ҚОЛДАУ ТАПҚАН ҚАРІП
Ерден ҚАЖЫБЕК,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры:
Басты ұстаным – ыңғайлы қаріп жасау
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығына өзгеріс енгізді. Мемлекет басшысының басты ұстанымы демократиялық бағыт, яғни халықтың пікірін ескеру екенін айта кеткен жөн. Латын әліпбиіне көшу мәселесі көтерілген күннен бастап, жұртшылық тарапынан қызу талқыға түсті. Халық өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды.
Мемлекет басшысы латын әліпбиіне көшудегі негізгі мақсат – халық көңілінен шығатын, қиындық туғызбайтын жаңа әліпби жасау. Осы тұрғыдан келетін болсақ, латын әліпбиін жасаудағы өзгерістер халыққа ыңғайлы әліпби жасауды мақсат етеді. Өзге елдермен салыстырғанда, бізде әр жаңалық халыққа БАҚ, сауалнамалар арқылы талқыға ұсынылып, бұқараның пікірі жинақталады. Жиналған мәліметтен қорытынды шығарылады. Бұл – демократиялық дамудың жарқын көрінісі. Өткен жылы Елбасының латынға көшу туралы Жарлығы шыққан соң, Үкімет жанына латынға байланысты Ұлттық комиссия құрылды. Комиссия Ақорданың тапсырмасы бойынша, мектеп оқушылары, студенттер, ұстаздар, мемлекеттік қызметшілер және жалпы бұқараны қамтып сауалнамалар жасап, зерттеулер, мониторинг жүргізді. БАҚ құралдары бекітілген латын қарпімен мәтіндер жариялауды бастаған болатын. Бұған жауап ретінде халық та түрлі көзқарасын білдірді. Мұның барлығы жинақталып, қорытылып отырды. Нәтижесінде, дәйекшені алу жөнінде шешім шығарылып, өзгерістер енгізілді. Бұл демократиялық принцип ендігі келесі қолға алынатын кезең – қазақ тілінің грамматикасы мен емлесін қалыптастыруда да сақталмақ. Өңірлерде көшпелі отырыстар жасап, ақылдасу, әліпбиді жетілдіру жұмыстары жалғасын табады.
Оразгүл АСАНҒАЗЫ,
Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы директорының орынбасары:
Мақсат – латын әліпбиін үйрету
– Елбасының Жарлығымен тәуелсіз Қазақстанның өз төл әліпбиі бекіді. Ендігі мақсатымыз – латын әліпбиін қолдануды үйрену. Қазақстан халқының барлығы латын әліпбиіне өтуді қолдады. Екіншіден, көптеген азаматтан латын әліпбиіне қатысты көп нұсқа келіп түсті. Оның өзі халықтың қолдап отырғанын аңғартады. Халықтың айтқан ұсыныстары, пікірлері ескеріліп, соның негізінде ең ыңғайлы нұсқа дайындады. Қазақ тіліне негізделген латын әліпбиін жасау үшін Елбасының Жарлығымен Премьер-министр бастаған 4 комиссия тұрақты жұмыс істеп жатыр.
Бекітілген латын әліпбиін оқыту кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Ең әуелі, ересектерді оқыту мәселесі – басты назарда. Осы орайда, емле бекітіліп, оқулықтар дайындалады. Білім және ғылым министрлігі ұстаздар қауымын даярлайды. Арнайы шақыртумен ұжымдарда ересектерді оқыту жұмыстары басталмақ. Әліпбиді енгізу, қазақ тілінің емлесін жасау мәселесі бойынша отырыстар өткізіледі.
Ержан САЛТЫБАЕВ,
Тұңғыш Президент – Елбасы Қоры жанындағы ӘЭСИ директоры:
Қазақ тілі үшін тиімді шешім
– Президент бекіткен латын графикасындағы қазақ әліпбиі – мамандардың ұзақмерзімді жұмыстарының нәтижесі және бұл әліпби осы уақытқа дейін айтылған сарапшылар пікірінің жан-жақты қолдауымен шығады.
Бекітілген әліпби нұсқасы – алға жасалған қадам іспетті, себебі, жалпы алғанда бұл қазақ тілінің дыбыстық ерекшелігін айқындайтын әліпбидің фонетикалық нұсқасына көшуді білдіреді.
Әліпбиде әлемдік тәжірибеде мойындалған екі диграф бар – sh мен ch, сәйкесінше «ш» мен «ч» әріптерін бейнелеуге арналған.
Қазақ тілінің барлық дауысты дыбыстары жеке белгі ретінде көрсетілген. Атап өту керек, қазақ тілінің вокализмі өте бай. Ең алдымен, дәл осы факт диграфтарды қолдануды (алғашқы ұсынылған нұсқа) шектеді. Жаңа әліпбиде бұл мәселе түбегейлі шешілген.
Қазіргі уақытта көптеген заңды сыни пікірлердің тууына себепкер болған «диграфтық» және «апострофтық» нұсқалардан гөрі, қазақ тілінің дыбыстық ретін толық ашып көрсете алатын әліпби жасалды деп айтуға болады.
Енді жаңа әліпби қоғамның түрлі топтарымен бірауыздан қабылданып, күнделікті өмірге бір деммен енеді деген шынайы үміт бар.
Нұрлан СЕЙДІН,
«Ғылым ордасы» бас директорының орынбасары:
Қызу талқыланған тақырып
– Әліпби – қоғамның, мемлекеттің, халықтың қан тамыры секілді дүние. Оны дұрыс қабылдап, дұрыс пайдалану маңызды. Осы бір қиын процесті оң ықпалмен жүзеге асырып жатырмыз. Елбасымыздың бастамасымен латын әліпбиіне көшу процесі басталып, бірнеше нұсқа ұсынылған болатын. Латын әліпбиінің қай нұсқасын таңдаймыз деген мәселе осы күнге дейін талқыланып келді.
Мамандар мен халық тарапынан бірқатар ұсыныстар жасалды. Қоғамдағы ең көп, қызу талқыланған тақырыпқа айналды. Бұл – әрине, біздің маңызды мәселеге бей-жай қарамайтынымызды аңғартады. Осы уақыт ішінде ғалымдарымыз, Үкімет жаңа әліпби нұсқасын қабылдауға қатысты қажырлы жұмыс істеді. Сонымен қатар филологтар, лингвистер, басқа да тіл мамандары апостроф пен диграфтардың тіл заңдылықтарына әсер етуіне қатысты түрлі пікірін айтқан еді. Менің ойымша, біраз уақыт талқылана келе қабылданып отырған бұл нұсқа – қоғамның басым бөлігіне оң әсерін тигізіп, қазақ тілінің ары қарай дамуына, заман талабына сай ақпараттық технологияларға бейімделуіне мүмкіндік беретін алфавит деп ойлаймын. Осы нұсқада тілдің барлық мүмкіндіктерін шектемей, дыбысталуы мен жазылуы тұрғысынан оның аясын кеңейте түсетін факторлар ескерілген.
Өз басым әліпбиге қарап жазып та көрдім, өте ыңғайлы. Қолданысқа қолайлы. Біз әбден кирилл қарпіне үйреніп кеткенбіз, сондықтан бұған қатысты әртүрлі пікір айтыла береді. Мемлекеттік тіл мерейінің үстем болуына, мәртебесінің биіктеуіне, тіліміздің заман талабына сай бейімделуіне, цифрлы форматпен үндесе қолданылуына, ақпараттық кеңістікте кеңінен таралуына осы әліпби үлкен мүмкіндіктер сыйлауы тиіс.