Латын әліпбиін латын тілімен шатастыратындар бар – профессор

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия отырысы өтті. 2023 жылдан бастап Қазақстан латын әліпбиіне көшеді. Латын әліпбиінің маңызы жайлы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының тіл тарихы бөлімінің меңгерушісі Айнұр Аташбекқызының пікірін сұрап білдік.

– Жаңа әліпби туралы ойыңызды айтсаңыз, қоғам үшін бұл қаншалықты маңызды?

Бұл реформаның мәнісін терең ұғыну керек. Себебі қоғамда латын әліпбиі дегенді латын тілімен шатастыратындар да жиі кездеседі. Тіпті «Латынға көшудің пайдасынан гөрі, зияны көп» деген сияқты пікірлер де әлеуметтік желіде ара-тұра көрініс тауып жатады. Сондықтан жаңа жазудың маңыздылығын түсіндіре кеткен жөн.

Жаңа әліпбидің басты артықшылығы: өздеріңізге белгілі Кеңес Одағының өктем саясаты кирил графикасы қазақ әліпбиіне енгізген басы артық ё, ц, ч, щ, ь, ъ, э, ю, я таңбаларынан арыламыз. Себебі бұл әріптер қазақ тілінің ұлттық бет-бейнесін көрсетпейді. Қазіргі қоғам осы әріптермен аты-жөндерін жазып та, айтып та жүр. Мәселен, құжаттарымызды Сабитова Нургуль Маратовна деп рәсімдейтініміз жасырын емес. Сол сияқты жер-су, көше атаулары да орыс тілінің жазу ережесімен жазылып жүр: Жансугуров, тіпті орыс тілінің атауымен жазылып жүрген көше атаулары да аз емес: Речная, Виноградова, Сосновая. Осы сияқты кирил графикасының кемшіліктері жеткілікті. Екінші бір артықшылығы: сөздік қорымызға еуропа тілінен ағылып еніп жатқан сөздерді өз тілімізге игеріп жазатын боламыз. Себебі тілімізге еніп жатқан кірме сөздерді де орыс тілінің жазу ережесімен жазып жүрміз. Мысалы, компания, сленг, альбом.

Жаңа жазудың келесі педагогикалық артықшылығын атап өткен жөн. Бірінші сыныптың оқушылары кирил графикасындағы 42 әріпті емес, 31 әріпті үйренеді. Өйткені кирил әліпбиінде әріп саны дыбыс санынан асып түскен. Жаңа әліпбиде бұл кемшілік ескерілген. Профессор Н. Уәлидің айтуынша, ё, ц, ч, щ, ь, ъ, э, ю, я әріптерінің дыбыстық уәжі болмағандықтан, жаттап алуына тура келді. Енді жаңа жазуды меңгерген оқушылар қазақ сөздерін кирил графикасындағы басы артық әріптермен жазып жатпайды. Бұл жазудағы тәуелсіздігіміздің көрінісі деп есептеймін.

Жалпы жаңа әліпбиге көшудің қажеттілігі мен маңыздылығын тәуелсіздік жылдары ҚР ҰҒА академигі, белгілі түркітанушы ғалым Әбдуали Қайдаров көтергенін ұмытпағанымыз жөн. Ғалымның сол көтерген мәселесі бүгінгі таңда іске асырылуда. Енді осы жаңа жазу арқылы өркениеттің өміршең көшіне ілесуіміз қажет.

– Жетілдірілген әліпбидің қандай артықшылығы бар?

Жетілдірілген әліпбидің құрамына умлаут (әріпүсті қос нүкте), макрон (әріпүсті сызық), бревис (әріпасты айшық), седиль (әріпасты ілмек) деп аталатын дикритикалық белгілері бар әріптер таңдалды. Таңбаларға қойылған дикритикалық белгілердің қандай артықшылығы бар десек? Бұл белгілер, біріншіден, дауысты және дауыссыз төл дыбыстардың ара-жігін ажыратып тұрады; екіншіден, әліпбидегі ä, ö, ü, ğ, ş, q, ŋ графемалары түркітілдес латын графикасы негізіндегі ұлттық әліпбилерінің графемалық жүйесіне сәйкес келеді; үшіншіден, диакритикалардың әріпүсті және әріпасты аралас келуі жазудың көркемдігін арттырады әрі олардың ұқсас болмауы оқылымға оң әсерін тигізеді.

– Жаңа емле ережелерінің бұрынғы ережелерден басты айырмашылығы қандай?

Ең алғашқы емле 1957 жылы, одан кейін 1983 жылы қабылданып, бекітілді. Бұл ереженің негізінде әзірленген орфографиялық сөздік бірнеше рет толықтырылып жарыққа шықты. Өзгерістер мен толықтырулардың болу себептері бар. Қандай да тіл болмасын, бір қалыпта тұрмайды, тіл ақпараттық кеңістікте өмір сүреді, үнемі дамып, қалыптасып, жетіліп отырады немесе қолданыстан шығып жатады. Ал сонау 1983 жылдан бері, тіпті тәуелсіздік алған жылдардан бері де сөздік қорымыздың лексикалық құрамы экстралингвистикалық және интралингвистикалық тұрғыдан көптеген өзгерістерге түсті. Осыған орай оның жазуын нормаландыруда да өзгерістер мен шешілмеген мәселелер болып тұруы – заңды құбылыс. Ал енді жаңа емленің бұрынғы емледен басты айырмашылығы кірме сөздердің жазылуына қатысты болады. Емле ережелеріндегі өзгерістер мен жаңалықтардың ғылыми түсіндірмелері анықтағышта көрініс табады.

– Латын әліпбиін меңгеруде қандай қиындықтар кездесуі мүмкін?

Әрине, кез келген жаңа жазу алғашқы кезде әбден дағдыланғанша, жеке тұлғаның психологиясына әсер етеді. Осы ретте жаңа әліпбиді үйренуші қоғамды жас ерекшелігіне қарай балабақшадағы балалар, мектеп жасындағы оқушылар, ересектер деп бөлуге болады. Бұл жаңа жазу ағылшын тілін үйреніп жүрген жастарға қиындық тудырмайтыны белгілі. Өйткені латын графикасымен жазылған техника атаулары жете түсінетін жастар оңай қабылдайды. Ал жасы 50-ден асқан ересектер үшін аздап қиындық тудыруы мүмкін. Содан кейін өзге ұлт өкілдеріне де алғашқы кезде қиындық келтіруі мүмкін. Бұл қиындықтар уақытша, үйренгенше болады. Осы конингенттерді оқыту үшін арнайы курстан өткен, оқытудың әдістерін терең меңгерген тренерлер дайындалады. Осы реформаға қатысты қаншама дайындықтар, сынымалар жүргізілді, ендігі шаралар да рет-ретімен, кезең-кезеңімен жүзеге асырылады деп ойлаймын. Жалпы қазақ қоғамы жаңа әліпбиді қабылдауға дайын.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Раушан Арманқызы
0 Shares

You may also like...