Тарихы

Салыстырмалы түрде жаңа бағыт болып саналатын әлеуметтік лингвистика бойынша А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының  зерттеулері КСРО кезеңінен бастау алады. Қазақ КСР-і Ғылым академиясы Тіл білімі институтының құрамында түрлі жылдарда тілдің әлеуметтік тілтанымдық мәселелерімен айналысқан бөлім – Орыс тілі және әлеуметтік лингвистика бөлімі.

1978 ж. бөлім меңгерушісі ретінде Моисей Михайлович Копыленко тағайындалды. Осы уақытта бөлімде З. Ахметжанова, Л. Балақаева, Т. Жолшаева, Ж. Утесбаева, Д. Шайбақова жұмыс жасап, көптеген зерттеулер жүргізіліп, ірі еңбектер жарық көрді. 1982 ж. М.М. Копыленко мен С.Т. Саинаның «Функционирование русского языка в различных слоях казахского языка», 1984 ж. М.М. Копыленко мен З.К. Ахметжанованың «Фонетическая интерференция в русской речи казахов», 1987 ж. осы еңбектің екінші бөлімі «Лексическая и морфологическая интерференция в русской речи казахов» деген атпен басылып шықты. Бұл еңбектерде қазақтардың орыс тілін қолданудағы фонетикалық, лексикалық және морфологиялық қателіктері зерттелді.

Қазақстандағы тіл саясаты мәселесіне қатысты 1991 ж. қостілділік мәселесін талдаған М.М. Копыленко мен З.К. Ахметжанованың «Психолингвистический аспект двуязычия. Проблемы национально-русского двуязычие» деген зерттеулері қостілділік теориясына қосылған қомақты еңбек болды. Қазақстандағы қазақ, орыс және өзге тілдердің қоғамдық қызметі мен оларды дамытудың әр алуан қыр-сырларына арналған ғылыми мақалалар түрлі қоғамдық пікірлер туғызып, тіл дамыту ісін саналы түрде басқарудың қазақстандық үлгілерін танытты. Солардың қатарында М.М. Копыленконың «Государственный язык и официальный язык (опыт разраничения понятий)», «Общее языкознание, социолингвистика, психолингвистика в Республике Казахстан: тенденции и перспективы развития специальности» мақалалары бар.

1988-1992 жж. бөлім меңгерушісі болып Гаркавец Александр Николаевич тағайындалды.

0 Shares