Тәуелсіз ойдың бастауы

Тәуелсіз ойдың бастауы

05.04.2018 Off By Администратор

Жуырда Ақтөбе қаласында «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы ғимаратының залында облыс әкімдігі мен облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Латынға көшу: тәжірибе, проблемалар, оларды шешу жолдары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Аталмыш шараны Мәдениет және спорт министрлігі тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Мелдешов жүргізді. Жиынға Түркия Республикасы мен Ресей Федерациясынан келген ғалымдар, сондай-ақ Астана, Алматы қалаларынан және бірқатар облыстардан ғалымдар, мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырушы жауапты тұлғалар қатысты.

Басқосу кезінде сөз сөйлеген Ғ.Мелдешов облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың құттықтау хатын оқыды. Конференцияға қатысқан ­зиялы қауым өкілдері, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының басшылары, қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің жетекшілері ғалымдардың нақты мысалдарға негізделген баяндамаларын зейін қойып тыңдады. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, ­филология ғылымының докторы, ­профессор, латын әліпбиіне көшуді ұйымдастыру жөніндегі жұмыс тобының төрағасы Ерден Қажыбек ­баяндама кезінде слайдтарды пайдалана ­отырып, қызықты деректерді ұсынды. Атап айтар болсақ, 1992 жылы академик Әбдуәли Қайдари Елбасыға хат жазғаннан кейін Елбасы бас­тамасымен халықаралық бес конференция өткізілді, Түрік кеңесі, Түрік академиясы, өзге де халықаралық ұйымдар құрылды. Өзге түркітілдес елдердің латын әліпбиіне көшудегі тәжірибелері мұқият сараланған. Мысалы, Әзербайжан Республикасында бұрынғы кирилл жазуында үш төл дыбыс түсіп қалған. 1991 жылы латын графикасына көшу жөніндегі шешім қабылданған соң бұл олқылықтың орны толтырылды.

Ал академик, Эге университетінің Түркі әлемін зерттеу институтының негізін қалаушы әрі директоры Фикрет Туркмен жиын барысында бұған дейін Алматы, Астана, Түркістан қалаларында болғанын, Ақтөбеге бірінші рет келіп тұрғанын айтып, қала көркіне сүйсінгенін жасырмады. Баяндама кезінде Ф.Туркмен Кеңестік империяның солақай саясаты салдарынан 13 халық үш рет, 21 халық екі рет әліпби алмастырған, жеті тіл жоғалып кеткенін тілге тиек етті. Ғалымның баяндауынша түркі әліпбиінің 4-4,5 мың жылдық тарихы бар екен. Тағы бір айта кетерлігі, конференция барысында Фикрет мырзаның әңгімесін ақтөбелік жас тілтанушы Назерке Сағиева түрікшеден тікелей аударып отырды.

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, ұзақ жылдардан бері осы мәселемен шұғылданып келген Әлімхан Жүнісбек қазіргі әліпбидегі кірме таңбаларды «тілбұзар әріптер» деп атады. Өз кезегінде Сүлеймен Демирель атындағы университеттің профессоры, филология ғылымының докторы Құралай Күдеринова «Жаңа әліпби – тәуелсіз ойдың бастауы» атты баяндамасында фамилия арқылы ұлтты тануға болатынына тоқталды. Парламент Мәжілісінде, кейін Елбасы өткізген кеңесте баяндама жасағандардың бірі, Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов «Әліпби таңдау: тілтабиғатын сақтау, түркілік тұтастық және әлемдік ақпараттық кеңістік», Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жантас Жақыпов «Латын әліпбиіне ауысудың ұтымды жолдары» тақырыптарында ой қозғады.

Халықаралық конференцияның түстен кейінгі екінші бөлімі «Ономастика ізденіс пен тәжірибе» деп аталды. Айта кету керек, бүгінгі күннің өзекті мәселелеріне арналған айрықша басқосу қарсаңында Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармасы (басшысы Гүлайым Төлебаева) арнайы кітапшалар шығарды. Сонымен қатар қатысушылар назарына облыс туралы анықтама және атқарылған жұмыстар жайлы деректер буклетін ұсынды. Мысалы, облыс тұрғындарының 71,6 пайызы латын әліпбиіне көшуді қолдайтынын, себебі дүниежүзілік қауымдастыққа бірігуді жеделдететін шара екенін баяндаған. Осы мақсатта «AktobeLatyn» ақпараттық парақша, #латынграфикасы хэштегі ашылған. Облыс деңгейіндегі басылымдарда 23 мақала, пікір жарияланып, электронды БАҚ-та 18 сұхбат, ашық әңгіме жүргізілді. 1991-2017 жылдар аралығында 146 елді мекеннің атауы ұлттық болмыста қайта аталды. Өткен жылы облыстық ономастика комиссиясында 358 ұсыныс қаралып, 231 атаусыз көшеге жаңа атау­лар берілді, идеологиялық тұрғыдан ескірген 47 көшенің, 2 елді мекен мен 78 нысанның ­атаулары өзгертілген.
Конференцияда Ресей Федерациясының Екатеринбург қаласынан келген ғалымдар Татьяна Гридина мен Надежда Коновалова тіл саясатындағы ономастикалық, этноәлеуметтік мәдени модельдер, фоль­клорлық ономастикадағы ұлттық-саяси стереотиптер туралы ойын ашық айтты. Жұртшылық көрнекті абайтанушы, филология ғылымының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлының, география ғылымының докторы, профессор Қуат Сапаровтың, басқа да белгілі тұлғалардың тұшымды әңгімесін тыңдап, көп жайға қанықты.

– Ақтөбелік әріптестерім шараға тыңғылықты дайындық жасаған. Әр өңірден тілтанушы ғалымдарды шақырған. Алматы, Қостанай,Солтүстік Қазақстан, Атырау, басқа да облыстардан келген өзім сияқты мемлекеттік тіл саясатына тікелей қатысты қызметшілер мұнда атқырылған шаруаларға риза болды, – деді бізбен әңгімесінде Ақмола облыстық тілдерді дамыту басқармасыныңм басшысы Марал Жақыпова.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ