Жаңа әліпби жобасы қазақ тіліндегі сөздердің барлығын жазуға мүмкіндік береді – Құралай Күдеринова

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 28 қаңтар күні Үкімет латын графикасындағы жетілдірілген қазақ әліпбиінің жобасын таныстырды. Бұл өз кезегінде біраздан бері ғылыми зерттеумен, талқылаумен қамтылған ауқымды жұмыстың нәтижесі екені түсінікті. Халықтың пікірін ескере отырып, сала мамандары тыңғылықты зерттеу жүргізді. Осы орайда А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.д, профессор Құралай Күдеринова жаңа әліпбидегі жаңашылдықтарды егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

«Жаңа әліпби А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдарының жасауымен және Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық жұмыс тобы мүшелерінің сараптауымен, сондай-ақ еліміздің оқытушы-профессорлық құрамының талқылауымен жан-жақты екшелген, таразыға салынған, жазу тәжірибесінде сыналған деп айтуымызға болады. Әліпбидегі әріптер тіліміздегі барлық дыбыстарды таңбалап, тілімізге енген кірме терминдерді де қамти алады. Яғни бұл әліпбимен қазіргі қазақ тілінде қолданылып жүрген сөздердің барлығын жаза аламыз», – деп түсіндірді профессор. Ғалымның айтуынша, бұл әліпбиде жасанды әріптер де бар. Бірақ аяқ астынан ойлап табылған жасанды әріптер емес, әлемдік жазу тәжірибесінде қолданылатын «жасалынды» таңбалар. Ол әріптер «уәжсіз» де емес, мысалы, бұл әріптерді көргенде латынды танитын, ағылшынды білетін оқырман немесе жазарман қай дыбысты таңбалап тұрғанын болжай алады.

«Мысалы, латын әліпбиіндегі «А» дыбысы мен әрпін білетін адам әріптің төбесіндегі екі нүктесі бар (умляут) таңбаны «А» дыбысының жіңішке түрі (Ә) екенін, ал «О» дыбысын білетіндер төбесіндегі умляут арқылы оның жіңішке түрі (Ө) екенін анық түсіне алады. Яғни әріптердің уәжі көрініп тұр, латын-ағылшын әліпбиінің базасынан шығарылған және әріптің мазмұны соған ұқсас болғандықтан, ассоциацияланып, негізі көрініп тұратын әріптер болып саналады. «Ғ» әрпін қарасаңыздар да, бревис (ğ) айшық таңбасымен г дыбысынан айрықшаланып тұрады. Сол сияқты «Ш» әрпінің төменгі жағындағы (ş) седиль таңбасы ызың Ш дауыссызын анық аңғартады. Сондықтан барлығы бірінен-бірі шығарылған базалық әріптерден ұқсату арқылы тауып алуға болатын әріптер. Жаңа әліпбидегі әріптер аса бір шатастыруды болдырмайды», – деді Құралай Бимолдақызы.

Осы орайда ғалым қазақ тіліндегі еріндік дауыстылар бірінен-бірі шығарылған таңбалардан тұратынын атап өтті. Мысалы, латынның базалық әліпбиіндегі «У» әрпі «U» таңбасымен беріледі. Умляут диакритикасы жіңішке дауыстыларды белгілейтінін ескерсек, қазақ тіліндегі «Ү» дыбысын (ü) береді. Ал егер оның үстіне сызықша қойылса (макрон), жуан дауысты «Ұ» дыбысын білдіреді. Бұл тұрғыда қазір белінде сызықшасы бар «Ұ» әрпі жаңа латын әліпбиінде таңбаның төбесіне қойылып отыр. «Қазір «умляут пен макрон алдағы уақытта бір таңба болып кетпей ме» деген уәж айтылып жатыр. Қазірдің өзінде қолмен жазатындар аз кездеседі. Жазба материалдар компьютермен теріледі немесе смартфон арқылы таралып отыр. Осы орайда умляут пен макрон таңбасы анық көрініп тұрады. Қолмен жазу барысында умляут ( ̈ ) макрон ( ˉ ) болып кетуі мүмкін, яғни екі нүкте бір-бірімен қосылып кетуі ықтимал. Бірақ қосылып кетсе де, бұл асығыстықтан болатыны белгілі», – деп түсіндірді Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері.

Префессор бұған дейін «Ш» дыбысының таңбасы SH-тің тіркесі арқылы берілгенін, бұл жазуда біраз қиындықтар тудыратыны белгілі болғанын атап өтті. Енді седиль диакритикасы арқылы «Ş» таңбасымен беру біршама жеңілдік әкеледі. «Әліпбиде ұлттық дыбыстардан басқа «Ф», «В» әріптері бар. «Ф» әрпі бізге кирилмен кірген жоқ, ХІХ ғасырда арабтан кірген сөздерді жазған кезде қолданылған еді. Яғни бұл ерте кездегі кірме әріптер. Сондықтан бұл әріптің кіруінің дәстүрлі әрі тарихи сипаты бар. Бұл әріптерді жазғанда тілімізге зияны тимейтін болғандықтан, жаңа әліпбиде қалдырып отырмыз», – деді Құралай Бимолдақызы.

Айта кетейік, осы аптада ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия отырысын өткізді.

Әліпбиде халықаралық тәжірибеде қолданыста бар умляут ( ̈ ), макрон ( ˉ ), седиль ( ̧), бревис ( ̌ ) диакритикалық таңбалары қолданылған. Әліпби қазақ тілінің жазу дәстүрінде орныққан «бір дыбыс – бір әріп» принципіне толық сәйкес келеді. Жаңа әліпбиге кезең-кезеңімен көшу 2023 жылдан бастап 2031 жыл аралығында жоспарланып отыр.

Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/zhana-alipbi-zhobasy-kazak-tilindegi-sozderdin-barlygyn-zhazuga-mumkindik-beredi-kuralay-kuderinova_a3747034?fbclid=IwAR1_bHCq03s3-6Fi0Aqd6_yAUgB5jJCxBp3Qev0-jKNNJZI4JywY-0z9l2M

0 Shares

You may also like...