ҰЛТТЫҚ БОЛМЫСЫМЫЗДЫ ЖОҒАЛТПАЙМЫЗ
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру тапсырмасына және осыдан біраз бұрын шыққан Жарлығын жүзеге асыруға байланысты облыс аумағында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік маңызы бар жаңалықты жұртшылыққа түсіндіруге Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының басшысы, Ұлттық комиссияның мүшесі Ерден Қажыбек, аталған институттың ғалымдары, облысымыздағы іргелі оқу орны саналатын Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушылары, жергілікті атқарушы орган жетекшілері үлкен үлес қосуда.
Талдықорғандағы Тіл сарайында өткен кезекті «Жаңа қазақ әліпбиін енгізудің ғылыми және ұйымдастырушылық негіздері» атты семинар-кеңесті ашқан Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Башбаев өңірде қазақ тілі әліпбиін латын графикасы негізіндегі әліпбиге көшіру жөніндегі «Жаңа әліпби – жаңа дәуір бастауы» атты жұмыс тобы құрылып, ел ішінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары облыстағы барлық аудан, қалаларды қамтып, 70 елдімекенде өткізілгенін, жүздесулерге 12 мыңнан аса адам қамтылған баяндады. Қазақ әліпбиін латын әліпбиіне көшіру бойынша әртүрлі тақырыпта дөңгелек үстел, конференция, кездесу, пікір алмасу, ақпараттық сағат, форум, дебат, акция, семинар, брифинг өткізілгендігін, мұндай жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табатындығына да тоқталды.
– Латын әліпбиіне көшу – ұлттық болмысымызға оралу деп түсіну керек. Елбасымыздың өзі мұны рухани жаңғырудың бірінші әрі басты шарасы ретінде қарастырып отыр. Себебі, әліпбиді реформалау арқылы біз тіліміздегі ұлттық нақышты, ұлттық жүйені сақтай аламыз. Ұлттық жүйе сақталатын болса, онда миымыздағы дүниені танитын ұлттық нейрондарымыз жұмыс жасайды, – дейді «Жаңа ұлттық әліпби негізіндегі жазу реформасы: проблемалар мен шешу жолдары» атты тақырыпта баяндама жасаған Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары Анар Фазылжанова. Сондай-ақ ол осы реформа туралы қоғамда сан түрлі пікірлердің айтылып жүргеніне де тоқталды. Бяндамашының айтуынша, латын қарпіне көшуде графикалық кеңістіктердің аумағы өзгереді. Яғни, бұған дейін үлкен шеңбер ішінде кирилл графикасының кеңістігі болып келсе, латын графикасына көшуде оның кеңістігі кеңейе түседі. Сонымен қатар ағылшын тілін үйрететін мамандардың қазақ тілінің грамматикасын жақсы білуі керек деген ой да айтылды.
Семинарда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, философия докторы Айна Рахимова, облыстық білім басқармасының бас маманы Роза Тұрғанбаева баяндама жасап, өз ойларымен бөлісті.
Жиынды қорытындылаған облыстық тіл басқармасының басшысы Айдар Карбозұлы латын әліпбиіне көшу – қазақ халқының өркениет көшіне табысты ілесуіне, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелетінін айтты.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы