Ерден Қажыбек: Қазақ тілінің әуезділігін сақтап, жазу мен айтылу принциптерін қайтару қажет

Ерден Қажыбек: Қазақ тілінің әуезділігін сақтап, жазу мен айтылу принциптерін қайтару қажет

13.04.2018 Off By Администратор

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгінде латын графикасындағы қазақ әліпбиінің нұсқасы бар. Екі жылдан кейін 0-ші сынып оқушылары латын қаріптерін үйрене бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Латын графикасын техникалық жағынан пайдалану бойынша барлық мәселелер бірте-бірте шешіледі. Ең үлкен проблема – психологиялық проблема. Кейбір адамдар ойлайды, әріпті ауыстыра саламыз да, болды. Жоқ, олай емес. Біз – дұрыс жазуды ұмытқан халықпыз. Біз – қате жазуға үйренген халықпыз. Сондықтан жаңа жазу сәл тосын көрінеді. Сондықтан біраз үйрету керек, түсіндіру керек. Қазір мына біздегі дыбыс санын түсінудің өзі қиынның қиыны. Қарапайым адам былай тұрсын, ғалымдардың өздері шатасады. Сол себепті қазақ тілінің заңдылықтарын сақтай отырып, дұрыс жазу үшін біраз уақыт қажет. Дайындық шараларын созып жатқанымыз да содан», – дейді Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры, профессор Ерден Қажыбек.

Ғалымның айтуынша, екі жылдан кейін 0-ші сынып оқушылары латын қаріптерін үйренеді. Жаңа әліппе де болады. Оқулықтар латын графикасымен басылады. «Ендігі мәселе, қазақ тілінің әуезділігін сақтай отырып, жазу мен айту принциптерін қайтаруымыз қажет. Таза қазақша жазуымыз керек. Әйтпесе, қазір қазақ тілінде ереже көп. Оның жартысы біздің ереже емес. Сосын қазір әліпбиге байланысты көп проблемалар туындап жатыр ғой. Оның бірде-біреуінің қазақ тіліне қатысы жоқ. «Цементті» қалай жазамыз? Басқаны қалай жазамыз дейді. Біз бір тілдің әліпбиін жасауымыз қажет. Бір тілдің ережелерін жасауымыз керек. Ал бөтен сөздерді өз тілімізге бағындырып, тілімізге кіргізуге болады. «Москва» деген сөзді «Мәскеу» дедік қой. «Россия» дегенді «Ресей» дедік қой. Дәл солай кез келген сөзді қазақшалауға болады. Үйрену де оңай болады. Ережесі де аз болады», – деп атап көрсетті Е.Қажыбек ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

https://www.inform.kz/kz/erden-kazhybek-kazak-tilinin-auezdiligin-saktap-zhazu-men-aytylu-printsipterin-kaytaru-kazhet_a3218285