Жаңа қазақ әліпбиінің жазу ережелері ұлттық сипатта болуы керек – Нұргелді Уәли

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордадағы Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-да «Қазақ жазуының тарихы және латын әліпбиіне көшудің ғылыми-тәжірибелік негіздері» атты республикалық конференция өтіп жатыр. Шара барысында латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі емле ережелерінің тұжырымдамасы қабылданады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Конференцияға еліміздің жетекші лингвист ғалымдары, Парламент депутаттары, қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия және жұмыс топтарының мүшелері қатысуда. Жиында алғашқы болып сөз алған А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Нұргелді Уәли қазақ орфографиясының мәселесі жайлы қоғамдық пікірлер айтылып жатқанын айтып өтті.

«Неге біз ережемізді қайта жасауымыз керек? Себебі, ол әліпби түзілгеннен кейін ол ережелер әліпбиге сәйкес болуы керек. Міне, сондықтан, осы мәселеге байланысты негізгі ойларымызды ортаға салсақ дейміз. Әуелі әліпби. Бізде ұлттық-дыбыстық қордағы дыбыстық бірліктеріміздің саны қанша? Оны Ахмет Байтұрсынұлы дұрыстап тұрып айтып кеткен болатын. Ол – 9 дауысты. Кезінде оны Байтұрсынұлы белгіледі. Одан кейін 19 дауыссыз. Бұл – біздің ұлттық дыбыстық қорымыздың негізі. Осыған қарап отырсақ, жазба тілдің ықпалымен «х», «в» сияқты әріптер енді. Бұрынғы жазуда (кириллицада) да болған. Қазіргі әліпбиде де ескеріліп отыр», – дейді ол.

Нұргелді Уәли конференция барысында «бізге 42 әріптің қажеті қанша?» деген сұрақты көтерді.

«Оның өзі орфографияны қиындатқан, ұлттық бейнесінен ажыратқан түйіні күрделі мәселе. Сондықтан, осыдан арылуымыз керек. Өздеріңіз қарасаңыздар, біздің кирилл әліпбиінің үштен бірі ұлттық дыбыстық қорымызға сәйкес келмейді. Оның себебі – идеологиялық қысымнан, саяси әрекеттің әсерінен, 42 әріп болу керек деген сынның салдарынан болды. Әліпбиі солай болғасын, ереже де солай болуы керек. Ереженің жартысына жуығы бөтен тілдегі сөздерді таңбалаудың ережесіне айналып кетті. Орфографиямызды қарасақ, ол қос тілді орфография болып шықты. Ережеміздің тең жартысы да сол күйде болды. Біздің ережеміз, жазуымыз ұлттық жазуымыз өзінің ұлттық сипатынан айырылды», – дейді Нұргелді Уәли.

Филология ғылымдарының докторы бұл ретте ақылдасар шаруалар бар екенін атап өтті.

«Өте жауапты кезеңде отырмыз. Өткен кездегі, тәжірибедегі кейбір кемшіліктерімізді қайталамауымыз керек. Яғни, болашақ жазуымыз, ережелеріміздің ұлттық сипаты болуға тиіс. Міне, тұжырым осыны негізге алып отыр. Ұлттық сипатты қалай береміз деген сұраққа – жаңа айтқанда Ахмет Байтұрсынұлы айқындап берген 9 дауысты, 19 дауыссыз және мәдени қарым-қатынастың негізінде пайда болған 4 дыбысты білдіретін әріптер. Міне, осының ара жігін ашып, көрсету – біздің тұжырымдаманың негізгі мәселені айналып отыр», – дейді ол.

Нұргелді Уәлидің айтуына қарағанда, тілімізді кіріптар ету әліпбиден басталған. Сол кіріптарлықтан әліпби де, ереже де арылып, ұлттық сипатқа ие болу керек.

https://www.inform.kz/kz/zhana-kazak-alipbiinin-zhazu-erezheleri-ulttyk-sipatta-boluy-kerek-nurgeldi-uali_a3284752

0 Shares

You may also like...