастырылып, тіл біліміндегі жаңа әдістерге сай өзіндік зерттеу бағдары алыс-жақын шет елдердегі, әлемдік деңгейдегі этнолингвистиканың антропоцентристік бағыттарымен сабақтасуда. Осымен байланысты этнолингвистика бөлімінің жаһандану кезеңіндегі шетелдік ғылыми-лингвистикалық орталықтармен байланысы қалыптасуда. Атап айтқанда, 2006 ж. Туркияның Стамбул қаласында академик Әбдуәли Қайдардың Мейірбек Оразовпен бірлесіп жазған «Түркітануға кіріспе» атты оқу құралы түрік тілінде жарық көрді. 2008 ж. АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы ғылыми-зерттеу институтының түрколог ғалымдары академик Әбдуәли Қайдардың 2004 ж. жарық көрген «Халық даналығы» атты қазақ мақал-мәтелдерінің түсіндірме сөздігі және зерттеу еңбегін жан-жақты талқылады. 2010 ж. этнолингвистика бөлімінің кіші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Г. Исаева Қазақстан Республикасы Президентінің тікелей қолдауымен ұйымдастырылған еліміздің жас ғылым мамандарын Еуропа, ТМД және АҚШ елдеріндегі танымал ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өткізуді қарастыратын халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша Түркияның Мармара университетіндегі Түркітану ғылыми зерттеу институтында «Қазақ-түрік тілдеріндегі имитатив түбірлер» («Kazak ve Türk dillerindeki imitatif (taklidî) kökler»)  атты ғылыми жобасы бойынша тағылымдамадан өтті.

0 Shares