Профессор Нұргелді Уәли – қазақ грамматологиясының негізін қалаушы

Құралай Күдеринова
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының
бас 
ғылыми қызметкері, ф.ғ.д., профессор

Жазудың тұңғыш рет қазақ тіл білімінің зерттеу нысанына айналып, қазақ орфографиясының теориялық негіздері қалануы белгілі ғалым Н.Уәлидің есімімен тікелей байланысты екенін бірі білсе, бірі білмейді. Қазақ емлесінің қалыптану кезеңіндегі (ХХғ. 70-жылдарының аяғынан бермен қарай) оң өзгерістер мен кодификацияланған орфограммалардың теориялық негізін саралауға қатысты бастамалар да Н.Уәлидің ұстанымдары мен пайымдауларынан шығатынын көбі білмейтіндіктен, бұл қысқа жазбамызды ұстазымыздың осы саладағы ерен еңбегіне арнадық. Олай болса, қазақ жазуының нормасын анықтаудағы ғалымның сіңірген еңбегіне “тұңғыш”, “бірінші болып” деген анықтамалардың айтылып отыру реті бар деп ойлаймыз.

Ең алдымен, Н.Уәли қазақ жазуының фонологиялық негіздерін іздеуде ауызша тілдің (сөздің) жазуға, жазудан (жазба сөзден) ауызша тілге айналған тілдің дыбыс құрамы санадағы өзгермейтін дыбыс типі – фонемалардың – елегінен өтетінін айқындады. Жазу мен ауызша тіл санадағы абстракті бірлік – фонема арқылы байланысатынын айтты. Сөйтіп, алғаш рет ғылыми негізде қазақ жазуында таңбалануға тиісті фонемалар парадигмасын шығарды. Фонологиялық елек, дыбыс құндағы деген терминдерді негіздеп, ғылыми айналымға түсірді.

Ауызша тіл мен жазудың айырмашылығын көрсету үшін, фонема мен оның таңбаланатын, таңбаланбайтын дыбыс қорын көрсету үшін алғаш рет қазақ тіліндегі инвариант, вариант, вариация теориясын, дыбыс позициясын, позиция түрлерін анықтады. Сөйтіп, қазақ орфографиясының негізгі ұстанымы фонематикалық принцип екенін айтты. Бұл принцип қазақ емлесінде фонеманың дыбыстық қоршауға тәуелсіз, әлді позициядағы реңкі таңбаланады дегенге сайды. Ғалым еңбегінде жазба тілдің ең кіші бірлігі болатын графема – санадағы инвариант, ал әріп оның реализациясы болып табылды. Ауызша тіл мен жазу арасы дыбыс-фонема-графема-әріп қатынасында сараланып, қазақ әліпбиіндегі әріптердің фонема-дыбыс қоры түгенделді. Қазіргі кирил әліпбиіндегі әріптердің әріп-фонема-дыбыс қатынасы тұңғыш рет көрсетілді Автордың бұл бағыттағы пайымдаулары қазақ фонологиясы мен графемикасының, қазақ грамматологиясының басталуы мен дамуына негіз болды.

Қазіргі әліпбидегі екі әріптің дыбыстық репрезентациясы жоқ, әрі кірме сөздерде кездесетін таңбалар (ь, ъ), төртеуі кірме сөздерде ғана қолданылатын әріптер (в, э, ц, ч), алтауы қосар дыбыстардың таңбасы (я, ю, е, у, и, щ), сегізі нақты төл сөздерде ғана кездесетін әріптер (ә, ғ, ө, ұ, ү, і, ң, қ), екеуі қазақ тіліне сырттай танылған әріптер (х, һ) деп анықтады.

Ал дауыссыз дыбыс таңбалары ішінде р, л әріптерінің қосар дыбысты таңбалайтыны анықталды:

 

[л] [қал] [кел]

[ыл] [ылақ]

‹л›                        [іл] [ілек]

[үл] [үлүпүлдеу]

[ұл] [ұлоқұлдау]

 

[р] [қар], [кер]

[ыр] [ырас]

‹р›               [ір] [ірет]

[ұр] [ұрұу]

[үр] [үрөл].

<е> фонемасының екі реңкі айқындалды.

Н.Уәли, сондай-ақ, <қ>, <х>, <ћ> дыбыстарының фонемалық статусы алғаш рет анықтады дей аламыз.

Және қазақ тіл білімінің тарихында бірінші рет 5 инвариант фонемаға негізделген А.Байтұрсынұлы әліпбиінің сингармонегізін көрсетті.

Ғалым проф. Ә.Жүнісбектің сингармоәліпбиіндегі әріптердің инвариант-вариант қатынасын айқындай келе, фонемографиялық жазу түрінің екі түрі – акцентті фонологиялық және сингарможазу болатынын айқындады. Сингарможазуды тарихқа белгілі екі әуезді (А.Байтұрсынұлы әліпбиі) және төрт әуезді (Ә.Жүнісбек әліпбиі) жазуға жіктеді.

Қазақ тілі орфографиялық сөздігінің 1988ж. басылымына дейін қазақ әліпбиіндегі әріптер орыс алфавитіндегі әріп атауымен бірдей бэ, вэ, гэ, қа т.б. болып дыбысталатын еді. Ғалым қазақ жазуындағы әріп аттарының негізгі реңкі ретінде дауыссыздардың тоғыз түрленімінің ішіндегі неғұрлым тәуелсіз реңк – жуан езулік дауыстымен селбескен вариантын алды. Сөйтіп, Н.Уәлидің зерттеулері негізінде әліпбидегі әріптер к [кі],  г [гі], й [ій] түрінде, м [мы], н [ны], ң [ың], л [ыл], р [ыр] түрінде, қалған әріптер б [бы] түрінде дыбысталатын болды.

Н.Уәли, сондай-ақ, бірінші болып, қазақ жазуының морфонологиялық сипатын көрсетті.

Автордың диссертациялық зерттеуінде, сонымен қатар, қазіргі қазақ орфографиясындағы қиындықтар екшеліп, емле сөздігіндегі  қ/ғ, к/г, п/б, н/ң, н/м әріптерінің гиперфонеманы таңбалайтын орфограммасы (қақпас//қақбас, жанбас//жамбас, апыл-ғұпыл//апыл-құпыл, т.б.) негізделді. Сондай-ақ а-ә әріптерінің емлесін аффиксация тәсілі арқылы (күнә+ға, кінә+дан), ы-і емлесін буын жігі арқылы тексеріп (а-қы-рет) кодификациялауды ұсынды. Ғалым дыбыстық құбылыстардың, мысалы, метатезаның жазудағы көрінісін морфологиялық негізден шығаруға болатынын, гемитата дыбыстарды мағына дифференциациясы және көнелік реңк үстеу үшін, экспрессиялық реңк үстеу үшін таңбалауға болатынын айтады.

Н.Уәли – шағатай жазуы атанып, жазу тарихында орны айқындалмай жүрген орта түркі жазба тілін қазақ тілінің жазба, кітаби коммуникациясына қызмет еткен маңызы бар жазу түрі деп, ескі қазақ жазба тілі деп аталу керек деген ғалым.

Н.Уәлидің қазақ орфографиясына әкелген енді бір жаңалығы – бірге жазылатын сөздердің теориялық негіздерін іздеу әдістері еді. 1987ж. “Қазақ орфографиясындағы қиындықтар” кітабы шыққанға дейін бізде біріккен сөздердің грамматикалық белгілері ғана сөз болып келетін-ді, яғни біріккен сөздің бір сұраққа жауап беріп, бір сөз табы болуы, сөйлемнің бір мүшесі болуы, кейбірінің дыбыстық кірігуі, терминдік мәнде жұмсалуы, бір зат не ұғым атауы болуы деген сияқты. Алайда бұл белгілерге бөлек жазылатын күрделі сөздер де, қос сөздер де, тіркесті сөздер де (ғалымдар үйі, ғылым академиясы) жауап береді. Сондықтан автор біріккен сөздің басты, шешуші белгісін оның сыңарларының құрылымдық арақатынасынан іздеуді ұсынды. Біріккен сөз идиомалығы жағынан фразеологизмдерге жақын болатындықтан фразеологиядағы коннотат-денотат теориясын біріккен сөз сыңарларын анықтауға қолданды. Сөйтіп, қазақ тіл білімінде, сондай-ақ жалпы тіл білімінде тұңғыш рет бірге жазудың белгісі сыңарларының экстралингвистикалық мәнділікті тура атау, жанама атау қатынасынан шығарылды. Ал ғалымның соңғы зерттеулерінде бірге жазудың  белгілері одан ары сараланып, бірге таңбалаудың енді бір белгісі ретінде екпін қызметі алынды.

1988 жылы жарық көрген «Қазақ тілі орфографиялық сөздігі» жаңа тұрпатты, жетілген, түзетілген, орфограммаларды беру жүйесі мен кодификацияланған нормасы бар басылым болғаны белгілі. Реестр сөздердің әдеби вариантын айқындауда, грамматикалық формалардың жүйеленуінде, қазақ жазуындағы проблемаларды ғылыми негізде шешуде бүгінгі күні де Н.Уәлидің бастамалары мен ұстанымдары өміршеңдігін танытып келеді.

Сөйтіп, қорыта айтқанда, қазақ жазуының өз алдына жүйесі мен нормасы, нысаны, бірлігі мен категориясы бар екенін алғаш пайымдаған, диссертациялық зерттеу жүргізіп, қорғаған профессор Н.Уәли екенін білсек дейміз.

Жаңа қазақ жазуына көшіп жатқан тұста жазу реформасының ғылыми негіздерін, тұғырын, қағидаттарын тереңнен түсіну үшін ғалымның бұл салада жазған еңбектерімен таныс болсақ дейміз: «Қазақ графикасы мен орфографиясының фонологиялық негiздерi» атты кандидаттық диссертациясы (1993), «Қазақ орфографиясындағы қиындықтар» (1988, А.Алдашевамен бірге), «А.Байтұрсынұлы және қазақ жазуының онтогенездік дамуы» (Ұлттық рухтың ұлы тіні. Алматы: Ғылым, 1999.жинағында) «Біріккен сөз туралы» // ҚР ҒА-ның хабарлары 2005. №5-6 және тағы басқа.

http://kazgazeta.kz/news/111566

0 Shares

You may also like...