Терминге терминшінің бар таласы, Шүленбаев Н.Қ.

Ағымдағы жылдың 1-18 сәуірі аралығында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт Министрлігі Тіл саясаты Комитетінің тапсырмасымен «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми практикалық орталығы жариялаған «Қазақы терминдерді халық жасайды» атты республикалық конкурс онлайн түрде болып өтті.
Байқау үш кезеңнен тұрды. Конкурста Серік Ерғали бірінші, мен екінші, Ақылбек Шаяхмет үшінші орынды иелендік. Енді осы үш жүлдегер ұсынған терминдер және конкурс барысы туралы ғана бірер сөз еткім келеді.
Бірінші кезеңде байқауға қатысқан кез келген қатысушы «termincom.kz» сайтына қаперінде жүрген кірме сөздерді қазақша термин-нұсқаларымен қоса ұсынды. Ерғалы Серік коллекционер-жыйдашы, коллекция-жыйда, набор-жыйма, конкурс-екшем, конкурсант-екшемгер, покупка-сатық, рассрочка-созып төлеу, волонтёр-қайырпаз, медицинская маска-тұмша, публичная оферта-жария оферта терминдерін жолдапты. Ал Ақылбек Шаяхмет мырза шахмат-ханқамау (Ғабит Мүсірепов баламасы), лидер-топжарған, душ-сусебер, линза-көзәйнек, пулемет-оқсебер, очки-көзілдірік, коньки-сырғытпа, клюшка-доптаяқ, штамп-істаңба, снаряд-топ сынды терминдер жіберіпті.

Мен өз тарапымнан мына терминдерді ұсындым: класс (пед.,тар., тех.)-жікше (жіктеме), проблема-түйткіл, проблемный вопрос-түйткіл мәселе, мотивация-түрткіжай, специфика-төлсипат, прессинг-тықсырыс (тықсырым), база-орынжай, гантель-батпантас, ядро-зілшар, экскурсия-топсеруен, бомбардир-сұрмерген, коньки-сырғы, клюшка-сырғытпатаяқ, палатка-шатыржай, фанат-әсірежанкүйер, каната-кермеарқан, гетры-сираққап.

Бірінші кезең қорытындысы бойынша ұпай санымен 2-орында тұрдым. Екінші кезеңде ұйымдастырушылар мынадай оншақты жеке, кірме терминдердің қазақша баламасын табуды ұсынды: бронь, чат, визитка, блогер, батерея, субсидия, банкрот, касса, брифинг, декларация.

Серік Ерғали бұл сөздерді «бронь-нығым, чат-бөспе, визитка-танық, блогер-блогер, батерея-қуатша, субсидия-демеупұл, банкрот-жұтан, касса-кәш, брифинг-брифиң, декларация-әйгі» ретінде тәржіме жасапты.
Ақылбек Шаяхмет тиісінше «бронь-алдын ала тапсырыс, чат-хабар алмасу, визитка-сипатнама, блогер-ғаламтор жазарманы, батерея-құрылым, субсидия-көмекқаржы, банкрот-жарамсыз деп тану, касса-ақшасандық, брифинг-топжиын, декларация-мәліметнама» деп аударыпты.

Мен бұл сөздерге мына нұсқаларды бердім: бронь1.-иеленім, бронь2.-брон, чат-ауызжазба, визитка-танысқы (есімхат), блогер-пікіргөй, батерея-қуатөзек (қуаткөз), субсидия-демқаржы, банкрот-ныспықалыс, банкротство-ныспықалу, касса1.-қаржыжай, касса2.-жиынқаржы, брифинг-лезжиын, декларация-жариятабыс. Екінші тур қорытындысы бойынша ұпай санымен 1-орынға шықтым.

Үшінші кезеңге үш терминші маман өтті. Бұл кезеңде екі шағын мәтін ішіндегі жиырма шақты терминнің қазақша нұсқасын табу тапсырылды. Олар мынадай сөздер: элемент, конструктор, серия, модуль, мотор, сервожетек, датчик, камера, сенсор, аккумулятор, авторлық блог, корректор, редактор, фотограф, дизайн, арсенал, спам, фишинг, интернет-маркетинг.

Соңғы турға Серік Ерғали кірме терминдеге мына нұсқаларды жіберген екен: элемент-егжей, конструктор-құрауыш, серия-дүркін, модуль-бөлімшек, мотор-жүргек, сервожетек-сервікелтіргі, датчик-бергек, камера-көргек, сенсор-сергек, аккумулятор-қуатжиғыш, авторлық блог-дербесблог, корректор-қатегер, редактор-мәтінгер, фотограф-фотогер, дизайн-бетажар, арсенал-жыйдақ, спам-спам, фишинг-фишиң, интернет-маркетинг-интернет-маркетиң.

Ақылбек Шаяхмет мына сөздерді таңдапды: элемент-жернысан, конструктор-құрастырушы, серия-қатар, модуль-мөлшернама, мотор-қозғалтқыш, сервожетек-құрылымжетек, датчик-өлшегіш, камера-жабық құрал, сенсор-сезгіш құрылым, аккумулятор-жинақтауыш, авторлық блог-басиелік ғаламтор бөлімі, корректор-қате түзетуші, редактор-түгендеуші, фотограф-фотосуретші, дизайн-жоба-жоспар, арсенал-сөзқойма, спам-пайдасыз ақпарат, фишинг-алдампаздық, интернет-маркетинг-ғаламтөр-болжам, автор-басие.

Мен өз тарапымнан келесі термин-нұсқалар жолдадым: элемент-затқұрақ, конструктор-құрылымдағыш, серия-топтама, модуль-мөдүл, мотор-күштем, сервожетек-ермежетек, датчик-алғысергі, камера-торқамақ, сенсор-сыртсезгі, аккумулятор-қуатқойма, авторлық блог-иелмендік блог, корректор-түзетуші, редактор-сарашы, фотограф-бейнегер, дизайн-әсемәр, арсенал-топхана, спам-қысасхат (зорымхат), фишинг-ақпартұтым, интернет-маркетинг-ғаламтор-саудасипат, автор-иелмен. Сөйтіп, үшінші тур қорытындысы бойынша ұпай санымен 2-орын иелендім.

Марапаттау рәсіміне министр орынбасары Н. Дәуішев, Ә.Бәйменов, С. Әбдірахманов, Қазыбек Иса, Ш. Құрманбайұлы, Ә. Қаба сынды мемлекет, білім-ғылым, мәдениет қайраткерлері қатысып отырды. Бірінші сөз алған Ә.Бәйменов: «Термин шығармашылығында жалпы халықтың пікірін тыңдау әлем тәжірибесінде бар. Мысалы, жуырда латыш елінде «платформа» деген сөзге қарапайым қызметкер керемет сөз тауыпты. Оны жалпы жұрт ұнатыпты. Латвия президенті оны өзі шақырып марапаттапды. Халыққа ұнаған терминді Терминком бекіту керек. Ондай термин тез сіңіп, қолданысқа ие болып кетеді. Сондықтан интернет арқылы хылықтың көп дауысын жинаған терминге артықшылық беру керек. Ал бізде, керісінше, кейде Терминком бекіткен сөзді халық қабылдамай жатады. Сол себепті келешекте термин бекіту ережелерін дұрыс жасауымыз керек» деді.

Қазыбек Иса: «Бұл дер кезінде ұйымдастырылған маңызды да қажетті шара болды. Мамандардың ұсынған терминдері әділ бағаланды, өйткені әрбір термин алаңда тіркеліп тұрды. Мен де оларға түрткі болсын деп біраз терминді жіберіп қойдым» деген ойын білдірді.

Белгілі терминолог-ғалым Шерубай Құрманбайұлы ұйымдастырушылар мен сарапшыларға, мамандарға алғыс білдіре отырып, терминнің принциптері, оған қойылатын талаптарды, ұсынылған терминдер сапасына, терминшілер нұсқаларын талқылау, оған баға беру тәртіптеріне тоқтала келіп, Серік Ерғалидың серия-дүркін, мотор-жүргек, арсенал-жыйдақ, конкурс-екшем терминдеріне, мен ұсынған брифинг-лезжиын, редактор-сарашы, дизайн-әсемәр, спам-қысасхат (зорымхат), автор-иелмен сөздеріне оң баға берді.
Жеңімпаз Серік Ерғали ағамыз сонау 90 жылдардан бері терминжасаммен айналысып келеді. Өз кезегінде сөз алған ол өзінің терминжасау әдіс-тәсілдерін ортаға салды. Терминжасау күрделі процесс екенін, терминде мағыналық, грамматикалық үйлесім болу қажеттігін, балама сөз жасамас бұрын сөз этимологиясына, түсіндірмесіне (дефинициясына) зор мән беретіндігін ескертіп өтті. Жеңімпаз көнерген сөздерімізді жаңғыртуға да ден қоюды ұсынды.

Расында, алғаш конкурс басталғанда көптеген сала мамандары, терминолог-ғалымдар «терминдерді дауысқа салып бекітуге болмайды, бұл конкурс әділ болмайды, дау-дамай болады» деген сөздерді айтты. Біріншіден, бұл конкурсқа сала мамандары мен бұрыннан терминжасаммен айналысып жүрген терминологтар өздерінің ойларында жүрген терминдерді ұсынып, оны «termincom.kz» сайтындағы алаңға жүктеді, оған мамандар, сарапшылар пікір білдірді. Екіншіден, термин нұсқалар бұқара жұртқа ашық, жария түрде алаңда тіркеліп тұрды. Үшіншіден, бұл жерде қарапайым жұрт ешқандай дауыс берген емес (оған мамандар пікір білдірді) және ұсынылған терминдер әлі бекітілген жоқ әрі бекітілуі үшін бірнеше кезеңдерден өтері белгілі. Төртіншіден, қай маман қандай термин ұсынса да, қандай пікір айтса да, ақырғы сөзді терминжасамның қыр-сырын жетік білетін сала мамандары мен тілшілерден құралған сарапшылар тобы қорытынды шығарып, соңғы нүктесін қойды.

Өз басым терминжасам барысында ерекше бір әлемге – сөз құдіреті атты әлемге енгендей болдым. Тіліміздің байлығына, оның сөзжасам мүмкіндігінің молдығына көз жеткіздім. Екі сөзді барынша қысқа да нұсқа біріктіре отырып, синтезделген, мағынасы түсінікті де кең, айтылуы, естілуі мен жазылуы ыңғайлы да көркем сөзнұсқа табуға тырысып бақтым. Өйткені терминге қойылатын талаптардың ең бастылары, бірі және бірегейі – қысқалық пен дәлдік саналады. Терминнің мейлінше түбір, туынды, біріккен сөзден болғаны абзал. Кезінде «өнімсіз жұрнақтар», «рең мәнді жұрнақтар» атап келген қосымшалардың сөзжасам әлеуеті молдығын түсіндім. Олардың әрқайсысының да сөзге үстеме мағына, рең беретін, тіпті сөздің екінші сыңары бала алатын қабілетін аңғардым. Осындай тасада қалған жұрнақтарды қайта жүйелеп, жаңғырта зерттеудің қажеттілігін сезіндім. Мен ұсынған лезжиын (брифинг) сөзі болашақта Терминкомға бекітуге ұсынылатын терминдер тізіміне енсе, тықсырыс (прессинг) сөзі үздік терминнің бірі саналды.

«Он ойланып, тоғыз толғанып», шебер мүсіншідей «қырық қырнап, бір сырлап» жасаған төл термині әркімге дүниеге әкелген жасампаз, теңдессіз туындысы іспеттес. Оны қолдайсың да қорғайсың. Сәтсіз жасаған терминдерің үшін уайым шегесің, ұяласың, кейін «әттеген-ай, неге олай жасамадым, былай беру керек еді» деп өкініш білдіресің. Солайша, сан түрлі эмоцияға, неше түрлі психологиялық күйді бастан кешіресің, толғаныс пен тебіреністе боласың, кейде ерекше бір шабытқа бөленесің, сәтті термин шығарсаң, шаттыққа кенелесің. Кейде тіліңе керемет бір құйқалы сөздер, сөз орамдары «құдай таңдайыңа салғандай» орала кетеді.
Терминжасам процесіне байланысты менің ұсыныстарым:
– терминдерді мейлі маман ұсынсын, мейлі қарапайым адам ұсынсын терминалаңға тіркеп, мамандар мен халық талқысына жан-жақты түсуі, оларға қатысты пікір айтылуы қажет;
– жалпы халыққа, мамандарға ұнаған терминдер салалық мамандар мен тілші мамандардан құралған сарапшылар талқысынан өтуі тиіс.
– сарапшы пікірін алған терминдер уәкілетті органдар (ЖОО, ҒЗИ, әкімдік және т.б.) тарапынан да талқыланып, қарастырылуы орынды;
– бұл кезеңнен өткен терминдерді Тіл білімі институтының ғалымдары талқылап, мақұлдап барып, Терминкомға бекітуге ұсынғаны дұрыс;
– барлық кезеңде талқыланған дайын терминді ғана Терминком бекітіп, оны кейіннен барлық ақпарат құралдарында жариялағаны жөн.

Белгілі бір затқа атау бермес бұрын оның түрлі қасиеттерін (қызметін, пішінін, құрамын, материалын, т.б.) ой таразысынан өткізіп, зерделеп зерттеп алу қажет. Кірме сөзге төл тілімізден балама беру үшін сол сөздің этимологиясына, түсіндірмелеріне (дефиницияларына), әртүрлі тілдерде белдіретін түрлі мағыналарына, қолданыс аясы мен ерекшелігіне баса назар аударған дұрыс.

Әрине, біз ұсынған терминдер өміршеңдігіне еш жорамал жасай алмаймыз, күні ертең-ақ еніп, халыққа сіңісіп кетеді деуден аулақпыз. Мәселе – сапалы терминдерді терминалаңға жинап, қалың бұқараға жариялай беру. Мысалы, шаңғы деген сөзді алайық. Оның этимологиясы қандай, оны кім ұсынды, негізінде «шаң» түбіріне «-ғы» қосымшасы жалғану арқылы жасалған ба, ол жағы – беймілім, бірақ халық әлдеқашан қабылдап, сіңісіп кеткен сөз. Мен де осы сөздің (шаңғы) жасалу тәсілімен сырғы (коньки) сөзін ұсынған едім. Бұл термин құралдың қызметіне қарай жасалған термин деуге келеді.

Терминжасам барысында бізге көнерген сөздеріміз де көмекке келеді, яғни ұмыт қала бастаған сөздерімізді қазына тауып алғандай, қайта жаңғыртып, оларға жаңа терминдік мән үстеп, олардың мағына аясын кеңейте отырып, қайта қолдану да өте маңызды. Тіпті өзіміз ауызекі тілде күнделікті тұрмыста қолданып жүрген сөздеріміздің де кірме сөздерді алмастыру әлеуеті зор, тілімізде бар сөздерді елемей, жаңа сөз іздеп дал болатын кездеріміз де болады. Ол үшін тілді терең меңгеріп, оның құнарымен сусындап, тұңғыйығына терең бойлай алу қажет.

Терминдерді сөз тіркесінен, ұзын сонар сөйлемшеден жасауды доғару қажет. Ондай сөз термин емес, оның түсіндірмесі (деефинициясы) болып шығады. Түбір, туынды, біріккен сөзден жасалған терминдердің де мағынасына, құрамына, жасалу жолына мұқият болған дұрыс. Олардың мағыналық-грамматикалық жағынан дұрыс үндесуі, кірігуі қадағаланады. Қысқалықтан, үнемділіктен қашпау керек. «Сөзді қысқа берсек, терминіміз мағынасыз жасалады, керексіз болып қалады» деп қорқамыз. Орыс тілінде неге сөз көп. Өйткені олар екі сөздің бастапқы түбірлерін алып немесе сансыз көп жұрнақтарының бірін жалғап сөз жасай береді. Бұдан жүз жыл бұрын сол жасаған сөздеріне халықтың көпшілігі риза болмай, күлген де шығар. Ендеше, сөздің халықққа сіңуі де, тілден шығып қалуы да уақыт еншісінде. Кез келген тілдік элементтің сапалы не кемшіл жақтары оны қолданғанда (жазғанда, айтқанда, естігенде) белгілі болатынын тәжірибе көрсетіп келеді.

Қорыта айтқанда, аталған конкурс өз дәрежесінде өтті деуге болады. Онда біреуді алалау, кемсіту, екінші біреуге артықшылық берілді деуге келмейді. Өйткені алаңда кімнің қандай термин ұсынғаны, олардың сапасы, мамандар берген пікірлер, бағалар, жинаған ұпайлар «тайға тағба басқандай» анық көрініп тұрды. Ұсынылған терминдерді көру, оларға пікірін білдіру кез келген адамға қолжетімді болды.

Ендеше, әлемдік жаһандану заманында тілдік бет-бейнемізді лайықты сақтап қалуды ойласақ, ұлттық терминологиямызды дамыту, оны төл сөздеріміз арқылы байытуды ойластырайық. Әрине, бұл кірме сөздерді жаппай аудара беру деген сөз емес. Әлем халықтарының бәріне сіңісіп кеткен күнделікті қоғамдық қатынастарда жиі қолданынылатын ортақ терминдерді мейлінше аудармай берген де дұрыс болады. Кірме сөздің мағынасын дәл беретін сөз табылғанда ғана аударма сәтті аударма болып есептеледі. Олай болса, жаппай аударамыз деп жүріп тілге қиянат жасап алудан да сақ болайық.

Шүленбаев Н.Қ.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты
Терминология бөлімінің ғылыми қызметкері,
гуманитарлық ғылымдар магистрі.

You may also like...