ТІЛ ТӘУЕЛСІЗДІГІ – ЕЛ ТӘУЕЛСІЗДІГІ

2018 жылдың 24 шілдесінде Алматы қаласындағы Достық үйінде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен  Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдастыруымен «Латын әліпбиі – әлем қазақтарының рухани тұтастығының негізі» атты республикалық дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелді Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек жүргізді. Ісшараға  белгілі академик, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Бас директоры Ғарифолла Есім, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижан баяндама жасады.  Жиын барысында Ерден Задаұлы мемлекеттік тілді латын графикасына кезең-кезеңмен көшірудің жұмыс жоспарына сәйкес қазіргі уақытта атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етіп, бүгінгі шараның маңыздылығына тоқталды.

Ерден Қажыбек, Тіл білімі институтының директоры: «Қазақ тілі – көптеген шетелдің ЖОО-да негізгі пән ретінде оқытыла бастады, күн өткен сайын қазақша сөйлеу трендке айналғаны жасырын емес. Біз осы үрдісті тиімді пайдалнуымыз қажет. Бүгінгі ісшараның мақсаты да сол – жаңа ұлттық әліпби жобасын жетілдірудің жолдарын қарастырып қана қоймай, күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді бірлесе отырып, жүйелі әрі оңтайлы шешудің сәті келді. Бұл – кеңесу алаңы, ақылдасу шарасы. ҚР Президенті Н.Назарбаев нақты тапсырма берді. Қиын да күрделі. Сондықтан  қағазда жазылған баяндамаларды үстірт оқып шыққан гөрі, тілдік реформадағы негізгі проблемаларды атап көрсетіп, жан-жақты талдап, оның себебі мен салдарына тоқталған аса маңызды».

Жиынның спикерлері латын әліпбиіне байланысты ұсыныстары мен ой-пікірлерін ортаға салды.

Ғарифолла Есім, академик, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Бас директоры:

«Тіл – ұлттың қазынасы. Тіл бар жерде ел бар. Тілдің тәуелсіздігін сақтау үшін әліпбиіміз дұрыс әрі нақты болуы тиіс. Қазақ тілі – түркі тілдерінің төресі, біз латын арқылы қазақ халқының ғана емес, түркі тілдерінің де басын біріктіруші негіз болуы тиіс деп есептеймін. Бізге Түркі тілдес халықтардың Парламенті ұйымын құрсақ деген ұсынысым бар.  Қазақ тілінің латын графикасына негізделген әліпбиінің емле ережесін жүйелеп, нақтылап алсақ, көп мәселе шешімін табары сөзсіз.Сол себепті әТіл-қазына» орталығы мен Тіл білімі институты мамандары т.б. бірлесіп, қазіргі уақытта  үзіліссіз жұмыс істеп жатыр», – дей келе, орталықтың осы жылы атқарған жұмыстарына кеңірек тоқталып өтті.

Дөңгелек үстелде ана тіліміздің жаһандық ғылым мен білімге кірігуін әрі әлем қазақтарының рухани тұтастығын қамтамасыз етудің бірегей негізі болған латын әліпбиі жобасын  жүзеге асыруда кездесетін негізгі мәселелер мен оны тиімді шешудің жолдары жайында академик, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының диреткоры Уәлихан Қалижан, қоғам қайраткері Асылы Осман,  ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Әлібек Асқаров, ҚР МСМ Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Мелдеш, «ӨРЛЕУ» Біліктілікті арттыру Ұлттық орталығының директоры Жансәуле Әлиқызы, Түркі халықтары мәдени орталығының жетекшісі Ахмет Дағдуран баяндады.

Дөңгелек үстелге  тілші-ғалымдар, қоғам қайраткерлері, қоғамдық және гуманитарлық бағыттағы ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері, жас ғалымдар мен БАҚ өкілдері  қатысты.


Мейрамбек Таубалдиев

 

 

 

 

0 Shares

You may also like...