
Адам жанының рухани-әлеуметтік жаңғыруының айнасы, әрекеті мен әрекеттесуінің, ғаламдасуының тиімді құралы – тіл. Оның себебі – тіл арқылы ұлт болмысын анықтайтын мәселелердің мазмұны мен түйін-дәйектері ұлттың мәдени кодында астарланған. Ал мәдени кодты ашудың кілті – лингвомәдени таңбаға салынған ақпараттарды аша білу.
Осыған орай, ұлттық рухты жаңғыртып, ұлттық мәдениетті тану мен танытуда соның бір жолы тіл арқылы рухани-мәдени мұрамызды ежелден келе жатқан тәжірибе негізінде қорытып, тарихи қызметін саралап, қайта бағалауға бағытталған кең арналы зерттеулердің қажеттілігі туындап отыр. Мысалы, кез келген этномәдени атау белгілі бір затты атап қана қоймай, ұлттың өзіне тән дүниетанымдық ерекшелігіне сай туындаған бұйымды дәйектейді. Себебі, сол сөздердің мазмұнында айшықталған халықтың басынан кешкен тарихы, бүкіл рухани және дүнияуи мәдени байлығы, болмысы, дүниетанымы мен әдет-ғұрпы, салт-санасы сақталады. Бірақ сөз – заттың тура таңбасы емес, дүниенің тікелей бейнесі емес, адамның иә белгілі бір ұлттық ұжымның дүниені тануы мен күнделікті тұрмыс пен еңбек тәжірбиесі барысындағы архетиптік тілдік санасында, тілдік шығармашылық процесс нәтижесінде туған бейнесі. Сөз қазынасының ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отыратын қызметі қазақ ұлтының этностық табиғатына сай мәдени-танымдық ерекшеліктерін бойына сіңіріп, қазақы болмысты жинақтайды. Демек, тіл ақиқатты сезіну, қабылдау тәсілінің бірі ретінде ұжым мүшелерін тек тілдік жағынан ғана емес, мәдени-танымдық жағынан да өзара жақындастырады. Соның аясында ұлттық санада құрылымдалған дәстүрлі дүниетаным мен руханият жүйесі оларды таңбалаған тілдік бірліктердің (фразеологиялық, паремиологиялық, прецеденттік тіркестерде, этнолексикада тағы басқа) мазмұны кешенді зерттеу негізінде жаңғырып, «кілті» ашылады.
Бұл арада тілдің тек коммуникативтік емес, кумулятивтік (мұрагерлік) қызметіне сай тұтастырушы, ұластырушы, жаңғыртушы қызметінің маңызы ерекше. Соның негізінде ата-бабаларымыз ғасырлар бойы ұлттық тәрбиенің мұраты ретінде дәріптеп, белгілеген, ұлттық мәдениеттің өзегін құрайтын қастерлі ұғымдарды белгілейтін заттық мәдениет пен рухани мәдениеттің түрлері тілдік қазынамызда сан түрлі тілдік құралдармен айшықталған. Олардың мәніне тереңдеп, табиғатын тану қазіргі қоғамдық сана мен мәдениеттің бүгінгі деңгейіне сабақтастыруды мақсат ететін мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ғылыми-танымдық, ғылыми-әдістемелік негізін құрайды.
Осыған орай, ел боламыз деген жұрттар өзінің ұлттық болмысын, елдігін сақтау үшін осы тектес ұлттық құндылықтар дүниесін түгендеп, оның мән-мазмұнын, қадір-қасиетін бағалайтын рухани-танымдық зерттеулер мен алуан түрлі іс-шаралар жүргізуде. Белгілі тілші-ғалым Н.Уәлидің пікірінше, жаһандану кезеңіне тән жағымсыз сипат – тобырлық мәдени сана тілді игеру деңгейі төмен ортада қалыптасады. Осы мәселелердің өзектілігін ерекше түсініп, тіл арқылы рухани дүниені жаңғырту мәселесін жан-жақты зерттеуге атсалысып жүрген қазақ тіл біліміндегі ғалымдардың ішінде Н.Уәли мен З.Ахметжанованың еңбектері жүйелілігімен, ғылыми-танымдық мазмұнының тереңдігімен ерекшеленеді. Олар қалыптастырған мектептің зерттеулері лингвомәдени білім жүйесіндегі рухани кодтарды ашуда аса маңызды. Осы зерттеулердің нәтижесі тілдің тек коммуникативтік құрал емес екенін, тілде екі түрлі білім жүйесі бар екенін көрсетеді. Біріншісі – тілдің лексика-фразеологиялық жүйесіндегі мағыналар. Екіншісі – тілдік емес, дәстүрлі білім жүйесі. Білімнің бұл түрі – этностың (халық, ұлт) өмір тәжірибесінен ғасырлар бойы жинақталған, ұлтқа мирас болып келе жатқан этнос санасындағы дәстүрлі дүниетанымы. Бұл білім тілдік емес деп аталғанымен, ол ұжымдық санада тіл арқылы сақталған. Лингво мәдениеттанушы бұл жерде тілді емес, тілдік дерек арқылы сақталған ақпаратты пайдаланады. Демек, ұлт болмысын тұтас тануда лексика-фразеологиялық бірліктердің лингвистикалық сипатын ашатын жалаң тілдік білім жеткіліксіз болып, олардың мағынасындағы мәдени танымды ашудың маңызы артады. Мысалы, зерттеуші Н.Уәли «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» деген фразеологиялық тіркестің мәдени семантикасын былайша ашады: Бұл біріншіден, образбен шегенделген дүниетаным. Оның тура мағынасы экономикалық, рухани, экологиялық (табиғат балансы сақталған) заман. Екіншіден, оның сипаттаушы мазмұны: молшылық, мамыражай тыныштық, дау-дамайсыз өмір және береке-бірлік. Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, Қазақстан тіл білімінде осы тектес зерттеулердің арнасын кеңейтіп, ғылыми-әдістемелік, теориялық деңгейін көтеріп жүрген ғалымдар баршылық. Бірақ сол ғылыми парадигманың теориялық деңгейіне қоса мазмұндық-деректік сипатын жан-жақты ашудың ғылыми жүйелілік сипатын жаңа сапаға көтеріп жүрген көшбасшы ғалымдардың бірі – профессор Зәуреш Ахметжанова. Ғалымның және оның шәкірттерінің салыстырмалы сипаттағы зерттеулерінің нәтижесінде дәстүрлі қазақ қоғамының күнделікті тұрмысындағы тілдің коммуникативтік қызметінің әр ұлтқа тән мәдени ерекшелігінің де тілдік көрінісі жан-жақты көрсетіліп, айқындалады. Профессор З.Ахметжанова академик Ә.Қайдардың «Халық даналығы» сөздігін этномәдени кодты астарлаудың дәйекті көзі ретінде айқындап, қазақ тілінің фразеологиялық жүйесінде дәстүрлі қазақ қоғамындағы коммуникативтік қызметтің қалай айшықталғанын ұлт пен тіл, ұлт пен мәдениет сабақтастығында жан-жақты лингвомәдени талдау арқылы дәйектейді.
Жалпы, бейнелеп сөйлеу қазақтың сөз өнерінде, салт-дәстүрінде, жұмбақтарында, шешендік тіркестерінде кеңінен қолданылған тәсіл екені белгілі. Осымен байланысты, мысалы, жаугершілік заманға сай халық басындағы қилы-қилы хал-ахуалдар мен хандық билік аясындағы түрлі әлеуметтік-саяси жағдаяттарға куә болып, ортасында жүрген жыраулар поэзиясында астарлап айту, тұспалдап сөйлеу сөз мәдениетін жаңа деңгейге көтерген. Көшпенді мәдениеттің өрісіндегі қоршаған табиғаттың флорасы мен фаунасы, ландшафттың ерекшелігін өздерінің таным көкжиегіне сай теңеп, кейіптеуі тұтас көркемдік-рухани әлем кеңістігін, жүйесін қалыптастырды. Бұл, айналып келгенде, өзін табиғаттың бір бөлшегі ретінде санайтын көшпенді мәдениеттің негізгі қағидасы.
Сондықтан қазақ тұрмысын бейнелеген ақын-жыраулардың шығармаларында олардың мәдени коннотациясы жиі кездеседі:
Елбең-елбең жүгірген,
Ебелек отқа семірген; немесе
Құладың құстың құлы еді,
Тышқан жеп жүнін түледі т.б.
Демек, бұл атаулардың этномәдени кодын ашу үшін олардың тек фитонимдік, орнитонимдік т.б. ақпараттарын, яғни ғылыми кодын ашу жеткіліксіз. Ол үшін, мысалы, «Ебелек оттың семіртетінін», «Құладынның текті құс еместігін» т.б. күнделікті тұрмыс тәжірибесінде таныған кәсіби таным да керек.
Қазақ танымында сөзге ерекше мән беріліп, сөз мазмұнының жан-жақты толық сипаты қазақ өмірінде алуан түрлі күрделі істердің күрмеуін шешкенін мәдени-тарихи мұраларымыз дәлелдеп отыр. Соның нәтижесінде билердің, шешендердің т.б. сөздеріндегі қазақтың сөз құдіретін, сөз әлеуетін қазақ болмысынан тыс қарауға болмайтыны айқын көрінеді. Жыраулар поэзиясында астарлап айту, тұспалдап сөйлеу, көшпенді мәдениеттің таным көкжиегіне сай теңеп, кейіптеуі тұтас көркемдік рухани кеңістігін қалыптастырған: Ел жағалай қонбаса, Бетегелі бел ғаріп; Хандар киген қамқа тон, шүберек болар тозған соң; Сақ етер тиді саныма, сақсырым толды қаныма; Жүрген аяққа жөргем ілінер; Айылын жимады; Дөнен қымыз; Бесік құда; Қанжығаға байлады; Жығасы жығылды; Жарғақ тон; Пұшпағы қанамаған, т.б. Осы сипаттағы лингвокультуремалар мен этнографизмдер, одан туындайтын тұрақты тіркестердің түп тамыры ұлт санасында тұрақты түрде сақталып, этномаркерлік деңгейге жеткен таңбалардан бастау алады.
Осындай тілдік мұра арқылы ұлтты, ел мәдениетін барынша толық танытудың негізгі бір тетігі – ұлттық әлемнің тілдік үлгісін жасау, ұлттық мәдениеттің кілтін ашу.
Тәуелсіздік пен жаһандану тоғысқан қазіргі күрделі заманда егеменді елдің өсіп-өнген тамырын тауып, біртұтас елдігін қалыптастырып, басын біріктірген түпқазығы ретіндегі тілдің қызметін тану – ұлттық сананың заманауи даму деңгейіне сай туындап отырған рухани-әлеуметтік мүдде талабы.
Жамал МАНКЕЕВА,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері