Қазақша сөйлеген польшалық ғалым латын әліпбиінің маңызын түсіндірді

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым  министрлігі Ғылым комитеті Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдастыруымен 2018 жылдың 20 шілдесінде  Алматы  қаласында «Қазақстан – Польша ынтымақтастығы «Рухани жаңғыру» аясында: Латын графикасына көшудің әлемдік тәжірибесі» атты лингвистикалық семинар  өтті.

Аталмыш семинарға Польша мемлекеті, Познань қаласындағы Адам Мицкевич атындағы университеттің түрколог-ғалымы Жакуп Жакусик қатысты. Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілінде баяндама жасаған шетелдік ғалым тіл білімі саласындағы өзекті мәселелерді қамти отырып, латынға көшу арқылы Қазақстан мен Польша арасындағы достық пен ынтымақтастықтың одан әрі тереңдей түсетінін атап өтті. Сонымен бірге қазақ тілінің латын әліпбиіне көшірілуі ел болашағы – жас ұрпақтың бүгінгі жүрісі жылдам заманда оқу-білім және ғылым жолындағы ізденістеріне жол ашатынын қоса айтты.

Семинарда латын әліпбиіне қатысты құнды баяндама жасағаны үшін ғалымға Тіл білімі институты мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының атынан арнайы сертификат пен алғыс хат табысталды. Түрколог-ғалым Жакуп Жакусик мырзаға зор алғысымызды білдіре отырып, кемел білім мен кенен ғылым жолында абырой биігінен көріне беруіне тілектеспіз.

 

Қуаныш Жұмабек, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты

0 Shares

You may also like...