Болашағы

Түркі тіл әлемі деңгейіндегі тектес зерттеулердің бастамасы ретінде  «Материалдық мәдениет лексикасындағы ортақтық» дегентақырып бойынша жаңа ғылыми жоба ұсыну жоспарлануда. Егеменді ел, тәуелсіз мемлекет болған Қазақстанның жаһандану үдерісінде ұлттық қасиетін сақтап қалуының маңызды кепілі – халқымыздың рухани, материалдық әлеуетін сақтау арқылы парасатты жолмен дамыту. Осымен байланысты адам факторын алға қойған қазіргі қазақ тіл білімінде ұлттық бірегейлікті қалыптастыратын халқымыздың мәдениетін, тарихын, дүниетанымын, салт-дәстүрін «тіл әлемі» арқылы ғана жан-жақты танып білуге ерекше назар аударылуда.

Түркі халықтарының күнкөрісіне, өмір сүруіне қажетті азық-түлігі, баспанасы мен киімі, күш-көлігі, қару-жарақтары мен шаруашылық, тұрмыстық бұйымдары – қол еңбегінің арқасында шығармашылықпен жасалған материалдық мәдениеттің үлгілері. Бұл тұрғыдан алғанда, тіл бірліктерінің аса молдылығымен сипатталатын қолөнер бұйымдары атауларының «ғаламның тілдік бейнесін» жасаудағы орны ерекше. Олардың бірсыпырасы – көне түркі тілінде қолданылған, біралуаны қазіргі түркі тілдеріне ортақ атаулар. Түркі тілдеріне ортақ материалдық мәдениет лексикасы – қоршаған ортаны игеру, ақиқат болмысты тану барысында жинақталған тәжірбиенің, кең мағынасында алғанда ғаламның тілдік фрагменттері, үзіктері. Осыған байланысты түркі мәдениетінің болмысын тануда материалдық мәдениет лексикасының этномәдени және танымдық мазмұнын ашудың ғылыми маңызы зор. Осы ретте қазақ халқының материалдық мәдениетін анықтауда ұлттық шеңберде қалып қоймай, түркі әлемі деңгейінде саралау, түркі мәдениетінің әлемдік өркениеттегі орнын, оған қосатын үлесін анықтау өзекті мәселелер саналады.

Түркі халықтарының рухани мәдениеті мен материалдық өндірістің даму деңгейін бейнелейтін, ғасырлар бойы тілдің куммулятивтік қасиеті арқылы ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып беріліп келе жатқан ортақ мәдени лексиканың этномәдени, жапытүркілік болмыс-мазмұнын тіл бірліктеріне этнолингвистикалық сипаттама беру арқылы олардың түркітанымдық мазмұнын ашу; материалдық мәдениет лексикасының функционалдық қызметін түркі халықтарының рухани мәдениетімен сабақтастыра отырып, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың этномәдени мазмұнын, ортақтығы мен ерекшелігін және т.б. арқылы анықтау академик Ә.Т. Қайдар атындағы Этнолингвистика бөлімінің болашақтағы зерттеу жұмыстарының мақсаты болмақ.

Болашақ зерттеу нәтижесінде мынадай мәселелерді айқындау көзделеді:

  • жалпытүркілік деңгейде арнайы қарастырылмаған зергерлік, ұсталық, кілемшілік, етікшілік, тігіншілік, құрылыс және сәулет өнеріне және т.б. қатысты пайда болған атаулар «тіл ішінде» және «тілден тыс» экстралингвистикалық деректер арқылы кешенді түрде қарастырылады;
  • түркі тілдеріне ортақ материалдық мәдениет лексикасы функционалдық қызметі рухани мәдениетпен сабақтастырыла қарастырылып, наным-сенім, әдет-ғұрып, ырымдар мен тыйымдардың, фразеологизмдер мен мақал-мәтелдердің уәждерінің мәдени мазмұнын ашу арқылы түркі әлемінің бейнесі көрсетіледі;
  • түркі тілдеріне ортақ мәдени мәнді тіл бірліктерінің танымдық сипаты қарастырылып, мате риалдық мәдениеттің үлгілері түркі халықтары шығар машылығының құнды ескерткіші ретінде әлемдік мәдениетке зор үлес қосатындығы дәлелденеді.

Осының нәтижесінде материалдық мәдениет лексикасының тілдік қабаттары ретінде көнетүркілік, жалпытүркілік, ұлттық атауларды салыстырмалы зерттеу нәтижесінде қазақ тілінің ежелгі түркі тайпалары мен ұлыстарының шаруашылығы мен мәдениетіндегі ұқсас, ортақ белгілер, олардың ғасырлар бойындағы экономикалық, мәдени байланысын, ортақтығын бейнелейтін лексикалық бірліктер анықталып, осының нәтижесінде қазақ материалдық мәдениетінің ежелгі сақ, ғұн, үйсін, қыпшақ және т.б. көне түркі тайпаларының мәдениетімен төркіндестігін білдіретіндігі, қазақ халқының қазіргі мәдениеті республика жерінде ертеден қалыптасқан көне түркі мәдениетінің тікелей мұрагері және сол дәстүрдің жаңғырып, даму үстінде болғаны нақтылы этномәдени деректермен тұжырымдалуға тиіс.

Ә.Т. Қайдар атындағы Этнолингвистика бөлімінің болашақ зерттеулерінің негізгі теориялық маңызы қазіргі қазақ тіл білімінде қалыптасушы антропоценристік бағытта жүргізілетін этнолингвистикалық зерттеудің түркі әлеміне қатысты ғылыми-дәйектік, деректік негізінде. Зерттеу нәтижелерін болашақта мәдениеттану, тарихи лексикология, этнолингвистика, түркітануға кіріспе, лингвомәдениеттану пәндері бойынша оқылатын дәрістерде, оқулықтар мен сөздіктер жазуда пайдаланауға болады.

0 Shares