ЭТНОЛИНГВИСТИКА БӨЛІМІ

ЭТНОЛИНГВИСТИКА БӨЛІМІНІҢ ТАРИХЫ

 Этнолингвистиканың барлық тілдерге қатысты әмбебап ғылым ретінде толық қалыптасып, дами түсуіне кейінгі кездерде түркі тілдері негізінде көбейе бастаған ізденістер мен зерттеулердің, соның ішінде қазақ тілінің де қосып отырған үлесі аз емес. Бүгінгі таңда қазақ этнолингвистикасы ғылыми негізі нәтижесінде өзіндік ерекшелігі мен үрдісі айқындалып келе жатқан, дербес те перспективті ғылым саласы ретінде танылып отыр.

Қазақ тіл білімінде этнолингвистикалық бағыт ХХ ғасырдың 80 жылдарынан басталады. Бұл саланың дамып, өсіп-өркендеуіне Ә.Қайдар, И.Копыленко, Е.Жанпейісов, Р.Сыздық, Н.Уәлиұлы, Б.Қалиев, Ж.Манкеева, Г.Смағұлова, Б.Момынова, Р.Шойбеков, Ғ.Аронов, Қ.Ғабитханұлы, Ш.Сейітова, Б.Қарағұлова т.б. ғалымдар өз үлестерін қосып келеді. Этнолингвистика – этностың инсандық болмысын һәм дүнияуи табиғатын, оның даму заңдылықтарын басқа емес, тек тіл феномені арқылы танып-білудің ғажайып мүмкіншіліктерінен, яғни “этностаным” мен “тілтаным” арасынан туындаған жаңа да дербес сала.

Жалпы тіл білімінде бұл сала және оның мақсат-мүддесі теориялық тұрғыдан көптен бері-ақ белгілі болса да, іс жүзінде, әсіресе түркі тілдерінде кең қолданыс таба алмай келе жатқандығы мәлім. Қазақ тіл білімінде бұл мәселемен алғаш (1970-жылдардан бері) шұғылдана бастаған ғалым Ә.Қайдар болды деп айта аламыз. Содан бері бұл салада ірілі-ұсақты жүздеген еңбек дүниеге келіп, қазақ тілінің өз табиғаты мен ерекшелігіне сәйкес қазақ этнолингвистикасының бағыт-бағдары, мақсат-мүддесі айқындалып, ғылыми тұжырымдамасы (концепциясы) жасалды. Көптеген кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалды. Міне, осы қыруар игілікті істердің ұйытқысы да, бағдарлаушы, басқарушы көшбасы да академик Ә.Қайдар екендігі ғалымдар қауымына көптен белгілі. Бұл саланың Қазақстан топырағында дүниеге келіп, қалыптасуына оның жеке басының және көптеген шәкірттерінің қосқан үлесін, этнолингвистикалық нысандар мен зерттеу әдіс-тәсілдерін, мақсат-мүдделерін ғылыми-практикалық мәнін арнайы зерттей келіп, “Основы этнолинвистики” (Алматы, 1995, c. 180) атты кітап жазған әйгілі ғалым, проф. М.М.Копыленко акад. Ә.Қайдар төңірегінде “қазақ этнолигвистикалық мектебі қалыптасты” деп түйеді.

Шынында да, кейінгі 15-20 жыл беделінде жалпы осы мәселеге және оның нақтылы мәселелеріне қатысты жазылған диссертациялар мен басқа еңбектердің жалпы саны (М.М.Копыленконың көрсетуі бойынша) бір мыңнан асады. Осылардың біразы акад. Ә.Қайдар ұсынған тақырыптар мен этнолингвистика мәселелері болып саналады.

Қазақ тіл білімі саласында этнолингвистикалық ізденістердің етек алып, оған ғылым ізденуші жастардың ден қоюында, оқырман қауымның қалауынан шығып, оларға деген сұранымның арта түсуінде өзіндік біраз сыры бар деп ойлаймыз. Біріншіден, этнолингвистикалық зерттеулерден өзінің тұрақты мақсат-мүддесіне байланысты таза лингвистикалық категориялардың өздерін емес, этностың өзін түсінуге қажетті тілдік (лексика-фразеологиялық, т.б.) фактілердің ішкі мазмұнын терең де жан-жақты ашуға бағышталатынын көреміз. Демек, бұл мақсаттың рухани-мәдени танымдық мәні зор деген сөз.

Екіншіден, этнолингвистикалық зерттеуге тіл байлығымыздағы кез-келген құбылыс, дерек, тақырып (фразеология, мақал-мәтел, ономастика, жұмбақ, өнер, төрт түлік мал, т.б.) объект бола алады. Өйткені ол фактілердің барлығы этнос болмысын тануға қатысты және оларды әдеттегі лингвистикалық формальдық тұрғыдан ғана емес, одан әлде қайда тереңірек, жан-жағын үңгілей түсіп, індете зерттейді. Мәселен, фразеологизмдер мен мақал-мәтелдердің этнолингвист ғалым әдеттегідей қоғамда қалыптасқан ауыс мағынасында ғана емес, сонымен қатар сол мағынаның қалыптасуына негіз болған о бастағы әр алуан мотивтерін (уәждерді) анықтауға тырысады. Демек, тіл деректері тек өзінің коммуникативтік қызметі деңгейінде ғана емес, сонымен қатар кумулятивтік, яғни рухани, мәдени қазынаны өз бойында сақтаушы мұра, бұлақ ретінде сырын ашады.

Үшіншіден, тіліміздің лексика-фразеологиялық байлығын әліпби тәртібімен түзілген әр алуан лексикографиялық (сөздік, энциклопедия т.б.) еңбектер арқылы меңгеру мүмкін емес. Этнолингвистикалық зерттеулердің ең басты ерекшелігі – барша деректердің тақырыптық, мағыналық, логикалық жүйе негізінде берілуінде т.т.

Міне, осы тәрізді тәсілдерге байланысты этнолингвистикалық зерттеулер тілдің ішкі дүниесін толық ақтарып көрсету арқылы оның небір тамаша танымдық мүмкіншіліктерін де пайдалана алады. Осылардың барлығы акад. Ә.Қайдар ұсынған, оларды біртіндеп кеңейтіп, тереңдетіп, дамытып келе жатқан этнолингвистикалық ілімнің негізгі принциптері болып саналады.
Академик Ә.Қайдардың бұл сала бойынша бірсыпыра еңбектері шықты: Этнолингвистика//Білім және еңбек. –1985. – №10. Қазақ этнолингвистикасы // Казақ тілінің өзекті мәселелері. Алматы, “Ана тілі”, 1998, 8—29-б.; Доспехи и вооружение воина-батыра в казахском эпосе и их этнолингвистическое объяснение (Бұл да сонда, 30—40-б.); Этностық болмыс ұғымдары // Ана тілі, 1990; Культ слова у тюркских народов // Тезисы XXIX ПИАК, Ташкент, 1986, с. 63-65; Жеті қазына // Ана тілі, 1990, т.б. (жалпы саны 12 еңбек).

Қазақ этнолингвистикасы – бүгінде жаңа ғылыми бағыттан жеке ғылым саласына айналған дербес пән. 2000 жылы Этнолингвистика бөлімі ұйымдастырылып, ғылыми қызметі мен зерттеу нысандары кеңейе түсті. Тәуелсіз Қазақстанның туын биік ұстар ұлтжанды ұрпақ, білікті маман тәрбиелеу – Қазақстан Республикасының жалпы білім берудің мемлекеттік бағдарламасында алға қойылған басты мақсат. Осы мақсатқа сай «Этнолингвистика» пәні еліміздің жоғарғы оқу орындарының филология факультеттерінде оқытылып келеді. Пәннің оқу-әдістемелік кешенін, типтік-оқу бағдарламасын  жасауда ғалымның тікелей бағыттауымен қазақ тілінің табиғаты мен ерекшелігіне сәйкес жазылған ғылыми зерттеулер басшылыққа алынды.

2000-2010 жж. бөлімді қазақ тіл білімінің көрнекті маманы, белгілі түркітанушы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Ә.Қайдар басқарды. Бөлімде 2000-2002 жылдары «Ұлттық және мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің қызметі мен дамуының негіздерін зерттеу»атты іргелі зерттеу бағдарламасы негізінде «Қазақтар: ана тілі әлемінде» атты тақырып бойынша көптеген ғасырлар бойы жиналып қордаланған және әлі де жинақталып жатқан өте бай тіліміздің лексикалық байлығы, заттар мен бізді қоршаған табиғи құбылыстардың атаулары, адамдардың қоғамдық қарым-қатынасына, тұрмыс-салтына, бұрынғы көшпелі ру-тайпалар мен бүгінгі қауымның өмір сүру тәсілдері мен әдет-ғұрпына байланысты сан алуан тілдік деректер – лексика-фразеологиялық, паремиологиялық, ономасиологиялық, кәсіби-терминологиялық, эвфемистік, теңеу-салыстыру, т.б. ұлан-ғайыр этнолингвистикалық мағыналық бірліктер жинақталды. «Қазақтар: ана тілі әлемінде» деп аталатын еңбектің мақсаты – қазақ тілінің сөздік қорындағы жарты миллиондай (Ә.Қайдардың жобалауы бойынша) мағыналық бірлігін (смысловые единицымәнінде) қамтитын 3 томдық этнолингвистикалық сөздігін жасап, XXI ғасырда өмір сүретін ұрпаққа өз болмысын танытатын ана тілінің асыл қазынасын мирас етіп қалдыру. Бұл жұмыспен ғалым 30 жылдан астам уақыт шұғылданған.

2003-2005 жылдары «Тілдердің үйлесімді қызмет етуі мен дамуы ­– егемен Қазақстанның тұрақты және өркениетті дамуының тірегі» атты іргелі зерттеу бағдарламасы негізінде «Қазақ тіліндегі қос сөздер табиғаты: зерттеу, сөздік» атты тақырып бойынша қазақ тілінің сөздік қорындағы қосарлама және қайталама қос сөздердің барлығы дерлік жинақталып, жүйеленіп, қолданыс аясы мен мағыналары мәтін негізінде ашылып, түсініктеме берілді, олардың арнайы сөздігі жасалды. Көне де ең байырғы бұл категорияның сөзжасам жүйесіндегі өзіндік ерекше орны мен тәсілдері айқындалып, тілдік қарым-қатынастағы атқаратын қызметтері жан-жақты сипатталып, мағыналық, эмоциональды-экспрессивті, жалпылау, жіктеу, қайталау т.б. осы сияқты мағыналар мен мағыналық реңктерді, бояу-нақыштарды берудегі өзіндік ролін айрықша атап көрсете алатын зерттеу жүргізілді. Осының нәтижесінде «Қазақ тіліндегі қос сөздер: зерттеу және сөздік» атты (30 б./т.) монография жарияланды (Алматы, 2013).

2006-2008 жылдары «Тәуелсіз Қазақстан жағдайында қазақ тілінің ұлттық және мемлекеттік тіл ретіндегі негізгі даму үрдістері мен бағыттары» атты тақырыпта іргелі зерттеу бағдарламасы негізінде «Қазақ тілі этимологиясының ғылыми-теориялық негіздері» атты тақырып бойынша этимологиялық зерттеудің принциптері айқындалды; ғылыми, қызықты және жалған (халықтық) принциптері  сипатталды; қазақ тілі бойынша жүргізілген этимологиялық зерттеулер мен этимологиясы айқындалған сөздердің жалпы саны анықталды; этимологиялық сөздікке негізінен бір, екі буынды түбірлер еніп, оларға қатысты сөзжасам модельдерінің тізімі берілді; этимологиялық анықтамалар тек қазақ тілі бойынша ғана емес, жалпы түркітануға байланысты қарастырылды. Нәтижесінде «Қазақ тілі этимологиясының ғылыми-теориялық негіздері» атты монографиясы жарық көрді (Алматы, 2014).

2007-2009 жылдары Ұлттық идея – Қазақстанның тұрақты дамуының тірегі бағдарламасы аясындағы “Қазақстанның болашағы және қазақ этносының өзіне тән қасиеттерін (феноменін) танып-білу, дамыту” атты тапсырмасы бойынша қазақ тілінің лексика-фразеологиялық-паремиологиялық байлығын мүмкін болғанынша түгел қамтып, мағына-мәніне, қолданысына түсініктеме беретін, жүздеген тақырыптардан тұратын единицалар жинақталып, жүйеленіп берілді.

Зерттеу, негізінен, қазақ этносының табиғи, рухани болмысы туралы тілдік сипаттамаларды, оның рухын, дүниетанымын, ұғым-түсінігін білдіретін тілдік деректерді жүйелеп, жинақтап көрсетуге бағышталды. Зерттеу жұмысының нәтижелері «Қазақ қандай халық?» (2008) атты жинақ пен «Қазақтар ана тілі әлемінде» (2009) атты 3 томдық этнолингвистикалық сөздікте толық көрсетілді. Оның «Адам» 1-томы 2009 жылы, «Қоғам» 2-томы мен «Табиғат» 3-томы 2013 жылы жарыққа шықты. Бұл қазақ этносының басқа түркі, т.б. этностардан көптеген (тәрбиесі, ділі, тілі, діні жағынан) ерекшелігінің барлығын, түпкі мақсатқа тез жетудің ең оңтайлы жолы екендігін сипаттайтын приоритеттеріміздің бірегейі болып саналады.

2009-2011 жылдары “Қазақ ұлттық әдеби тілі және оның Уақыт пен Кеңістіктегі даму жолдары: ұлттық, жалпыадамзаттық мәдени құндылықтарды жинақтау, сақтау, жаңғырту” атты іргелі зерттеу бағдарламасы аясында “Имитатив теориясы және қазақ тілі байырғы лексикалық қорының қалыптасу процестері” тақырыбы бойынша еліктеуіш, елестеуіш, бейнелеуіш ілкі түбірлерінің пайда болу, қалыптасу тарихының эволюциялық процестерін талдап, қазақ тіліндегі еліктеуіштердің 500-дей бір буынды түбірлерін жіктеп, оларға түсініктеме берді. Бұл ғылыми жобаның нәтижесі «Қазақ тіліндегі имитативтер» атты монография ретінде жарияланды көрді (Алматы, 2014).

2012-2014 жылдары «Қазақстан Республикасы көпмәдениетті қоғамындағы тілдік жағдаяттар мен процестерді гуманизациялау –  елдің рухани қауіпсіздігі мен бірлігін сақтаудың аса маңызды факторларының бірі» атты іргелі зерттеу бағдарламасы бойынша «Рухани мәдениеттің паремиологиядағы бейнесі», 2015-2017 жылдары «Мемлекеттік тіл: эволюциясы, динамикасы, болашағы (тілтанымдық, әлеуметтік тілтанымдық, әлеуметтанымдық, саясаттанымдық аспектілер)» атты тақырыптары бойынша іргелі ғылыми-зерттеулерде әлеуметтік тілтанымдық мәселелерді тіл мен ұлттық мәдениет, тіл мен ұлттық менталитет тоғысында жаңа, терең ғылыми нәтижелерге қол жеткізіп келеді.

Бөлімді 2010-2014 жылдары филология ғылымдарының докторы Шойбеков Рүстембек Нұсқабекұлы, 2014-2017 жылдары филология ғылымдарының кандидаты Эльмира Өтебаева басқарды, 2018 жылдың басынан филология ғылымдарының кандидаты Гүлсінай Исаева басқарып келеді. Бөлімде филология ғылымдарының докторы, академик Ә.Т. Қайдар, филология ғылымдарының докторы Р.Шойбеков, филология ғылымдарының кандидаты Г.Исаева, филология ғылымдарының кандидаты Э.Өтебаева, кіші ғылыми қызметкерлер А.Жауғашарова, З.Садырбаева, Е.Бесіров және аға лаборант М.Садықова қызмет етеді.


ЭТНОЛИНГВИСТИКА БӨЛІМІНІҢ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ТУРАЛЫ АҚПАРАТ