ТУҒАН ТІЛДІҢ ТУ ҰСТАУШЫСЫ
Менің КСРО Ғылым академиясы Тіл білімі институтының докторантурасында оқып жүрген кезім… Докторантураға 86-жылғы желтоқсан оқиғасының арқасында түсіп едім. Әлі есімде. Он екінші айдың жиырмаларында мені, ол уақытта ғалым xатшы едім, таңертең шұғыл өзіне директор шақырды. Кабинетіне кірсем, Әбекең, Әбдуали Қайдаров, жалғыз емес екен. Парторг Өмірзақ Айтбайұлы мен профком төрағасы Әлімxан Жүнісбек те бар. Көздері ұйықтамаған адамдікіндей біраз қызарған, жүзі боп-боз, көңілі жоқтау сияқты.
Әбекең бірден: «Ерден, сен алаңда болдың ба ана күндері?» – деді ақырын, әр сөзін асықпай, анық шығарып.
– Иә, – деп жауап бердім мен.
– Тонды теріс айналдырып, шашыңды жалбыратып жүрген сенсің бе?
– Менмін ғой. Әкемнің ескі тоны ғой ол… – деп айта бастағанда, Әбдуали Туғанбайұлы сөзімді бөлді:
– Сені шайтан түртті ме? Не жоғалттың алаңда?
Мәселенің күрделі екенін енді сезе бастадым. Әкемдей ұстазым өмірінде бізбен бұлай сөйлеспеуші еді. Керісінше, жастарды жанында үнемі еркелеткендей, еркін, ерік бере ұстаушы еді.
– Жігіттердің бәрі сонда жүрді … Бақтыбай, Рысқали, Кәкім, жатақтан бірталайы… – деп ақтала бастадым.
Жағдай енді белгілі болды. КГБ басшылары мекеме директорларын жинап алып, түнімен оларға тыңшылары жасаған бейне және фото түсірілімдерді көрсеткен болу керек. «Өз қызметкерлеріңізді танысаңыз, көрсетесіз» деп. Институт қызметкерлерінің қатысқаны анықталса, бұл өте үлкен шатақ мәселе. Институтқа да жаман, мекеме басшысын да оңдырмайды… Ал мен, cәтсіздікке қарашы, жай қызметкер де емеспін – дирекция мүшесі, институтта үшінші адам лауазымындамын. Бұл тіпті өрескел саяси қылмысқа тең ағаттықтай болары хақ…
– Сенің Мәскеуде Әли Чеченов деген балқар досың бар еді ғой. Қолы ұзын, сөзі өтімді жігіт. Дереу сонымен xабарлас та сол жаққа шұғыл жасырын. Ресми шақыруды ұйымдастырсын, докторантураға баруың керек еді ғой. Семьяңмен жоғал, жарты жылға кемінде, кіріс…
Қарашай-малқар досым шынында да, сол кездің өзінде Мәскеудің мүйізі қарағайдай, атынан ат үркетін басшыларын – тіпті Орталық комитет xатшыларынан бастап, Ғылым академиясының президентіне дейін бәрімен, шынында да, сәлемі түзу жан еді.
Құдай қолдап, бір-екі күн ішінде үй-ішімен елден кетудің сәті түсті…
Мәскеуде докторантурада оқып жүргенде бір күні Алматыдан Әбекең телефон соқты.
– Ерден, Мәскеудесің ғой. Саған бір үлкен өтінішім бар. Біздің Мырзатай Серғалиевті жақсы білесің. Мырзекеңдей ғалым, азамат сирек қой. Еңбегі қыруар, докторлық диссертациясы теория тұрғысынан да, практикалық жағынан да әлемдік деңгейде жасалған дүние екені дау туғызбайды. Мәселе өзінің азаматтық позициясында болып тұр. Сын сағатта сабырлық сақтай алмай, студент жастарды аяп, кеңес билігіне, партия жетекшілеріне сенімсіздігін жасыра алмаған жағдайы хаттал-
ған екен. Сол себептен жоғары жақ аяқтан шалу мен құлату амалдарының бәрін бұған аямай жұмсап отыр. Бір рет Жоғары аттестациялық комиссиядан да қайтарды жылдар бойы тірнектеп жинаған еңбегін, білесің. Мырзатай, оған қарамастан, жаңадан, тың жұмыс жасап екінші рет керемет жақсы қорғады. Бірауыздан қолдадық. Енді тағы да бекітпей тастаса, қорқамын, Мырзекеңнің денсаулығы сыр беріп жүр, мына әділетсіздікке шыдай ала ма, жоқ па… Ағаңа мен саған бар дедім. Осы мәселені қазірден қолға алмасаңдар, ертең кеш болып қалар.
Айта алмай жатқан арғы жағындағы ойын толық түсіндім. Ұстаз сөзі – шәкіртке заң. Оның үстіне, Мырзекеңді бұрыннан да жақсы білемін.
– Әбеке, алаңдамаңыз. Әлиіміз бар ғой. Әлимен әліміз келгенше кірісеміз, – деп уәде бердім.
Үш-төрт күннен кейін кешке таман уақытта мәскеулік жалдап отырған үйіміздің қоңырауы шырылдады. Елден Мырзатай аға келіпті. Жүзі жүдеңкіреген. Құшақтасып амандасып, бірден дастарқанға жайғастық.
1987 жыл. КСРО билігі арнайы қаулы шығарып, Қазақ халқын тұтас ұлтшыл-террорист елдері қатарына ресми түрде енгізген шақ. Қазақстанда тізгін Колбин қолында, көптеген жастар қамауда. Сол тұста өзіміздің бетке ұстар зиялы бір академик ағамыз Мәскеуге арыз-хат жолдап, бүгінгі күндегі 80-шақты «әсіре ұлтшыл» қазақтардың тізімін тәптіштеп көрсетіпті-міс. Ішінде Ақселеу мен Олжастар қатарында біраз жас жігіттер де бар екен, мысалы Нұрсан Әлімбай мен мені де қосып қойыпты… Әрине, Мырзекең де ішінде… Қазақ тілі мен діліне қатысы бар, ұлттық мүддеге байланысты тақырыптарға мүлде қатаң тыйым салыныпты. Мырзекең: «Уақытында елден кетіп үлгердің» деп, жанымызда ойнап домалап жүрген кішкентай қыздарыма қарап қуанғанын жасырмады…
Ертеңгі күні Әлиде қонақ болдық. Жағдайды ашық айттым. Саяси астары бар екенін түсіндірдік. Докторлық диссерта-ция қорғауы жақсы өтті, ресми оппоненттері – танымал ғалымдар. Пікір көп. Бәрі оң баға берген. Алайда Жоғары аттестациялық комиссияда бұл жұмыстың бекуі екіталай. Әли – ашық сөйлескенді жақсы көретін мінезі тік адам. Көп сөзге келмеді: «Жарайды, қазақтар, осы сенбі күні кешке Мәскеудің ең мықты ресторанында кездесейік. Ерден, сен міндетті түрде сол жерге Мырзатайды алып кел» – деді.
– Әли-ау, рестораны несі? Ондай ақша бізде жоқ, бар болса да оны далаға шашқан дұрыс емес, – деп айта бастап едім, Әли өзінің достармен қаталдау «сен» деп сөйлесетін әдетімен мені кенет тоқтатты:
– Сенен ақшаны кім сұрап отыр? Онда шаруаң болмасын. Айттым ғой, болды. Басты қатырмай келесің. Мырзатайды ұмытпа…
Уағдаласқан уақыт та жетті. Астананың ең қымбат, ең көрікті мейрамханасына Мырзекең екеуміз кіргенде, ресторанның әкімші қызметкерлері бізді вип-залына қарай жетектей жөнелді… Арнайы бөлмеге өтсек үлкен дастарқан жайылған екен. Қонақтары үстел басында. Әли жымиып бізге қарап тұр. Әдейі басқаларды сәл ертерек шақырғаны белгілі болды.
– Ей, қазақтар, сендердің кешікпей жүретін күндерің бола ма өзі? Ұят емес пе, бүкіл Жоғарғы аттестациялық комиссия Төралқасы сіздерді бір сағат күтіп отыр ғой!
Енді ғана аңғардық. Үстел басында шынында да, 10-15 адам – бәрі КСРО Үкіметі жанындағы Жоғарғы аттестациялық комиссия Президиумы мүшелері екен! Ол кезде Жоғарғы аттестациялық комиссия мүшелеріне жақындаудың өзі еш ақылға сыймайтын шаруа еді. Дастарқан басында әлемге танымал академик Б.Серебренников, А.Щербак, Н.Баскаков, Э.Тенишев сынды абыз ғалымдар.
Әли Чеченов орнынан тұрды:
– Достарым, Жоғарғы аттестациялық комиссияның жоғары мәртебелі мүшелері! Біріншіден, менің өтінішімді қабылдап келгендеріңіз үшін, сіздерге алғыс айтамын. Рұқсат болса, мен кавказша ашық төтесінен айтайын. Менің сіздерді арнайы шақырған мәселем біреу-ақ – ол қазақ мәселесі, қазақ халқы, қазақ ұлты туралы әңгіме.
Қазақ елі – ондаған өзге ұлттарды өлімнен құтқарған халық. Мысалы, мына менің қарашай-балқар елімді ажалдан құтқарған қазақтар мен қырғыздар. Ашаршылық заманда, өздері үйлерінде аш-жалаңаш отырған кезде туған балаларының тамағын, бар жиған қорегін, құрт-нандарын аузынан жырып бізге берген, бізбен бөліскен.
Ал қазір, былтырғы қанды оқиғалардан кейін біз тұтас бір елді «ұлтшыл» деп кінәладық. Басымды кесіп алса да, мен, Әли Ахматұлы Чеченов, мұнымен ешқашан келіспеймін. Бұл – бір.
Екінші мәселе. Мынау Ерденнің қасында отырған қазақты кім таниды? Бұл, қалай айтайын, мен білетін қазақтардың ішінде, қазақ филологтардың арасында – ең жоғары мәдениеттісі, қой ауызынан шөп алмайтын, ешкімнің ала жібін аттап көрмеген, адал, өте таза, нағыз ғалым, баладай аңғал, ақынжанды, елінде абыройлы, еңбекқор, дарынды зерттеуші түрколог Мырзатай Серғалиев. Мырзекең де мен сияқты қазақ халқын ұлтшыл деп қаралағанға ашық қарсылығын жасырмаған жан. Бірақ оның және мына менің арамызда айырмашылық бар. Ол қандай айырмашылық деп сұрасаңыздар, айтайын: ол Алматыда отыр, мен Мәскеуде өмір сүремін. Маған, ең болмағанда, осы пікірім үшін не істеуі мүмкін? Ешкім ештеңе істей алмайды. Бірақ Қазақстанда жағдай басқа. Менің естуімше, жұмыстан шығару, партиядан қуу – ең жеңілі… Басқасын айтпай-ақ қояйын… Сіздер, мен сіздерді қатты сыйлайтын ағаларымсыздар, жастарың үлкен болса да, сіздер менің достарымсыздар. Ар жағын жақсы түсінетін…
Енді қайтадан осы Мырзатай Серғалиевке келейін. Осындай кіршіксіз таза адамға бүгінгі күні кәдімгідей науқанды, жоспарлы түрде жан-жақты қудалау ұйымдастырылуда. 20-30 жылдық еңбегінің өмірлік нәтижесі іспетті докторлық диссертациясын бір құлаттық. Оның себебі-нің ғылымға қатысы жоқтығын сіздер менен жақсы білесіздер. Ғалымға жасал-ған қиянат – ғылымға жасалған қиянат. Естеріңізде болсын, Мырзатай Серғалиев Қазақстанда жай қатардағы бір ғалым емес. Соғыста туды, байрақты көтеретін, жоғары ұстайтын ерекше жандар болады. Міне, мен де Мырзатайды қазақ тілінің, туған тілдің ту ұстаушысы деп атар едім. Ол бүгінгі қазақ тіл білімінің ары мен ұяты керек болса! Қазір екінші рет жаңадан қорғап, докторлық диссертация жұмысын сіздерге қайтадан табыстап отыр. Баса назарларыңызды аударғым келетін мәселе біреу-ақ. Мен сіздерге бұл жолы жоғары оң бағаңызды беріңіз деп айтып отырған жоқпын. Мұндай өтініштен мені Құдай сақтасын. Менің қолқам басқа – әділ болуларыңыз-ды сұраймын. Тура биде туған жоқ – тек ғылыми тұрғыдан бағалап, басқа бөтен көлденең сөздерге ермей, оларға көңіл бөлмей, берілмей, ақиқатқа жүгінулеріңізді өтінемін.
Әли орнына отырды. Отырыс жым-жырт. Біздің зәреміз жоқ, қатты ыңғайсызданып отырмыз.
Бірінші Кеңес түркітанушылар одағының төрағасы Әтхам Рахимұлы Тенишев қысқа қайырды: «Мен өз басым Мырзатайды бұрыннан білемін. Ол – баяғыда доктор болуға лайық жан. Әли Ахматұлы сөзінің жаны бар» деді.
Ленинградтан келген ғұлама-ғалым Щербак Александр Михайлович: «Мен досым Әлиге толық қосыламын деді». Одан кейін кезек-кезек басқалар да біраз үн қата бастағанда Әли дастарқанды басқа ойын-күлкі, көңілді отыру жаққа қарай бұрып әкетті.
Бірер айлардан кейін Мырзекеңнің жұмысы Мәскеуде ойдағыдай бекітілді. Ағамыз одан кейін көп жылдар бойы Алматы мен Астанада кафедра меңгерушісі, декан, докторлық диссертация кеңестерінің төрағалығын атқарып, жемісті еңбек етті. Қазақ тіл білімінің үздік үлгілеріне айналған құнды ғылыми еңбектер жазды. Көптеген шәкірттер дайындады. Тұтас бір ғылыми мектеп қалыптастырды.
Ұлт басына қара бұлт үйірілген сын сағаттарда ұлтының жанынан табылып, қазақтың өрімдей жастарына араша түсе білген Мырзекең қашанда азаматтық қалпын биік ұстап, арына кір шалдырмай өтті.
Биыл көзі тірі болғанда ағамыз сексеннің сеңгіріне көтерілер еді… «Ғалымның хаты өлмейді» дегендей, Мырзекеңнің жарқын бейнесі, артына қалдырған том-том еңбектері көптеген шәкірттері мен ел жүрегінде мәңгі сақтала бермек.
Ерден Қажыбек,
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры